![]() АЛЛАҺ |
Аллаһ тағаланың бұл есімдері “Көркем есімдер” болып саналады. Бұған Ағраф сүресінің 180 аятындағы: “Ең көркем есімдер Аллаһқа тән, ондай болса сол есімдер арқылы дұға жасаңдар”,-деген сөздері дәлел. Ендігі кезекте осы есімдерді түсіндіруге кірісіп, Аллаһқа тәуекел еттік!
Алдымен осы 99 есімді жалпы қамтитын Аллаһ есімін сөз етер болсақ, бұл Аллаһтың өзіне тән есім. “Аллаһ” дегеніміз-араб тіліндегі “құлшылық жасау” етістігінен туындап, Аллаһқа қатысты айтылғанда “Құлшылық қылынуға лайық жалғыз Құдай” дегенге тура келеді. Ол Аллаһ тағала өз құлдарының құлшылығына лайықты. Халифа Алтай атамыз Құран Кәримнің сөздікшесінде: “Алла: “Әл Иләһ” деген атаудың арапша грамматика бойынша біріктіріліп айтылуы. Ұғымы: “Құлшылық істелуге лайық зат”. Түрікше-”Тәңір”, Фарсыша-”Хұда”, қазақша “Құдай” деп аталады. Бұл аудармада Алла түрінде жазылады. Арап елдері жәһилиет дәуірінде “Алланы” Алла деп атап, пұттарды “Иләһ” деп, Аллаға дәтімізді жалғастырады деген сеніммен соларға сиынып, Аллаға ортақ қосатын еді”,-деп өте жақсы түсіндіріп өткен. Сөзінің жалғасында: “Құран Шарифте “Алла” деген атау 2697 (2698 дұрысырақ) жерде, “Иләһ” деген атау 167 жерде бар”,-деп сілтеме жасаған.
Бұл есімге амал жасағысы келген адамға қойылатын ең алғашқы талап-ол Аллаһтан өзге ешкімге құлшылық жасамауы керек. Тәуекел етсе, де, қорықса да, үміт етсе де, құрбан шалса да, бала сұраса да, пана сұраса да, шипа тілесе де, сөз берсе де тек Аллаһқа бағыттауы керек, себебі ол Аллаһ, құлшылық қылынуға лайық жалғыз Құдай. Одан өзге “құдайсымақтардың” бәрі де тек қана жаратылыс. Християндардың Исаны, Яһудилердің Ғузайрды, отқа құлшылық жасаушылардың отты, пұтқа табынатындардың пұтты, Үндістердің сиырды, Буддистердің Будданы, Католиктердің Рим папасын, ежелгі гректердің Зевсті, ежелгі мысырлықтардың Перғауынды, түркі жұртының әруақтар мен аспанды, ғұндардың жануарларды құдай тұтуы түкке тұрғысыз жалған сенім. Тіпті құдай деп білмесе де, Аллаһқа ғана тән сипаттарды олар да атқара алады деп сенулері де үлкен қателік. Бәлкім табиғатты басқару да, оны жарату да, сұрағанның сұрауын беру де тек қана Аллаһтың құдіретінде. Оған ешкім тең емес, Оған жәрдемші де, серік те, көмекші де керек емес.
Сондай-ақ, ескерте кетер бір жайт: Бұл есімді қайта-қайта айтып, айналып, билеп, оны еске алып жатырмыз деу мүлдем дұрыс емес. Себебі Аллаһ елшісі (с.а.с) Аллаһты еске алғанда тек бір есімді қайта-қайта қайталап айтпайтын. Егер де шынымен осы есімді ауызға алып, Аллаһты еске алғысы келсе, “Субханналлаһ, Әлхамдулилләһ, Аллаһу әкбар”, “Субханаллаһи уа бихамдиһ, субханаллаһил ғазыйм”-деп айтатын.
Бұл есімді ешкім де өзіне тағуына болмайды. Бұл барлық 99 есімді қамтитын, Аллаһтың жеке аты. Тіпті сорақы жаратылыс, перғауынның өзі де өзін Аллаһ деп атауға дәті бармай: “Мен сендердің раббыларыңмын”- деп кеуде қағатын. Бұл жайында Назиғат сүресінің 24-ші аятында айтылған.
Аллаһ есімін адам есіміне қосқан кезде Абдулла деп аталады, яғни Алланың құлы. Аллаһқа ең қатты ұнайтын есім осы Абдулла. Бұл өте көркем есімдердің бірі.

RSS - Posts
Ақпан 20, 2009 at 10:25 тд |
Аллахтың көркем есімі туралы оқып,жүрегім тебіреніп кетті…Аллахтан басқа тәңір жоқ!!!Бұдан өзге айтар сөз жоқ.