Хадис шәриф

Оны дәріптеп әрі Одан жәрдем мен кешірім сұрап жалбарынатын Ұлы Аллаһқа барлық мақтау мен мадақтар болсын. Нәпсіміздің жамандықтары мен жаман іс-амалдарымыздан Аллаһқа сиынып, Одан пана тілейміз. Кімде-кімді Аллаһ тура жолға бастаса, оны ешкім де адастыра алмайды. Ал кімде-кімді адастырса, онда оны тура жолға салар ешкім жоқ. Біз Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық ешкім жоқ екеніне, Оның серігі жоқ әрі жалғыз екеніне куәлік етеміз, сондай-ақ Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етеміз.
Адамзатқа асыл нұрын шашқан кемел де келбетті Ислам дінінің негізгі тірегі-Құран және сүннет болып табылады. Аллаһтың бізге деген мейірімі түсіп, қазіргі таңда шариғат ілімдерін оқып үйрену жай да болса жеңілдеп келеді. Аллаһтан жәрдем сұрай отырып, қазақ тілді мұсылман жұртшылығына қандай көмегімізді берсек екен деп көп ойландық. Байқап қарасақ халқымыз пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистеріне, яғни сүннет іліміне шөліркеп жүрген секілді.
Барлық ілімдер көзі ол-Құран және пайғамбар (с.а.с) сүннеті. Ал Аллаһ кітабы Құранды қалың үмметке жеткізіп, оны түсіндіруші құрал ол-сүннет. Осы орайда халқымызға имам Науауй жинақтаған «Қырық хадис» атты кітаптағы хадистерді келтіріп, сонымен қатар ол хадистерді түсіндіріп өтуді жөн санадық.
Ғұламалар бұл кітаптың өте құнды әрі шағын кітап екенін айтып, ішіндегі хадистердің барлығы да діннің негізгі ережелерін қамтитындығын атап өткен. Аллаһ ісімізге жеңілдік берсін!

Аллаһ барлығымыздың көкіректерімізді ашып, пайдалы ілім ұялатсын. Сондай-ақ, осындай маңызы зор шығармаларды аударуда еңбектеніп жүрген мұсылман бауырларымызға Аллаһ разы болсын! Осы еңбегімізде кеткен қателіктер үшін Аллаһтан кешірім тілеп, шағын болса да бұл ілімнің мұсылман жұртшылығына пайдасы тиюін сұраймыз.


Иншаллаһ жалғасы болады …

Пікірлер қалдыруы жабылған.

%d bloggers like this: