Хадис ілімдері: 1-сабақ

Басқа «діндердің» үстінен басым түсіп, өзге сенімнің қателігін ашып, жеңіске жету үшін Құдіретті Күшті Аллаһ Өзінің елшісі Мұхаммедті (с.а.с) тура жол және хақ дінмен жіберді. Сондай-ақ, ол кісіге Кітап пен даналықты да берді. Кітап дегеніміз Құран болса, даналық дегеніміз осы Құранды түсіндіретін сүннет немесе хадистер. Мұсылман адам тек Құранды оқып жетістікке жете алмайды, бәлкім оны пайғамбарымыз сияқты түсінуі шарт. Тура сол сияқты сүннетті ғана ұстанып, Құранды тастаса да адаспақ. Ондай болса бұл екі ілім бұлағы әркез тең ұсталуы керек. Кімде-кім Құран мен хадистерді дұрыс түсініп, соны дұрыс ұстанар болса, онда ол нағыз жеңіске жетушілерден болмақ. Әлбетте, бұл екі ілімді де адам өз бетінше оқып, біліп кете алмайды. Бұған ол адам сахабалардың, әйгілі төрт имамның және басқа да ұлы ғұламалардың түсіндіруі арқылы ғана қол жеткізбек.
Құран мен сүннет те өзара ұқсас жолмен түсірілген. Екеуі де Аллаһ тарапынан пайғамбарға уахи арқылы келген-ді. Алайда, арасындағы айырмашылық мынада: Құран-сөзі де мағынасы да берік, қағаз беттерінде сақтаулы әрі оны ешкім де енді өзгерте алмайды. Құран аяттары сан-салаға ауып, әркім өзінше оқып кетпесін деген ниетпен Осман (р.а) оны жиып үлгеріп қалған-ды.

Ал хадис болса сәл өзгеше. Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистері көп болуы себепті, бір сахаба бір хадисті естісе, басқалары естімеуі себепті кейбір хадистер бізге жетіп, ал енді кейбірі өзгеріске ұшырап, кейбір жандардың немқұрайлығынан, алдауынан т.б себептермен біразі сақталмай, енді біразы өтірікпен арласып кеткен. Бұл не себепті олай болғанын алда толығымен түсіндіріп өтерміз.

Әрбір адам бір мәселеге дәлел келтіргенде екі нәрсеге қарауы керек: біріншіден, дәлелдің дұрыстығына, екіншіден, дәлелден алынатын үкімнің сәйкестігіне. Мысал келтірер болсақ: Біреу Аллаһтың жалғыздығын дәлелдегісі келсе бірінші дәлелдің сенімділігіне қарайды. Мысалы ол: «Айт: Ол Аллаһ жалғыз»,-деген аятты келтірді делік (Ықылас, 112:1). Енді ол осы аят дәл осы жерде «Аллаһ жалғыз» деген үкім жасауға сәйкес пе, жоқ па, соған қарауы керек. Сөзсіз, бұл дәлел екі шарттың екеуіне де тура кеп тұр. Ал енді біреу: «Аллаһ жалғыз»,-деп, өзі «Шынында Аллаһ тазаланушыларды жақсы көреді»,-деген аятты келтірсе, бұл сәйкеспейді (Бақара, 2:222). Иә, аят сенімді, ол Бақара сүресінде келген. Ал аятың мына «Аллаһ жалғыз» деген үкімге келіспейді ғой!

Демек, бұл жерде айтпағым: Құранды дәлелге келтірген адам аяттың сенімділігінен күмәнданбайды, себебі аяттардың бәрі де сенімді. Енді ол тек үкімнің сәйкестігіне қарайды.

Ал хадисті дәлелге келтірген адам хадистің сенімділігін бір тексерсе, үкімі тура келуін тағы қарауы керек. Міне, осы орайда хадистердің дұрысын, әлсізін, жалғанын анықтауы керек. Осы кезде ғұламалар хадистің өзіне тән ережелерін орнатып, оны жеке ілім саласы еткен.

Жалпы хадис ілімі екіге бөлінеді. Хадисті келтіруші адамдардың қабылдану, қабылданбау халдерін зерттейтін ілімді «Ғилму дираяһ» десе, хадистегі пайғамбар (с.а.с) сөзін, амалдарын, хадис ішінен алынатын пайдаларды зерттейтін ілімді «хадис риуаяһ» деп атайды. Біз де осы екі саланы қоса зерттеп, келесі сабақтарда толығымен әр ғылымға тоқталып өтеміз, иншалла!

(Жалғасы бар…)

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: