Бірінші хадис: Амалдар ниетке байланысты

Мүминдердің әмірі Әбу Хафс Омар ибн Хаттаб (р.а) Аллаһ елшісінің (с.а.с): «Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты және расында, әрбір адамға ниет еткені тиесілі. Сондықтан кім Аллаһ пен Оның елшісіне қоныс аударатын болса, онда ол Аллаһ пен Оның елшісіне қоныс аударған болып табылады. Ал кім қол жеткізетін дүние немесе үйленетін әйел үшін қоныс аударса, онда ол сол қоныс аударған нәрсесіне қоныс аударған (болып саналады)»,-дегенін естідім»,-деп риуаят етеді.

Бұл хадисті хадисші ғалымдардың имамдары Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Исмайл ибн Ибраһим ибн Муғира ибн Бардизбаһ әл-Бұхари және Әбул-Хусайн Муслим ибн Хажжаж ибн Муслим әл-Қушайри ән-Найсабури хадис кітаптарының ең сенімділері саналған «Сахихтарында» келтірген.
Хадис түсіндірмесі: Алдымен, хадисті келтіруші жан-Омар ибн Хаттаб, әділетті төрт халифтың екіншісі, тірісінде жәннатпен сүйіншіленген, Меккеде Ислам қабылдаған, Абдулланың әкесі. Тақуалығы мен дінге беріктігі әрі қаталдығы сонша, тіпті оны көрген жындар қашып, адамдар сөздерінен жаңылып қалатын. Құрандағы үш аят осы кісінің тілеуінен кейін түсірілген. Ол жайында тәпсір бөлімінде айта өтерміз. Мұсылман жыл санауы бойынша 23 жылы қайтыс болған. Аллаһ ол кісіге разы болсын.
Ол кісі осы хадисті пайғамбар (с.а.с) аузынан естігендігін айтып, хадис соңында: «Дегенін естідім»,-дейді.
Аллаһ елшісі (с.а.с) бұл хадисте: «Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты»,-деген. Араб тілі жағынан алып қарайтын болсақ, бұл сөйлем амалдардың бір нәрседе шектелгендігін білдіреді. Осы жерде ғұламалар екіге бөлініп, бір тобы: «Амалдар ниетке байланысты /қабыл болады/»,-десе, енді бір топ «амалдар ниетке байланысты /атқарылады/»,-деген.
Бірінші топ амалдардың жақсы-жаманы ниетпен қабыл болатынын алға тартады. Ал енді екінші топ амалдар орын алуы үшін ниет керек. Бір адам бір нәрсе жазғысы келсе, оқығысы келсе, ішкісі келсе ниеттеніп барып жасайды дегендей. Бірақ екінші пікір сәл әлсіздеу боп табылады. Адамның амалдарынан бұрын ниет келетіні ол табиғи заңдылық. Ал Аллаһ елшісі (с.а.с) соңғы пайғамбар боп жіберіліп, өзінің маңызды елшілігінде адамдарға табиғи заңдылықты айту үшін келген бе? Жоқ, сірә ол кісі амал жасағанда ықыласты болып, жақсы ниет ету керектігін алға тартқан.
Ниет дегеніміз-адамның қалауы. Шариғатта ниет екі түрлі қолданылады. Бірі Аллаһқа қатысты, екіншісі құлшылыққа қатысты. Аллаһқа қатысты ниет-ықылас. Кез-келген құлшылықты, жақсы амалды Аллаһ ризалығы үшін атқаруға ниет ету. Жамандықты тастағанда да Аллаһ ризалығы үшін. Темекіні тастап «Денсаулығыма зиян», немесе намаз оқып «Разминка» деп емес, бәлки Аллаһ бұйырды, Аллаһ ризалығы деп ниет жасау керек.
Ал құлшылыққа қатысты ниет-тамииз немесе адырату деп аталады. Бір құлшылық пен екінші құлшылық арасын ажыратқанда адам ниеті арқылы ажыратады. Яғни мешітке кірген адам екі рәкат намаз оқыса, ол қай намаз оқыды? Иә, сырттағы біреу айта алмайды ол жайын. Ал енді өзі болса ниеті арқылы ажыратып: «Мен мешітке кіргенде оқылатын екі рәкат сүннетті оқып жатырмын»,-деп ниет етеді. Бірақ мұны тілімен емес, жүрекпен айтуы керек, себебі ниеттің орны-жүрек. Тілімен қанша айтса да жүректегісі ниет боп саналады. Тілімен «Тек Аллаһқа» деп, жүрегі адамдар көзіне көрінуді ниет етсе, ол адамның жағдайы нашар!!!
Демек, амалдар ниетке байланысты қабыл болады. Осы жерде айта кетер бір жайт-жақсы ниет жаман амалды жақсыға өзгертпейді. Осыны есте жақсы сақтау керек. «Ниетің жақсы болса болғаны» деп, намаз оқымау, ораза ұстамау әсте дұрыс емес. Ниетім жақсы деп араққа удай мас боп тойып алған жаннан не сұрайсың? Бәлкім, «ниетің таза болса, онда тазалығын құлшылығыңмен көрсет» деген сөз дұрысырақ.
Осы жерде тағы айта кетер жайт-кейде адамдардың ниеттері құлшылық барысында өзгеріп кетіп жатады. Біреулердің ниеті құлшылықты жасамай жатып ақ өзгеріп, құлшылығын адамдар үшін, не басқа үшін жасайды. Иә, мұндай құлшылық үкімі серік қосу. Ал Аллаһқа серік қосу-кешірілмес үлкен күнә.
Енді біреулердің ниеті құлшылық барысында өзгереді. Біреулер «Тек Аллаһ үшін» деп бастап, ортасына келгенде «Жоқ, бәлкім адамдар көрсін осыны» деп, ниеті өзгере қалуы ғажап емес. Ондай құлшылық күшін жойып, серік қосуға кеп тіреледі. Аллаһ ондай құлшылыққа қарамайды.
Енді біреулер құлшылығын тек Аллаһқа арнап, бірақ құлшылығын адамдар көрсін деп созып жіберуі мүмкін. Мысалы: «Мынау неткен тақуа адам»,-деп таңқалсын» деп, сәждеде ұзақ жатып алуы мүмкін. Бұл жағдайда ол адамның құлшылығы қабыл етіледі, алайда әлгі созған жері қабыл етілмейді. Бәлкім сол жері адамдар үшін арналып, күнәға қалмақ.
Енді біреулер толығымен құлшылығын Аллаһқа арнап аяқтауы мүмкін. Бірақ, адамдар мақтағанын естіп, қайтадан сол құлшылығын жасауға кірісіп кетуі мүмкін. Бұл жағдайда мақтағанға дейінгі құлшылығы қабыл болып, мақтағаннан кейінгі «тағы мақтай түссін» деген құлшылығы қабыл болмайды.
Ондай болса әр адам шама шарқынша ықыласын түзеп, ниетімен күресе білу керек…

Амалдар үшке бөлінеді: Тек Аллаһқа арналған амалдар. Бұл ең көркем амалдар. Екіншісі: Тек дүние үшін жасалған амалдар. Бұл үлкен, қатерлі күнәлардың бірі. Үшіншісі: Аллаһ пен дүние үшін жасалатын амалдар. Мысалы: «Кімде-кім ғұмыры мен ризығы ұзарсын десе, онда туыстық қатынасты үзбесін»,-деген хадистегідей, ризық үшін амал жасай отырып, Аллаһқа ықыласты болу. Бұл жақсы, сауапты амал. Ал енді туыстық қатынасты тек Аллаһқа арнасаңыз, сауабы мүлдем жоғары болмақ.
Осы хадистен алынар пайдалардың бірі-жай, жақсы амалдарды ниет арқылы құлшылыққа айналдыруға болады. Мысалы: Тамақ ішу жай іс. Ал енді адам: «Осы тамақты құлшылық жасауда шаршамау үшін ішемін»,-деп тамақтанса, онда бұл ісі сауапты іс болмақ. Демек, амалдар ниетке байланысты, әрі әрбір адам не ниет етсе, сол нәрсесі өзіне тиесілі болады. Жақсы амал жасап, жақсы мақсатта болса, сауапқа кенеліп, жаман мақсатты болса, күнәсін көтереді.
Пайғамбарымыз осы жерде ниеттің амалға қандай әсері бар екенін білдіру үшін мысал келтіріп, «қоныс аударуды» тілге тиек еткен. Қоныс аудару жақсы. Адам жай қоныс аударса, ол үшін сауап алмайды. Ал енді Аллаһ пен Оның елшісі үшін қоныс аударса, Оның қоныс аударуы қабыл болып, құлшылыққа айналады.
Тағы бір айта кетері, бір құлшылық жасап жатқан топ-топ адамның сол істері үшін алар сауаптары әрқилы. Бірі таудай сауапқа кенелсе, бірі тіпті күнәмен қайтпақ. Бұған да осы қоныс аудару мысалы жақсы келеді. Біреулер Аллаһ пен Оның елшісінің ризалығына кенелсе, енді біреулер әйел мен дүниеге ғана қол жеткізбек. Бірақ, бұған қол жеткізуші де бар, жеткізе алмайтындар да бар. Себебі Аллаһтың қалауынсыз ол орындалмайды.
«Қоныс аудару» дегеніміздің негізі-күнаны тастап, сауапқа қарай қоныс аудару. Адам өзінің бойындағы жамандықты, күнәні тастаса, нағыз қоныс аударушы болады. Ал енді кім мұны Аллаһ үшін жасаса, сауапта, ал адамдар үшін жасаса, обалда.
Демек, қоныс аудару дегеніміз күнәні тастау. Бір жерде күпірлік билік құрып, Исламға мүлдем жол берілмесе-қоныс аудару керек. Бойыңда күнәлі істер жиі кездессе, жақсы амалдарға қарай қоныс аудар.
Хадистің соңғы бөлігінен біз Аллаһ елшісінің (с.а.с) адамдарға ілім беруде қолданған тәсілдерінің көркемдігін байқаймыз. Сахабалар мен келер мұсылман ұрпағы жақсы түсіну үшін бөліп-бөліп, амалдардың түрлерін ажыратып берген.
Соңында айта кетсек, бұл хадис Ислам шариғатының негізгі, ұлы хадистерінің бірі. Адамның ішкі амалдарының бәрін реттеп, түгендеп тұруы себепті имам Науауй оны бірінші ретке орнатқан. Ғұламалар: «Бұл хадис Исламның жартысы»,-деген-ді. Себебі адамдардың барлық амалы не ішкі, не сыртқы болады. Ал адамның ішкі амалдарының таразысы-осы хадис.

Advertisements

One Response to Бірінші хадис: Амалдар ниетке байланысты

  1. daniar айтады:

    Masha’allah!!! Bukil maktau-madak tek Allaga!!! Kim shannyn tozanyndai jaksylyk istese onyn paidasyn koredi, kim shannyn tozanyndai jamandyk istese onyn ziyanyn tartady. Allah en adil ukim etushi. Allah otbasylarynyz ben jumystarynyzdyn berekesin bersin.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: