Екінші хадис: Ислам, Иман және Ихсан

Омардың (Аллаһ оған разы болсын) былай дегені риуаят етіледі: «Бір күні біз Аллаһ елшісінің (с.а.с) қасында отырғанымызда аппақ киімді, қою қара шашты, бойында сапар ізі көрінбейтін және арамыздан оны ешқайссымыз танымайтын бір адам келді. Ол пайғамбарымыздың тізелеріне тізелерін тиістіріп (қарсы) отырды да, екі қолын сандарына қойып: «Әй, Мұхаммед! Маған Ислам туралы хабар берші»,-деді. Аллаһ елшісі (с.а.с): «Ислам дегеніміз-Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық тәңір жоқ екеніне әрі Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік етуің, намазды толық орындауың, зекет беруің, Рамазанда ораза ұстауың және жолын шамаң келсе үйге (Қағбаға) қажылық жасауың»,-деп жауап қайтарды. (Әлгі адам): «Сен рас айттың»,-деді. Ал біз оның сұрақ қойып, кейін растағанына таңқалыстық. Сонан соң ол: «Енді маған иман жайынан хабар берші»,-деді. Аллаһ елшісі (с.а.с): «Иман дегеніміз-Аллаһқа, Оның періштелеріне, Оның кітаптарына, Оның елшілеріне, ақырет күніне иман келтіруің және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің»,-деді. Ол тағы да: «Сен рас айттың»-деді. Сонан соң: «Енді ихсан жайында хабар берші»,-деді. Ол кісі (с.а.с): «Аллаһты көріп тұрғаныңдай құлшылық жасауың. Егер сен оны көріп тұрмасаң да ол сені көріп тұр»,-деді. Әлгі адам: «Енді маған (Қиямет) сағаты жайында хабар берші»,-деді. Сонда (пайғамбар с.а.с): «Сұралушы сұраушыдан артық білмейді ол жайын»,-деді. Әлгі адам: «Онда маған оның белгілерінен хабар берші»,-деп еді, ол кісі: «Күң өзінің ханшайымын туады және жалаңаяқ-жалаңбас қой соңындағы кедейлер биік үйлер салуда жарысатынын көресің»,-деді. Содан соң әлгі адам кетіп қалды. Мен біраз уақыт өткіздім. Сосын ол кісі маған: «Әй, Омар, сұраушының кім екенін білемісің»?-деді. Мен: «Аллаһ пен Оның елшісі жақсырақ біледі»,-деп едім, ол кісі: «Ақиқатында, бұл-Жәбірейіл. Ол сендерге діндеріңді үйрету үшін келді»,-деді. (Муслим, 8; Әбу Дәуд, 4695; Тирмизи, 2610; Насаи, 4990; Ибн Мәжәһ, 63).

 Хадис жайында бірер сөз: Бұл ұлы хадистердің бірі. Осы орайда имам Қуртубидің хадиске берген бағасын айтып кетсек артық болмас. Ол: «Сүннет ілімін өз бойында қамтығаны үшін бұл хадисті «Уммус сунна», яғни «Сүннеттің анасы» деп атаса да болады»-деген. Қуртубидің сөзіне қосыла келе Әт-Тыйби: «Аллаһ тағала кітабы Құранды «Уммул Қуран», яғни «Құранның анасы Фатихамен» бастаған болса, осыған еліктеген Бағауй өзінің «Әл-масабих» және «Шарху сунна» атты еңбектерін осы хадиспен бастаған»-дейді. Осыған қосып айта кетсек Муслим сияқты кейбір ғұламалар да өздерінің хадистер жиынын осы хадиспен бастаған. «Сүннеттің анасы» дейтін себеп, бұл жерде мұсылманның ақидасы болып саналатын иманның алты тірегі, басқаша айтсақ сенім /ақида/ айтылған. Сондай-ақ, Исламның бес парызы арқылы шариғат айтылған. Одан кейін осы екуіне де байланысты болған мінез-құлық, яғни ихсан жайында сөз қозғалған. Осындай ұлы мәселелерді қамтығаннан кейін бұл хадисті «Сүннеттің анасы» демей не дерміз?!
Кітап кіріспесінде имам Науауй тек «үлкен негіздерді қамтитын хадистерді» жинақтағанын айтып кеткен болатынбыз. Бұл да осының дәлелі. Әңгіме өзегі Жәбрайлдің (а.с) иман, Ислам және ихсан жайлы сұрауы турасында болмақ. Жәбрайл (а.с) бұларды жеке-жеке сұрағанымен бұлар тұтас дінді білдіреді. Хадисті талдау барысында біз бұған анық көз жеткіземіз.
Діннің толық бөлімдері осы хадисте айтылған. Сол үшін де кітап жинақтап, дін жайында сөз қозғаймын деген адам өз шығармасын осы хадиске сүйеніп жазғаны дұрыс болмақ.

Хадис түсіндірмесі: Бұл Аллаһ елшісіне (с.а.с) Жәбрайлдің (а.с) адам бейнесінде келуімен байланысты оқиға. Сол жиында көптеген сахабалар болуы себепті осы мәнде келген хадистер өте көп. Алайда сол оқиғаның ең негізгі мазмұныдарын қамтыған хадистердің бірі Омардың осы хадисі және Әбу Һурайра арқылы жеткен хадис. Бірақ, имам Науауй бұл жерде тек Омар арқылы келген хадисті келтірген. Байқап қарасақ, Омардың бұл хадисін имам Бұхари келтірмеген, себебі ол кісі тек Әбу Һурайра арқылы жеткен нұсқасын риуаят етеді.
Хадистегі «Бір күні біз Аллаһ елшісінің (с.а.с) қасында отырғанымызда»-деген бөлігінен біз Аллаһ елшісінің (с.а.с) өз сахабаларымен жиын құрып отыратындығын аңғарамыз. Діннің әрбір мәселесін толық жеткізу үшін шәкірт сахабаларына бәрін үйретуге тырысатыны бізге де үлкен сабақ. Пайғамбарымыз (с.а.с) cахабалары арасында отырған кезде сырттан танымайтын адам келсе, ол кісіні (с.а.с) таба алмай немесе танымай қалатын жағдайлар кездеседі. Себебі пайғамбарымыз (с.а.с) өте қарапайым, басқаларынан еш айырмашылығы жоқ болатын. Сырттан келгендерге белгілі болсын деген мақсатпен сахабалар пайғамбарымызға (с.а.с) арнап, сәл биіктеу орын салып берсе керек. Осы жерде ескертпе жасап кетсек артық болмас. Көптеген адамдар пайғамбарымызды (с.а.с) шектен тыс мадақтап: «Ол кісі елден ерекше. Жүргенде бойынан нұр шашылып, адамдардан ажырап тұратын»-деп әсірелейді. Бұл ойдан шығарылған, надан түсінік. Пайғамбарымыз (с.а.с) басқа адамдардан еш айырмашылығы болмаған. Себебі Құранның көптеген аяттарында: «Мен сендер сияқты жай адаммын»-деген сөйлемдер келеді. Сондай-ақ, Айша анамыздан жеткен хадистердің бірінде ол кісі түнде тұрып, пайғамбарымызды (с.а.с) іздейді. Үй іші қараңғы болғандықтан айналада түк көрінбей, Айша анамыз қолымен сипалап жүріп пайғамбарымызды (с.а.с) іздейтін. Пайғамбарымыз (с.а.с) бойынан нұр шашып тұрған болса Айша анамыз ол нұрды қалай көрмеген?! Сондықтан да айтарымыз: «Ислам деген қиял ғажайып әлем емес». Осыны естен шығармағанымыз абзал.
Сахабалардың пайғамбарға (с.а.с) арнап, олардан ерекшеленіп отыруы үшін сәл биік етіп салып берген орынды дәлел еткен имам Қуртуби: «Сырттан келген бейтаныстарға біліну үшін ғұлама адамдар да шәкірттерінен ерекшеленіп отырғаны жақсы болады»-деген
Осылай сахабаларымен сөйлесіп отырғанында кенеттен оларға қарай «аппақ киімді, қою қара шашты» бір бейтаныс адам келеді.
Осы мәндегі хадистердегі келген бейтаныс адам ол-Жәбрайл (а.с). Демек, Аллаһ қалауымен періштелер адам бейнесінде келе алады екен. Келген бейтаныстың сипаттары басқа хадистерде: «Жүзі өте жарқын, жұпар иіс аңқыған, киіміне құдды кір зат тимегендей бір бейтаныс пайғамбарға (с.а.с) қарай жақындады»-деп. Осындай риуаяттар арқылы біз келген адамның өте таза, тиянақты адам бейнесінде келгенін байқаймыз. Демек, кез-келген мұсылман адам ұстазының алдына барғанда да, жай уақытта да таза, тиянақты болып жүруге тырысуы керек. Шамасы келсе ақ киім кигені де артық болмас. Бұл арқылы Жәбрайл (а.с) жалпы мұсылман үмметіне тазалық пен тәрбиені насихат етіп кетсе керек.
Жәбрайл (а.с) келіп, пайғамбарымыздың (с.а.с) алдына отырады. Отырған кезде екі тізесін пайғамбарымыздың (с.а.с) екі тізесіне тигізіп, екі қолын пайғамбарымыздың (с.а.с) екі санына қойып отырған.
Жәбрайлдің (а.с) бұл отырысы әдептілікті білдіреді. Шәкірт есебінде пайғамбарымызға (с.а.с) келіп, кішіпейілдік танытып, сұрақ жауабы түсінікті әрі жақсы естілуі үшін осылай отыруы білім алудағы әдептілік әрі негізгі ережелердің бірі. Білімнің берекелі болуына әдептілік үлкен әсер етеді.
Жәбрайл (а.с) келіп отырғаннан кейін пайғамбарға (с.а.с) сұрақтарын қоюды бастап: «Әй Мұхаммед, маған ислам туралы хабар берші»-деп, көшпенді арабтар сияқты қатал, дөрекі түрде сұрақ қойған. Егер де ол білімді сахаба ретінде келсе, пайғамбарға (с.а.с) бұл сұрақтарды қоя алмас еді. Алайда ол сахабаларға діндерін үйрету үшін, әрі осы сұрақтарды іркілмей қоюы үшін өзін көшпенді арабқа ұқсатқан. Аллаһ артық біледі.
«Әңгімесін неге сәлеммен бастамаған?»-деген сұраққа ғұламалар: «Жәбрайл келген кезде сәлем берген, алайда бұл хадисті келтіруші адам оны айтпай кеткен»-деп жауап береді. Яғни, хадис келтіруші адам болған оқиғаның бүге-шігесіне дейін емес, ең маңызды сәттерін ғана айтса керек. Себебі хадистің басқа нұсқаларында: «Бейтаныс адам: «Әссәләму аләйкә, әй, Мұхаммед!»-деді»-деп келген.
Хадис жалғасында Жәбрайл (а.с) сұрағын жалғастырып: «Әй, Мұхаммед! Маған Ислам туралы хабар берші»-деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.с) бұл сұраққа жауап беріп: «Ислам дегеніміз-Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық тәңір жоқ екеніне әрі Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік етуің, намазды толық орындауың, зекет беруің, Рамазанда ораза ұстауың және жолын шамаң келсе үйге (Қағбаға) қажылық жасауың»-дейді.
«Аллаһқа ғана құлшылық жасап, Оған еш нәрсені серік етпеуің»-дегенін түсіндірсек, түпкі мағынасы «Лә иләһә иллаллаһ» болып шығатынын байқауға болады. Аллаһ елшісі (c.а.с) Жәбрайлге (а.с) Исламның не екенін түсіндіріп, ең алдымен куәлік айту керектігін айтқан. Бұл барлық хадистерді жинап барып шығарған қорытынды.
Қалай болған күнде де, осы сөйлем арқылы біз барлық сөздің, барлық дағуаттың басы таухидпен басталу керектігіне айқын дәлел аламыз. Исламды түсіндіре келе пайғамбарымыз (с.а.с): «Намаз оқу, ораза ұстау, жиһад жасау» демей, ең алдымен «Аллаһқа ғана құлшылық жасау»-деген. Бұл өте маңызды нәрсе. Мұсылманның ата жауы шайтан осыны біліп, адамдарды азғырғанда оларға таухидты ұмыттыруға тырысып бағады екен. Аллаһқа серік қосып, таухидты ұмытқан адамның оқыған намазынан да, оразасынан да еш пайда болмайды. Ал дінге шақыруды ниеттенген адам болса шайтанның айласына қарсы амал жасап, ең алдымен Аллаһтың бірлігін айтуы керек. Аллаһты жақсылап таныстырғаннан кейін адамдар намазды өздері-ақ оқып кетері сөзсіз.
Одан кейін: «Намазды толық орындауың»-деген. Яғни күніне парыз етілген бес уақыт намазды уақытында толық орындау. Сосын: «зекет беруің»-делінген. Яғни ақшасы жетіп, нысабына толған кезде мал-мүлкінің белгілі бір бөлігін зекетке лайықты болғандарға беруі.
Содан соң: «Рамазанда ауыз бекітуің»-деп, оразаны айтып, «Жолына шамаң келсе үйге қажылық жасауың» деп тоқтаған. Яғни жылына бір рет келетін Рамазан айында таңнан кешке дейін тыйылу міндет болған заттардан тыйылу. Сосын шама келсе бір рет болса да қажылық жасау.
Демек, «Ислам» деген өз бойына: Куәлік сөздерін айту, намаз оқу, зекет беру, ораза тұту және шама келсе қажылық жасау сияқты бес парызды қамтиды екен.

(Жалғасы бар…)

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: