14. әл-Холиқ, 15. әл-Холләқ, 16. әл-Бәри және 17. әл-Мусаууир


14. әл-Холиқ,
15. әл-Холләқ

16. әл-Бәри және

17. әл-Мусаууир

Бұл жолы төрт есімді бірақ айтып өтеміз себебі бұл төрт есімнің төртеуі де өзара тығыз байланысты, мағыналары жақын келеді: Әл-Холиқ, Әл-Холләқ, Әл-Бәри, Әл-Мусаууир.
Әл-Холиқ мағынасы-жаратушы. Бұл есім 11 жерде келген. Аллаһтың жаратуы өзіне тән түрде, яғни жоқтан бар етіп жаратушы. Біздің ойлап тауып жатқан нәрселеріміз, салып жатқан үйлеріміз де жарату болып табылады, алайда біз бар нәрсені түрлендіру арқылы жаңа бір нәрсе жаратамыз. Ал енді жоқ нәрседен бар нәрсе жасау біздің қолымыздан келмейді, бәлкім Аллаһтың құдыретінде.
Әл-Холләқ-мағынасы әр нәрсені жаратушы немесе қайта-қайта жаратушы. Құранда екі жерде келген.
Әл-Бәри есімі үш рет келген. Мағынасы-Жоқтан бар ету. Демек, «кез-келген жоқтан бар етілген нәрсе жаратылыс, алайда кез-келген жаратылыс жоқтан бар етілмеген». Жақсылап осы ережеге назар аударсаңыз бұл сөздің мағынасы ашық болады. Шынымен де, жоқтан бар етілген нәрсенің бәрі де-жаратылыс болып табылады. Ал енді кез-келген жаратылыс жоқтан бар болды дей алмаймыз ғой. Мысалы: бір машина жасасаңыз, ол да жаратылыс, алайда жоқтан бар болған жоқ, бәлкім бардан түрлене келіп басқа нәрсе шықты. Ал жоқтан бар ету тек қана Аллаһтың құдіреті. Ешкім де бұл мәселеде Аллаһқа тең келе алмайды.
Әл-Мусаууир-өзінің жаратқан нәрсесіне бейне беруші деген мағынаға жақын. Құранда бір рет келген. Яғни жақсы не жаман бейне беру Аллаһтың қолында.
Сол үшін де Ислам дінінде тірі жанның суретін салуға болмайды, себебі бейне беру тек Аллаһтың сипаты. Ал енді тірі жанның суретін салу Аллаһтың осы сипатына теңесу болып табылады. Сол үшін де бұлай жасамаған дұрыс. Егер де тірі жанның суретін салар болса, онда ол сол суретті тірілтуге мәжбүр болады. Ал ол бұған шамасы келмейді әрі сол үшін азапталады. Яғни сол суретті тірілткенше азапталады. Бірақ жарату мүмкін емес. (Кейбір ғұламалар тіпті суретке түсудің өзін дұрыс емес, бұл да тірі жанның суретін салуға кіреді деген. Анығын Аллаһ біледі.)
Жан жағыңызға қараңыз. Шынымен де жаратушылығында шек жоқ қой! Мысалы, бір суретші сурет салып, оны көрмеге қойғанында, оны көріп тамсанамыз. Ол жай өлі сурет қой. Сол сурет ішіндегінің бәрін де тірі етіп жаратқан ұлы Алланың осынау суретіне неге таң қалмасқа?! Тірі құс пен тірі жануарларды, шиқылдаған құстар мен жайқалған өсімдіктерді жаратқан Алла ұлы емес пе? Осының бәрін көріп қалай ғана Алланы ұлықтамасқа? Адамды ең әдемі келбетте жаратты. Әрі өзі тамақтандырады. Ана құрсағындағы нәрестені алып қараңыздар. Ол сол құрсақта жатқанында оған үзбей қорек жеткізіп тұрушы кім? Әлбетте Алла ғой. Жаратушылығында шебер екенін тағы бір дәлелдегендей, баланың қорек көзін кіндік етпеді ме? Алла ұлық!
Ақыры уақыт жетіп, бала дүниеге келеді. Дәрігерлер кіндікті кескенде бала жылап, бейне бір: «Ей, Ұлы Аллам! Ол менің тамақтанатын жалғыз ғана қорек көзі еді ғой. Оны меннен қалай алып қоймақсың?» дегендей. Сонда, Алла ұлық, оған басқа қорек көзі, сүтке толы ананың екі омырауын береді. Ал осындайдан кейін, бір қорек көзін екеу еткен Аллаға қалай «ұлық» демейсіз?
Арада біраз уақыт өтеді. Бала емшектен шығып, тағы жылайды. Бейне бір: «Ей, Аллам! Қорек көзі болған екі нәрсемді алып, мені қалай ғана аш қалдырмақсың?» дейтін сияқты. Бірақ Алланың ұлылығында шек жоқ. Оған Алла 32 тіс береді. Алла шынымен де жаратуда ең шебер, ең ұлы емес пе? Аллаһу әкбар! Жоқтан бар етуде, оны жаратуда, оған бейне беруде раббымыз өте ұлық. Ондай болса бізді де жаратып, он екі мүшемізді сау еткен Аллаһқа мадақ айтып, құлшылық жасайық. Осы есімдерге амал етер болсақ, ең алдымен Аллаһ жалғыз өзі жаратушы, ал Одан өзгенің бәрі де жаратылыс.
Ешкім де Аллаһтың жаратқанынан артық нәрсе жарата алмайды. Шама келсе, жүрек сияқты өмір бойы бір тоқтамай соғып тұратын бір нәрсе жаратып көрсін. Немесе адамның ұрығын алып, сақтап, бейне беріп, жан беріп содан бір адам жаратып көрсін.

Пікір қалдыру