18. Әл-Ғалийм, 19. Әл-Ғаалим және (Әл-Ғалләм)


18. Әл-Ғалийм,
19. Әл-Ғаалим
(Әл-Ғалләм)

Аллаһтың көркем есімдерінің келесілері: Әл-Ғаалим, Әл-Ғалиим, Әл-Ғалләм. Үш есімнің үшеуі де араб тіліндегі «ғалима» етістігінен туындап, «білім» деген мағына аясында жүреді. Жалпы білім сөзінің тілдегі мағынасы надандыққа қарама-қайшы нәрсе.
Адамдардың кейбірі де Ғаалим деп атал алады, яғни «Ғалым, білімдар» деп. Ал егер дін ілімдерінің көп тармағын меңгеріп, шынымен ақ ілімі көл-көсір болса, онда ол адамды «Ғалләмәһ» деп атайды, яғни үлкен ғалым. Әскердегі, спорт түрлеріндегі ең үлкен атақтар Генерал, Мастер спорта деген сияқты, бұл да Ислам ілімділері арасындағы ең жоғарғы лауазым.
Ал Аллаһқа байланысты айтылған кезде Әл-Ғаалим есімі «Білуші»-деген мағынаға жақын. Құранда 13 рет келген.
Әл-Ғалиим есімі «аса білуші, бәрін білуші» деген мағынаға жақын. Құранда 157 рет келген.
Әл-Ғалләм есімі Әл-Ғалиимнен де қуатты есім. Құранда 4 жерде келген. (Бірақ, кейбір ғұламалар бұл өз алдына жеке есім емес, бәлкім алдыңғы екі есімнің күшейтпелі түрі дейді. Анығын Аллаһ біледі.)
Бұл есімдердің мағыналарын айта кетсек, Аллаһ тағала өз жаратылыстарының бәрінен де ілімді, біздің көкейлерімізде не жасырылғанын толық біледі. Ғайып ілімдері тек оған белгілі. Ана құрсағында жатқан балаға жан үрілгенге дейін ұл не қыз екенін, бақытты бақытсыз болатынын, ғұмыры ұзақ не қысқа болатынын білуші жалғыз Аллаһ. Қияметтің қашан болатынын, адамның қай жерде, қай мезетте өлетінін, ертеңгі күні не болатынын, жаңбыр қай уақытта жауатынын білуші де жалғыз Аллаһ. Біздің үнсіз істеген істерімізді, ойлаған ойларымызды бүге-шігесіне дейін де тек Ол біледі. Сол үшін де ілімді болған біреулер өзінің ілімділігіне мақтанбасын. Себебі кез-келген білушінің үстінде одан да білімдірек біреу болады. Бізге қарағанда үлкен ғұламалар ілімді. Ал ол ғұламалардан сахабалар ілімді. Ал олардан пайғамбар ілімдірек. Ал пайғамбардан Аллаһ әлдеқайда ілімдірек. Аллаһтың ілімі шексіз. Жұмсақ қаттыны, жасырын жарияны, сұйық пен қаттыны, өткен кезді, осы кезді және болашақты толық біледі әрі Оған ешнәрсе жасырын емес.
Кейбір адамдар ғалым бола алады, бірақ оның ілімі кемістігі бар ілім. Ал Аллаһтың ілімі кемістіксіз.
Ибн Аббастан жеткен хадистердің бірінде Мұса пайғамбар жайындағы бір хадис келтірілген. Ол хадис өте ұзын болуы себепті біз тек тақырыбымызға сай келетін жерлерін атап өтуді жөн көрдік. Хадисте: «Мұса Бәну Исрайлге хұтпа айтып тұрғанында «Адамдардың ең ілімдісі кім?»-деп сұралды. Сонда (Мұса): «Ең ілімдісі мен»-дейді. («Аллаһ біледі»-деп) ілімді Оған қайтармағаны үшін Аллаһ (Мұсаға) ескерту жасап: «Екі теңіздің қосылатын жерінде құлдарымыздың бірі тұрады, сол сенен ілімдірек»-деген уахи түсіреді. Сонда (Мұса): «Раббым, онымен қалай (кезігемін)?»-дейді. Сонда оған: «Балықты себетке сал да (жолға шық). Қай жерде (балықты) жоғалтсаң, (әлгі құлымызды) сол жерден табасың»-делінді…»

Түсініктеме: Мұсаның «Ең ілімдісі мен» дегені мен басқа адамдардың осы сөзді айтуы бірдей емес. Себебі қарапайым адамдардың бұлай деуі өз-өзіне мақтану және тәкәппарлық нәтижесі болып саналады, ал Мұсаның бұлай деуі ілімінің шынымен де көптігін, қарапайымдылығының нәтижесі. Ол елші болып жіберілген елінде ең ілімді жан болып саналатын, себебі кез-келген пайғамбар мен елшілер өздері жіберілген қауымнан әркез ілімдірек, жоғарырақ болуы керек. Бірақ, ол «Ең ілімдісі мен»-деген сөзімен қатар: «Аллаһ біледі»-деген сөзді қоспауы себепті Аллаһтан ескерту алып, одан өзге ілімді жан бар екенін естиді. Оның бұл сөзі қарапайымдылық нәтижесі деген сөзімізге дәлел болатыны, ол өзінен ілімді жан бар екенін ести сала соны іздеуге жол тартқандығы. Егер де ол «Ең ілімдісі мен»-деген сөзді мақтаныштан немесе тәкәппарлықтан айтқан болса, онда Хадирді іздеп шықпас еді.
Аллаһ Мұсаның қателескенін айтып: «Екі теңіздің қосылатын жерінде құлдарымыздың бірі тұрады, сол сенен ілімдірек»-деген уахи түсіреді. Аллаһ тағала бұл жерде Хадирді (Қыдыр ата) меңзеген. Әһлу сунна ғұламалары Хадирдің Мұсамен замандас, басқа қауымға жіберілген пайғамбар болғанын алға тартады. Сондай-ақ, ғұламалардың кейбірі оның елші болғанын да айтқан. Пайғамбар мен елшінің айырмашылығын айтар болсақ, пайғамбар дегеніміз Аллаһтан уахи алып, өзіне жеке шариғат түспеуі себепті өзінен бұрынғы елшілердің шариғатын күшейтуші адам. Ол өзінен бұрынғы елшінің қаумына келіп, сол жердегі адамдарға уағыз жасап, халықты таухидке шақырады. Ал елші болса Аллаһтан уахи алады әрі өзіне жеке шариғат, кітап түседі. Сондай-ақ, ол бір қауымға жалпы жіберіледі. Ондай болса кез-келген елші пайғамбар, алайда кез-келген пайғамбар елші емес.
Осы хадисті оқыған кейбір сопы ағымдары Хадирді (Қыдыр атаны) әулие болған деп, осы арқылы әулиелердің пайғамбарлардан жоғары болатынын айтады. Алайда бұл мүлдем қате түсінік. Хадир пайғамбар болған. Ал елші болу-болмауында әртүрлі көзқарастар айтылуы себепті кесіп айтпағанымыз дұрыс болар. Хадирдің пайғамбар болғанына дәлелдер келтіретін болсақ, Аллаһ тағала ол жайында: «…сол сенен ілімдірек»-деген. Ал пайғамбардан тек басқа пайғамбар ілімдірек болуы мүмкін. Сондай-ақ, бұл жерде Хадирдің ілімі Мұсаның ілімінен барлық жағынан артық деген сөз емес, бәлкім кейбір мәселеде Хадир артық білсе, енді кейбір мәселеде Мұса артық білуі мүмкін дегенді білдіреді. Себебі хадис барысында Хадир Мұсаға: «Әй, Мұса! Шын мәнінде мен (тек қана) Аллаһ үйреткен ілім иесімін, оны сен білмейсің. Сондай-ақ, сен де (тек қана) Ол үйреткен ілім иесісің, оны мен білмеймін»-деген. Ондай болса Хадир Мұсадан жоғары, барлық жағынан ілімдірек деп айтпаймыз, бәлкім кейбір мәселеде өзара артықшылықтары болды деп шектелеміз. Бірақ, Исрайл ұрпақтарына жіберілген пайғамбарлар ішінде ең абзалы, ең жоғарысы-Мұса. Бұл жайында көптеген хадистер мен аяттар бар. Мұсаның елші болуы, Аллаһпен сөйлесуі, оған Тәураттың берілуінің өзі Мұсаның дәрежесін көтереді. Ал елші пайғамбардан бір саты жоғары тұрады. Ондай болса Хадирді Мұсадан абзал, артық болды деп айту дұрыс болмайды, себебі Хадир тек пайғамбар болса, Мұса пайғамбар әрі елші болған жан.
«Әрбір пайғамбар өз қауымының ең ілімдісі болуы керек» деген сөз бар. Ал біздің білуімізше Мұхаммед пайғамбарымызға дейінгі пайғамбарлардың бәрі де тек өз қауымына жіберілетін. Ондай болса Мұса мен Хадир де жоғарыдағы ережеден шығып тыс қалмайды. Мұса өз қауымының арасында ең ілімді болса, Хадир де өз қауымының ең ілімдісі болып табылады. Алайда ең ілімдісін тек Аллаһ біледі.

Хадис жалғасы: –«Саған үйретілген даналықты маған үйретуің үшін сенің артыңнан ерсем бола ма?» -дейді. Сонда (Хадир): «Шын мәнінде сен менімен жүруге шыдамың жетпейді». Әй, Мұса! Шын мәнінде мен (тек қана) Аллаһ үйреткен ілім иесімін, оны сен білмейсің. Сондай-ақ, сен де (тек қана) Ол үйреткен ілім иесісің, оны мен білмеймін»-дейді. (Сонда Мұса тұрып): «Аллаһ қаласа, менің сабырлы екеніме көз жеткізесің әрі сенің бұйрықтарыңа қарсы келмеймін» -дейді.
Сөйтіп қайықтары болмай, екеуі теңіздің жағасымен жаяу жүріп, (көп ұзамай) қастарынан кеме өтеді. (Кемедегілерден) оларды ала кетулерін өтінді. (Кемедегілер) Хадирді танып, екеуін ешқандай ақшасыз ала кетті.
Кенет бір құс келіп, кеменің шетіне қонды да, тұмсығымен бір немесе екі рет шоқып, теңізден (су алды). Осы кезде Хадир тұрып: «Әй, Мұса! Мына торғайдың шоқығаны (теңіздің суын қанша азайтса), сені мен менің іліміміз Аллаһтың ілімін солай ғана азайтты»-деді.»…

Түсініктеме: Хадирдің: «Әй, Мұса! Шын мәнінде мен (тек қана) Аллаһ үйреткен ілім иесімін, оны сен білмейсің. Сондай-ақ, сен де (тек қана) Ол үйреткен ілім иесісің, оны мен білмеймін»-деген сөзі адамдардың ілімі бірдей болмайтынын, біреуі артық білсе, енді бірі кем болатынын білдіреді. Сол үшін де жер жүзінде ең ілімді адамның кім екені тек қана Алаһқа белгілі. Ондай болса бір мәселеде ілімі артқан адам масаттанып, шаттанып: «Ең ілімдісі мен»-деп кеуде керуіне болмайды.
Хадирдің: «Әй, Мұса! Мына торғайдың шоқығаны (теңіздің суын қанша азайтса), сені мен менің іліміміз Аллаһтың ілімін солай ғана азайтты»-деген сөйлем мысал ретінде ғана айтылған, себебі Аллаһ ілімі шексіз, әуелден бар, ешқашан азаймайды. Бәлкім жер бетінде адамдарға берілген ілім Аллаһтың ілімін азайтпайды әрі адамдарға өте аз ілім берілген. Бұл хадисті имам Бұхари келтірген: (122 хадис).

Аллаһтың бәрін біледі әрі кімге қаласа, соған ілім береді. себебі Аллаһ Құранда: «Олар Оның қалауынсыз еш нәрсе біле алмайды»-деген. (Бақара сүресі, 255). Ал ілімге қол жеткізгісі келген адам Аллаһтан қорыққаны абзал, себебі Аллаһ ілімді болу үшін Аллаһтан қорқуды шарт еткен.
Біздің қолымыздағы ілім өте аз. Ал Аллаһ ілімі шексіз. Рухтың жағдайын тек қана Аллаһ біледі, ал біз біле алмаймыз. Рухтың бар екенін білеміз, себебі біздің денеміздің тірі жүруі үшін рух керек. Алайда ол жайында ешнәрсе білмейміз. Өлген соң рухпен не болатыны да тек Аллаһқа белгілі. Біреулер: Рух ұшады, Рухтың салмағы бар, Рух адамдардың үйінде жүреді, тамақтанады деп жатады. Бірақ, мұның бәрі де тек пікірлер. Ал белгісіз нәрседе айтылған пікірлер қабылданбайды, себебі бізге белгісіз болған нәрсені тек қана Аллаһ біледі.
Аллаһ ілімі мен адамдар ілімінің айырмашылығы: Адамдар білмегеннен кейін барып білімді болады. Ал Аллаһ болса әуелден ілімді, әрі мәңгі ілімді болады.
Бұл мәселеде сөз қозғасақ, айтып тауысу мүмкін емес. Сол үшін де осымен тоқтағанымыз жөн болар.

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: