Екінші хадис: Ислам, Иман және Ихсан (жалғасы)

Сөйтіп, «Иман деген не?»-деген сұраққа пайғамбар (с.а.с): «Иман дегеніміз-Аллаһқа, Оның періштелеріне, Оның кітаптарына, Оның елшілеріне, ақырет күніне иман келтіруің және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің»-деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.а.с) тізіп шыққан заттардың бәрі де жүрекпен атқарылатын амал. Яғни осы айтылғандарға жүрекпен сеніп, иман келтіру. Осы жерде айта кетерлік маңызды мәселе бар. Егер Құран мен хадистерде иман, Ислам және ихсан бір жерде, бір мәтінде келсе, онда ол үшеуінің өзіндік жеке-жеке мағыналары болады. Ал егер бір жерде тек қана Ислам, немесе тек қана иман немесе тек қана ихсан келсе, онда сол біреуі үшеуін бірге қамтиды. Осыған қатты мән беріп, есте сақтап жүру керек.
Бұл хадисте иман, Ислам және ихсан бірге келгендіктен, әрбірінің жеке мағынасы болмақ. Демек бұл жердегі иман- алты нәрсеге иман келтіруді білдіреді: Аллаһқа, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ахырет күніне және тағдырға иман келтіру. Ал осы айтылғандарға иман келтіруші мұсылмандардың имандары әртүрлі болып табылады. Біреулерінің иманы таудай үлкен болса, енді біреулерінің иманы түкке тұрғысыз болмақ. Себебі иман «артады» немесе «кемиді».
Жоғарыда айтылған алты нәрсе «иманның рүкіндері» яғни «ажырамас тірегі» болып саналады. Үйдің негізгі, маңызды тіректерінің бірін алып тастағанда үй қалай құласа, осы алтаудың біріне болса да иман келтірмегеннің иманы да солай жоқ болады.
Ең алдымен «Аллаһқа иман келтіру» айтылған. Яғни таухид.
Ғұламалар Құран мен хадистерді зерттей келе таухидтың үшке бөлінетінін айтқан. Біріншісі-«таухид рубубия». Яғни «Аллаһ тағаланың жаратушылығында жалғыздығы». Барлық әлемді жаратушы, оларға ризық беріп, асырап, ризықтандырушы, оларды жүйемен, баппен дамытып немесе пайғамбар жіберіп тәрбиелеуші жалғыз Аллаһ. Сол үшін де жаратушымыз табиғат емес, ризықты беруші біздің атқаратын жұмысымыз, тапқан ақшамыз, әке-шеше, туыстарымыз емес, тәрбиелеп дамытатын ақылымыз емес, бәлкім бәрін жаратушы, беруші ол тек Аллаһ.
Екіншісі-«таухид улуһия». Яғни «Аллаһ тағаланың құлшылыққа лайықты болуда жалғыздығы». Құлшылықтың барлық түрін тек қана Аллаһқа арнау. Намаз оқу, ораза ұстау, зекет-садақа беру, қажылық жасау, Құран оқу сияқты құлшылықтарды мансап, атақ, ақша табу, мақтану, көзге көріну үшін емес, тек Аллаһқа арнау. Дұға жасап денсаулық, бала, пана, бақыт, шаттық, байлық, жәннат, тура жол, ілім, иман, сауап сияқты кез-келген нәрсені сұрағанда әулие-әнбие, әруақ, мазар, қабірден емес, тек Аллаһтан сұрау. Құрбан шалғанда тек қана Аллаһқа арнау. Азап жіберіп қояды, ауру беріп қояды, бақытсыздық беріп қояды дегендей қорқуларда тек Аллаһтан қорқу. Ал жабайы аңнан немесе осы сияқты табиғи қорқуда тұрған ешнәрсе жоқ. Бұл Аллаһқа серік қосу емес. Сондай-ақ, болашақтан, жәннаттан, бақыттан, тура жолдан үміттенгенде тек Аллаһтан үміттену. Жалпы «Аллаһ тағала жақсы көріп, разы болған кез-келген нәрсені тек Оған арнау». Бұл өте маңызды, ең бірінші орында тұратын нәрсе. Өзіміз де әрдайым айтып жүретін куәлік сөзі, яғни «Лә иләһә иллаллаһ» деген сөзіміздің мағынасы да осы. Яғни : «Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық тәңір жоқ». Осы сөзді аузымызбен айтып қана емес, жүрегімізбен де, денемізбен де атқарсақ қандай жақсы!
Үшіншісі-«таухиду әсмә уассифат». Яғни «Ең көркем есімдер мен сипаттарды жалғыз Аллаһ иемденеді». Аллаһ тағаланың бізге баян еткен тоқсан тоғыз есімі және біз білмейтін қаншама есімдері мен сипаттары бар. Бұл есімдер мен сипаттарда кемістік жоқ, олар ең көркем, біздің сипаттарға ұқсамайды әрі барлығы да Аллаһқа тән. Ол өзін Құран мен хадистерде қалай сипаттаса, біз солай қабылдап, тек солай сипаттаймыз. Алып-қосу, бейнелеу, елестету сияқты әрекеттерден аулақ болуымыз керек. Аллаһ хақысында осы үш нәрсе кез-келген мұсылманның парызы. Осы әрекеттерінде ол Аллаһты жалғыз деп біліп, жоғарыда айтылған нәрселерді тек Аллаһпен байланыстыруы керек. Өмірдің мәні де, сәні де, бақыттың жолы да тек осы.
Осы үшеуін де қамтитын бір аятта:
«Ол көктер мен жерді әрі ол екеуінің арасындағылардың Раббысы. Сондықтан тек Оған құлшылық жаса әрі құлшылық жасауда сабырлы бол. Оған есімі тең келер біреу бар ма?»-делінген. Осы аяттың: «Ол көктер мен жерді әрі ол екеуінің арасындағылардың Раббысы»-деген бөлігінде таухид рубубия, «Сондықтан тек Оған құлшылық жаса әрі құлшылық жасауда сабырлы бол»-деген үзіндіде таухид улуһия, ал «Оған есімі тең келер біреу бар ма?»-деген жерде таухиду әсмә уассифат айтылған. Иманның екінші тірегі: «Оның періштелеріне» иман келтіру. Яғни періштелер Аллаһ тағаланың құлдарының бірі, Аллаһ әмірін бұлжытпай орындайтын, күнә жасамайтын, нұрдан жаралып, ішіп-жемейтін, көбеймейтін жаратылыс екеніне иман келтіру. Мұны білгеннен кейін сенбеген адам кәпір болады. Жалпы періштелерге сеніп, алайда арасындағы бір періштеге сенбесе де кәпір болмақ. Себебі Аллаһ тағала Құранда:
«Кімде-кім Аллаһқа, Оның періштелеріне, Оның елшілеріне сондай-ақ Жәбрайл мен Микәйлге дұшпан болса, онда шын мәнінде Аллаһ тағала кәпірлерге дұшпан»-деген. Ал білмеген адам сұралмайды.
Одан кейін «кітаптарына» иман келтіру айтылған. Құран мен хадистерде періштелер айтылып, одан кейін кітаптар, кейін пайғамбарлар айтылуында қандай сыр бар десе, ғұламалар: «Аллаһ тағала періштелерді кітаппен пайғамбарларға жібереді. Осы тізбекке сәйкес»-деп түсіндіреді. Анығын Аллаһ біледі.
Кітаптарға иман келтіру дегеніміз-Аллаһ тағала пайғамбарларына кітаптар түсіргеніне, олар Аллаһ тағаланың уахи арқылы түсетін хақ сөзі екеніне, ең үлкендері төрт кітап: Тәурат, Зәбур, Инжил және Құран екеніне, бұдан өзге Ибраһим мен Мұса парақтары болғанына иман келтіру.
Иман келтіру керек болған нәрселерді тізіп келіп пайғамбарымыз (с.а.с) әрі қарай: «Елшілерге» иман келтіруді айтқан. Яғни Аллаһ тарапынан пайғамбарлар мен елшілер келгеніне, олар адамдарға Аллаһ тағаланың кітаптарын түсіндіріп, тура жолға сілтеуші болғанына иман келтіру.
Олардың нақты саны белгісіз. Құранда жиырма бесінің есімі аталған. Ең соңғы пайғамбар Мұхаммед әрі одан кейін пайғамбар да, елші де болмайды. Осы айтылғанға иман келтіру әр мұсылманның міндеті. Пайғамбарлардың санын айтқанда (жүз жиырма төрт мың дегендей) белгілі бір санмен шектелмеген абзал. Себебі пайғамбарлардың нақты саны белгісіз. Егер олар жүз жиырма үш мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз болып қалса, онда сіз бір адамды пайғамбар қатарына қосып жиберип, күпірлікке түсіп қалуыңыз мүмкін. Ал егер жүз жиырма төрт мың бір болса, онда бір пайғабарға иман келтірмей қалған боласыз. Сол үшін нақты санмен шектелмеген жөн.
Алайда Құранда аттары аталған пайғамбарлардан өзге пайғамбарлардың болғанына иман келтіру керек.
Хадиске қарасақ, пайғамбарымыз (с.а.с): «Ақырет күніне иман келтіруің және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің»-деген, яғни өмірде болып жатқан құбылыстың бәрі де Аллаһтың тағдырымен болғанына әрі Аллаһ тағала ол заттың солай болатынын білгеніне иман келтіру. Алайда адамның бір істі атқару-атқармауында еркі бар. Тағдырға міндетті түрде иман келтіру керек. Бұған сенбеген адамның амалдары қабыл болмайды.

Ислам жайын біліп алғаннан кейін Жәбрайл (а.с) келесі сұрағына көшіп: «Ихсан деген не?»-деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Аллаһты көріп тұрғандай құлшылық жасауың. Егер сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұр»-деп жауап береді. Бұл мұсылман адамға керекті қасиет. Кез-келген мұсылманның атқарған амалы ықыласты түрде ихсанмен атқарылуы тиіс. Яғни ниеті тек Аллаһ ризалығын көздеп, амалы пайғамбар (с.а.с) сүннетіне сәйкес болу. Әрбір мұсылман адам осы екі нәрсені барлық амалында бірге ұстауы қажет.
Ал енді амалы осы екі шартқа сәйкес болғаннан кейін ол құлшылық жасауға кіріседі. Осы кезде ол «Аллаһты көріп тұрғандай құлшылық жасауы» мүмкін. Бұл иманның ең биік дәрежесі. Аллаһ тағаланы көріп тұрғандай жасалған құлшылық шынайы ықыласты болары сөзсіз. Сол үшін де ғұламалар: «Адам көбінесе уақытын салихалы ғалым адамдармен өткізгені абзал. Сол адамдар алдында өзін сыпайы ұстайтыны белгілі емес пе? Ондай болса Аллаһ алдында өзін сыпайы ұстамауы дұрыс бола ма?!»-деген екен. Демек, Аллаһты көріп тұрғандай құлшылық жасау терминологияда /мушәһәдә/ деп аталады, әрі бұл иманның ең жоғарғы сатысы болып саналады.
Аллаһты көріп тұрғандай құлшылық жасауға шамасы, иманы жетпеген адам: «Аллаһ оны көріп тұрғанын біліп» құлшылық жасауы керек. Бұл /мурақаба/ дәрежесі, әрі мушәһәдә дәрежесінен төмен. Аллаһ тағала құлдарының үстінен бақылап тұрады. Осы арқылы Аллаһ тағаланың көру сипатына иман келтіру қажет. Алайда Оның көруі біздің көру сияқты емес, Өзіне тән түрде болады.
Осыдан кейін Жәбрайл (а.с) сұрағын жалғап: «Енді маған (Қиямет) сағаты жайында хабар берші»-деп сұрайды. Аллаһ елшісі (с.а.с): «Сұралушы сұраушыдан артық білмейді»-деп жауап қатады. Яғни «Ол жайында сен де білмейсің, мен де сенен артық білмеймін»-деген мағынада айтып өткен. Демек, Қиямет, рух сияқты ғайби ілімдерді тек Аллаһ біледі. Оны әулие-әнбие, емшілер тұрмақ пайғамбарымыз (с.а.с) тіпті періштелер де білмейді. Алайда ғайби нәрселерге иман келтіру парыз болып табылады. Ғайби нәрселер ақыл, түс, аян, құмалақ салу, бал ашу арқылы емес, Құран және сүннет арқылы білінеді. Білімсіз халде алданып қалудан сақ болған абзал.
Хадиске назар аударсақ білімсіз түрде фәтуә беруге болмайтынын байқауға болады. Білмейтін болса «Білмеймін» деп жауап берген жақсы. «Білемін деген көп сөз, білмеймін деген бір сөз» деген нақыл сөз осыдан қалса керек. Білмеймін деп айту ұят емес әрі адамның дәрежесін түсірмейді, керісінше оның тақуалығын арттырады. Осыны естен шығармаған абзал.
Пайғамбарымыз (с.а.с) қияметтің уақытын нақты қашан екенін айтпаса да оған оның белгілерін айтып беруді жөн санап: «Күң өзінің ханшайымын туады және жалаңаяқ-жалаңбас қой соңындағы кедейлер биік үйлер салуда жарысатынын көресің»-дейді. Пайғамбарымыздың (с.а.с) адамдармен жасаған қарым-қатынасы өте жоғарғы дәрежеде болатыны әркімге аян. Мысалға осы жолы берілген жауапты алып қарасақ, қойылған сұрақты білмейтінін айтып, тыңдаушыны жауапсыз жібермейін деген ойда тіпті болмаса белгілерін біліп жүрсін деп, соларды айтып қойған. Пайғамбарымыздың барлық іс-әрекеті, сөйлеген сөзі көптеген пайдаларға толы. Ал бұл жолы жалпыға бірдей керек боларлық пайда, ол мына ереже: «Қойылған сұрақ маңызы аз болса, жауапты маңызы көп нәрсеге қарай бұрып жіберген абзал болады». Есте ұстасақ артық болмас.
Қиямет белгілері: Үлкен белгілері және кіші белгілері болып екіге бөлінеді. Үлкен белгілері әлі болмаған әрі ең бірінші белгісі күннің батыстан шығуы. Сондай-ақ, Дәжжәлдің шығуы, Исаның түсуі т.б. Үлкен он белгісі толық болмайынша Қиямет болмайды.
Ал бұл хадисте айтылған белгілері кіші белгілер. Кіші белгілері өте көп. Хадисте келген осы сөйлемдерді түсіндіріп өтсек, Қиямет белгілерінің бірі «Күң өзінің ханшайымын туады»-делінген. Осы сөйлемді ғұламалар әртүрлі түсіндіреді. Ең әуелі Хаттабидің сөзін келтіріп кетсек, ол: «Ислам кеңейіп, ширк мекендеріне билігі өтетін болады. Сөйтіп ер адам бір күңді олжа етіп алып, ол күңнен бала туса, ол басы бос бала болып шыға келеді. Демек, күң өзінің иесін туады»-деген . Айтылған пікірлердің тағы біреуінде: «Ата-анаға бойұсынбайтын балалар көбейіп, олар ата-анасын ұрып, соғатын оқиғалар болады. Яғни ата-анасымен «күңі мен құлы» сияқты қарайласады»-делінген.
Қияметтің кіші белгілерінің тағы бірі «Жалаңаяқ-жалаңбас қой соңындағы кедейлер биік үйлер салуда жарысатынын көресің»-деп берілген, яғни білімсіз адамдар жалған жолдармен билікке отырып, биік ғимараттар салып мақтануға көшетіні айтылған.
Осы жерде айта кетер тағы бір ескерту: «Қиямет белгісі болса ол зат харам немесе жаман нәрсе болып саналады»-деген түсінік қате болып табылады. Айтылған нәрселердің бәрі де тек белгілері әрі жаманы жаман, ал жақсысы жақсы болып қалады. Мысалы бұл хадисте айтылған: «Күң ханшайымын туады» деген жерде егер бірінші пікір меңзелсе, онда оның оқасы жоқ. Күңнің баласы басы бос болатыны шариғатта белгілі нәрсе. Ал егер де екінші пікір меңзелсе, онда ол жеккөрінішті нәрсе. Баланың ата-анасына қол жұмсауы шынымен де ауыр күнә.
Сондай-ақ Құддыс қаласының алынып, мұсылман мүлкіне өтуі де қиямет белгісінің бірі. Ал бұл нәрсе харам немесе жаман ба?! Ондай болса қиямет белгісі белгілі дәлел келмейінше жаман немесе жақсы болып бөлінбейтінін естен шығармаған абзал.
Осы хадистің Әбу Һурайра арқылы жеткен нұсқасында пайғамбарымыз (с.а.с) кіші белгілерін айтып бергеннен кейін, Қиямет жайлы тек Аллаһ тағала ғана білетінін ескертіп: «Алайда бұл тек Аллаһ білетін бес нәрсенің бірі болып табылады»-дейді де:
﴿إِنَّ اللهَ عِنْدَهُ عِلْمُ السَّاعَةِ وَيُنَزِّلُ الْغَيْثَ وَيَعْلَمُ مَا فِي الأَرْحَامِ وَمَا تَدْرِي نَفْسٌ مَّاذَا تَكْسِبُ غَدًا وَ مَا تَدْرِي نَفْسٌ بِأَيِّ أَرْضٍ تَمُوتُ إِنَّ اللهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ﴾
«Шын мәнінде Қиямет жайындағы ілім тек Аллаһта. Жаңбырды жаудыратын әрі жатырдағыларды білетін тек Ол. Ешкім де ертең не істейтінін білмейді әрі қай жерде өлетінін де білмейді. Шын мәнінде Аллаһ білуші әрі хабар алушы» -деген аятты оқиды.
Аллаһ білетін бес нәрсе осы аятта айтылған. Қиямет қашан болатыны, жаңбырдың қашан, қанша көлемде, қай жерде жауатыны, әйел адамның жатырындағы ұрықтың кім, қандай болып шығатыны, кез-келген адам ертеңіне не істейтіні әрі қай жерде қалай өлетіні тек Аллаһқа белгілі. Біреулер: «Жатырдағы ұрықты УЗИ сәулесі арқылы білуге болады ғой»-деуі ғажап емес. Айтар жауабымыз: «Жатырға ең алғаш кірген ұрықты алғашында тек Аллаһ біледі. Ал одан кейін ол ұрыққа жан үрленіп, содан кейін ғана УЗИ арқылы ажыратылады. Тіпті УЗИ арқылы қарасаң да оның ғұмырын, бақытты-бақытсыз болатынын, ризығын білу мүмкін емес. Ал мұны білуші жалғыз Аллаһ». Бұл бес нәрсені тек қана Аллаһ біледі. Сонымен қатар Аллаһ тағаланың «Білуші» әрі «Хабар алушы» деген сипаттарына иман келтіру міндет болып табылады.
Сосын Жәбрайл (а.с) кетіп қалады. Осы хадистің басқа нұсқасында Пайғамбарымыз (с.а.с) оны кері қайтаруды бұйырғанымен, сахабалар ештеңе көрмегенін айтады. Сонда Аллаһ елшісі (с.а.с): «Бұл Жәбрайл. Адамдарға діндерін үйрету үшін келген»-дейді. Демек, жоғарыда айтылғанның бәрі «дін» болып табылады. Дінді білгісі келген адам осы хадиске қарасын. Дін тек Құран мен сүннетте айтылған нәрселер. Бұған қосылған негізсіз жаңалықтар, өзіндік пікірлер, әдістемелер дінге жатпайды. Сол үшін де ойдан шығарылған нәрселерді «Ислами» деп атаудан аулақ болу керек.
Осы хадисті түсіндіре келе кейбір ғұламалар: «Жәбрайл Дихия Кәлби есімді сахабаның бейнесінде келген»-деген пікірді айтқан. Алайда имам Асқалани бұл пікірдің қате екенін айтып: «Дихия Кәлбиді барлық сахаба білген. Ал осы хадистің Омардан жеткен нұсқасында: «Оны бізден ешкім білмейтін бейтаныс»-деп келген»-дейді.

Хадистен алынар пайдалар: Хадисті оқу барысында байқалған пайдаларға назар аударып, тоқталып өтсек, ең алдымен ғалым адам сұраушы алдында кішіпейілділік танытуы керектігіне көз жеткіземіз. Бұл білімнің берекелі болуына көп көмек берерлік нәрсе. Сыпайылық, кішіпейілділік, әдептілікке мән берген адам діттеген мақсатына тез жетері сөзсіз.
Сондай-ақ, өзі біліп тұрса да басқалар білу үшін ғалым адамға сұрақ қоюға болады. Ибн Мунәйр: «Жақсы сұрақ қою «үйрету» болып табылады»-деген. Хадиске қарасақ, Жәбрайл (с.а.с) сұрақтарын қойып бітіп, кетіп қалғаннан кейін пайғамбарымыз (с.а.с): «Адамдарға діндерін үйрету үшін келген»-деген.
Сонымен қатар осы уақытқа дейін оқып келе жатқан хадистерге қарасақ, пайғамбарымыздың (с.а.с) аз сөйлеп, сөзіне көп мағына сыйдыра білетінін байқаймыз. Бір-екі ауыз айтқан сөзіне том-том түсіндірме жазылып жатуы осының айғағы.
Аллаһ тағала осы хадистен алынар көл-көсір пайда мен насихатқа амал жасауды нәсіп етсін! Шын мәнінде бұл сүннеттің анасы, дін негізі, әһлу суннаның ашық дәлелі.

Advertisements

4 Responses to Екінші хадис: Ислам, Иман және Ихсан (жалғасы)

  1. David Santos айтады:

    Excellent posting!
    Thank you.
    Have a nice day

  2. Азамат Сагынбай айтады:

    Ассаламалейкум бауырым! Аллах разы болсын!

  3. zhandos айтады:

    Ассаляму алейкум
    ахи, إحسان деген сөзді словарда жақсылық, жақсы іс деген сияқты етіп аударады.
    Ал пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уасаллям «Аллаһты көріп тұрғандай құлшылық жасауың» деп түсініктеме берді.
    сонда словардағысы – тілдік, ал хадистегі шарғи мағынасы бол ма?
    әлде жоқ па?

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: