Үшінші хадис

Абдуррахманның әкесі Абдулла ибн Омар (р.а) жеткізген хабарда: Аллаһ елшісі (с.а.с) айтқан екен:«Ислам бес нәрседе: Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық ешкім жоқтығына әрі Мұхаммед Аллаһтың елшісі екендігіне куәлік етуде, намазды толық орындауда, зекет беруде, қажылық жасауда және Рамазанда ораза ұстауда құрылған».

Хадисті Бұхари мен Муслим келтірген.

* * *

Хадис түсідірмесі: Жоғардағы әдіске сай, алдымен хадис келтіруші адамды таныстырып кетейік. Ол Омар ибн Хаттабтың ұлы Абдулла. Кішкентай кезінде әкесі Омармен бірге Ислам қабылдап, Мәдинаға көшкен. Дінді терең түсінетін, өте тақуа, хадисті көп жеткізген сахабалардың бірі. Пайғамбарымызбен (с.а.с) бірге көптеген соғыстар мен келісімшарттарға қатысқан. Һижра бойынша 73 жылдың соңында сексен төрт жасында қайтыс болып, Меккеге жақын жерде жерленген. Аллаһ оған және оның әкесіне разы болсын!
Абдулла ибн Омар (р.а) пайғамбарымыздың (с.а.с) Ислам тіректері жайында айтқан сөздерін келтіріп: «Ислам бес нәрседе…құрылған»-дейді. Бұл Исламның бес парызы. Осы бес парызды нақтылай келе, бірінші-куәлік сөзін айту керектігін, әрі ол Ислам тіректерінің бірі болып табылатынын айтқан. Хадисте: «Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық ешкім жоқтығына әрі Мұхаммед Аллаһтың елшісі екендігіне куәлік ету»-делінген. Бұл – таухид әрі Исламның ажырамас, маңызды бөлігі. Мұнсыз адамның Исламы да, иманы да жоқ. Қанша жақсы амал жасаса да, амалы түк болмағандай күлге айналып кетеді. Осы арқылы біз таухидтың маңыздылығын әрі ол бірінші орынды алатынын байқаймыз. Демек, адамның Исламы толық, дұрыс болуы үшін ол куәлік айтуы керек. Куәліктің толық болуының шарттары: жүрекпен сеніп, тілмен айтып, соңынан оны басқаға жеткізу. Осы үш нәрсе толық болған кезде ғана адамның куәлігі дұрыс болады.
Екіжүзді мунафиқтар пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с) келіп: «Күмәнсіз сіз Аллаһ елшісі екендігіңізге біз куәлік береміз» – дейді (Мунафиқун, 1 аят). Алайда көкіректерде не жасырылғанын білетін Аллаһ: «Аллаһ сенің расымен де пайғамбар екендігіңді біледі, әрі мунафиқтардың (екіжүзділердің) өтірік айтушы екендіктеріне куәлік береді» -деп, олардың куәліктерін қабылдамайды (Мунафиқун, 1 аят).
«Мунафиқтар пайғамбарымыздың (с.а.с) пайғамбар екеніне куәлік беріп тұр ғой, оларды Аллаһ неге өтірікші деген?»-дегендей сұрақ туса, оның жауабы Аллаһ ол мунафиқтардың куәліктері тілдерінен шықса да, көкейлерінен шықпағандығын айтып, оларды өтірікшілер қатарына жатқызған. Сол себепті де, куәліктің толық болуының шарттары: жүрекпен сену, тілмен айту және басқаға жеткізу.
«Аллаһтан өзге құлшылық қылынуға лайық ешкім жоқ» дегені, одан өзге ешкімге құлшылық жасауға болмайтындығын білдіреді. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде құлшылық сөзін «Құдайға табыну, сиыну» деп түсіндірген. Құлшылық сөзінің астарын ақтара келсек, бұл сөздің «құл» деген сөзден туындайтынын байқаймыз. «Құл деген қандай болуы керек?» – десе, әлбетте ол адамның өз бетінше ештеңе істей алмайтынын, тек иесінің айтқанын орындайтынын елестетеміз. Адам да Аллаһтың құлы. Адам Аллаһтың бұйрығын ғана орындап, тыйғанынан бас тартуы керек. Шынайы құлшылық деген -Аллаһтың міндеттерін еш қарсылықсыз, екі етпей орындау. Құлшылық жасауға келгенде шығып жататын әртүрлі сылтаудың бәрі де адамның «құл» екендігін мойындамайтындығын білдіреді. Турасына келсек, өмір берген Аллаһ алдында еш қиқу-сылтаусыз шынайы құлшылық жасау керек.
Құлшылық дегенде адам ойына тек намаз, ораза, зекет, қажылық келуі мүмкін. Осы аталғандарды Аллаһқа арнау керек деп ойлайды. Алайда, Исламда бұдан өзге де құлшылық түрлері көп. Жалпы, құлшылық сөзінің негізгі анықтамасы: «Аллаһ тағала жақсы көріп, разы болған кез-келген нәрсе». Осы ережені әркез есте ұстаған дұрыс.
Құрбан шалу, дұға жасау, тілек тілеу, тәуекел ету, үміттену, қорқу, тәубе ету, жәрдем сұрау сияқты нәрселердің бәрі де құлшылыққа кіреді әрі бұлардың құлшылық екендігіне көптеген аяттар дәлел бола алады. Ал адам осылардың біреуін Аллаһтан өзге біреуге арнаса, онда ол серік қосқан болып табылады. Онда ол «Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық зат жоқ» дегені бос сөз болып қалады. Адам бұл сөзінің шынайы болуы үшін, жоғарыда аталған құлшылық түрлерінің бәрін де тек бір Аллаһқа арнауы керек.
Ал «Мұхаммед Оның елшісі» деген сөйлем төрт нәрсені керек етеді.
Біріншісі: Аллаһ елшісіне бойұсыну.
Екіншісі: Оның хабарлаған нәрселерінің бәріне сену.
Үшіншісі: Тыйған нәрселерінің бәрінен тыйылу.
Төртіншісі: Құлшылықтың қай түрі болса да тек ол кісі атқарғанындай атқару, яғни жаңалық енгізбеу.
«Мұхаммед Оның елшісі»-деген сөзіне берік адам осы төрт нәрсені толық орындауы керек. Пайғамбарымыздың (с.а.с) сөздерін қабылдап, өмір салтын соған өзгертіп, пайғамбарымыз (с.а.с) істеген істі істеуге барынша тырысқан адам шынайы түрде куәлік келтіруші болып табылады. Ол кісі айтты дегенде «заманыма қайшы, жағдайым жоқ, бұл жай сүннет қой» деген сөздерден аулақ болғаны дұрыс. Мұхаммедтің (с.а.с) елші екендігіне куәлік беру арқылы біз оның (с.а.с) соңынан еруге міндеттелеміз. Осы кезде ғана адам шынымен де куәлік келтірген болады. Пайғамбарымызға (с.а.с) куәлік беріп, алайда істері сүннеттен алыс болса, онда ол адам жоғарыдағы айтылған мунафиқтерден еш айырмашылығы болмай қалады.
Осы жерден қорытынды шығарып, сөзімізді түйіндесек, адамның істерінің қабыл болуына екі шарт бар. Алдымен істеген істері ықыласпен, тек Аллаһ үшін орындалған болуы, сонымен қатар ол істері пайғамбар (с.а.с) сүннетіне сәйкес болуы керек. Бұл екі куәліктің шарттары. Бұл иманның шарттары. Иман діннің жай тірегі емес, негізгі тірегі. Мұнсыз адамның Исламы дұрыс бола алмайды. Имам Науай де Исламның негізі болып саналатын бұл хадисті үшінші, орынға қойған.
Таухидтен өзге парыздарды да білу керек. Олар да діннің тіректері болып табылады. Хадисте «Намазды толық орындау» дегені, намазды уақытында, толық, барлық шарттарын, рүкіндерін жасау арқылы оқу. Исламда намаздың алатын орны зор. Ғұламалардың айтуынша бұл діннің негізгі тірегі, әрі намазсыз адамның Исламы қабылданбайды. Кейбіреулердің: «Намаз оқымасам да күнә жасамаймын, ниетім таза» немесе «Намазды толық тазаланғаннан кейін оқимын»-деп айтулары қисынсыз айтылған сөз болып табылады. Сонда ол адам немен тазаланады? Намаз оқымайтын адам өзін қалай тазаламақ? Намаз оқымаған адам күнә жасамайды деп кім кепілдік бере алады? Бұл сөздің бәрі де тек сылтау болып табылады. Біле білсек, о дүние ризығы жақсырақ, әрі мәңгілік! Аллаһ елшісі: «Шын мәнінде адам мен күпірліктің, ширктің арасын ажыратып тұратын нәрсе-намазды тастау» – деген бір хадисінде (Муслим, 116). Яғни адамның күпірлікке, ширкке түсіп қалуынан сақтап тұратын нәрсе, сондай-ақ, мұсылман адам мен кәпірдің арасын ажыратып тұратын нәрсе-намаз оқу. Ал оны тастаған адам немесе оқымайтын адам күпірлік, ширк сияқты қауіпті нәрселерден аман қалуы екіталай. Сонымен қатар Омар (р.а): «Намазды тастаған адамға Исламнан алар үлес жоқ»-деген («Тағзымус салаһ», Маруази, 923).
Одан кейін «Зекет беру», яғни, малының бір бөлігін шығару айтылған. Зекет деген сөз «тазарту, арту» деген мағына береді. «Мал-мүлік пен ақшаның кірін тазарту» немесе «берекеті арту үшін ақша шығару» деген сөз. Анығын Аллаһ біледі. Осы орайда біз адамдарға жақсылық жасау – Исламнан екенін көре аламыз. Себебі зекет – жақсылық жасаудың бір түрі болып табылады. Адамдар арасында мұқтаждық жойылып, теңдік орнайды. Бұл Исламның үлкен хикметтерінің бірі.
Малы бола тұра зекет өтемеушілердің, садақаға сараңдық қылушылардың күнәсі ауыр болып табылады. Аллаһ елшісі (с.а.с) өзінің хадистерінің бірінде: «(Қиямет күні) түйе өзінің иесіне (осы өмірде болғанындай) жақсы түрде келіп, егер де (иесі) олардың хақысын бермеген болса, онда ол оны табанымен езе бастайды. Қой да өзінің иесіне жақсы түрде келіп, егер де иесі оның хақысын бермеген болса, онда ол (иесін) тұяғымен езіп, мүйіздерімен сүзе бастайды» – деген. (Бұхари, 1402).
Хадис жалғасында қажылық пен ораза айтылған. Қажылық дегеніміз шамасы келген адамға орындау міндетті болған, өмірінде бір рет болса да өтелуі керек парыз түрі. Бұл Қияметке дейін парыз болып табылады. Бірақ, шамасы келіп, уақыты келгенде ғана атқарылады.
Ал оразаға келер болсақ, бұл мұсылман күнтізбесі бойынша жылына бір рет келетін Рамазан айында ораза ұстап, таң атқаннан күн батқанға дейін оразаны бұзатын нәрселерден тыйылып, ауыз бекіту. Осылардың бәрі Ислам тіректері, әрі ақыл есі түзу, бостандықтағы, балиғат жасына жеткен барлық мұсылманға міндет.
Бұл құлшылықтарды орындау еш мүмкін болмай жатса, онда олар адамға жеңілдетіледі. Егер намазды тұрып оқи алмаса, онда отырып оқиды. Ал егер отырып оқи алмаса, онда жатып оқиды. Жатып оқи алмаймын деген сөздің еш негізі жоқ. Зекет бере алмаса, оны өтеу міндетті емес, ораза ұстауға шамасы жетпесе, денсаулығы жібермесе, оның орнына жоқ-жетімді, пақырды тамақтандырады дегендей жеңілдіктер бар.
Аллаһ тауфиқ беріп, айтылғандарға амал жасауымызды, жүрегіміздегі иманымызды берік етіп құруды әрі тура жолда болуымызды нәсіп етсін!

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: