1 сабақ: Фатиха сүресімен танысу

Қасиетті Құран аяттарын түсіндіруде Құранның 30-шы бөлімін қолға алатынымызды айтып кеткен болатынбыз. Сол орайда ең алдымен күнделікті бес уақыт намаздарымызда оқып жүрген көлемі шағын Фатиха сүресінің түсіндірмесін беріп өтуді жөн санадық. Ондай болса төмендегі тақырыпқа назар аударайық!

Сүренің дәрежесі: Бұл сүренің дәрежесі мен алатын орны ерекше. Әбу Сағид (р.а): «Мен намаз оқып жатыр едім, Пайғамбар (с.а.с) мені шақырды. Мен намазымды толық оқып бітпегенімше жауап қатпадым. Намазымды оқып біткен соң ғана барып едім, ол кісі: «Аллаһ: «Әй, мүминдер! Сендерді өздеріңе тіршілік беретін нәрсеге (яғни дінге) шақырған кезде Аллаһтың әрі Оның елшісінің тілін алыңдар»,-деген емес пе еді?!»-деді де, кейін қолымнан ұстап: «Сен мешіттен шықпастан бұрын мен саған Құрандағы ең ұлы сүреден хабар беремін»,-деді. Ол мешіттен шығар кезде мен: «Иә, Аллаһ елшісі! Сіз Құрандағы ең ұлы сүреден хабар беремін деп едіңіз ғой»,-деген едім, ол: «Иә. Ол «Әлхамдулилләһи роббил аламин», Бұл әс-Сәбғул мәсәни бұл әл-Қуранул азым»,-деді»,-дейді. (Ибн Кәсир, 1/9).
Әбу Һурайра риуаят еткен бір хадисте Аллаһ пен Оның құлы арасындағы байланыс жайы былай баяндалады: «Фатихада Аллаһ құлымен сұхбаттасып былай деп айтады: «намазды (яғни Фатиханы) екіге бөлдім. Жартысы маған, жартысы құлыма және құлыма қалағаны беріледі. Құлым: «Әлхамдулилләһи роббил аламин»,-деген кезде Аллаһ: «Құлым мені мадақтады»,-деп айтады. Құл: «Аррахманир-рахим»,-деген кезде Аллаһ: «Құлым мені мақтады»,-дейді. Құл: «Мәлики яумиддин»,-дегенде Аллаһ: «Құлым мені ұлықтады»,-дейді. Міне осы жерге дейін Менікі. Ал құлым: «Ияка нағбуду уа ияка настағин»,-деген кезде Аллаһ: «Бұл менімен құлымның арасындағы нәрсе»,-деп айтады. Сүренің соңғы жағын оқыған кезде: «Бұл тек қана құлымдыкі әрі құлыма қалағаны беріледі»,-дейді. (Муслим, намаз кітабы, 28/40. Ықшамдалып, жақын нұсқасы берілді).
Қандай ұлы сүре! Сіз дәрет алып намазға тұрдыңыз. Қобалжып, «Аллаһу әкбар!» деп тәкбір айтып, Фатиханы оқуға кіріскен кезде сіздің әрбір сөзіңізге әлемдердің Раббысы, Ұлы Аллаһтың Өзі жауап қатады.
Жай ғана бір салыстырма келтірсек, адам баласы болған соң қандай жиын болмасын, аты аталғанды ұнатып тұрады. Кіші кезімізде мектеп директоры жалпы жиналыста сіздің атыңызды атаса мақтанып, марқайып қалатынбыз. Ал қала әкімі қала жиналысында атыңызды атаса, тіпті мәз мейрам болып қаласыз. Ал президенттің өзі атаса ше?! Әлбетте, сол күнді ұмытпастан, күнтізбеңіздің ең бақытты күні етіп белгілеп қоятыныңыз рас. Бұл бар болғаны өзіміз сияқты жаратылыстар арасындағы жағдай. Аллаһ бұл теңеулердің бәрінен де пәк. Елестетіп көріңізші, сіздің есіміңізді Ұлы Аллаһ өзінің періштелері алдында атап: «Құлым мені мақтады, құлым мені мадақтады, оған тиістісі беріледі»,-десе, бұдан ұлы, бұдан артық мақтаныш бар ма?!
Фатиха сүресінің дәрежесі есімдерінің көптігінен де анықталады. Тәуратта да, Зәбүрде де, Інжілде де бұл сүреге тең келер сүре айтылмаған. Әбу Һурайраға пайғамбарымыз (с.а.с) келіп: «Саған Інжілде де, Тәуратта да, Зәбурде де келмеген сүрені айтайын ба?»-дейді. Әбу Һурайра: «Иә»,-деп еді, ол кісі осы Фатиха сүресін атаған. (Тирмизи. Сахих).
Кез-келген сөз бен Аллаһ сөзі арасындағы айырмашылық – аспан мен жердей. Жай ғана жаратылыс сөзі жаратушысының сөзіне тең келе ме? Ал енді жаратушының сөздері болған Тәурат, Зәбур, Інжілде теңі болмаған Фатиха сүресі осындай жоғары дәрежеге ие болса, онда бұл сүрені басқа сөзбен мүлдем салыструға келмей қалады!!! Адамдардың қай ойшылы, қай ғұламасы бір керемет дана, кәміл сөз ойлап тапса да, Құрандағы бір аятқа да тең келе алмайды, ал Фатиха сүресімен тіпті салғыласа алмасы хақ!

Фатиха сүресінің есімдері: Кейбір ғұламалар бұл сүренің 20-дан астам есімі бар екенін айтқан. Біз бұл жерде имам Суюти келтірген есімдерді атап өтеміз:
1. «Фатихатул китәб» (Кітаптың беташары, кітапты ашушы). Халифа Алтай атамыз «Кітаптың кілті» деп те атаған. Құранның ең басында тұруы себепті және әр намазда бірінші оқылатын сүре болуы себепті осылай аталса керек. Бұған қоса Құран сүрелері арасынан ең бірінші толық түскен сүре – осы сүре.
2. «Фатихатул Қуран» (Құранның беташары, кілті).
3. «Уммул китәб» (Кітаптың анасы). Араб тілінде бір нәрсені басқарушыны немесе бір саланы өз бойында толық қамтыған затты «анасы» деп атайды. Фатиха сүресі Құран аяттарының жалпы мағынасын толығымен өз бойында қамтуы себепті осылай аталған.
4. «Уммул Қуран» (Құранның анасы).
5. «әл-Қурану әл-Ғазым» (Ұлы, үлкен Құран). Аллаһ елшісінің (с.а.с) бір хадисінде: «Бұл Құранның анасы, қайталанатын жеті аят, ұлы Құран»,-делініп, Фатиханың үш есімі қатар аталған. (Хадисті жоғарыда келтіріп өткен болатынбыз).
6. «әс-Сәбғул масани» (Қайталанатын жеті аят). Ғұламалар осы орайда үш пікір айтқан. Бір тобы: «Әр аят мадақты қамтиды, сол үшін жеті мадақ аяты»,-десе, екінші тобы: «Намаз рәкәттарының әрбірінде қайта-қайта оқылуы себепті осылай аталған»,-деп, ал үшінші топ: «Екі рет түскен сүре»,-дейді.
7. «әл-Уәфия» (Толық). Құранның барлық аяттарының жалпы мағынасын өз бойында толық қамтуы себепті бұл атауды Суфиян ибн Ғуяйна берген. Және де намаз рәкаттарында барлық сүрелерді толық немесе бөліп оқуға болады, ал Фатиха сүресі тек қана толық оқылуы керек.
8. «әл-Кәнз» (Қазына).
9. «әл-Кәфия» (Жеткілікті). Яғни намаз оқығанда бұл сүре оқылмайынша намаз толық бола алмайды әрі намаздың толық болуына осы сүре жеткілікті.
10. «әл-Әсәс» (Негіз). Себебі бұл сүре – Құран негізі әрі ондағы сүрелердің ең біріншісі.
11. «ән-Нур» (Нұр, жарық сәуле).
12. «Суратул-хамд әл-улә» (Бірінші мадақ сүресі). Мадақпен басталуы себепті осылай аталған. Жалпы құранда «Әл-хамду» деп басталатын бес сүре бар. Ал Фатиха сүресі солардың ең біріншісі.
13. «Суратул хамд әл-қусра» (Ең қысқа мадақ сүресі). Жоғарыда айтып өткендей, мадақпен басталатын бес сүре бар. Біріншісі осы Фатиха әрі ең қысқасы (7 аят). Екіншісі: Әнғам (165 аят). Үшіншісі: Кәһф (110 аят). Төртіншісі: Сәбә (54 аят) және соңғысы – Фатыр (45 аят).
14. «әр-Руқия» (Ем). Яғни адам бір жері ауыра қалса осы сүрені оқып, ауырған жеріне қолын қойып, өзін емдеуге жарамды сүре.
15. «әш-Шифә» (Шипа). Яғни Аллаһ тағала осы сүренің септігімен Адамға шипа береді.
16. «Суратус-саляһ» (Намаз сүресі). Бұл атауға имам Муслим келтірген жоғарыдағы хадис дәлел.
17. «Суратуд-дуға» (Дұға сүресі). Бәлкім, кейбір ғалымдар дұғалардың ең үлкені осы сүре деп те атаған.
18. «Суратус-суәл» (Сұрау, тілеу дұғасы). Сүренің соңғы жағы Аллаһтан тура жол сұрау аяттарын қамтуы себепті осылай аталған.
19. «Сурату тағлимил мәсәлә» (Аллаһтан дұрыс сұрауды үйретуші сүре). Яғни Аллаһтан дұға тілегісі келген адам дұғасын қалай жасау керектігін үйрететін сүре. Демек, алдымен Аллаһқа мадақ айтып, артынан керегін сұрау керек.
20. «Сурәтул мунәжәһ» (Жасырын сөйлесу, әңгімелесу сүресі). Себебі құл өзінің Раббысымен сөйлесіп: «Тек қана саған құлшылық жасаймыз«,-деп айтады.

Фатиха сүресінің түсуі

Ғұламалар тарапында бұл сүренің түсуіне байланысты үш пікір айтылған: Ибн Аббас, Қатада, Әбул Ғалия сынды бір топ ғұлама бұл сүрені Меккелік сүре дейді.
Әбу Һурайра, Мужәһид және ‘Ато сынды бір топ ғұлама Мәдиналық сүре дейді. Ал кейбір ғұламалар бұл сүрені екі рет, бір рет Меккеде, бір рет Мәдинада түскен деседі.
Қазіргі таңдағы Құран нұсқаларында бұл сүрені Меккелік деп бекіткен.

Advertisements

5 Responses to 1 сабақ: Фатиха сүресімен танысу

  1. Акылбек айтады:

    Ассаламу алейкум уа рахматуллахи уа баракатух!
    Сабагынызга рахмет!Аллах разы болсын!

  2. Машаллаһ! Ассаламуғалайкум, уа Рахматуллаһи уа Баракатуһу!
    Бұл Сайт көптен ашылмап еді, бүгін жарқырап көрінгеніне Аллаға шүкір етемін! Тәубе!

  3. Aslan айтады:

    Шыныменде жаксы екен

  4. Айтолқын айтады:

    Аллаһ разы болсынІ

  5. Айтолқын айтады:

    Мен арабша үйренгім келеді. Сүрелерді кириллицамен емес, қырағатпен оқығым келеді

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: