26. Әл-Уәһһәб


26. Әл-Уәһһәб

Араб тіліндегі «Уәһәбә» етістігі «сыйлау, беру, тегін беру» деген мағыналарды береді. Ал осы етістікті атқарушы адамды «Уәһиб» дейді. Аллаһтың әл-Уәһһәб есімі осы етістікті көп атқарушы, яғни көп сыйлық беруші деген мағынамен, күшейтпелі үлгіде келген.
Аллаһтың әл-Уәһһәб есімі қасиетті Құранда 3-жерде келген. Бірі Әлі Ғымран сүресінің 8-ші аятында (3: 8): «Раббымыз! Бізді тура жолға салғаннан кейін жүрегімізді ауытқытпа. Және бізге өз қасыңнан игілік бер. Күдіксіз, сен өте берегенсің»,-деп келсе, екеуі 38-ші реттікпен келетін Сад сүресінің 9-шы және 35-ші аяттарында келген.
Халифа Алтай атамыз (ол кісіге Аллаһтың мейірімі жаусын) бұл есімді бір жерде «Береген» деп, екі жерде «Өте жомарт» деп берген. Әлауддин Мансұр ағамыз «Сыйлаушысың» деп, қалған екі жерде «Өте жомарт» деп аударған. Демек, «Береген» десек те, «Сыйлаушы» десек те бұл тек «Өте жомарт» болғанның сипаты. Ал Аллаһ нені сыйлаушы? Нені тегін беруші?


Ибн Жәрир өзінің тәпсірінде осы есімді түсіндіре келіп: «Шын мәнінде Аллаһ тағала өзінің құлдарына тауфиқ, дінде тұрақтылық, туралық, елшілері мен кітаптарын растау қасиетін беруші»,-дейді. Қазақ тілді оқырман қауым осы бір сөйлемдегі «Тауфиқ» сөзін түсінбесе түсіндіріп өтейік. «Тауфиқ» – қазақ тіліндегі сәттілік сөзіне жақын мағынада. Бірақ, тауфиқ дегеніміз Аллаһтың өз жаратылыстарына берген ҮЛКЕН нығметі. Неге олай дейміз?
Тауфиқ екі түрлі болады. Бірі – тауфиқу бәйән, екіншісі тауфиқу һидая.

Тауфиқу бәйән дегеніміз – барлық жаратылысқа Аллаһ жайында, дін жайында хабардың жеткізілуі. Яғни қай адам болса да оған Аллаһты, дінді тану сәттілігі түскен. Біздің дәл қазір осы есімдерді оқып отыруымыз да осы тауфиқ түріне жатады. Күнделікті бір хадис, жаңа аят, жаңа үкім естіп жатуымыздың бәрі де тауфиқу бәйән деп аталады.
Ал тауфиқу һидая дегеніміз – естілгенге сәйкес амал жасай алушылық. Яғни Аллаһ сәттілігін берсе ғана адам осы айтылғанға амал жасап, тиісінше тура жолға түспек. Қазақ атамыз бір істі бастарда «Аллаһ сәтін берсін» дейтіні де осыдан шыққан, яғни Аллаһ тауфиқ берсін деген сөз. Біз қазір осы есімдерді оқып болған соң тиісінше амал жасап, есімді жаттап жүрсек, демек біз екі тауфиққа да қол жеткізгендерден боламыз. Ал егер тек оқып, артынан бұрынғы қалпымыздан өзгермесек, онда тауфиқтың бірінші түрін алып, екіншісінен мақұрым қалған боламыз, Аллаһ сақтасын.
Міне, Аллаһ осы тауфиқты өзінің құлдарына сыйлаушы. Білім алам десең оны беріп, тура жолға талпынсаң, екіншісін де береді. Ал егер сынап, сыбап, тәкаппарланып келетін болсаң, онда тауфиқтың екінші түріне қол жеткізу екіталай. Бірақ, біле жүріңіз, тауфиқтың екі түрінің екеуін қатар қамтымайынша адам жетістікке жете алмайды. Кәпірге де, екіжүздіге де тауфиқу бәйән, яғни Аллаһ жайындағы, дін Ислам жайындағы хабар келген ғой. Бірақ, тауфиқтың екінші түрі жетті ме?! Жетпеген. Ал оны Аллаһ неге бермеді? Себебі олар өздері тәкаппарланып, тура жолға кеуде керді, мойындамады. Міне сол үшін де арты жаман боп аяқталады олардың, Аллаһ сақтасын. Демек, Аллаһ тауфиқтың екі түрін де сыйлаушы. Қабыл аламын дегені мерейі үстем болып, қарсы келгені өзі үшін жамандық жасап алады.
Аллаһ сыйлаушы. Билікті де, пайғамбарлықты да, мүлікті де, білімді де сыйлаушы. Адам мұны өзінің әрекетімен теріп алмайды, бәлкім, бұл Аллаһ сыйлығы. Ондай болса білімді де, байлықты да, бақытты да кімнен сұрау керек? Әлбетте, сол заттардың иесі болған Аллаһтан.
Аллаһ тағала бізге барлық затты сыйлаушы әрі оның орнына еш нәрсе сұрамайды. Барлық мүліктің басы Аллаһта. Осы жерде біреулер сұрақ қойып: «Мен не жаздым? Маған неге бермейді?» дейді. Бірақ, есте ұстаңыз:

Біріншіден, Аллаһқа шек келтіріп, міндет қоюға болмайды. Жаратушың нені жаратса, қалай жаратса да өзі біледі.
Екіншіден: Аллаһ кімге беру керек, ал кімге беру керек еместігін де өте жақсы біледі. Ал сырт көзге сіз өзіңізді соған лайықпын деп білсеңіз, біліміңіз Аллаһ білімінен артық деп ойлағаныңыз. Өзіміздің амал, жүріс тұрысымыз бен сөзімізге қарайық. Біреулер: «Адамның ала жібін аттамаймын» деп, өзі намаз оқымайды, тиісінше Ислам ұстындарын ұстанбайды. Сонда ол адамның ала жібін аттамай, Аллаһтың ала жібін аттағаны ма? Осыдан кейін: «Маған неге бермейді?» деп даурығуы орынды ма?
Үшіншіден: Аллаһ адамға шамасы келетін түрде ғана береді. Ал шамасы келмейтін адам сынып қалмасын деп, оған кейбір нәрселерді бермеуі де мүмкін. Ауыр көтеру спортымен шұғылданатын жас бала әлем чемпионына жүктелген салмақты: «Неге маған осы жүкті бермейді? Мен де чемпион болайын?» деп айтса ақылға қона ма?!
Төртіншіден: Аллаһ біреуге бір затты сыйлап, екіншіге сыйламауы артында үлкен даналық жатыр. Оны кішігірім миымызбен түсіндіріп беру мүмкін емес. Ия, мүмкін бір қанышер, қаныпезер адам бай болуы мүмкін. Бірақ, шайтан бұл дүниемен алдамасын сізді. Нағыз байлық ақша емес, нағыз байлық – тура жол. Аллаһ біреуге байлық беріп, ол оны көтере алмай, ақыры бұзыла бастаса, адасқанының үстіне адастырады. Сонда да әлгі жан сияқты болғыңыз келе ма?! Жоқ барға тәубә деп, қанағат еткен абзал ма?!
Бесіншіден: Ұлы Аллаһ кейбір құлдарын сынап, кейбір ризықты бермеуі мүмкін. Осы сыннан оңды өткен адамға одан артығы дайын тұрады.
Алтыншыдан: Барлық адамға қатар билік, байлық беріп қойса, өмірдің мәні не?
Жетіншіден: Адам өзінің ғұмырында тиісті ризығынан артық ризық ала алмайды әрі оның маңдайына жазылған ризықты ешкім де азайтып тастай алмайды. Сабыр етіңіз. Дүниелік нәрседе өзіңізден төмен жанға қараңыз. Мүмкін шүкіршілік жасарсыз. Ал діни істерде өзіңізден алға озғандарға қараңыз. Мүмкін талпынарсыз. Бір қызығы, адамдардың көбісі Аллаһтың сыйлаушы деген есімін естісе болғаны, ойларына тек қана «ақша, мүлік, билік» келеді. Бұл дүниелік нығметтер ғой. Бірақ неге о дүниелік нығметтерді ойламасқа?!
Сол үшін Аллаһтың «Тура жол» деп аталатын баға жетпес сыйына асығыңыздар.
Ескерту: Біреу сізге бір затты сыйлаған болса, ол адамды «Уәһһәб» деп атауға болмайды, себебі бұл тек Аллаһ сипаты. Ал ол адам бар болғаны «Уәһиб», қарапайым сыйлаушы. Бірақ, шынтуайтына келгенде ол адам Аллаһтың сыйын сізге қарай ауыстырушы, себебі барлық мүлік иесі тек Аллаһ. Сізге біреу қарапайым бір затты сыйласа асты үстіне түсіп, рахметіңізді жеткізе алмай жатасыз. Ал енді осы дүниеде тура жол беріп, өзінің нығметтерін сыйлап жатқан раббыңызға неге рахмет айтпайсыз?! Денің сау кезде құлшылыққа бой ұрсақ қандай жақсы болар еді?! Шүкіршілік етейік! Тура жол, ілім, ақыл, бала, пана, денсаулық, байлық, билік, парасат, шаттық сыйлаған ұлы Раббымызға құлшылық етейік. Құлшылығымыз Аллаһқа бірер зиянын не пайдасын тигізе алмайды, бәлки, мұның бәрі де тек өзімізге «сауап» болып, кері сыйланады! Аллаһ тауфиқ берсін!
Адам есіміне қолданылғанда «Абдулуәһһәб» болады.

Advertisements

6 Responses to 26. Әл-Уәһһәб

  1. Tauhydshil kazak айтады:

    Сөз жоқ «бізге Аллаһ жеткілікті және Ол арқа сүйердің нығметтісі».

    Әбу Сағид (р.а.) Пайғамбарымыздан мына сөздерді баяндаған: «Нанымның әлсіздігінен: Аллаһ ашуланатын нәрсе үшін адамдарға риза болу, оларды Аллаһтың берген несібесі үшін мақтау және оларды Аллаһ бермеген нәрселер үшін сөгу. Өйткені, Аллаһтың несібесін зер салушы зерімен кетірмейді және қаламаушы өз қаламауымен кетірмейді». (хадисті жеткізген әл-Байхақи)
    Анастан (р.а.): Аллаһ елшісі былай деген: «Егер Аллаһ өз құлына қайыр қаласа, бұл дүниеде (күнәсінің) сазайын тездетеді. Ал, егер де Ол өз құлына жамандық қаласа, онда күнәсінің сазайын қиямет күні толық тартқызғанға дейін ұстап тұрады». (хадисті әт-Тирмизи, әл-Хәкәм жеткізген)

  2. Кәрім айтады:

    Ассаламу ъалейкум, бауырлар! Арамызда Аллаһтың осы көркем есімін теріс мағынада қолданып жүргендер бар. Қазақ халқы арасында «халық жауы», «бабай», «бөжек» деген ұғымды «уаһһәбий» сөзімен жеткізгісі келетін адамдар пайда болды. Алланың бір көркем есімін мазақ еткеніміз бе бұл? Тоқтау болар ма екен бұл надандыққа? Осы ойынды тоқтату үшін не істеуге болатынын ойланғанда, басым қатып кетеді. Сіздің не пікіріңіз бар?

  3. Tauhydshil kazak айтады:

    Ұсынысыңыз орынды. Білместікпен осылай айтып жүргендер ісі расында да күйіндіреді.
    «Көпте ақыл жоқ, ебін тап та жөнге сал» демейме шариғаттың білгірі Абай хакім. Сол үшін де олармен көркем түрде күрес жүргізудің тиімді тәсілін ойлап табу жөн тәрізді. Бұл көп болып қолға алатын шаруа. Білімпаз, оқымысты шейхтардан да кеңес сұрау қажет-ау.
    Менің қосар ұсынысым мынандай:
    әл-Уаһһаб Аллаһ Тағаланың 99 қасиетті есімдерінің бірі. Оны пендеге таңуға болмайды. Құранда мынадай аят бар: «Аллаһтың аттарын орынсыз қолданатындардан безіңдер. Олар Қияметте қылмыстарының сазайын тартады». (Әғраф-56)
    Ұсынысым «уаһһаби» сөзімен біреуді қорлап, күйе жаққысы келетіндерге осы аятты айтып, ескерту жасау керек сияқты. Саналарына сіңдіріп айту қажет пе деймін.
    Бұдан өзге де тиімді ұсыныс-пікірлер табыла жатар…

  4. Айша қажы Әбішкеліні\азан айтылып қойылған, шипа берген есімім\ айтады:

    Аллаһ разы болсын! Өте жақсы түсіндіріп жатырсыздар. Осы мүмкіндікке жеткізген Аллаһқа мың шүкір! Халықтың сауатын ашуда ғажайып құрал! Ұзағынан сүйіндірсін, мұсылман бауырлар!

  5. abuhajar айтады:

    Әмин! Шамамыз келгенше тырысып жатырмыз. Барлық жағдайда да Аллаһқа шүкірлік етеміз.
    Айша апай, жас болсам да сізге бір жай ғана кеңесімді берсем, «шипа берген есімім» демей-ақ қойсаңыз дұрыс болар еді. Шын мәнінде шипаны беруші Аллаһ тағала ғана әрі одан өзге шипа мен ауруды реттеуші ешкім жоқ. Ескерерсіз. Аллаһ разы болсын, осылай ілімге ұмтылып жүргеніңізге. Ілімге сай амал ету одан да абзал ғой. Аллаһ тағала серік қосуды жек көретінін білетін шығарсыз, ондай болса шамаңыз келгенше «шипа берген есімім» деп айтпай ақ қойыңыз. Алдын ала рахмет!

  6. Айша қажы Әбішкеліні\азан айтылып қойылған, шипа берген есімім\ айтады:

    Алла разы болсын! Шипа берген есімім дегенім әйелзатына Аллаһтағала некені қорған еткен. Ұятсыздықтардан, әдепсіздіктерден ерімен Аллаһ алдында қиылған ақ некесі қорғаған. Шындықты айтсам жұрт жабылып тергеп, сөгіп тынышымды алады. Азанмен бекітілді десем үндемейді. Намазға жығылуыма адамгершілігімен, әдебімен себепші болған Елбасым Нұрсұлтанның құрметіне оның ата анасының есімдерін қойып , Аллаһутағаланың разылығы үшін Астанада тақия Мешіт салдық, Медресенің құрылысын жалғастырудамыз. Үлкен адамның әкесі Әбіш Ата атындағы Мешітте отырып, анасы Әлжан Ана атындағы қыз балаларды оқытсақ деген Медреседе отырып мына істеп жатқан тірліктеріңе сүйініп, оқитын адамдары көп болсын деген ниетпен әр парағыңызға әдейі кіріп, ізгілік пікір жарысы туындасын дегенім еді. .. Біздің қоғам әлі діннен сауатсыз. Осы жолда сайтыңыз үлкен ағартушылық қызмет атқарар деген ниеттемін. Ал ширк жөніндегі пікіріңіз орынды, тек оның маған қатысы жоқ.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: