«Бисмилләһир рахманир рахим» түсіндірмесі

Көптен күткен күн келіп жетті. Бүгін Құрандағы ұлы сүренің аяттарын, дәлірек айтсақ, алғашқы аятын түсіндіріп өтуге тырысамыз, Аллаһ қаласа.
Құрметті, оқырман қауым! Бұл сабақты көз жүгіртіп оқып шықпастан осы сабақтан пайда алуды ниеттеніңіздер. Сол үшін қолдарыңызға Халифа Алтай атамыз аударған Құран нұсқасын алып, керек жерлерін түртіп алып отырыңыздар. Халифа Алтай атамыздың аударған нұсқасы қазақ жұртшылығының бәрінің қолында бар деген ойдамын. Сондай-ақ, ол кісінің аудармасы аятқа-аят сәйкес келуі себепті сол нұсқаны таңдадық. Ондай болса, Аллаһқа тәуекел етіп, бастайық.


Халифа Алтай атамыз Фатиха сүресімен таныстыру ретінде кішігірім шолу жасап, былай дейді: «Меккеде түскен, 7 аят». Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл сүренің түсуі жайында үш пікір айтылған, бірақ, Меккеде түсті деген көзқарас қуаттырақ болып табылады. Ал 7 аят дегенге келер болсақ, бұған Аллаһ елшісінің (с.а.с) Әбу Сағидке: » Ол «Әлхамдулилләһи роббил аламин», Бұл әс-Сәбғул мәсәни (қайталанатын жеті аят) бұл әл-Қуранул азым (Ұлы Құран)»,-деді»,-деген хадисі дәлел.
Ғұламалар арасында Фатиханың 7 аяттан тұратынында ешбір дау-дамай жоқ. Бірақ, 7 аят қалай бөлінеді? «Бисмилләдан» бастала ма, жоқ, «әлхамдулилләдан» бастала ма? Бұл мәселеге «Бисмилләһир рахманир рахим» деген сөйлемді түсіндірген кезде толық тоқталып өтеміз.
Халифа Алтай атамыз: «Бұл сүре: «Әл Фатихатүл Кітап, Үммүл Құран, Сәбғұл Мәсани»»,-деп, Фатиха сүресінің арабша есімдерін келтіріп, артынша аудармасын айтып: «Кітаптың кілті, Құранның негізі, қайталанатын 7 аят т.б аттармен аталады. Сондай-ақ, Фатиха сүресі-Аллаға жалбарынудың нағыз бір үлгісі»,-деген.
Әрі қарай сүренің жақын мағынасын келтірген. Жақын мағынасы дейтін себебіміз-Құранды аудару мүмкін емес. Аудару дегеніміз-мағыналары мен сөздерін туп-тура сол қалпында түсіру. Ал Құран аяттарын туп-тура сол қалпында аудару мүмкін емес, бәлкім, өзге тілге бар болғаны жақын мағыналары аударылады. Ал толығымен түсіну үшін үлкен түсіндірмелер керек. Бүгінгі сабағымызда ең алғашқы аятты түсіндіріп өтейік.
Фатиха сүресінің алғашқы аятында:

«Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын»,-делінген.

Ғұламалар осы аят мәселесінде үш түрлі пікір айтқан. Бір топ ғұлама: «Бұл Тәубе сүресінен өзге барлық сүре алдына келетін аят»-дейді.

Екінші топ ғұлама: «Жоқ, бұл тек Фатиха сүресінің аяты. Ал өзге сүрелерде тек бөлуші белгі ретінде келген»,-дейді.

Үшінші топ ғұлама: «Жоқ, бұл тек Нәміл сүресінің 30-шы аятында аят боп келген, ал өзге сүрелер басында тек ажыратушы белгі болып орналасқан»,-дейді. Байқап отырсақ, бұл сүренің Фатиха аяты немесе аяты еместігінде әртүрлі пікір айтылған. Дұрыстыққа жақыны, бұл тек Нәміл сүресінің 30-шы аятында аят боп келген, алайда өзге жерлерде бұл тек сүрелер арасын бөліп тұрушы белгі болып келеді.

Неге бұлай дейміз? Біріншіден, бұған мына хадис дәлел: Әбу Һурайра риуаят еткен бір хадисте Аллаһ пен Оның құлы арасындағы байланыс жайы былай баяндалады: «Фатихада Аллаһ құлымен сұхбаттасып былай деп айтады: «Намазды (яғни Фатиханы) екіге бөлдім. Жартысы маған, жартысы құлыма және құлыма қалағаны беріледі. Құлым: «Әлхамдулилләһи роббил аламин»,-деген кезде Аллаһ: «Құлым мені мадақтады»,-деп айтады. Құл: «Аррахманир-рахим»,-деген кезде Аллаһ: «Құлым мені мақтады»,-дейді. Құл: «Мәлики яумиддин»,-дегенде Аллаһ: «Құлым мені ұлықтады»,-дейді. Міне осы жерге дейін Менікі. Ал құлым: «Ияка нағбуду уа ияка настағин»,-деген кезде Аллаһ: «Бұл менімен құлымның арасындағы нәрсе»,-деп айтады. Сүренің соңғы жағын оқыған кезде: «Бұл тек қана құлымдыкі әрі құлыма қалағаны беріледі»,-дейді.
Хадиске назар аударсақ, Аллаһ тағала сүрені бастағанда: «Әлхамдулилләдан» бастаған. Сондай-ақ, екіге бөлдім деген. Ал 7 аятты екіге бөлсек, үш аяты Аллаһқа, үш аяты құлына тиісті болады. Ал бір аят Аллаһ пен құлының арасына бөлінеді емес пе?! Хадисте де солай келген. Бірінші үш аятты оқығанда Аллаһ: «Құлым мені мағтады, мадақтады, ұлықтады«,-деп айтады. Содан кейін, 4-ші аят оқылғанда: «Бұл менімен құлымның арасындағы нәрсе«,-дейді. Одан кейінгі үш аятта: «Бұл тек қана құлымдыкі әрі құлыма қалағаны беріледі«,-деген. Демек, Аллаһ тағала бұл сүренің 7 аятын бөлгені басқа пікірлердің бәрінен де басым түседі. Оған қоса Әбу Бәкр, Омар, Осман сынды үлкен сахабалар бұл аятты Фатиха аяты еместігін ұстанады.
Демек, былай орналасқан дұрыс:

«Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен.
1. Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббы Аллаға тән.
2. Аса қамқор, ерекше мейірімді.
3. Қиямет күнінің иесі.
4. (Әй, Алла!) саған ғана құлшылық қыламыз әрі сенен ғана жәрдем тілейміз!
5. Бізді тура жолға сала гөр.
6. Нығметке бөлендіргендеріңнің жолына!
7. Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес!
«.

Байқап қарасақ, осылай орналасқанда аяттар көлемі өзара жақын, бір жолдан аспайды. Ал егер былай болса:
1. Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен.
2. Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббы Аллаға тән.
3. Аса қамқор, ерекше мейірімді.
4. Қиямет күнінің иесі.
5. (Әй, Алла!) саған ғана құлшылық қыламыз әрі сенен ғана жәрдем тілейміз!
6. Бізді тура жолға сала гөр.
7. Нығметке бөлендіргендеріңнің жолына! Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес!»

өздеріңіз де байқағандай, 7-ші аяты шектен тыс ұзын болып, өзге аяттармен үйлеспей қалады. Ондай болса «Бисмиллә» аяты Фатиха сүресінің аяты емес, бәлкім, өзге сүрелерден бөліп тұрушы белгі аяты деген пікір дұрысқа жақын әрі бұл пікірі Әбу Ханифа ұстанып, жария намаздарда бұл аят оқылмайтынын алға тартқан.
Қолымыздағы Халифа Алтай атамыздың мағыналық аудармасы Мәдина Мунаууара нұсқасына негізделіп, «бисмилләны» Фатиха сүресінің бірінші аяты етіп орнатқан. Сол үшін осы нұсқа бойынша түсіндіріп өте берейік.

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! (1)

Бұл мағыналық аударманың арабша нұсқасы «Бисмилләһир рахманир рахим».
Аллаһ елшісі (с.а.с) біреуге хат немесе басқа да жазбалар жолдағанында ең әуелде «Бисмика аллаһумма» деп, яғни «Аллаһым, Сенің атыңмен» деп бастап жазатын болған. Кейін: «Кемеге мініңдер, оның жүруі де, тоқтауы да Алланың атымен«,-деген мәндегі Һұд сүресінің 41-ші аяты түскеннен бастап Аллаһ елшісі (с.а.с) өзінің хаттарын «Бисмилләһ» деп бастайтын болды. Осылай жазып жүргенінде «Аллаһқа дұға етіңдер. Рахманға дұға етіңдер«,-деген аят түсіп (17: 110), Аллаһ елшісі (с.а.с) енді «Бисмилләһир рахман» деп жазуды әдетке алды.
Кейін Нәміл сүресінің 30-шы аяты (27:30) түскенде Аллаһ елшісі (с.а.с) «Бисмилләһир рахманир рахим» деп жазуды қолға алып, барлық хаттарын осы сөйлеммен бастайтын болды.
Аллаһ елшісі (с.а.с) хадистерінде осы «Бисмилләның» маңызылығын, артықшылығын көрсететін дәлелдер өте көп. Кез-келген іс осы сөйлемді айтумен басталғаны дұрыс. Аллаһ тағаланың өзі барлық сүрені осылай бастаған, Аллаһ елшісі де өзінің хаттарын осылай бастап, істеген істерінде осы сөйлемді жиі айтатын. Бізге де осыған ілесу керек.
Аллаһ елшісінің (с.а.с) бір хадисінде: «Егер Бисмиллә деп айтсаң, шайтан кішірейгеннің үстіне кішірейіп, шыбындай болып қалады»,-деген. (Сахих хадис). Сондай-ақ, жұбайлар жыныстық қатынас жасардан бұрын: «Бисмилләһи, Аллаһумма жаннибнәш шайтан, уә жәннибиш шайтана ма разақтана»,-деп айтса, туылған балаға ешқашан да шайтан зиян тигізе алмайды» деген хадис бар. (Бұхари, Муслим). Сондай-ақ, тамақ ішер алдында, киім киер алдында, жатарда, есікті құлыптағанда, ыдыстың бетін жабарда және т.б жақсы амалдарды бастағанда: «Бисмиллә» деп айту керектігін қуаттайтын хадистер өте көп.
«Бисмилләһ». Бұл тіркестің қазақша мағынасы «Аллаһтың есімімен» дегенге жақын. «Би» деген тіркес қазақ тіліндегі көмектес септігінің жалғауын білдіреді. Яғни «-мен» деген сөз. «исми» яғни «есімімен». Кімнің есімімен? «Бисмилләһ«, Аллаһтың есімімен. Араб тілінде мынандай ереже бар: «Егер жекеше түрде тұрған сөз бір сөзге матаса байланысатын болса, онда ол жекеше сөз өз ішінде сол мағынадағы барлық сөзді қамтиды». Демек, «Аллаһтың есімімен» деген тіркестегі «есім» сөзі «Аллаһ» сөзіне матаса байланысқан. Ондай болса мағынасы: «Аллаһтың барлық есімімен» деп түсіндіріледі. Яғни сіз «Бисмилләһ» деген кезде Аллаһтың барлық есімін мақсат етіп тұрғандай боласыз.
«Аллаһ» – бұл Аллаһтың жеке есімі. Түсіндірмесін қараймын деген адам «Аллаһтың көркем есімдері» рубрикасына кіріп көрсін. Біраз ілім алып қалар.
«Аллаһтың атымен» дегеннен кейін Аллаһтың есімдерін атап «аса қамқор, ерекше мейірімді» деп айтамыз, яғни «аррахманир-рахим«. Бұл екі есім де «көркем есімдер» бөлімінде түсіндіріліп өткен. Ондай болса көп сөз өрбітіп, оқырманды жалықтырып алмайық.
«Бисмилләһир рахманир рахим», мағынасы: «Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен». Байқап қарасақ «бастаймын» деген сөз айтылмаған. Ал Халифа Алтай атамыз «бастаймын» деген сөзді қайдан әкелді?
Жауабы: Ғұламалар былай дейді: «Бисмилләһир рахманир рахим, яғни Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен»-дегеннен кейін сұрақ туады. Бұдан кейін не? Не жасайсың? Сол үшін осы сөйлемнен кейін жасырын бір етістік келу керек». Жақсы. Ал жасырын етістік қандай етістік? Ғұламалар бұған да жауап беріп: «Ол жасырын етістік істейін деп жатқа істің түрінен болады. Мысалы, тамақ ішейін деп жатқанда «Бисмилләһ» десең, демек, «Аллаһтың есімімен тамақ ішкелі жатырмын», кітап оқитын болсаң да, басқа іс істесең де осылай болады»,-дейді. Осы кезде ғұламалардың бір тобы: «Демек, егер бисмилләдан кейін «бастаймын» десең, осы дұрысырақ. Себебі бұл сөз барлық іс әрекетті қамтиды. Яғни тамақ ішсең де, кітап оқысаң да бәрін де «бастаймын» деген сөз қамтып кетеді»,-дейді. Міне, сол үшін де Халифа Алтай атамыз «бастаймын» деген сөзді келтірген. Бірақ, өзіміз көргендей, ол араб нұсқасында айтылмайды.
Осы жерде біреу сұрақ қойып: «Сонда байстаймын деген сөзді ауызша айтамыз ба?»,-дейді. Жауабы: «Жоқ, ауызша айтпайсың, бәлкім «Бисмилләһир рахманир рахим»,-деп шектелесің. Ал бастаймын деген сөз ол сенің ниетіңде айтылады»,-дейді. Сол үшін Құран оқыған кезде «Бисмилләһи бастаймын» деп айтып жүрмеңіздер. Бұл жүрекпен айтылады. Ал тіліңізбен тек: «Бисмилләһир рахманир рахим» деп айтылады.

Демек, «бисмиллә» аятының мағынасы: «Фатиха сүресін барлық жаратылысқа аса қамқор, Қияметте мүминдерге ғана ерекше мейірімді Аллаһтың барлық есімімен бастаймын».

Аллаһ тауфиқ берсін! (жалғасы бар)

Advertisements

2 Responses to «Бисмилләһир рахманир рахим» түсіндірмесі

  1. bakytnur айтады:

    Amin!

    Jaksy, unemi kadagalap otyramyn. Uzbei jazynyz!

  2. daniar айтады:

    Allah razy bolsyn osyndai enbek etip jurgen bauyrlarymyzga. Allah olardyn otbasylary men jumystarynyn berekesin bersin.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: