Фатиха сүресінің түсіндірмесі (2-ші аят)

Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббы Аллаға тән (2).

Бұл «Әл-хамду лилләһи роббил аләмин» деп келетін аяттың қазақша балама аудармасы болып табылады. Бұл сөйлемді жиі айтамыз, жиі естиміз. Күніне бес уақыт намазда, одан өзге кездерде де аузымыздан тастамайтын осы бір аят үзіндісі өзінің бойында қандай сыр жасырған? Қандай хикметтері бар? Жоқ, әлде «Аллаһқа барлық мадақтар болсын» дегенмен бәрін түсініп қалдық па?

Бұл сұрақтар жауабын төменде келтіріп өтеміз. Ондай болса бірігіп, осы аяттың терең сырларына үңіліп көрейік. Мүмкін, бұл мәселеде іліміміз артып, Аллаһтан қорқу, Оны жақсу көрушілігіміз артатын шығар. Аллаһ тағала Құранда: «Шын мәнінде Аллаһтан тек білімділер қорқады» деген ғой. Ондай болса, Аллаһқа тәуекел етіп, түсіндірмені жалғастырайық!


Аяттағы «Әл-хамд» сөзі «Әл» жұрнағымен келген. «Әл» жұрнағының негізгі қызметі-белгісіз жағдайда тұрған бір сөзді белгілі жағдайға өзгерту. Мәселен, сіз бір адам жайында сөз қозғайтын болсаңыз, ең алдымен бұл «әл» жұрнағын қоспастан «рәжул» деп айтасыз ол жайында. Кейін, ол адамды кішкене болса да таныстырып өткен соң, сөйлемдеріңізде әлгі адамды міндетті түрде «әр-рәжул» деп, алдына «әл» жұрнағын қойып айту талап етіледі. Себебі ол ең әуелде белгісіз хальде болып, кейін белгілі жағдайға өтті.
Аяттағы «әл» жұрнағы бұл қызмет үшін келмеген. Неге? Себебі бұл Құрандағы алғашқы аят. Ал бұдан бұрын біз «хамд» жайында сөз қозғадық па? Жоқ. Ондай болса бұл аят неліктен «әл-хамду» деп басталған?
Жауабы: Бұл жердегі «әл» жұрнағы «барлық» деген мағынаны білдіру үшін келген. Демек, «әл-хамд» дегеніміз «барлық хамд«.
«Хамд» дегеніміз не? Хамд дегеніміз, (естеріңізге сақтап қойыңыздар) «Жақсы көре тұра ұлықтай отырып, біреуді толық әрі жақсы түрде мадақтау». Міне, хамдтың нағыз мағынасы осы. Ал кімнің жүрегінде Аллаһқа деген махаббат жоқ бола тұра немесе ұлықтамай Аллаһқа «хамд» десе, ол хамд емес, ол «мадх» деп саналады. «Мадх» дегеніміз-жай мадақтау.
Аллаһ тағала неге «Әл-Мәдху лилләһи» демеген? Себебі «мадх» ол құр мадақтау. Жақсы көрсең де, жақсы көрмесең де мадақтау. Ал «хамд» болса жақсы көре тұра, ұлықтай отырып, кемшіліксіз мадақтау.
Енді «әл-хамду лилләһи» мағынасы не болды? Мағынасы: «Аллаһқа барлық мақтаулар болсын». Барлық мақтау дегенімізге дәлел бар ма Құранда? Ия. Аллаһ тағала Рұм сүресінің 33 аятында (30: 33) «Аспандар мен жердегі барлық мақтау оған тән» деген. Демек, барлық мекендегі мадақтар тек оған тән. Жақсы, ал барлық мекендегі мадақтар тек Құран түскен кезде ма? Жоқ. Тағы бір аятта: «Дүниедегі және ахиреттегі барлық мақтау оған тән»-делінген. (Қасас, 28: 70).

Субханаллаһ, байқап қараңыздаршы. Құран аяттарында кемістік жоқ. Аллаһ тағала Құранды ашқан бетте: «Барлық мақтау Аллаһқа тән» дейді. Осы кезде біреу сұрақ қойып: «Барлық деген қалай? Барлық жердегі ма?» дегенде Рұм сүресінің аяты жауап беріп: «Аспандардағы және жердегі барлық мадақтар Оған тән» дейді. Әлгі сұраушы: «Ал өткен шақ, осы және келер шақтағы мадақтар кімге?» дегенде Аллаһ оған да жауап беріп: «Бұл дүниедегі және ахиреттегі барлық мақтау Оған тән» дейді. Енді сұрақ қалды ма көкейде? Барлық мекен мен барлық уақыттағы мадақтар Аллаһқа тән. Аллаһқа мадақ айтайық!
Осы жерде ескерте өтейік. Құран аяттарын тәпсірлеу, түсіндіру әдісі 4 түрлі. (жазып, жаттап алыңыздар): біріншісі: Бір аятты екінші бір аятпен түсіндіру. Жоғарыда біз келтіргендей. Екіншісі: Құран аяттарын пайғамбар хадистерімен түсіндіру. Бұған алдағы уақытта тоқталып өтеміз. Үшіншісі: Құран аяттарын сахабалар және табиғиндер сөзімен түсіндіру. Төртіншісі: Құран аяттарын тіл ғалымдарының түсіндіруі. Осы төрт әдістен өзге түрде Құранды түсіндіруге тыйым салынған. Біз осы «әл-хамд» сөзін түсіндіруде екі әдісті қолдандық. Бірі: Тілдік мағынасын, екіншісі басқа бір аяттар арқылы түсіндірдік. Мұны айтып жатқан себебім, сізге біреу келіп: «Аллаһ бұл аятта мынаны меңзейді» десе сіз оған: «Мұны кім айтыпты? Бұл түсіндірмені кім жасапты?»-деп сұрақ қоясыз. Егер: «Өзімнің ойым, бәлен молдекеңнің ойы» десе, қабылдамайсыз. Ал егер жоғарыдағы әдістердің бірі болса, онда құшақ жая қабылдау керек. Бұл мәселені толық тәпсір барысында айтып отырамыз.
Жақсы. Аллаһ неге «әл-хамд» сөзінің орнына «әш-шукр» сөзін қолданбады? Біле жүріңіз, Аллаһтың сипаттары «өтімді» және «өтімсіз» болып екіге бөлінеді. Өтімді сипаттары, мысалы, ризықтандырушы, сыйлаушы, мейірімді дегендей. Шын мәнінде Аллаһтың бұл сипаттары Аллаһтан тарап, бізге ризық келіп жатыр, Аллаһ бізге тура жол сыйлады дегендей. Ал өтімсіз сипаттары, мысалы: Ұлы, Үстем дегендей. Аллаһ ұлы, бірақ, Аллаһтың ұлылығы бізге қарай өтпейді, бірақ ол сипаты өзінде бар.
Демек, «Шукр» сөзі Аллаһтың тек өтімді сипаттары үшін айтылады. Мысалы: «Аллаһым, берген ризығыңа шүкірлік еттім»-дегендей. Ал «хамд» болса өтімді болсын, өтімсіз болсын, Аллаһтың барлық сипатына қолданылады. Демек, Аллаһ тағала сүреде «әш-шукру лилләһи» десе, мағынасы қысқа болып қалар еді, бейнебір: «Тек өтімді сипаттарыңа шүкірлік еттім» дегендей. Сонда басқа сипаттары қайда қалмақ?! Сол үшін Аллаһ тағала: «Әл-хамду лилләһ» деген, яғни «Аллаһтың өтімді және өтімсіз болған барлық сипаттарына мадақтар мен мақтаулар болсын» деген мағынада.
«Лилләһи» яғни, екі сөзден құрылған. Мағынасы: «Аллаһқа тән». «Аллаһ» деген сөз «Құлшылық қылынуға лайықты жалғыз Құдай». Бұл Құдайдың тағы қандай сипаттары бар? Аят жалғасында: «роббил аләмин» деген.
«Робб» дегеніміз қазақ тіліндегі аудармаларда «Раббысы, иесі» деп келген. Халифа Алтай атамыз «Раббы» деп қойған. Бірақ, «Раббысы» деп жазса қазақ тілі жағынан дұрысырақ болар еді. Себебі, «Раббы» деген жерде тәуелдік жалғауы «ы» әрпі. Ал оны алып тастасаң, «Рабб» деген сөз қалады. Ал қазақ тілінің түсіндірме сөздіктерінде бұл сөз «раббы» деп берілген. «Рабб» деп қолданылмайды қазақ тілінде. Бұған қазақ тілі мамандары куә.
Демек, Аллаһ тағала біздің Раббымыз, иеміз. Ал «Раббымыз» деген сөзді біз дұрыс түсініп жүрміз ба? Сұрағымыздың жауабын төменде біле аламыз.
«Робб» сөзі негізгі үш мағына аясында жүреді: жарату, басқару және тәрбиелеу.
Аллаһ барлық әлемді жаратты. Бұған ешкім де қарсы келмейді. Аллаһ барлық әлемді билеуші, бұл жайында Аллаһтың «әл-Мәлик» есімін түсіндіргенде тоқталып өттік. Үшіншісі-«тәрбиеші». Қалай тәрбиелеуші? Рухани жағынан да, материалдық жағынан да тәрбиелеуші. Құрсақта жатқанымыздан бастап, қабірге жеткенше денемізді өсіріп, азықтандырып, өсіріп, тірбиелеуші кім? Ойланарлықтай миымызды, сөйлей аларлықтай тілімізді жөнге келтіріп, бірте-бірте дамытушы кім? Міне, ол Аллаһ. Аллаһ бізді осылай тәрбиелейді. Ал рухани жағынан тәрбиелеуі қалай? Сұраққа сұрақпен жауап берсек, пайғамбарлар жіберіп, тура жол беріп, жүректегі иманды тәрбиелеуші кім? Құран беріп, сүннет беріп, Исламды тануға жол ашқан кім? Жүрегімізді ақиқат ілімімен азықтандырушы кім? Әлбетте, ол Аллаһ. Ол тәрбиелеуші әрі иеміз Аллаһ.
Аллаһ тағала тек адамдарды тәрбиелеп, тек адамдардың иесі болып қала ма? Жоқ. Аллаһ тағала «Роббул аләмин» деген, яғни, «әлемдердің раббысы«. Халифа Алтай атамыз: «Бүкіл әлемнің» деп аударған. Бірақ, араб нұсқасында «аләмин» деген, яғни «әлем» сөзі көпше түрмен келген. Ондай болса «бүкіл әлемдердің» деп аударған дұрысырақ болар еді.
«Әлем». Ол не? Ол-Аллаһтан өзгенің бәрі. Адамзат-әлем. Періштелер-әлем. Жанды заттар-әлем. Жансыз заттар-әлем. Біз білетін және білмейтін Аллаһтан өзге кез-келген зат – әлем. Ал осы әлемдердің Раббысы, тәрбиешісі кім? Аллаһ. Алып планеталарды бір-біріне соқтырмай жүйемен айналдырып, тәрбиелеп, басқарып тұрушы кім? Аллаһ. Ұлғайтқыш (микроскоп) арқылы ғана көрінетін кішкентай молекулаларды, жасушаларды тәрбиелеп, көбейтін, тіршілік беруші кім? Аллаһ. Барлық әлемді басқарушы ол жалғыз Аллаһ.
(Ескерту: Ислам діні тек дәлелді дәйектерге сүйенеді. Ел арасында «18 мың ғалам» деген атау қалыптасып қалған. Ғаламдар саны 18 мың дегенге ғұламалар ешбір дәлел таппаған. Егер дәлел болса айта жүріңіздер, ал дәлел болмаса бұл атауды тастағандарыңыз дұрыс. «Әлемдер» деп айтсаңыз да жеткілікті. Бізге ғаламдардың саны маңызды емес, бәлкім, көп екендігі маңызды).
Демек, «Әл-Хамду лилләһи роббил аләмин». Бұл аяттың дұрыс мағыналық аудармасы: «Барлық мадақ бүкіл әлемдердің Раббысы Аллаһқа тән».
Ал мағынасы: «Махаббат пен ұлықтау сезімінен туындаған барлық жердегі, барлық кездегі толыққанды мадақ түрлері бүкіл әлемдердің жаратушысы, басқарушысы және тәрбиелеушісі, өтімді және өтімсіз ұлы сипаттар иесі болған Аллаһқа тән». Осы мағынаны жүрекпен сезініп тұрып: «Әл-хамду лилләһи роббил аләмин» деп айтқанға не жетсін?!!!
Аллаһқа жиі мадақ айтыңыздар. Аллаһ елшісі (с.а.с) әркез: «Әл-хамду лилләһи алә кулли хәәл», яғни «қандай жағдай болса да Аллаһқа барлық мақтаулар лайық» деп айтатын. Аллаһ тауфиқ берсін!

(Ескерту: Қазақ тіліне аударылған кітаптардан Ислам негіздерін толықтай түсініп кету мүмкін еместігі осы жерден байқалады. Екі-үш сөзден құралған осы аяттың өзі бірнеше жолдық мағына қамтитыны осының айғағы. Сол үшін шама келсе қазақша аудармаларды оқып алып, Ислам жайында білімсіз сөз сөйлеуден аулақ болайық, ағайын!)

(жалғасы бар)

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: