27. Әл-Хакам, 28. Әл-Хакийм (және Әл-Хааким)

27. Әл-Хакам.
28. Әл-Хакийм.

Келесі есімдер Әл-Хакам, Әл-Хакийм. Мағынасы жағынан осы екі есімге жақын болуы себепті біз қолданып келе жатқан тізімге енбесе де, кейбір ғұламалар атап өткен әл-Хааким есімін де атап өтеміз.
Негізінен араб тіліндегі «Хакама» етістігі «Тыю«-дегенді білдіреді. Демек, араб тіліндегі «хааким» деген сөз мағынасы: «Алдына келген екі топтың өзара зұлымдық жасауын тыюшы»-деген мағынаға жақын болмақ.
Тағы бір мағынасы: «Сот, әділ түрде үкім жасаушы«. Үшінші мағынасы: «даналық, хикмет» деген мағына береді. Бұл тілдік мағынасы.
Бұл есімдердің Құранда келуіне тоқталар болсақ, әл-Хакам есімі Әнғам сүресінің 114-ші аятында бір рет келген (6: 114).
Әл-Хааким есімі болса «ахсанул хаакимиин, хойрул хаакимиин», яғни «үкім берушілердің ең абзалы, ең қайырлысы» деген үлгіде тек көпше түр формуласына матаса байланысып, 5 жерде келген. Сол үшін де ғұламалар бұл есімді Аллаһтың көркем есімдеріне жатқызбайды. Біз де бұл тізімге қоспадық.
Әл-Хакийм есімі болса Құранда 94 жерде келген. Соның бірі Бақара сүресінің 228, 240-шы аяттарында.
Жоғарыда біз «хакама» етістігінің тілдік мағынасы тыю, үкім жасау және дана болу мағыналарымен келетінін айтып өттік. Енді бұл есімдер Аллаһқа қатысты айтылған кездегі мағынасы қалай болады?

Алдымен, әл-Хакам есімін алып қарайтын болсақ, мағынасы: «Ең әділ түрде үкім жасаушы«. Ондай болса бұл есімді ешқандай адам өзіне тағып, өзін «Әл-Хакам немесе Хакам»-деп атауы дұрыс болмайды, себебі дұрыс түрде, еш зұлымдық жасамай үкім жасау тек Аллаһқа тән. Аллаһ – Әл-Хакам, яғни үкім жасауда одан әділ ешкім жоқ әрі Оның сөздерінің бәрі де шын.

Үкім жасау Аллаһқа тән әрі шешімі қиын нәрселердің бәрі де Аллаһқа қайтарылады. Сол үшін қандай шешімі қиын жағдайға тап болса да адам Құранға, шариғатқа назар аударуы тиіс. Әлбетте ол барлық қиындықтың жауабын тек шариғаттан табады.
Ал енді Әл-Хакийм есіміне келер болсақ, мағынасы қазақ тіліндегі «Дана, даналық иесі«-деген сөздерге жақын. «Даналық» дегеніміз – «Әр нәрсені тиісті орнына қою»-деген сөз. Шынымен де, байқап қарасақ Аллаһ тағала осы жаратылыста әрбір нәрсені өзіне тиісті орнында жаратқан ғой. Теңіздегі балықтардың тыныс алу мүшелері мен біздің тынысалу екі бөлек. Біз құрғақ жерде жүрсек, олар теңіз бен көлдерді мекен етеді. Баланың жатырда дамуының әр кезеңі өзінше керемет. Мұның бәрі де Аллаһтың шексіз даналығының айнасы. Бұл әлем толығымен даналықпен жаралған.

Аллаһтың даналығында шек жоқ. Жіберген діні де даналыққа негізделген. Шариғаттың не үшін керек? Шариғат – адамның бес нәрсесін сақтау үшін құрылған: Жанын, малын, арын, дінін және ақылын. Кез-келген күнәлі іс осы бес нәрсенің құруына себепші болады, ал кез-келген сауапты іс осы бес нәрсенің қуаттануына себепші болады. Бұған дәлел келтіріп жатпай-ақ қояйық, бәлкім, кез-келген күнәлі істі алып қарап көріңіздерші. Бұған көз жеткізу қиын емес.

Енді осы есімдерге амал етуге назар аударсақ, ең алдымен Аллаһтың дана екеніне әрі үкім шығаруда ең әділ екеніне иман келтіреміз. Сөзі Құран да, шариғаты да даналық негізінде құрылған. Сырт көзге ерсі көрінген үкімдердің өзі біз үшін «тұрпайы» болса да, Аллаһтың даналығы шексіз. Шариғатта зина жасаушыны таспен атып өлтіру үкімін естіген біреу: «Әй, ол не жазды? Таспен атпаса болмай ма?» деп таңқалғаны бар. Біле жүріңіз, таспен ату сырт көзге тұрпайы көрінеді ғой, бірақ, ахиреттегі азаптан гөрі бұл дүниеде жеңіл азап көрген әлдеқайда абзал. Өзіңізді сол тас боран болған адам орнына қойып көріңізші. Шұңқырда, айналаңыз толған адам. Әрбірі қолына тас алып, сізге атқылап жатыр. Бірі шекеден, бірі денеден, тиген жерің борс етіп, ауырып сыздайды, басың мең-зең. Аллаһым өзің сақта. Ия, қиын көрінетіні рас. Ал енді ахирет азабы бұдан да қатты! Аллаһ тағала бұл жайында көп ескертеді. Тас боранның астында жатқан адам ахиреттегі азапты білсе сол тасборанның астында жата берсем екен деп армандайды. Мұны тек түсіне алатындар түсінеді!
Екіншіден, ешбір адам өзін Әл-Хакам немесе Хакам деп атай алмайды, себебі бұл есім Аллаһтың өзіне ғана тән.
Үшіншіден, үкім жасау тек Аллаһқа лайық. Яғни бір нәрсені харам немесе хәләл деп тағайындау Аллаһтың еншісінде. Ондай болса шариғатта адал болған нәрсені арам деп, немесе арам болған нәрсені адал деп білу дұрыс болмайды. Бұл ісімен ол өзін Аллаһқа теңеген болып табылады. Шариғатта болмайды деп келген нәрселерге сылтау іздеп, салт-дәстүрге, өзіне ұнайтынына қарай бұрмалап, рұқсат етуге болмайды.
Төртіншіден: Аллаһтың бұл екі есімі өз бойында қалған есімдердің бәрін де қамтиды. Яғни дана болу үшін естуші, көруші, білуші, мейірімді, рахымды болу керек. т.б
Бесіншіден: Аллаһ өзі қалаған түрде үкім жасайды. Демек, шариғаттағы үкімдер адамдарға ұнағанындай емес, бәлкім Аллаһқа ұнағанындай жасалған. Арабтарда мынандай мақал бар: «Мен қалаймын, сен қалайсың алайда Аллаһ өзінің қалағанын жасайды» деген. Демек, біздің міндет – себептерін жасау, ал үкім шығарып, оны болдыру Аллаһтың қалауында.
Алтыншыдан: Аллаһ барлық нәрседе дана әрі жаратқан нәрселерінің бәрі де шексіз даналықпен жаратылған. Бұған көп сөз қозғап, дәлелдер келтіріп жатудың керегі жоқ. Айналаға бір көз салсақ, осының куәсі боламыз. Аллаһ тағала Құранда: «Ол жеті қат аспанды қабат-қабат етіп жаратты. Оның жаратуында бірер кемшілік көрмейсің»-деген. (Мүлік сүресі, 3 аят)
Жетіншіден: Адамдар да даналық иесі бола алады, алайда Аллаһтың даналығы шексіз, ал адамдардың даналығы шектеулі. Адамға берілетін даналық Аллаһ қалаған мөлшерде ғана берілмек. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ демекші, бір жерде дұрыс сөйлеп, дұрыс істесе де, бір жерде қателесіп қалу адам табиғаты. Ал Аллаһ мұндай кемшілік атаулыдан пәк. Бірақ, соған қарамастан Құраннан, хадистен ақау іздеуші адамдарға таңым бар!
Сегізіншіден: Дінде тек екі нәрсені қызғануға болады: Байлық және даналық. Аллаһ елшісі (с.а.с) бір хадисінде: «Екі нәрседен өзгеде қызғану болмайды: Бір адамға Аллаһ мал беріп, ол оны хақ жолында жұмсауын және Аллаһ біреуге даналық беріп, ол сол арқылы үкім жасап, өзгелерге үйретуін»,-деген. (Бұхари). Демек, даналық, терең түйсік, әділдік сипаттарын қызғануға болады. Қызғанғанның өзінде: «Ана адамдағы даналық құрып, есі ауысып кетсе екен, менде даналық болса екен» деп емес, керісінше: «Шіркін, ана кісінің даналығындай даналық менде де болса екен. Аллаһым, оның даналығын арттыра көр!» деп қызғану керек.
Тоғызыншыдан
: Құранда пайғамбарымызға «Біз кітап және даналық бердік» деп, Аллаһ тарапынан Аллаһ елшісіне (с.а.с) Кітап пен даналық түскені айтылады. Естеріңізде болсын, Құранда «Кітап» деп келген сөз астарында «Құран Кәрим», ал «даналық» сөзі астарында «сүннет» меңзеледі. Пайғамбар сөздерінің бәрі де Аллаһ тарапынан, себебі ол кісі өз ойынан сөйлемейтін, бәлкім бәрі де көкейіне салынған уахи ғана. Аллаһ тауфиқ берсін!

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: