Фатиха сүресінің түсіндірмесі (3,4-ші аяттар)

Аса қамқор, ерекше мейірімді (3). Қиямет күнінің иесі (4).

Бүгінгі сабағымызда ұлы сүренің үшінші және төртінші аяттарын түсіндіріп, оқып қана қоймай, мағынасына үңіліп, ішінен пайдалар шығаруға тырысамыз. «Аса қамқор, ерекше мейірімді« деген сөйлем Фатиха сүресіндегі «Әр-Рахманир-рахим» тіркесінің қазақша мағыналық аудармасы болып табылады. Аяттағы «әр-Рахман» және «әр-Рахим» есімдері Аллаһтың көркем есімдері болып табылады. Бұл екі есімді «Аллаһтың көркем есімдері» атты рубрикада толығымен түсіндіріп өткен болатынбыз. Бұл жерде екеуінің арасындағы кішігірім айырмашылықты атап өтер болсақ, әр-Рахман (Аса қамқор немесе аса рақымды) деген есімі жер бетіндегі барлық жаратылыс атаулына түсіретін мейірімін білдіреді, ал әр-Рахим (ерекше мейірімді) болса қияметте тек мүминдерге мейірімді болатынын білдіреді.

Енді алдыңғы сабақпен кішігірім байланыс жасап қарайтын болсақ, алдыңғы аятта «әлемдер раббысы« делініп, Аллаһтың бірінші сипаты аталып өтті. Осынау алып әлемді, оның ішіндегі алып планеталарды, теңіздегі киттерді, көзге көрінбес бактериялар мен молекулаларды, адамдар мен жындарды, күн мен түнді, қыс пен жазды, бәрін-бәрін Аллаһ жаратып, осының бәрінің де Раббысы атанды. Осы аятты оқыған кезде адам Аллаһтың ұлылығын елестетіп, жүрегінде үрей туатыны сөзсіз. «Жасаған күнәларым үлкен болсын, кіші болсын, Раббым оны біліп отыр. Тозағынан қашамын деп қанша тырыссам да салып, азаптауға толық шамасы келеді. Мен сияқты түкке тұрғысыз жаратылыс Оның ұлылығының алдында қалай қана қасарысып, қайыспай тұра алар дейсің?!»-деп, ұлылығын елестетіп, көзге жас үйіріліп, көңілге ақау түсе бергенде екінші аятқа көзің түсіп: «Аса рақымды, ерекше мейірімді«,-екенін байқайсың. Қуанғаныңнан көзіңе жас алып, сәждеге бас қойып, Аллаһқа мадақ айтуға беттейсің! Бұл аят-алдыңғы үрейден кейін жүрекке үміт ұялатар сүйінші аят. Міне, бұл ұлы Құранның әдісі. Әркез біріңғай қорқыта бермейді де, шектен тыс сүйіншілеп, босатпайды. Керек жерде үрей туғызып, керек жерде сүйінші айтады. Бұл барлық мұсылманға сабақ болар ұлы әдіс. Біреуге дін үйретсең, жұмсақ сөйлеп, жәннатты айт, Аллаһты таныстыр. Аллаһтың құлшылыққа лайық жалғыз құдай екенін, оның берген ризығын, мейірімін айт. Содан кейін тозақты айт, Аллаһтың қаһарлы, ұлы екенін айт. Осы кезде ғана сенің дінге шақыру әдісің орталықты ұстап, дұрыс ағыспен жүрмек. Аллаһ елшісі (с.а.с) бір хадисінде: «Егер мұсылман адам Аллаһ азабының бар екенін білсе, ол тозаққа түсіп қаламын деп қорқады. Ал имансыз адам Аллаһтың мейірімінің бар екенін білсе, ол жәннаттан ғана үміт етер еді«,-деген. (Муслим).
«Аса рақымды, ерекше мейірімді«. Осы аятты оқыған адам босап, өзіне-өзі: «Әй, қоя берші осы. Бұл өмір бір рет беріледі ғой, қызығын көріп, тайраңдап қалайын. Аллаһ мейірімді ғой, кешірер. Құлшылық дегенді уақыт келген кезде атқарармын. Жаспын ғой. Баймын ғой, бастықпын ғой…ғой…ғой»,-деп, осылайша Аллаһтың мейірімінен үміт етіп, тайраңдай бергенде, Аллаһ тағала тағы бір аятпен ескертіп:

«Қиямет күнінің иесі (4)»,-дейді.

Арабшасы «Мәәлики ияумид-дин». Қиямет деген не? Қиямет деген адамдардың осы өмірдегі жасаған амалдары мен айтқан сөздері үшін есеп беріп, жаза не сый алу үшін жиылатын арнайы күн! Бұл ұлы күн! Ол күннің үрейі сонша, ата-ана баладан, бала әке-шешеден қашып, әрбірі өз басын ойлап, сандалатын күн. Теңіздер қайнап, буырқанып, жер сілкініп, аспан жарылып, ай түтіліп, астан кестен болатын апат күні. Бұл күні Аллаһ тағала өлім періштесіне өзінің рұқсатымен барлық жанның жанын алуға бұйырады. Сосын оны шақырып алып: «Өлмей тірі қалған кім бар?»,-дейді. Өлім періштесі Ұлы Раббысымен тіл қатып, дірдектеп: «Жәбрайл, Микайл, Исрафил және мен қалдым»,-дейді. Сонда Аллаһ тағала әлгі періштелердің де жанын алуды бұйырады. Сосын өлім періштесін қайта шақыртып: «Енді кім қалды?»,-дейді. Бұл уақытқа дейін ылғи адамдар мен жындардың жанын алып, өлімге көзі үйреніп қалған өлім періштесі енді өзінің де осы хальге кеп қалғанын біліп, айналада тірі ешкім қалмағанын байқап, үрейленіп, қорыққаннан: «Мен ғана қалдым. Раббым!»,-дейді. Сонда Аллаһ тағала оның жанын өзі алып, ақыры Аллаһтан өзге ешкім де қалмайды.
Кейін Аллаһ: «Бүгінгі билік кімге тән?»,-деп, үш мәрте сұрақ қойып, жауап естімегендіктен үшеуінде де өзіне өзі: «Жалғыз, Құдіретті Аллаһқа»,-дейді.
Біраз уақыт өткеннен кейін Аллаһ өз жаратылыстарын қайта тірілтіп, сұрақ алаңына жинайды. (Хадисті Муслим келтірген. Жақын мағынасы алынды). Демек, «Қиямет күнінің иесі«-жалғыз ғана Аллаһ! Барлық жаратылыс бұл күні қорқыныштан дірілдеп, қайда барарын білмей аласұрады. Бұл өмірде бастық алдында сөзге келмеген бейшаралар қандай хальде? Ал ол күні тіпті ең жиһангер, дарабоз батырлардың өзі бір сөз айтпақ түгілі, тыныс алуға дәті бармай, үрейленеді!
«Мәәлик» дегеніміз патшалық пен биліктің иесі, бұйыруға, тыйым салуға, марапаттауға, жазалауға әрі өзінің құлдарына толық күші жететіндерге айтылады. Ал Қиямет күні бұл атауды Аллаһтан өзге ешкім де иемдене алмайды!
Алдыңғы аяттармен байланыстырар болсақ, Аллаһ тағала алдыңғы аяттар арқылы өзінің мейірімді екенін білдірсе, бұл жолы өзінің ұлылығын, Қиямет күнін айтып, жаңағы «Әй, қоя берші осы. Бұл өмір бір рет беріледі ғой, қызығын көріп, тайраңдап қалайын. Аллаһ мейірімді ғой, кешірер. Құлшылық дегенді уақыт келген кезде атқарармын. Жаспын ғой. Баймын ғой, бастықпын ғой…ғой…ғой»,-деушілерге ескерту жасаған. Бұл өмірге бір рет келетініңді мойындайтын болсаң, ақылыңды тоқтат, есіңді жи да о дүние азығын жисаңшы! Бұл дүниеге екі рет келсең мейлі, тайраңдап алып, сосын құлшылық жасарсың. Бірақ, бір рет келетініңе сенеді екенсің, амал еткін! Бұл дүние қызығы өткінші, ұмытылар, есте қалса қалды, қалмаса ол да жоқ. Бұған көп дәлел айтудың не керегі бар?!
Енді осы жерде бір кідіріс жасап, біраз мәселені айтып өтейік:
Біріншіден: Естеріңізде болса, біз бұл сүренің екіге бөлінгенін атап өткен болатынбыз. Аллаһ тағала осы сүрені оқушы адам жайында айтып: «Намазды (яғни Фатиханы) екіге бөлдім. Жартысы маған, жартысы құлыма және құлыма қалағаны беріледі. Құлым: «Әлхамдулилләһи роббил аламин»,-деген кезде Аллаһ: «Құлым мені мадақтады»,-деп айтады. Құл: «Аррахманир-рахим»,-деген кезде Аллаһ: «Құлым мені мақтады»,-дейді. Құл: «Мәлики яумиддин»,-дегенде Аллаһ: «Құлым мені ұлықтады»,-дейді…»-деген. (Муслим). Міне, біз осы жерге дейін Аллаһқа лайық болған аяттарды талдап өттік. Бұдан кейінгі сабақта Аллаһ пен құлының арасындағы ортақ аятты түсіндіріп, одан соң тек құлға қатысты аяттарды түсіндіреміз.
Екіншіден: Бұл үш аят өзара тығыз байланысты аяттар, яғни үш аят та Аллаһтың сипаттарынан хабар береді. Бұл не деген сөз? Бұл дегеніміз адамдар ең алдымен Аллаһты танып, оны сүйе білу керек. Сол кезде адам ешкімге айтқызбай-ақ, құлшылыққа өзі беттеп, тырыса бастайды. Бұл Аллаһ әдісі әрі Аллаһ қалай дін жаю керектігін бәрінен артық біледі! Ең бірінші орында таухид (Аллаһты жалғыз деп білу, құлшылықты тек оған арнау және есімдері мен сипаттарымен танысу) тұрады. Аллаһты танымастан атқарылған құлшылық-барар жеріңді білмей отыра салған көлікпен тең. Ол көлік сені қайда апарады?!
Үшіншіден: Бұл екі аяттың мағыналық аудармасы: «Аса рақымды, ерекше мейірімді (3). Қиямет күнінің иесі (4)». Ал мағынасы: «Жаратылыстың бәріне дерлік аса рақымды, Қияметте мүминдерге ғана ерекше мейірімді. Есеп-хисап, жаза мен сый берілетін ұлы Күннің иесі».
Төртіншіден: Кейбір кітаптарда осы үш аят бір жолмен аударылып, былай жазылады: «Барлық мақтау бүкіл әлемдердің Раббысы, аса қамқор, ерекше мейірімді, Қиямет күнінің иесі Аллаһқа тән 2-3-4». Осылай аударған түсінуге жеңілірек болып табылады. (Бұл әдісті Уахап қажы Қыдырханұлы, Рәтбек қажы Нысанбай ұлы және Әлауддин Мәнсұр сынды ғалымдар қолданған). Бірақ біз Халифа Алтай атамыздың аудармасы аятқа-аят сәйкес келуі себепті осы нұсқаны таңдадық.
Бесіншіден: Байқап қарасаңыздар, Халифа Алтай атамыз 4-ші аят соңында жақша ішіне (4-С.16-А) деп жазған. Бұл дегеніміз «Қиямет күнінің иесі»,-деген аятты түсіндіруде төртінші сүренің, он алтыншы аятын қараңыз деген сөзі. Бірақ, баспадан қате кетіп, «4» санының қасындағы «0» түсіп қалған, себебі «Қиямет күнінің иесі» деген аят түсіндірмесі 40-шы сүренің 16-шы аятында. Ол жердегі аятта: «Ол күні олар бәрі де көрініп тұрады, еш нәрсе де Аллаһқа жасырын қалмайды. «Бүгінгі патшалық кімге тән?». Жалғыз, тым өктем Аллаһқа»,-деілнген. (Ғафир, 16).

Алтыншыдан: Алдыңғы сабақтарда біз тәпсірдің 4 түрлі болатынын атап өткен болатынбыз. Осы уақытқа дейін біз сол төртеудің 3 түрін қолдандық. «Аятты аятпен тәпсірлеу», яғни осы аятты 40-шы сүренің 16-шы аятымен түсіндіруіміз. «Аятты хадиспен түсіндіру», яғни жаңағы өлім періштесінің жан алу оқиғасы. Және аятты «тілдік жағынан түсіндіру». Бұған әр сөзді талдағанда тоқталып жатырмыз.

Аллаһ тауфиқ берсін!

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: