Фатиха сүресінің түсіндірмесі (5 аят)

(Әй, Алла!) Саған ғана құлшылық қыламыз, әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз! (5)

Аллаһтың қалауымен бүгінгі сабағымызда өте маңызды аятты түсіндіріп, мән-мағынасына үңіліп көреміз. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, бұл сүре екіге бөлінген. Бірінші бөлігі тек Аллаһқа тән аяттар, екінші бөлігі тек құлға, яғни оқушы адамға арналған аяттар. Ал енді осы екеуінің арасында Аллаһқа да, құлға да ортақ аят орналасқан. Ол осы «Саған ғана құлшылық қыламыз, әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз!» аяты. Бұл аятта Аллаһқа қатысты жерді: «Саған ғана, Сенен ғана» деген сөздер көрсетсе, «Құлшылық қыламыз, жәрдем тілейміз« деген жердегі көпше түрдің үшінші жақ жіктік жалғауы бұл аяттың құл аузынан шыққан тілек, дұға сөзі екенін білдіреді. Осы арқылы бұл аят Аллаһқа да, құлға ға қатысы бар аят болып шығады. Сол үшін де Аллаһ тағала: «Бұл құлымыз екеуіміздің арамыздағы нәрсе»,-деген. (Муслим келтірген хадисті қараңыз).


Құран-араб тілінде түсірілген ұлы мұғжиза. Сәні мен мәніне толық көз жеткізіп, тамсану үшін әлбетте араб тілін білген дұрыс. Бірақ, бұл дін тек араб тілді жұртшылыққа түспегендігін ескере отырып, осы бір керемет көркем әрі мәнді аятты қазақ тілді оқырман жұртшылығына жеткізіп көрейік.
Аяттың арабша нұсқасында: «Ияәкә нәғбуду уә ияәкә нәстәғийн»,-делінген. Мұқият оқып, мағынасына терең үңіліп қарауға тырысыңыздар, себебі бұл аяттар ішінде Ислам дінінің негізгі мәні айтылады.
Араб тілінің сөйлем құрау әдісінде ең алдымен етістік, сосын сол етістікті атқарушы нәрсе сосын барып сол істің нәтижесі айтылады. Ал егер бір сөйлем бұл реттіктен ауытқыған болса, онда ол міндетті түрде өз ішінде арнайы бір мақсатты қамтиды. Мысалы: «Әкәлә Ахмаду мауза», /Жеді Ахмад бананды/. Бұл араб тіліндегі сөйлемнің сөзбе-сөз аудармасы. Түсініктірек болу үшін осылай қарастырып көрейік. Ең алдымен «жеді» деген етістік келіп тұр, сосын оны жеген адам «Ахмад» аталып, сосын етістік нәтижесі, яғни етістіктің не нәрсеге түскенін көрсететін «бананды» деген сөз айтылған. Бұл еш кемшілігі жоқ, дұрыс сөйлем. Бірақ, араб тілі ережесі бойынша осы сөйлем соңынан басқа да жемістерді қосып, бананмен қоса алма, арбуз, қауын жегенін де атап кетуге болады, яғни «Әкәлә Ахмаду мауза /бананды/ уә туффәхәтә /алманы/ уә быттихә /арбузды/…»,-дегендей.
Енді біреу тұрып Ахмадтың тек қана банан жегенін білдіргісі келсе, ол банан деген сөзді етістік пен істеушінің алдына жіберіп, былай деп айтады: «Мауза әкәлә Ахмаду» /Бананды жеді Ахмад/. Міне, осы кезде бананнан өзге ешнәрсе жемегені анық болады әрі басқа жемістерді қосып айту мүмкін болмай қалады.
Бұл бас қатырар ережені не үшін айтып отырмыз? Бұл ережені айтып отырған себебіміз, осы аятта да дәл осы әдіс қолданылған, яғни шектеу әдісі. Аллаһ тағала бұл аятты былай десе де болар еді: «Нағбуду ияәкә», /құлшылық қыламыз саған/-деп. Байқасақ, «саған» деген сөз өзінің тиісті орнында тұр, яғни етістік, сосын оны атқарушы, сосын етістіктің нәтижесі. Бірақ, егер бұлай айтатын болса, онда сөйлем соңынан басқа да құдайларды қосып: «Саған, әулиеге, пайғамбарларға, жындарға да құлшылық қыламыз»,-деп айтуға болар еді. Аллаһ тағала құлшылық атаулының бәрі де тек Оған ғана арналу керектігін білдіру үшін «ияәкә» деген сөзді алға шығарып, Өзінен өзге ешкім де құлшылыққа лайықты еместігін көрсеткен. Сол себептен қазақ тіліндегі аудармаларда «ғана» деген шектеуші шылау сөз қосылып, құлшылықтың тек Аллаһқа арналатынын білдіреді. Демек, «Нәғбуду ияәкә» десе, біреулер: «Саған жәнен Сенен өзгеге құлшылық қыламыз»,-деуі мүмкін. Ал «Ияәкә нәғбуду»,-деген кезде «Тек саған ғана құлшылық қыламыз»,-деген мағына шығып, Аллаһтан өзге құдайсымақтың бәрі де жоққа шығарылады.
«Нәғбуду» /құлшылық қыламыз/. Құлшылық деген не? Бұл сөз түсініктірек болуы үшін тілдік және шариғи жағынан қарастырып өтейік. Мағынасын түсінген жан иманы күшейсін, ал мағынасын түсінбеген жан осы арқылы көзі ашылсын.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде құлшылық сөзін «Құдайға табыну, сиыну» деп түсіндірген. Бұл сөздің жалпы мағынасы. Ал енді осы туынды сөздің түп тамырына үңіліп көрейікші! Құлшылық сөзінің астарын ақтара келсек, бұл сөздің «құл» деген сөзден туындайтынын байқаймыз. «Құл деген қандай болуы керек?»-десе, әлбетте ол адамның өз бетінше ештеңе істей алмайтынын, тек иесінің айтқанын орындайтынын елестетеміз. Құл деген өз иесінің ашса алақанында, жұмса жұдырығында, «уф» десе ұшып, «суф» десе қонып жүреді. Бұл қарапайым адамдар арасындағы қарым-қатынас. Енді бір сәтке осы сөзді ой елегінен өткізіп көрейікші. Біз де Аллаһтың құлы емеспіз бе?! Адам да Аллаһтың құлы. Адам Аллаһтың бұйрығын ғана орындап, тыйғанынан бас тартуы керек емес пе?! Құранда былай жаса дегені бізге бұйрық. Оны орындау біздің, мына құлдардың міндеті. Шынайы құлшылық деген-Аллаһтың міндеттерін еш қарсылықсыз, екі етпей орындау, тыйған тыйымдарын екі ойсыз тастау. «Маған серік қоспаңдар»,-деді ме Құранда, естіген бетте бойұсын, әй, адамдар. Бейіт басына түнеп, қыршың тағдырыңды уайымдап құмалақ аштырма! Әулиеден медет тілеп, балаңның атын «бәленберген, түгенберген»,-деп атама! Сүйегі топырақ боп үгітілген бір «әулиеге» қораңдағы соңғы танаңды құрбан етіп, бәлекеттен қашамын деп ойлама!!! Ағайын, Аллаһтың ғана құлы бол. Аллаһтың құлы болсаң өзгенің алдында құл боп жорғалап, малай боп сорың кетпесін! Құлшылық жасауға келгенде шығып жататын әртүрлі сылтаудың бәрі де адамның «құл» екендігін мойындамайтындығын білдіреді. Турасына келсек, өмір берген, білім берген, бала берген, пана берген, пайғамбар жіберген, мұсылман еткен, Құран берген, мейірімін аямайтын, ризығын тыймайтын Аллаһ алдында еш қиқу-сылтаусыз шынайы құлшылық жасау керек. Бұл «құлшылық» сөзінің тілдік мағынасы. Ал енді шариғат осы «құлшылық» сөзін қалай түсіндірген?
Шариғаттағы «құлшылық» деген сөз: «Аллаһ жақсы көріп, риза болатын кез-келген жасырын немесе жария сөздер, амалдар және ішкі сенім». Қайбір істі Аллаһ жақсы көрсе, мейлі ол жасырын болсын, мейлі жария болсын онда сол іс құлшылық болмақ. Қай сөзді Аллаһ жақсы көрсе, мейлі ол жасырын не жария болсын, сол сөз құлшылық болмақ. Қай сезімді, немесе сенімді Аллаһ жақсы көрсе, онда сол сенім мен сезім құлшылық болмақ.
Құлшылық деген тек қана намаз, ораза, зекет, қажылықпен шектелмейді, бәлкім құлшылық кең ауқымды қамтиды. Құран аяттарына үңілетін болсақ, құлшылықтың мына бір түрлерін байқаймыз: құрбан шалу, дұға жасау, тілеу, тәуекел ету, үміт ету, қорқу, тәубе ету, жәрдем сұрау, пана тілеу, нәзір атау сияқты түрлері бар. Жеке-жеке салалап, сараптап өтсек, ең әуелі құрбан шалудан бастайық. Құрбан шалу тек қана Аллаһқа арналып, әулие-әнбие, әруақтарға арналмауы керек. Ислам деген қиял-ғажайып әлем емес, Ислам-ақиқат нұры. Ал құрбан шалу сынды жоғарыда айтылған құлшылықтың бәрі Аллаһтан өзге біреуге арналса, осы нұрды өшіреді. Құрбанды Аллаһтан өзгеге шалу үлкен күнә. Пайғамбарымыз (с.а.с) бұл жайында: «Бір шыбынның себебінен бір адам жәннатқа, ал екіншісі отқа кірген»-дейді. Адамдар одан: «Иә, Аллаһтың елшісі, бұл қалай?!»-деп сұрайды. Сонда пайғамбар (с.а.с): «Бірде екі адам бір дінсіздер тайпасының жанынан өтіп бара жатады. Жанынан өтсең міндетті түрде соған құрбан шалу керек болған бір пұттары бар екен. Сонда пұтқа табынушылар екі жолаушының біріне: «Әйтеуір бір нәрсені құрбандыққа шал»-дейді. «Менде құрбан етерлік ештеңе жоқ»-дейді әлгі адам. Әлгілер қоярда-қоймай: «Тым болмаса бір шыбынды құрбан ет»-дейді. Ол адам шыбынды құрбандыққа шалып еді, оған жолын әрі қарай жалғастыруға рұқсат береді. Осы үшін ол отқа кірген. Кейін отқа табынушылар екінші жолаушыға: «Сен де бірнәрсе болса да құрбандық ет»-дейді. Сонда ол: «Мен тек қана Аллаһқа құрбан шаламын»-дегенінде оның басын кесіп алады. Ал ол болса жаннатқа кіреді» -деген бір хадисінде. (Ахмад. Хадис тізбегі әлсіз, мәні дұрыс).
Жоғарыда келтіріп кеткен құлшылық түрлеріне қайта оралсақ, екінші түрі-дұға жасау. Дұға жасаудың құлшылық екеніне дәлел келтірер болсақ, Аллаһ елшісі (с.а.с) бір хадисінде: «Дұға-ол құлшылық»-деген. (Сахих). Адамдардың денсаулық сұрауы, бала тілеуі, бақыт-байлық сұрауы дұға болып саналады әрі бұл жалғыз Аллаһқа бағытталуы керек. Қазіргі кезде көптеген адамдар осы сұрауларын, дұғаларын Аллаһтан емес, әулиелерден, қабір-мазарлардан, ата-баба рухтарынан сұрайтыны айтпаса да белгілі.
Сіз қолыңызды жайып, Аллаһтан тілек тіледіңіз. Бұл істі Аллаһ ұнатады. Аллаһ тағала Құранда өзінің құлдарының дұға, тілек тілеуін бұйырған. Біреулер: «Аллаһтан дұға, тілек тілеуден ұяламын. Мен Аллаһқа жасаған жақсылықтарым аз ғой»,-дейді. Әй, бауырым! Аллаһты саудагерге теңеп нең бар?! Аллаһ сен жақсылық жасасаң ғана тілегіңді қабыл етеді дегендей арсыз сөз қайдан кірген?! Жоқ ағайын! Аллаһ тағала кімнің болса да тілегін қабыл етеді әрі дұғаның көп болуы Аллаһқа деген мұқтаждығымыздың белгісі. Құлшылықтың ең көркем түрінің бірі осы дұға. Өзіміз, отбасымыз, имамдарымыз, халқымыз үшін дұға тілеп, әркез Аллаһтан тілек тілейік!
Сондай-ақ, тәуекел ету де құлшылық. Аллаһ тағала Құранда: «Егер мүмин болсаңдар, Аллаһқа ғана тәуекел етіңдер»-деген. Мәйдә сүресі, 23 аят. (5:23). Ондай болса үйден шығарда ақшамыз бен мәшінемізге емес Аллаһқа тәуекел етейік. Емтиханға барарда білімімізге емес, Аллаһқа тәуекел етейік.
Үміт ету мен қорқудың да құлшылық екеніне дәлел келтірер болсақ, Аллаһ тағала Құранда: «Шын мәнінде олар жақсылықтарда жарысып, үміттене, қорқа отырып бізден дұға тілейтін»-деген. Әнбия сүресі, 90 аят. (21:90).
Тәубе етуге дәлел келтірсек, Аллаһ тағала Құранда: «Әй, мүминдер! Түгелдей Аллаһқа тәубе етіңдер. Әрине құтыларсыңдар»-деген. Нұр сүресі, 31 аят. (24:31).
Күнделікті намаздарда оқитын Фатиха сүресіндегі: «Сенен ғана жәрдем сұраймыз» -деген аят жәрдемді тек қана Аллаһтан сұрау керектігін білдірсе, ал Фәләқ сүресіндегі: «Таңның раббысынан пана сұраймын» -деген аят пен Нас сүресіндегі: «Адамдардың раббысынан пана сұраймын» -деген аяттары пана тілеу мен жәрдем сұраудың құлшылық екенін әрі оны тек Аллаһтан сұрау керектігін көрсетеді.
Нәзір атау да құлшылық түрлеріне кіреді. Нәзір атау деген, Аллаһқа берген уәдені орындау. Әрі уәдені тек Аллаһқа беру міндет. Аллаһ тағала Құранда: «Ол Аллаһтың құлдары нәзірін орындап, апаты етек алатын күннен қорқады»-деген. Инсан сүресі, 7 аят.(76:7).
Көптеген ағайын аузында: «Аллаһ кешірер, әруақ кешірмес», «Бабам, жәрдем бере гөр!», «Әулие-әнбие, Қыдыр бабам қолдасын»-дегендей сөздер жүреді. Ал осының бәрі жоғарыда айтылып кеткен құлшылық түрлеріне жататынын олар біле бермейді. Шайтан адамдардың білімсіздігін пайдаланып, намаз-ораза арқылы емес, осындай ғибадат түрлері арқылы серік қосуға итермелейді. «Аллаһ кешірер, әруақ кешірмес»,-деген сөйлемді естіген жан Аллаһтан қатты қорқа ма, әруақтан ба?! Сонда қайсысы жоғары болғаны?! «Бабам жәрдем бере гөр»,-дегенде о дүниелік болған бабамыз бізге келіп шынымен-ақ жәрдем беруге шамасы келе ме?! Әлбетте шамасы келмейді! Бізге жәрдем беруде Аллаһтың құдіреті жетпегендіктен ата-бабамыз бен қыдырды көмекке шақырғанымыз ба?! Міне, ағайын, осының бәрін дұрыс ойлап, ой елегінен өткізе білу керек. Шыбын екеш шыбын үшін де тозаққа кетіп қалуға болады. Ал оның себебі-серік қосуда. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Кім Аллаһқа серік қоспаған күйі өлсе, ол жәннәтқә кіреді. Ал кім Аллаһқа серік қосып о дүниелік болса, онда ол отқа кіреді» -деп айтқан. (Муслим). Пайғамбар (с.а.с) бұл сөздерін де, бұдан өзге де айтқанының бәрі де ойдан алынбаған. Ол кісінің (с.а.с) сөздерінің бәрі де тек Аллаһтың жеткізген уахиы. Көкейіне салынғанды бізге жеткізген. Сол себепті де серік қосудан міндетті түрде сақ болуымыз керек.
Шынайы тек Аллаһқа құлшылық жасаймын деген адам, сол сөзіне шынымен де куә болған адам-жоғарыда аталған құлшылықтың бәрін де тек бір Аллаһқа арнауы керек. Таухидтен өзге құтылудың жолы жоқ. Ал егер де ол осы айтылғандарды мойындамай бас тартса, онда ол адамның басқа мүшріктерден не айырмашылығы бар?! Сақ болған абзал.

Демек, «Саған ғана құлшылық қыламыз»,-деген сөзімізбен біз құлшылық атаулының бәрін де тек Аллаһқа арнайтынымызды білдірдік. Ислам дінінің негізгі мақсаты осы-«Тек Аллаһқа құлшылық жасау». Басқаша айтсақ, Аллаһқа серік қоспау. Аллаһқа серік қосу дегеніміз-Аллаһқа біреуді теңеу немесе біреуді Аллаһқа теңеу. Құлшылықтың қай түрі болса да Аллаһтан өзге біреуге арналса, Аллаһқа серік қосу болады. Болашақты білетін тек Аллаһ. Ондай болса құмалақ аштыру-құмалақшы балгерді Аллаһқа теңеу. Аллаһтан өзге ешкім де бәлекеттен қорғай алмайды. Ондай болса тұмар тағу-сол тұмарды Аллаһқа теңеу. Бұдан басқа да Аллаһқа серік қосу түрлері көптеп кездеседі.
Аяттың жалғасында: «Сенен ғана жәрдем сұраймыз»,-делінген. Бұл сөйлем де алдыңғы сөйлем әдісі бойынша жасалып, жәрдемнің тек қана Аллаһтан сұралатынын көрсетеді. Жәрдемді тек Аллаһтан сұрау керек. Жәрдемнің екі түрі бар: бірінші түрі Аллаһтан өзге ешкім де жәрдем бере алмайтын жағдайда жәрдем сұрау. Жәрдемнің бұл түрін тек қана Аллаһтан сұрау керек. Мәселен: Шипа бер, бала бер, денсаулық бер, ғұмыр бер, тозақтан сақта, кедейліктен сақта дегендей. Екіншісі Аллаһ және басқалар да жәрдем бере алатын жағдайда жәрдем сұрау. Мәселен, сіз суға батып бара жатсаңыз, әлбетте ол жағдайда Аллаһтан жәрдем сұрап, сосын қасыңыздағы біреуден жәрдем сұрайсыз. Бұлай жәрдем сұрау дінге еш қайшылығы жоқ. Демек, жәрдем сұрауда жағдайға назар аудару керек: сол жағдайда Аллаһтан өзге біреу жәрдем бере ала ма, алмай ма?! Егер Аллаһтан өзге біреулер жәрдем бере алмайтын болса, онда ол жәрдем түрін Аллаһтан өзгеге арнауға қатаң тыйым салынады. Ал басқа жағдайда жәрдемді өзгеден де сұраудың еш сөкеттігі жоқ!
Аллаһ тағала алдымен: «Саған ғана құлшылық қыламыз»,-деп, құлшылықтың жалпы түрін атап, одан кейін құлшылықтың бір түрін мысалға келтіріп: «Сенен ғана жәрдем тілейміз»,-деген. Демек, осы арқылы біз «жәрдем сұраудың» да құлшылық екенін біле аламыз.
Осы жерде тағы бір кішігірім үйлесімділікті анықтайтын болсақ, Аллаһ тағала алдымен: «Саған ғана құлшылық қыламыз»,-деген аятты келтірген. Әлбетте, егер осылай ғана тоқтайтын болса, барлығымыз да: «Құлшылық қалай жасаладаы? Ол не?»,-деп сұрайтынымыз анық. «Әлемдердің раббысы, аса мейірімді, аса рақымды, Қиямет күнінің жаббар иесі Аллаһқа құлшылық жасауды кім үйретеді бізге?»,-деп, делдал болып тұрғанымызда Аллаһ тағала келесі аятта: «Сенен ғана жәрдем сұраймыз»,-дейді. Демек, адам жаратылысы қай кезде де Аллаһқа мұқтаж. Аллаһ көрсетпесе тура жолдан баян берер ешкім жоқ. Аллаһтың құлы болып, Оған ғана құлшылық қыламыз әрі Оған құлшылық жасауды тек Оның көмегімен ғана үйренеміз. Аллаһ жәрдем берсе ғана құлшылық жасаймыз, Ол жәрдем берсе ғана құлшылығымыз дұрыс болмақ!
Бұл-әлемдерді Жаратушы Ұлы Раббымыз бен біздің арамызды байланыстыратын ұлы аят. Ислам дінінің негізгі мақсаты, пайғамбарлардың негізгі уазипасы, міндетін түсіндіретін ұлы аят. Барлық пайғамбарлар: «Құдай бар!» деп келмеген, бәлкім: «Құдай бір!» деп келген. Ислам діні де: «Аллаһты дәлелде»,-демейді, бәлкім: «Аллаһқа ғана құлшылық жаса» деп келген.
Халифа Алтай атамыз жақша ішіне (Әй, Алла!) деп, қаратпа сөзін өз тарапынан қосқан. Сол үшін де жақша ішіне алып, бұл сөздің Құран түпнұсқасына енбейтінін білдірсе керек. Бірақ, аят мағынасы осылай жазылуды талап етеді, бұған ешкім де күмәнданбайды.
Жоғарыдағы әдісімізге сай, аяттың мағыналық аудармасы мен толық мағынасын беріп өтсек, «Ияәкә нәғбуду уә ияәкә нәстәғийн» аятының мағыналық аудармасы: «Тек Саған ғана құлшылық қыламыз әрі тек Сенен ғана жәрдем сұраймыз». Ал мағынасы: «Әй, Аллаһ! Өзің жақсы көретін және Саған ұнаған жасырын және жария сөздерімізді, істерімізді және сенімдерімізді тек Саған ғана арнаймыз. Әй, Аллаһ! Сенен өзге ешкім де қолұшын беріп, жәрдем көрсете алмайтын жағдайларымыздың бәрінде де тек Сенен ғана жәрдем сұраймыз!»

Advertisements

3 Responses to Фатиха сүресінің түсіндірмесі (5 аят)

  1. Айша қажы Әбішкеліні айтады:

    Тәпсірлеріңіз қандай жақсы еді, Аллаһ разы болсын, Шейхтарым менің!

  2. daniar айтады:

    МашАллах. Аллах разы болсын сіздерге.

  3. abuhajar айтады:

    амин.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: