Білгенге маржан

Әріптері санаулы, мағынасы алаулы сөздер мен сөз тіркестері

Құрметті, мұсылман қауым! Аллаһтың мейірімімен көбіміз Ислам дінін ұстанып жүрміз. Аллаһтың қалауымен намазға да бет бұрып, рухани шөлімізді Исламның қайнар бұлағы Құраннан, шарапатты хадистерден білім көсіп, жанымыздың азығы, тәніміздің сәні, көкейіміздің нұры етіп келеміз.
Ата-бабамыз мұсылман, оған шүбә келтірмейміз. Аталарымыздың Ислам дінін ұстанғанын олардың бізге қалдырған мұраларынан байқай аламыз. Үлкен келсе «ассалаумағаликум» деп, қол алысып, төс тигізетіні, пайғамбар есімі аталса «алейһис салам» деп, салауат айтатыны, біреу о дүниелік болса «иманды болсын» дейтіні осының айғағы. Абай атамыздың «Қара сөздерінің» өзі ұлы кемеңгердің Ислами сауатының бір айнасы.
70 жыл бойы дінсіздік түнегіне тұншығып, әбден діннен алыстай бергенде Аллаһтың мейірімімен еліміз егемендік алып, дініміз қайта оралды. Мешіттер саны көбейіп, тиісінше мұсылмандар да арта түсті. Енді бұрынғы «салам братандардың» орны «әссалаумағаликуммен» ауыстырылып, сөзіміз сәнделе бастады. Пайғамбар есімін естісе болды, тілі келгені арапшалап, келмегені қазақшалап, салауат айтуға беттеді.
Бұл өте қуанышты жағдай. Сөзің түзелсе өзің түзелесің демекші, бұл бір жақсы бастама. Байқап қарасақ, қазіргі таңда Ислам тұрғысында көптеген еңбектер жарық көріп жатыр. Шариғат саласында да, сенім мәселесінде де, мінез-құлық жағынан да сөз қозғап, ой түйнектеп жатқандар аз емес. Бұл жолы мен дін жаюшы бауырларымыздың жасап жатқан көл-көсір еңбектеріне кішігірім тамшы ретінде осы бір шағын еңбегімді әзірлеп, мұсылмандар арасында кең қолданыста жүрген кішігірім сөйлемдер мен сөз тіркестерін түсіндіріп, мағыналарын ашып көруге тырыстым. Мағынасыз айта салғаннан гөрі ендігі кезде өзінің не деп, не тілеп тұрғанын түсінсін деген мақсат біздікі. Ондай болса Ұлы Раббымызға тәуекел еттік. Аллаһым, осы бір кішігірім еңбегімізді қабыл алып, мұсылман жұртшылығының жүрегіне қондыра гөр!

1) «Сәлем сөздің атасы»

Ертеректе араб салты бойынша әр тайпаның, әр топтың өзіне тиісті сәлемдесу үлгісі болатын. Оған қоса олар өздерінің сәлемдерінде «таң немесе күн нығметті болсын», «күнің берекетті болсын», «мың жаса»,-деп, тұрмыстың жақсы, өмірдің ұзақ болуын тілеп, амандасатын. Кейде тіпті бірі-біріне бас иіп, тағзым ететін.
Уақыт өте Ислам діні келіп, әр топтың өзіне тән амандасу үлгісін ауыстырып, бас ию сынды әдетті жойып, жалпыға ортақ «әссәләму ғаләйкум» сәлем сөзін енгізді. Анығына келсек, бұлай амандасу үлгісі ең бірінші бабамыз-Адам пайғамбар кезінен бастау алады. Әбу Һурайрадан жеткен хабарда Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Аллаһ адамды бойын алпыс кез етіп жаратты, сосын оған: «Барып анау періштелерге сәлемдес және олардың саған не сәлем қайтаратынын тыңда, бұл сенің сәлемдесуің және сенің ұрпағыңның сәлемдесуі болады»,-деді. Адам оларға барып: «Әссәләму ғаләйкум»,-деді. Олар: «Әссәләму ғаләйкә уа рахмәтуллаһ»,-деп, оның сәлеміне: «уа рахмәтуллаһ» дегенді қосты»,-деген. (Бұхари, Муслим).
Бұл кішігірім сөйлемнің мағынасына келер болсақ, «Әссәләм» дегеніміз «амандық» мағынасын береді. Мұсылман адам осылай айтуы арқылы өзінің бауырына: «Ашу, ыза, кек, қастандық, жамандық атаулының бәрінен де аман бол, менің саған ешбір жаман ойым жоқ, менен сескенбе, бейбітшілікпен келдім»,-дегенді білдіреді. Ондай болса бұл сөйлем барлық жамандық пен апаттан аман болуын тілеп айтылған дұға болмақ. Сірә, «сәлемдесу» сөзінің баламасы «амандасу» деп аталуының сыры да осында жатыр.
«Ғаләйкум»,-деген сөз «сендерге» дегенді білдіреді, яғни көп адаммен амандасу барысында және кей жағдайда жеке адамға «ғаләйкум» деп айтса да болады. Жалпы «ғаләйкум» немесе «ғаләйкә» деп айту сәлемдесудің мәні мен мағынасына ешбір нұқсанын келтірмейді, себебі бұл бар болғаны есімдіктің «сендер» немесе «саған» деп өзгеруі ғана. Алайда, сүннетке сай келетін түрде амандасамын деген жан жеке адамға «әссәләму ғаләйкә» деп айтқаны дұрыс әрі бұл абзалырақ, себебі періштелер Адам пайғамбарға жауап қатқан кезде: «Әссәләму ғаләйкә»,-деген.
Ғұламалардың бір тобы: «»Әс-Сәләм» деген Аллаһтың көркем есімдерінің бірі болып табылады. Ондай болса мұсылман адам екінші бауырына «Әс-Сәләму ғаләйкум» деп айтуы арқылы «Әс-Сәләм сендерді бақылап тұр» немесе «Амандық пен есендік иесінің есімімен сендерді қарсы аламын»,-деген мағына шығады»-деген.
Кей жағдайда «Әссәләму ғаләйкум» сәлем сөзіне «уа рахмәтуллаһ»,-деп қосып амандасуға болады. Хадистерде айтылғанындай, бұлай амандасу жиырма жақсылыққа тең. Сондай-ақ, «Әссәләму ғаләйкум уа рахмәтуллаһи уә бәрәкәәтуһ» деп айтуға да болады әрі бұл отыз жақсылыққа тең келеді.
«Уа рахмәтуллаһи»-дегені «Аллаһтың мейірімі, рақымы жаусын» деген мағына берсе, «уә бәрәкәәтуһ»-дегені «Аллаһтың берекесі жаусын»,-дегенді білдіреді. Әр кездескен сайын осылай сыйы көп, тілге жеңіл, мағынасы ауқымды сөздер арқылы өзара дұға айту шынымен-ақ мұсылмандар арасында махаббат пен теңдікті тудыратыны сөзсіз!
Байқап қарасақ, сәлемдесудің бұл түрі «қайырлы таң, қайырлы кеш, мың жаса» дегендей сәлем сөздеріне қарағанда өте ауқымды, кең мағыналы. «Қайырлы таң» немесе «қайырлы кеш» десең, күннің өзге бөліктері айтусыз қалып, келте аяқталмақ. «Мың жаса» дегені ұзақ өмір тілеу екені рас, алайда ол ұзақ өмірі жамандық, зұлымдық, қиындықпен өтсе ұзақ өмірден әбүйір бар ма?! Ал енді «Әссәләму ғаләйкум»,-деген сәлем сөз өмірдің барлық сәтін қамтып, толық амандық тілеуді білдіреді. Адамның бұл дүниеде жетістікке қол жеткізуі екі нәрсе арқылы жүзеге асады: жамандықтан аман болу және жақсылыққа қол жеткізуі. Сол үшін де алдымен оған амандық тілеп, жамандықтан аман болуын дұға етеміз.

Сәлемдесудің шариғи дәлелдері

Ұлы Раббымыз қасиетті Құран Кәримде: «Әй, иман келтіргендер! Өздеріңнің үйлеріңнен өзге үйге рұқсат алмайынша және үй иелеріне сәлем бермей тұрып кірмеңдер»,-деген. (Нұр, 24:27). Тағы бір аятта: «Қашан үйлерге кірсеңдер, өздеріңе Аллаһ тарапынан көркем берекет тіршілігін тілеп, сәлем беріңдер!»,-делінген. (Нұр, 24:61).
Ал сүннеттегі дәлелдерге келер болсақ, Аллаһ елшісінің (с.а.с) сәлемдесу мәртебесін баян еткен сөздері өте көп әрі оны осы тақырып ішінде де көптеп кездестіресіздер. Бірақ, әдеттен озбай, көп сөйлеп созбай бір мысал келтірер болсақ, бірде бір адам пайғамбардан (с.а.с): «Қай Ислам жақсы?»-деп сұраған екен. Онда ол кісі (с.а.с): «Адамдарды тамақтандыруың және танитыныңа да, танымайтыныңа да сәлем беруің»-дейді. (Бұхари, Муслим).


Жалғасы бар

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: