Сәлем беру үлгілері мен әдептері

Сәлемдесу мәселесінде адамдарды екі топқа бөлуге болады. Бірінші тобы – қарапайым мұсылмандар, екіншісі – кәпірлер, дінге қарсы келушілер. Төменде осы екі топты жеке-жеке қарастырып, оларға сәлем беру үлгілері мен әдептерін талқылаймыз. Оған қоса Аллаһқа, періштелерге, пайғамбарларға сәлем жолдау үлгілерінен де бірер мысалдар келтіріп өтеміз.

а) Пасықтығы байқалмайтын қарапайым мұсылмандарға сәлем беру:

Жалпы, сәлем беруші адам: «Әссәләму ғаләйкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәәтуһ»,-деп айтуы мустахаб, яғни жақсы, ал жауап қатушы адам: «Уа ғаләйкумус сәләм уа рахмәтуллаһи уә бәрәкәәтуһ»,-деп жауап қатады. Бұлай сәлемдесу отыз жақсылыққа тең. Бір күні Аллаһ елшісі (с.а.с) қасынан бір адам өтіп бара жатып: «Әссәләму ғаләйкум»,-деп, өтіп кетеді. Сонда ол кісі (с.а.с): «Он жақсылық жазылды»,-дейді. Біраз уақыттан кейін басқа бір адам өтіп бара жатып: «Әссәләму ғаләйкум уа рахматуллаһ»,-деп, өтіп кетеді. Сонда Аллаһ елшісі (с.а.с): «Жиырма жақсылық жазылды»,-дейді. Біраз уақыттан соң үшінші адам өтіп бара жатып: «Әссәләму ғаләйкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәәтуһ»,-деп, өтіп кеткенінде Аллаһ елшісі (с.а.с): «Отыз жақсылық жазылды»,-дейді. (Нәсәи, Бұхари «Әдәбул муфрад». Сахих /сенімді/ хадис).

* Ғұламалар Құрандағы: «Егер де сендерге сәлем берілсе одан абзал түрде жауап қатыңдар немесе дәл солай қайтарыңдар»,-деген аятты негізге алып, біраз үкімдер шығарған. (Ниса, 4:86). Бұл аяттағы «абзал түрде немесе дәл солай» деген шектеу жауаптың «түрі», «көлемі» және «кейпіне» қарасты айтылған. Сәлем «түріне» мысал келтірер болсақ, мәселен, бір адам «Әссәләму ғаләйкә» деп, екінші адам: «Сәлеметсіз бе, қайырлы таң, мың жаса»,-деп жауап қататын болса, бұл жауабы дұрыс болмайды, себебі бұл жауап түрі сәлем сөзінен абзал емес әрі дәл өзіндей де болмайды.
Сәлем «көлеміне» мысал келтірер болсақ, мәселен, біреу «Әссәләму ғаләйкум уа рахматуллаһ»,-деп, екінші адам «Уағәләйкум»,-деп жауап қатса, оның бұл жауабы дұрыс болмайды, себебі бұл жауап сәлем көлемінен аз. Осыған орай «Әссәләму ғаләйкум» деген адамға «уағәләйкумус сәләм уа рахмәтуллаһ» деп немесе «уағәләйкумус сәләм уа рахмәтуллаһи уә бәрәкәәтуһ» деп жауап берген дұрыс. Ал бұлай айтуды қиынсынатын болса, онда сәлем берушінің сәлеміндей етіп жауап қатуға болады.
Сәлем «кейпіне» мысал келтірер болсақ, мәселен, бір адам түсінікті, жоғары дауыспен, жымиып сәлем беріп, екінші адам бәсең, ұғынықсыз түрде, қабақ шытып жауап қатса, бұл жауап та дұрыс болмайды.

* Кездескен кезде қол алысып амандасу-сүннет амалдарына жатады себебі сахабалар осылай жасайтын. Әнастан: «Аллаһ елшісінің сахабалары қол алысатын ба еді?»,-деп сұрағанда ол: «Ия»,-деп жауап берген. (Бұхари). Қол алысу оң қолмен жасалады әрі қол алысып амандасу кезінде екі мұсылманның жасаған күнәлары кешіріледі. Бұған Әбу Дәудте келген сахих хадис дәлел. Ал егер де жалпы жиын немесе көп адамдарға кезіксе, қол алыспайды, бәлкім, «Әссәләму ғаләйкум» деп, жалпы сәлем жолдаса да болады.
* Намаз соңында екі иыққа қарап: «Әссәләму ғаләйкум уа рахмәтуллаһ»,-деп, сол жаққа да дәл осылай сәлем жолдау – сүннет амалына жатады. Алайда намаз оқыған кезде қасындағы адамның қолын қысып, онымен құшақтасып жату сүннетке қайшы амал болып табылады.
* Аллаһ елшісі (с.а.с): «Көліктегі адам жаяу адамға, жүріп келе жатқан адам отырғанға, аз адам көп адамдарға сәлем береді»,-деген. (Бұхари, Муслим). Тағы бір риуаятта: «Жасы кіші жасы үлкенге сәлем береді»,-делінген. (Бұхари). Бірақ, жасы үлкен адам жасы кіші амандаспайынша күтіп отыруы керек немесе көп адамның аз адамдар сәлемін күтіп отыруы керек деген сөз емес. Қайсыбірі амандасуды ұмытып бара жатса, екінші тарап амандық айтып, сәлем жолдауында еш оқасы жоқ. Тіпті қай тарап болса да бірінші болып сәлем беруге тырысқаны жақсы. Себебі Аллаһ елшісі (с.а.с) бір хадисінде: «Бірінші болып сәлем берген адам адамдардың арасындағы Аллаһқа ең жақыны»,-деген. (Әбу Дәуд, сахих хадис).
* Бір күнде болса да бірнеше рет кездескен екі адамның әр кездескен сайын амандасуы да жақсы амал. Әбу Һурайрадан жеткен хабарда бір адам намаз оқып, намазын аяқтаған соң пайғамбарға келіп, оған сәлем бергені айтылады. Сонда пайғамбар (с.а.с) оның сәлеміне жауап қатып: «Кері қайт та намазыңды қайта оқы. Сен намазыңды дұрыс оқымадың»,-дейді. Әлгі адам кері қайтып, намазын қайта оқып, болған соң қайта келіп пайғамбарға сәлем берді. Осылай үш рет жасады. (Бұхари, Муслим). Кейбір адамдарға бір күнде екі рет сәлем беріп қойсаң: «Бүгін ғана кездестік емес пе?»-деп таңқалуы осы хадисті білмеуінің салдарынан.
* Алыстан өткен кезде: «Әссәләму ғаләйкум»,-деп айтып, қолымен ишарат жасаса болады. Хадисте: «Аллаһ елшісі (с.а.с) мешіттің қасынан өтіп бара жатқанында бір топ әйел адамдар отырған болатын. Сонда ол кісі сәлем жолдап, қолымен ишарат жасады»,-деп келген. (Әбу Дәуд, сахих /сенімді/ хадис). Имам Науауи осы хадиске сілтеме жасап: «Аллаһ елшісі (с.а.с) сөзі мен ишаратты қатар жасаған»,-дейді. Сол үшін кейбір ғұламалар қазіргі таңда көлік мінген адамның сырттағы біреуге сәлем бергісі келген кезде сигнал басып, соны амандасу көруінің сәлемге кірмейтінін айтады. Бәлкім, көлікте болса да қолымен ишарат жасап, аузымен айтуы керек етіледі. Ал егер сигнал беріп, сырттағы адамды өзіне қаратып алып, сосын қолымен ишарат жасап, аузымен сәлем жолдайтын болса, онда бұл рұқсат.
* Көп адамдар отырған жиын немесе ілім отырыстарына келген адам жағдайға қарай сәлем айтады. Егер де оның сәлем айтуы жиындағыларға кедергілік келтіретін болса, онда тыныш келіп, сәлемсіз қосылады. Ал егер оның сәлемі жиынға зияны тимейтіндей жағдай болса, онда әркіммен жеке-жеке емес, жалпы түрде: «Әссәләму ғаләйкум»,-деп, жиынға қосылады.
* Егер адам намаз оқып тұрғанында біреу келіп сәлем беретін болса, ол адам сәлем берушіге жауап қатпайды, бәлкім қолымен ишарат жасайды. Ибн Омар (р.а) Білалдан (р.а): «Аллаһ елшісі (с.а.с) намазда тұрғанында келіп сәлем берушілерге қалай жауап қататын еді?»,-деп сұрағанында ол: «Қолымен ишарат жасайтын»,-деп жауап қатқан екен. (Ахмад, Әбу Дәуд. Сахих /сенімді/ хадис).
* Егер адам басқа біреулердің сәлем жолдағанын айтып: «Бәлен саған сәлем жолдап жатыр»,-десе, естіген адам: «Уа ғаләйкә уа ғаләйһис сәләм» немесе «Уа ғаләйкә уа ғаләйһимус сәләм»,-дегені абзал, яғни «саған да оларға да сәлем болсын»,-деген сөз. Пайғамбарымыз (с.а.с) Айшаға: «Жәбрайл саған сәлем жолдап жатыр»,-дегенінде Айша: «Уа ғаләйһис сәләм уа рахматуллаһи уә бәрәкәәтуһ»,-дегені риуаят етіледі. (Бұхари, Муслим). Арапшасын айта алған адам осылай айтқаны абзал. Ал арапшасын айта алмаған адам: «Сәләмәт болсын»,-дегеннен гөрі «Саған да, оған да сәлем болсын»,-деп, сәлемді жеткізушіге де, сәлем жолдаушыға да жауап қайтарғаны абзал. Бірақ тек сәлем жолдаушыға ғана айтса да болады. Ислам әдебінің кемелдігін осы жерден байқауға болады.
* «Бәленге сәлем жолдай салшы»,-деген сөзді естіген адам сәлемді жеткізуі міндет, себебі Аллаһ тағала Құранда: «Шын мәнінде Аллаһ тағала аманаттардың өз иелеріне қайтарылуын бұйырды»,-деген. Ондай болса «Бәленге сәлем айта сал» деген сөз аманаттың бір түрі саналып, естіген адам келісетін болса, сол аманатты жеткізуі шарт. Ал егер сәлем жолдаушы адам: «Егер оны көрсең сәлем айт» десе, онда әлгі адамды көрген кезде есіне түссе ғана сәлем айтуы керек етіледі. Бірақ ғұламалар: «Бәленге сәлем айта сал»,-деп, көрінген адамның мойнына аманат арта берудің дұрыс еместігін айтады. Тек егер кездесу немесе байланысу қиын жағдай болса біреу арқылы сәлем жолдауға болады.
* Әнас ибн Мәлик (р.а): «Пайғамбар бір сөз сөйлейтін болса, түсінікті болуы үшін оны үш рет қайталап айтатын, ал егер бір қауымға келіп сәлемдесетін болса, олармен үш рет сәлемдесетін»,-деп риуаят етеді. (Бұхари). Бұл хадистегі үш рет сәлемдесу барлық кезде сүннет амалына жатпайды. Бәлкім, естімей қалды-ау, түсінбей қалды-ау деп күмәнданса, немесе қария адамдармен кездессе, онда бір рет, екі рет сәлем беруіне болады. Ал егер сонда да естімей немесе түсінбей тұрса, онда үшінші рет айтуына болады әрі үштен артық қайталап жатудың керегі жоқ.
* Түнде немесе ұйықтап жатқан адамдары бар бөлмеде сәлем берген кезде дауысты бәсеңдетіп сәлем берген дұрыс. Аллаһ елшісі (с.а.с) ұйықтап жатқанды оятып алмайтындай, ояу адам еститіндей сәлемдесетін. (Муслим). Ислам діні әр адамның хақысын беруді мақсат тұтады. Ондай болса ұйықтап жатқанның хақысы-ұйқысын бұзбау, ал ояу адамның хақысы-оған сәлем жолдау.
* Екі адам кездескен кезде де, қоштасатын болса да «Әссәләму ғаләйкум» деп айтқаны жөн. Себебі Аллаһ елшісі (с.а.с) бір хадисінде: «Егер де араларыңнан біреу бір жиынға қосылатын болса, сәлем берсін. Ал егер де ол жиыннан тұруды қаласа, онда сәлем берсін»,-деген. (Әбу Дәуд, Тирмизи, сахих хадис).
* Үйге кірген кезде кіруші адам сәлем беріп кіреді. Себебі Аллаһ тағала Нұр сүресінің 61-ші аятында: «Егер үйлерге кірсеңдер, онда сәлем беріңдер»,-деп, кіруші адамның кірген бетте сәлем беруін бұйырған. Сондай-ақ, Бәну Амирлік бір адам пайғамбар үйіне кіруге рұқсат сұрап, «Кірсем бола ма?»,-дейді. Бұл кезде пайғамбар (с.а.с) үйінде болатын. Сонда ол кісі өзінің қызметшілерінің бірін жіберіп: «Ана адамға барып, рұқсат сұрауды үйретіп, оған былай де: «Әссәләму ғаләйкум, кіруге рұқсат па?»,-десін. Әлгі адам мұны естіп: «Әссәләму ғаләйкум, кіруге рұқсат па?»,-деп еді, пайғамбарымыз кіруіне рұқсат беріп, ол үйге кірді». (Әбу Дәуд, сахих).
* Жас балаларға сәлем беру де сүннет амалдарына жатады. Аллаһ елшісі (с.а.с) ойнап жүрген балаларға сәлем беретін. Жас балаларға сәлем берудің пайдаларына тоқталып өтсек, бұл ең алдымен сүннетке ілесу болып саналады. Екіншіден, үлкендердің көкірегіндегі тәкаппарлық сезімін жойып, кішіпейілділік пен қарапайымдылық қасиетін арттырады. Үшіншіден, жас баланың үлкендерге деген құрметін арттырып, балаларды ерте кезден амандасуға және жалпы әдепке үйретеді.
* Бейтаныс әйел адамдарға сәлем беруде жағдайға қарау керек. Егер адам бейтаныс әйелмен сәлемдескен кезде жүрегінде әлгі әйелге деген ынтықтық пайда болатындай жағдай болса, онда амандасуына болмайды. Ал егер ондай сезім тумайтындай болса, өзінен жасы едәуір үлкен әйел болса немесе мешіт жанында жиылған бір топ әйел болса, амандасуға болады. Ал өзінің жұбайы, әжелері мен анасы, әпке-қарындасы сияқты туыстары болса сәлем беру талап етіледі.
* Кей жағдайда күнә жасап, күнәсі үшін өкінбейтін мұсылман бауырларды түзеп, тәрбиелеу үшін олармен амандаспай қоюға болады. Бірақ, оған сәлем жолдамай қойған кезде түзелетініне анық көз жеткізу керек. Егер ол адамға сәлем жолдамай қойған кезде ол одан әрі күнәлі істер жасап кетеді деген қауіп болса, сондай-ақ, оның жүрегінде ыза, кек пайда болатынына көз жетсе, онда бұлай тәрбиелеу әдісін қолданбаған жөн. Ал егер ол мұсылман адам шынымен ықыласты, Исламды терең түсінген жан болса, онда ол өзге мұсылмандардың амандаспай қойғанын дұрыс түсініп, тәубеге келіп, амалдарын жақсы жаққа өзгертуге тырысады. Бұған «Тәбук» соғысына қатыспай, артта қалып қойған үш сахабаның оқиғасы дәлел. Аллаһ елшісі (с.а.с) олармен арласуға, кейін келе тіпті сәлем жолдауға да тыйым салады. Сонда әлгі сахабалар жүректері езіліп, көкейлерін мұң басып, жер басып жүргеннен көрі жер құшағында жатқанды абзал көріп, қатты өкініп, тәубелеріне келген кезде Аллаһ тағала олардың тәубелері мен өкініштерін қабыл алады.
* Бірақ, амандаспай қоюдың өзі үш күннен артық созылмауы керек. Аллаһ елшісі (с.а.с): «Мүмин адам өзінің бауырын үш күннен артық тастауы халәл болмайды. Кездесе қалса мынау да теріс айналып, анау да теріс айналады, ал екеуінің қайырлысы-сәләмді алғашқы боп жолдағаны»,-деген. (Бұхари, Муслим).
* Жұма намазындағы және жалпы хұтпалардың бас жағында немесе аяғында сәлем жолдау – хұтпа әдебіне жатады. Бұған кейбір сахабалардан келген хабарлар дәлел бола алады. Бірақ, міндетті түрде сәлем айту керек деген сөзді ешкім айтпаған.
* Хат жазу кезінде де сәлем жолдау пайғамбар сүннетіне жатады. Сахабалар да өзара хат жазысу барысында біріне-бірі сәлем жолдайтын болған. Дінге қатысы жоқ адамдарға хат жазған кезде «Сәләмун ғалә мән иттәбәғәл һудә (тура жолға ілесушілерге сәлем болсын)» деп, кәпір адамның өзіне емес, жанама сәлем жолданып жазған дұрыс. Ал мұсылман адамдар өзара хат жазысқан кезде жоғарыдағы сәлем үлгілерінің қай түрін қолданса да өз еркі. Сол сияқты қазіргі таңдағы форум, чат, ұялы телефон хаттарында да осылай жазған абзал.

ә) Аллаһ тағалаға, періштелерге, пайғамбарларға сәлем жолдау үлгісі:

Ертеректе сахабалар Аллаһқа деген сүйіспеншіліктерінің молдығынан: «Аллаһқа сәлем болсын! Жәбрайлге сәлем болсын!»,-деп айтатын. Сонда Аллаһ елшісі (с.а.с) олардың: «Аллаһқа сәлем болсын»,-деуілерінің қателігін айтып: «Расында, Аллаһ өзі әс-Сәләм (амандық иесі). Қайсыбірің намаз оқыса: «Әт-тәхияту лилләһи уассалауәәту уат-таийбәәт (яғни: Сәлемдесулер, дұғалар және жақсы нәрселер Аллаһқа тән)«,-десін»,-деп түсіндірген екен. (Бұхари, Муслим). Аллаһтың өзі амандық пен есендік иесі болса, Аллаһқа амандық тілеп, дұға жасау сәл қисынсыз болып табылады. Сол үшін бұлай дегеннің орнына оларға: «Сәлемдесулер, дұғалар және жақсы нәрселер Аллаһқа тән»,-деп айтуды бұйырған. Осы хадис арқылы біз «Әссәләму ғалә Аллаһ» деп айтылмайтынын біле аламыз.
* Сондай-ақ, адам өзіне-өзі амандық тілеп, дұға айтуына болады. Намаз соңында оқылатын «Әт-тахият» дұғасына назар аударсақ, ол жерде біз: «Әс-сәләму ғаләйнә уә ғалә ғибәәдилләһис-соолихийн (яғни: Бізге және Аллаһтың ізгі құлдарына сәлем болғай!)»,-деп дұға жасаймыз. «Әт-тәхият» дұғасындағы осы бір сөйлемді тілімізбен айтқанымызбен, көп адам оны жүрегімен қабылдамайды. «Әс-сәләму ғаләйнә уә ғалә ғибәәдилләһис-соолихийн (яғни: Бізге және Аллаһтың ізгі құлдарына сәлем болғай!)»,-деген кезде біздің бұл сәлеміміз жер бетіндегі барлық ізгі мұсылмандарды, пайғамбарларды, оларға еруші сахабаларды, көктер мен жердегі періштелерді қамтып кетеді. Бір ауыз сөзбен осынша жаратылысқа сәлем жолдау үлкен нығметтердің бірі.
* Періштелер мен пайғамбарлар есімдері аталған кезде «Ғаләйһис сәләм» деп, яғни «Оларға сәлем болсын» деген жақсы. Періштелер мен пайғамбарларға сәлем жолдауға болатынына «Әт-тахият» дұғасының соңғы: «Әс-сәләму ғаләйнә уә ғалә ғибәәдилләһис-соолихийн (яғни: Бізге және Аллаһтың ізгі құлдарына сәлем болғай!)»,-сөйлемі дәлел. Бұл сөйлем барлық періштелер мен пайғамбарларды қамтып кететіндігін жоғарыда айтып өткен болатынбыз.

ә) Кәпірлерге сәлем айту үлгісі:

Кәпірлерге, християндар мен яһудилерге және дінге қарсы келушілерге сәлем беру үлгісін сөз етер болсақ, негізінен, мұсылман адам кәпірлерге «әссәләму ғаләйкум» деп сәлем жолдап, бірінші бастамайды. Аллаһ елшісі (с.а.с) өзінің хадисінде: «Хриястияндар мен яһудилерге бірінші болып сәлем жолдамаңдар»,-деген. (Муслим). Бірақ, бұл хадисте нақты «Әссәләму ғаләйкум» деп айту меңзелген. Бұлай сәлем жолдауды бірінші бастауға болмайды, себебі амандық тілеп, өзара жомарттық көрсету тек мұсылмандар арасында жүреді. Ал Аллаһқа қарсы келгендерге амандық тілеу, оларға жомарттық жасау дұрыс болмайды.
Бірақ, бұл кәпірлермен мүлдем қатал болып, қабақ шытып, ауыз бұртитып алып жүру керек деген сөз емес. Бәлкім, олардың арасында жасы үлкенге немесе дінге шақыру мақсатымен «сәлем» үлгісінен өзге үлгіде «Қалыңыз қалай?», «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң»,-деп амандасуға болады. Себебі Аллаһ елшісі (с.а.с) Рим патшасы Һирақлға хат жолдаған кезде хатының басына: «Тура жолға ерушілерге амандық болсын»,-деп, Һирақлге Ислами түрде толық сәлем бермей шектелген. Себебі мұсылман адам кәпір адамға бірінші болып «әссәләму ғаләйкум» деп сәлем бермейді.
* Ал егер кәпір адам «Әссәләму ғаләйкум» деп, өзі бірінші амандасатын болса, онда мұсылман адам: «Уағәләйкум» деп қана шектеледі, яғни «саған да сол болсын» деген сөз. Аллаһ елшісі (с.а.с) бір хадисінде: «Егер де сендерге кітап иелері сәлем берсе, сендер: «Уағаләйкум»,-деңдер»,-деген. (Бұхари, Муслим).
* Егер кәпір адамның сәлемінде «Әссәләм» сөзі анық айтылмаса да оған «уағәләйкум» деп жауап қатамыз. Бірде Аллаһ елшісі (с.а.с) қасынан өтіп бара жатқан бір яһуди: «Әсәәму ғаләйкум» деп өте бергенде Аллаһ елшісі (с.а.с) оған «Уағәләйкум» деп жауап берген екен. Яғни, яһуди адам «әсәәму» деп, «л» әрпін айтпай, Аллаһ елшісіне (с.а.с): «Саған өлім болсын» деген мағынада айтқан. Бұны байқап қалған пайғамбар (с.а.с): «Саған да»,-деп, тиісті жауабын берген. Сол үшін де ғұламалардың көбісі: «Кәпір адам қалай амандасса да көп жағдайда амандық тілемейді, бәлкім астарында бір жаман мақсат, жаман ойы болуы ғажап емес. Сол үшін де «уағәләйкум», деп, яғни «саған да»,-деп жауап бергені дұрыс»,-дейді.
* Егер бір жиында мұсылман адамдар мен кәпірлер, мушриктер арласып отырса, ол жиында мұсылмандарды ниет етіп: «Әссәләму ғаләйкум» деп, сәлем берсе болады. Аллаһ елшісі (с.а.с) мұсылмандар мен мушриктер арласып отырған бір жиынның қасынан өтіп бара жатып, оларға сәлем берген. (Бұхари, Муслим).


Жалғасы бар

Advertisements

One Response to Сәлем беру үлгілері мен әдептері

  1. Айша қажы Әбішкеліні айтады:

    Аллаһ Сіздерге разы болсын! Өте ұнады. Әсіресе Аллаһ есімдері. Жалғасын күтеміз, бұл балаларға жаттатуға жақсы екен.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: