Пайғамбарға салауат айту

Аллаһ елшісіне (с.а.с) салауат айту – мұсылман адамның тілімен жасайтын игіліктерінің бірі болып саналады. Салауат айту бір жерде сүннет болса, бір жерде уәжіп болуы да мүмкін. Жалпы, салауат айтуға Аллаһ тағаланың: «Шын мәнінде Аллаһ пен Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Әй, иман келтіргендер! Оған салауат айтып, ықыласпен сәлем жолдаңдар (амандық тілеңдер)!»,-деген сөздері дәлел болады. (Ахзаб, 33:56).
Сүннетке назар аударатын болсақ, салауат айту жайындағы хадистерді қырыққа жуық сахаба риуаят еткен. Ол хадистерді осы тақырып төңірегінде келтіріп өтуге тырысамыз.

Салауат сөзінің мағынасы

Алдымен осы тақырыптың беташарында орналасқан аятты келтіргеніміз орынды болар. Аллаһ тағала: «Шын мәнінде Аллаһ пен Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Әй, иман келтіргендер! Оған салауат айтып, ықыласпен сәлем жолдаңдар (амандық тілеңдер)!»,-дейді. (Ахзаб, 33:56). Осы аятты негізге алып, салауат айтудың мағынасын түсіндіріп өтер болсақ, Аллаһ елшісіне салауат айту үш түрлі болады:
Бірінші түрі – Аллаһтың салауат айтуы, екінші түрі – періштелердің салауат айтуы және үшінші түрі – жалпы мұсылман адамдардың салауат айтуы. Жоғарыдағы аятта «Шын мәнінде Аллаһ пайғамбарға салауат айтады»,-деген жері бірінші түріне, «Оның періштелері де пайғамбарға салауат айтады»,-деген жері екінші түріне дәлел болса, «Әй, иман келтіргендер! Оған салауат айтыңдар»,-деген бұйрық аяты салауаттың үшінші түріне дәлел болады.
Бірақ, бұл салауаттардың үш түрі айтушыға сай әртүрлі болып табылады. Ғұламалар былай деп түсіндіреді: «Аллаһтың пайғамбарға салауат айтуы – пайғамбарды Өзінің періштелері алдында мадақтауы, мақтауы және жақсы сипаттармен сипаттап, мәртебесін көтеруі болып табылады, ал періштелер мен адамдардың салауат айтуы – Аллаһқа дұға етіп, оны мадақтауын, жақсы сипаттармен сипаттауын сұрап, жалбарыну»,-деген.
Ғұламалардың тағы бір тобы: «Аллаһтың салауаты – пайғамбарға мейірімін төгуі, періштелердің салауаты – пайғамбар үшін кешірім сұрауы және адамдардың салауаты – пайғамбарға мейірімін төгуін сұрап Аллаһқа дұға етулері»,-деген. Алайда алғашқы пікір дұрыстыққа жақын келеді.
Осы аятқа амал ету мақсатымен мұсылман жұртшылығы пайғамбар есімін естіген бетте «Саллаллаһу ғаләйһи уа сәлләм» деп дұға етеді. Бұл сөйлемнің мағынасына келер болсақ, «Саллаллаһу» дегеніміз «Аллаһ тағала Өзінің періштелерінің алдында оған мақтау айтсын, жақсы сипаттармен сипаттасын»,-деген мағынадағы тілек, дұға. Ибн Әсир болса: «Аллаһым, осы дүниеде оның есімін мәңгі ету арқылы ұлық ет, дағуатын кеңге жай, шариғатын мәңгі қалдыр, ахиретте бізге шапағатын нәсіп ет, сауабын еселеп, сыйын арттыр»,-деген сөз»,-дейді. «Аләйһи» немесе «ғаләйһи» дегеніміз «оған», яғни пайғамбарға, ал «уә сәлләм» дегеніміз «және оған Аллаһтың сәлемі болсын» деген мағына береді. «Сәлем» дегеніміз барлық апат пен кесапаттан, жамандық пен қастандықтан амандық тілеп, дұға ету екенін атап өткен болатынбыз. Ондай болса «уә сәлләм» дегеніміз: «Оған амандық болсын, Аллаһтың бейбітшілігі болсын. Оның діні аман қалып, Құраны бұрмаланбай, сүннеті аяқ асты етілмесін, қабірдегі денесі амандықта болып, Қияметте есендікте болсын»,-деген мағынаны қамтиды.

Салауат айту үлгілері

Аллаһ елшісіне (с.а.с) салауат айту үлгілері әрқилы. Мәселен: «Салауатуллаһи уә сәләмуһу аләйһи», «Аләйһис салату уәс-сәләм», «Аләйһис сәләм» десе де болады. Бұл тіркестердің бәрі де жоғарыдағы мысалға ұқсас, дәл сол мағынаны береді.
Тағы бір үлгісі: «Саллаллаһу ғалә Мухаммәд уа ғалә әәлиһи уа сахбиһи ажмағин». Бұл: «Мұхаммедке, оның отбасына және Оған ерушілерге Аллаһтың салауаттары болсын» деген мағына береді. Ғұламалар осы сөйлемдегі «әәлиһи» сөзінің мағынасының өзгеріп тұратынын айтып: «Егер де «әәлиһи» сөзінен кейін «сахбиһи» немесе «әтбәғиһи» деген сөз қосылса, онда «әәлиһи» сөзі тек «отбасы» деген мағына береді, ал егер тек «әәлиһи» келіп, одан кейін ешбір сөз айтылмаса, онда ол «отбасы және барлық мұсылмандар» деген мағына береді»,-деген. Осыдан қорытынды шығарып, түсініктірек болу үшін мысал келтіріп өтсек, салауаттың бұл үлгісі екі түрлі айтылады. Бірінші түрі: «Саллаллаһу ғалә Мухаммәд уа ғалә әәлиһи уа сахбиһи уат-тәбиғинә әжмағин», яғни «Мұхаммедке, оның отбасына, оның сахабалары мен оларға ілесушілерге Аллаһтың салауаттары болсын». Екінші түрі намаз соңында оқылатын: «Аллаһуммә солли ғалә Мухәммәд уа ғалә әәли Мухаммәд»,-дұғасы. Бұл жерде: «Аллаһым, Мұхаммедке және оның отбасы мен толық үмметіне салауат ете гөр»,-деген мағына шығады.
Сондай-ақ, «Аллаһумма солли ғалә Мухаммад» деп, дұға үлгісінде айтса да болады. Мағынасы: «Аллаһым, Мұхаммедке салауат айтып, Өзіңнің құзырыңда мадақтап, жақсы сипаттармен сипатта»,-деген сөз.
Қазақ тіліндегі әдебиеттерде бұл тіркесті толық мағынасын жазып жату қиындық тудыруы себепті бұл тіркесті: «Оған Аллаһтың салауаттары мен сәлемі» немесе «Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын» деп аударады. Ал «салауат» пен «сәлем» сөзінің қандай мағына беретіндігін жоғарыда баяндап өттік.
Сондай-ақ, кейбір Ислам ғұламалары кітап беттеріне салауаттың араб тіліндегі (ص) әрпімен берілуіне рұқсат бермейді. Осыған орай (с.а.с) немесе (с.ғ.с) деп қысқартып жазу да сәл қисынсыз келеді. Алайда қазіргі таңдағы көп баспаларда «Салләллаһу аләйһи уә сәлләм» сөйлемінің кіші үлгіде жазылуы қиындық тудырып, еріксіз жақша ішіне (с.а.с) немесе (с.ғ.с) деп қысқартып жазуға мәжбүр болып жүр. Оған қоса сөйлем арасына «Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын» деген сөйлемді кіргізген кезде діннен хабары аз адамның оқуына қиындық тудырып, сөйлемді байланыстыра алмай қалуы мүмкін деген қауіп тағы бар. Әйтсе де кей баспаларда арабша, орысша немесе қазақша салауаттың кішкене көлемде, дөңгелене жазылған үлгісі бар әрі олар сол белгіні қолданып келеді. Аллаһтан дұға етіп, алдағы уақытта бұл сөйлемнің толық көлемде жазылу үлгісі барлық баспаларда белең алуын тілейік!

Салауат хикметі

Аллаһтың сөздері – баға жетпес байлық, ақыл жетпес даналық, тіл жетпес шешендік. Әр аяты өз ішінде көл-көсір мағына қамтып, ойланғанның көзіне жас келтіріп, ұғынғанның иманын арттыра алады. Енді жоғарыдағы аятты жай ғана ой елегінен өткізіп, кішігірім кідіріс жасап көрейікші. Аллаһ тағала: «Шын мәнінде Аллаһ пайғамбарға салауат айтады»,-деген. Демек, Аллаһ тағала өзінің пайғамбарына салауат айтатыны рас әрі бұған еш күмән келтіре алмаймыз, себебі Аллаһ тағала: «Шын мәнінде»,-деп, өзінің салауат айтатынын бекітіп, күшейтіп айтқан. Аллаһ тағала Өзінің пайғамбары, соңғы елші Мұхаммедке салауат айтып, оны Өзінің періштелерінің алдында жақсы сипаттармен сипаттап, оған мақтау айтады екен. Бұл жалған өмірімізде біреуді халық мақтаса, төбесі көкке екі елі жетпей қуанып, есінен тана жаздайды. Соңғы жылқысы қалса соны сойып, көл көсір думан жасап, асыр салып, марқайып қалады. Ертелі кеш сол пендені қала әкімі мақтап, «құрмет тақтасына» есімін шығарып қойса, бірте-бірте қалың жұрттан қол үзіп, өзінің елге сыйлы, мақтаулы жан екенін місе тұтып, кербездене бастайды. Ал енді елбасы мақтап, марапаттайтын болса мүлдем ұстатпай, қуанышында шек жоқ болып, өмірдің мәні мен сәніне толық қол жеткізгендей болатыны рас. Енді сәл ғана ақыл көзімен осы аятқа қарап көрейікші, ұлы Раббымыз біреуді мадақтап, мақтайтын болса-бұдан артық бақыт бар ма? Әлемдерді жаратушы Раббымыз Өзінің күнәдан пәк періштелерінің алдында пайғамбарымыз Мұхаммедті атап, жақсы сипаттармен сипаттауы – ең ұлы мақтау әрі баға жетпес мадақ емес пе?! Міне, осы бір мадақ түріне пайғамбарымыз Мұхаммед лайықты бола алды. Ондай болса ол кісінің сүннетіне ілесіп, дінін ұстанған адам да осы бір мадаққа іліге алары сөзсіз!
Аят жалғасында: «Және Оның періштелері»,-делінген. Енді бір сәт назар аударсақ, Аллаһ тағала «періштелері» деп, көпше түрде айту арқылы барлық періштенің салауат айтатынын атап өткен. Құран мен сүннетте хабары келген періштелерге кішігірім шолу жасап өтер болсақ, аспандар мен жерді мекендейтін періштелер саны өте көп әрі олардың саны бір Аллаһқа мәлім. Жетінші аспандағы «Бәйтул мағмұрға» күніне жетпіс мың періште кіріп, екінші рет қайтып кірмейтіні айтылған. Адам атадан осы Қияметке дейінгі әрбір адам қасында жақсылығы мен жамандығын жазып отыратын екі періштеден болады, сондай-ақ, әрбірінің алды мен артынан да екі періште бар. Уахи әкелуші періште, табиғат заңдылықтарын реттеуші періште, өлім періштесі, Қияметте сүр үрлейтін періште т.б бізге хабары мағлұм періштелер мен біз білмейтін періштелер саны өте көп. Енді осынау сансыз періштелердің пайғамбарға салауат айтып, Аллаһтан дұға тілеуі – пайғамбарымызға берілген үлкен нығмет емес пе?! Бұл Аллаһтың мейірімінің кеңдігі, пайғамбарға деген пазылы. Аллаһ елшісіне (с.а.с) айтылатын салауаттардың санын санап білу де, оның кемелдігін суреттеп тауысу да мүмкін емес.
Аят жалғасында: «Әй, иман келтіргендер!»,-делінген. Аллаһ елшісіне (с.а.с) салауат айтуда алдына жан салмайтын жандар – иман келтіргендер. Ондай болса пайғамбарға салауат айту – иманның артуына, иманның берік болуына себепші болып табылады. Сол үшін де Аллаһ тағала салауат айту бұйрығын иман келтіргендерге қаратып айтқан. «Оған салауат айтыңдар» деген бұйрық – Ислам үмметіне жүктелген міндеттердің бірі. «Аллаһым, Өзіңнің құзырыңда Өзіңнің пайғамбарың Мұхаммедті кемел сипаттармен сипаттап, оған мақтау айт. Мадақтың ең кемел түрін соған арна»,-деп елжіреп салауат айту – мұсылман үмметіне берілген ұлы бақыт. Осылай деп салауат айтқанымызда Аллаһ біздің өзімізге де он рет салауат айтатынын кез-келген мұсылман адам біле бермейді. Аллаһ елшісі (с.а.с) сенімді хадисінде: «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, сол салауат үшін Аллаһ оған он рет салауат айтады»,-деген. Салләллаһу аләйһи уә сәлләм! Бізді мұсылман қылып, пайғамбарға салауат айта алу мүмкіндігін берген, сөйтіп әр салауатымызға он есе жауап қайтарып, біздің де есімімізді періштелерінің алдында еске алып мақтаған мейірімді әрі ризығы кең Раббымызға шексіз мадақтар болсын!
Аяттағы: «Оған ықыласты түрде амандық тілеңдер» деген бұйрық мағынасы: «Раббым, тірі кезінде оны әртүрлі апаттан, қиянаттан, қастандықтан сақтап, о дүниелік болса есендік бере гөр. Дінін сақтап, Қияметке дейін ғұмыр бер. Сүннетін пәк етіп, тура жолдың кепілдігі ете гөр»,-деп дұға жасау. Бірақ, бұл аяттағы бұйрық қазақ тілінде осынша ұзын көлемді дұға жасау керек дегенді білдірмейді, бәлкім, Аллаһ елшісіне «Саллаллаһу аләйһи уә сәлләм» деп салауат айтып, мағынасын толық түсіну керек етіледі. Бұл сөйлем – аяттағы бұрықтың толық орындалуына жетерлік сөйлем.


Жалғасы бар

Advertisements

4 Responses to Пайғамбарға салауат айту

  1. abuAkhmad айтады:

    Assalamu alaikum. al’hamduliLLahi zhazbanizdan ozim ushin zhana kop narse aldim. Jazakum Allahu hayron

  2. Әлхамдулилла! Аллаһтың соншама мейірімділігін, кереметтігін, оның маған Елбасы Нұрсұлтанды сүю бақытын бұйыртқанына, осы ғажайып төзімді, инабатты, ұятты адамның пәктігі, тазалығы арқасында өмір деген ғажайыпты Аллаһ діні Ислам шапағаттары арқылы танығаныма шүкірлік етемін! Елбасымды көрген сайын Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаһу ғалейхи уассаламның тағдырын таңырқай екшеймін. Көп ұқсастықтар табамын. Оның жанындағы адамдардан сахабалардың келбеттерін іздеймін. Иншалла, үмітім үзілмеді, Аллаһ мені құлатпады, демеді. Осы вебстраницаны ашып отырған мұсылман бала да Елбасымның бір ұятты бұқарасы. Аллаһ тілеуін берсін! Жұма түні мүбарак болсын! Елбасыма Аллаһ пана болып, дағдарыс біздің елге жоламай айналып кетсін! Өзгелерді де титықтатпай Ислам заңдарына сәйкес, процентсіз, алдаусыз, зинасыз өмір берсін Адамдарға!

  3. abuhajar айтады:

    Әмин, лайым солай болғай!

  4. jannat айтады:

    Allaga arkashanda senemin. Azanda, keshke jumiska bararda, kaytarda IXILAS pen FATIXA suresin okymin.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: