Салауат айту үкімі мен жағдайлары

Бұл тақырып аясында салауат айтудың шариғат тұрғысынан алатын үкімін және қай сәттерде айтылатынын талқылаймыз. Әуелгі беттерде біз салауат айтудың кей жағдайда мустахаб, кей жағдайда уәжіп болатынын атап, кішігірім кіріспеге сілтеме жасап өткен болатынбыз. Ондай болса сол кіріспенің мазмұнын осы жерден таба аласыздар:

а) Салауат айтудың уәжіп жағдайы:

* Аллаһ елшісіне (с.а.с) өмірде бір рет болса да салауат айту-уәжіп, ал жалпы алғанда бұл мустахаб амалына жатады. Уәжіпті атқармаған адам күнә алады, ал мустахабты атқармаған адам күнә алмаса да жақсылықтан құр қалмақ.
* Аллаһ елшісінің (с.а.с) есімі аталған бетте салауат айту – уәжіп. Кейбір ғұламалар мустахаб деген. Аллаһ елшісі (с.а.с) бір хадисінде: «Мен аталған кезде маған салауат айтпаған адамның мұрны жерге тисін»,-деген. Хадистегі «Мұрны жерге тисін» дегені «масқара болып, ұятқа ұшырасын» деген сөз. Сондай-ақ, хадисте: «Мен аталған кезде» деген жерде Аллаһ елшісінің есімі аталса да, «пайғамбар» немесе «Аллаһ елшісі» деп, Мұхаммед пайғамбар меңзелсе де салауат айтылу керектігі байқалады.
Бірақ, ғұламалардың уәжіп немесе мустахаб деп үкім тағуы – салауат айтпай қалған адамға қатысты ғана айтылған, яғни есімін естіген кезде салауат айтпай кеткен адам орнын толтыруы керек пе, жоқ па дегендей. Ал жалпы алғанда пайғамбар есімін естіген адам бірден салауат айтып, сәлем жолдауы керек. Ол кісіге Аллаһтың салауаттары мен сәлемі болсын!

ә) Салауат айтудың мустахаб жағдайлары:

Мустахаб дегеніміз – істеушісі сауап алып, жасамаған адамға күнә жазылмайтын жағдай. Мустахаб жағдайлары өте көп әрі кей жағдайларда тіпті уәжіп деп қарастырған ғалымдар да бар. Мустахаб орындарының ең маңыздысы әрі хадистерде жиі аталатыны – «Әт-тәхият» (тәшәһудтен) кейінгі салауат. әйтсе де төменде салауаттың барлық орындарын келтіріп өтуге тырыстық:

* Төрт немесе үш рәкатты намаздардың екінші рәкатынан кейінгі бірінші «Әт-тахият» дұғасынан кейін салауат айту-мустахаб. Пайғамбарымыз бірінші және соңғы тәшәһһудте де өзіне-өзі салауат айтатын. (Әбу Ғауәнә, Нәсәи. Сахих хадис). Имам Шафиғи қай тәшәһһуд болса да салауат айтудың уәжіп екендігін айтқан, алайда «мустахаб» деген пікір қуаттырақ болып табылады.
* Намаз соңында екінші «Әт-тәхият» дұғасынан кейін салауат оқу – сүннет. Намаздағы салауатқа бір мысал келтірер болсақ, Аллаһ елшісі (с.а.с): «Аллаһуммә солли алә Мухәммәд, уә ғалә әәли Мухаммәд, кәмә солләйтә ғалә Ибраһим уә ғалә әәли Ибраһим, иннәкә хамидум мәжид. Аллаһуммә бәрик ғалә Мухаммәд уа ғалә әәли Мухаммәд, кәмә бәәрәктә ғалә әәли Ибраһим уа ғалә әәли Ибраһим, иннәкә хамидум мәжид (Аллаһым, Ибраһимге және оның отбасына (және оған ерушілерге) салауат еткеніңдей Мұхаммедке және оның отбасына (және оған ерушілерге) салауат ет. Шын мәнінде сен мақтауға лайық, аса даңқтысың! Аллаһым, Ибраһимге және оның отбасына (және оған ерушілерге) береке бергеніңдей Мұхаммед пен оның отбасына (және оған ерушілерге) де береке бере гөр! Шын мәнінде сен мақтауға лайық, аса даңқтысың!)»,-деп салауат айтуды үйреткен. (Бұхари).
Негізінен «Әт-тахият» дұғасынан кейін айтылатын салауат үлгілері өте көп. Бірақ халқымыздың ерте кезден үйреніп қалған дұрыс нұсқасы осы болуы себепті тек бір нұсқасын келтіріп отырмыз.
* Үтір намазында оқылатын Құныт дұғасынан кейін пайғамбарға салауаттар айтқан дұрыс. Бұған сахабалардан жеткен сенімді хабарлар дәлел болады.
* Мешітке кірген кезде салауат айтқан мустахаб. Аллаһ елшісі (с.а.с) бір хадисінде: «Егер де араларыңнан біреу мешітке кіретін болса, онда пайғамбарға сәлем жолдап, артынан: «Аллаһумма, ифтах ли әбуәәбә рахматик (Аллаһым, мен үшін Өз мейіріміңнің есіктерін аша гөр!)»,-десін. Ал егер шығатын болса пайғамбарға сәлем жолдап, артынан: «Аллаһуммә, Инни әсәлукә мин фадлик (Аллаһым, өзіңнің пазылыңмен сұраймын)»,-десін»,-деген. (Сахих хадис).
* Жұма күндері салауатты көбірек айтқан жақсы. Аллаһ елшісі (с.а.с) өзінің хадисінде: «Жұма күнінің түні мен күнінде маған салауат айтуды көбейтіңдер. Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Аллаһ оған он рет салауат айтады»,-деген. (Сахих хадис).
* Жұма, айт намаздарында және жалпы хұтпаларда салауат айту-хұтпа әдебіне жатады. Сахабалар да, оларға ілесуші табиғиндер де хұтпа ішінде Аллаһ елшісіне (с.а.с) салауат айтатын.
* Дұға, тілек тілеген кезде Аллаһ елшісіне (с.а.с) салауат айтқан мустахаб, жақсы амал. Кімде-кім дұға, тілек тілегенінде дұғасының ішінде салауат айтатын болса, бұл оған жеткілікті болып, күнәлары кешіріледі. Бұған пайғамбарымыздан жеткен хадистер дәлел бола алады. Пайғамбарымыз (с.а.с) бір адамның өз намазында Аллаһты ұлықтамастан, пайғамбарға салауат айтпастан дұға жасап жатқанын естіп қалып: «Мынау асығыстық жасады»,-деді. Сосын оны шақырып алып: «Егер де араларыңнан біреу дұға жасайтын болса әйуелі Раббысына мадақ пен мақтау айтып бастасын, сосын пайғамбарға салауат айтсын, одан кейін қалаған дұғасын тілесін»,-деді. (Ахмад, ӘбуДәуд. Сахих хадис).
* Жердің қай түкпірінде болса да пайғамбарға айтылған салауат иесін тауып барады. Ол кісі (с.а.с): «Менің қабірімді қайта-қайта келіп-кететін мекенге айналдырмаңдар да маған салауат айтыңдар! Шын мәнінде қай жерде болсаңдар да сендердің салауаттарың маған жетеді»,-деген. (Әбу Дәуд, сахих хадис).
* Мәжіліске қосылған кезде әрі мәжілістен қайтқан кезде Аллаһты еске алып, пайғамбарға салауат айту – сүннет. Аллаһ елшісі (с.а.с) бір хадисінде: «Аллаһ еске алынбаған қай жиын болса да Қияметте обалға ұшырайды»,-деген. (Сахих хадис). Осы хадистің түсіндірмесінде ғұламалар: «Бұл жерге салауат айту да кіреді»,-деген. Сондай-ақ, Суфиян Сәури мәжілістен тұрған кезде Аллаһ елшісіне (с.а.с) салауат айтатын.
Ал енді базарға шыққанда, түннің ортасында ұйқыдан оянғанда, Құранды толық оқып біткен кезде салауат айтуға қатысты сенімді хадистер келмеген, бәлкім бұл тек ғұламалардың өзіндік талпынысы, ізденісі нәтижесінде айтқан ойлары болып табылады.

Аллаһ елшісінен (с.а.с) өзгелерге салауат айту

Аллаһ елшісінен өзге пайғамбарларға, оның отбасына, жұбайларына, үмметіне немесе жеке адамға салауат айту мәселесіне келер болсақ, ғұламалар төмендегідей бөліп қарастырады.
а) Кез-келген пайғамбарға салауат айтып, сәлем жолдауға болады. Аллаһ елшісі (с.а.с): «Аллаһ пайғамбарлары мен елшілеріне салауат жолдаңдар. Шын мәнінде Аллаһ мені жібергені сияқты оларды да солай жіберген»,-деген. (Абдурразақ мусаннафы. Сахих хадис). Демек, қай пайғамбар есімі аталса да «Ғаләйһис салату уәс-сәләм» деп айтса болады. Кей жағдайда тек «Ғаләһис сәләм» деп, салауатты айтпай-ақ, амандық тілеп, сәлем жолдаса да болады. Бұған Саффат сүресінде пайғамбарлар есімдері аталған сайын Аллаһтың «Оларға сәлем болсын»,-деген аяттары дәлел бола алады.
ә) Егер де ол адам есімі пайғамбар есіміне ілескен болса, онда салауат айтуға болады. Мысалы: «Аллаһуммә солли ғалә Мухаммад уә ғалә әәли Мухаммәд», яғни «Аллаһым, Мұхаммедтке салауаттар болсын және оның отбасы мен оған ерушілерге салауаттар болсын»,-дегендей. Бұл жерде «отбасы» мен «оған ерушілерге» салауат айтылған. Кей нұсқаларда «уә әзуәәжиһи уә зурриятиһи» деген қосымша да айтылған, яғни «оның жұбайлары мен ұрпақтарына» деген сөз. Қайткен күнде де пайғамбар есімімен қатар айтылса басқа жанға да салауат айтудың еш сөкеттігі жоқ.
б) Егер де адам есімі жеке айтылса, онда белгілі себептермен ғана салауат айтуға болады. Мәселен, бір адам садақа әкелетін болса, садақа әкелген адамның есімін атап: «Аллаһумма солли ғаләйһи», яғни «Аллаһым, бұған салауат болсын»,-десе болады. Бұған Аллаһ тағаланың: «Олардың малдарынан садақа ал да, ол арқылы оларды тазартып, берекелендіресің. Оларға салауат (дұға) айт. Шын мәнінде сенің оларға жасаған салауатың (дұғаларың) – олар үшін бір тоқтау»,-деген сөзі дәлел. (Тәубе, 103). Осы аяттың түсіндірмесінде Абдуллаһ ибн Әбу Әуфә: «Мен садақамды алып келгенімде ол кісі: «Аллаһым, Әбу Әуфа әулетіне салауат болсын»,-деді»,-деген. (Бұхари, Муслим).
в) Сондай-ақ, бір адамға салауат айтқанда анда санда, бір-екі рет айтып қоюдың да оқасы жоқ. Мәселен: «Әбу Бәкрге салауат болсын»,-дегендей. Алайда әркез есімі аталған сайын оған салауат айту дұрыс болмайды. Себебі тыңдаушы адамдар оны пайғамбар деп ойлап қалуы ғажап емес. Бұл кейбір ғұламалардың пікірі.

Салауат айту маңызы

Біздің мақсатымыз-жалпы оқырманға кішігірім болса да мағлұмат беріп, жалпы хабардар ету. Ондай болса оқырманды жалықтырып алмауды мақсат тұтып, әйтсе де салауаттың кейбір маңыздарын атап өткеніміз артық болмайды:

* Ең алдымен бұл, яғни салауат айту – Аллаһтың «Әй, иман келтіргендер! Оған салауат айтыңдар»,-деген әміріне бойұсыну болып табылады. Ал Аллаһтың бұйрығына жауап қату – құлшылықтың бір түрі.
* Аллаһ елшісіне айтылған бір салауат – Аллаһ тарапынан он салауатқа тең. Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, сол салауат үшін Аллаһ оған он рет салауат айтады»,-деген. (Муслим). Ал Аллаһтың салауаты бұл дүниедегі барлық мақтау мен марапаттан артық екенін кез-келген ақыл иесі біледі.
* Қияметте Аллаһ елшісіне (с.а.с) жақын болудың жолы-ол кісіге салауат айту. Ибн Масғудтен жеткен хадисте пайғамбарымыз: «Қияметте адамдардың арасынан маған ең жақын болатыны – маған көбірек салауат айтушы»,-деген. (Тирмизи, әлсіз хадис).
* Есімін естіген кезде салауат айтпай қалу – ұят пен арға душар етеді, ал салауат айту – мақтау мен марапатқа жетелейді. Аллаһ елшісі (с.а.с) хадисінде: «Мен аталған кезде маған салауат айтпаған адамның мұрны жерге тисін»,-деген. (Тирмизи, сахих хадис).
* Салауат айтпау – сараңдық, ал салауат айту – жомарттық. Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: «Шынайы сараң – мен оның құзырында аталып, маған салауат айтпаған адам»,-деген. (Тирмизи, сахих хадис).
Бұл жердегі мағлұматтар ұшы-қиыры жоқ теңізге тасталған бір тамшыдайын ғана. Халқымыз дінге енді-енді бет бұрып келе жатқанында демеу болсын деп, анық, қысқа түрде жазып, тек сенімді хадистермен дәлелдеуді көздедік. Сөзіміздің соңында ұлы Раббымызға мадақ пен мақтаулар айтып, пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына, әйелдеріне, сахабаларына, оларға жақсы түрде ілесуші барлық мұсылманға салауаттар мен сәлем жолдаймыз!

Дайындаған: Азамат Саденов
Әл-Азһар университетінің 2 курс студенті
Каир қаласы, 2008 ж.


Иншаллах жалғасы болады …

Advertisements

5 Responses to Салауат айту үкімі мен жағдайлары

  1. zhanbolat айтады:

    A.R.B. [Allah Razy Bolsyn]
    kazak tilinde materialdar kobeye bersin

  2. trapatroles айтады:

    No entenc res de res

  3. Erkin айтады:

    Аллах разы болсын

  4. Aжар айтады:

    Алла разы болсын!

  5. Руслан айтады:

    МашАлла Азамат сизге Алла разы болсын истеген амал жане ниетнизге.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: