31. Әр-Раззақ

31.Әр-Раззақ

Араб тіліндегі «әр-ризқ» сөзінің негізгі мағынасы «пайдалануға жарайтын нәрсе». Бұл сөз қазақ тіліндегі «ризық, несібе» деген мағынаға жақын келеді. Бұл тілдік мағынасы.

Ал енді бұл есімнің Аллаһқа қатысты мағынасына тоқталатын болсақ, «ризықтандырушы, ризық беруші» деген мағынаға жақын келеді. Басқаша айтқанда Ол ризықты жаратушы, сосын Өзі жаратқан жаратылыстың бәріне толықтай тиісті ризығын үлестіріп, азық-ауқатын реттеуші. Аллаһтың ризығы мұсылман мен кәпір, үлкен мен кіші, ауру мен сау талғамайды, бәлкім бәріне тегіс беріледі. Аллаһ тағала: «Жер бетінде қандай жануар болса да Оның ризығын Аллаһ қана үлестіреді»,-деген. (Һуд, 6).
Сондай-ақ, «әр-Раззақ» есімі күшейтпелі үлгіде келуі себепті «қайта-қайта, үзбей, бәріне ризық Беруші» деген мағынаны да қамтиды. Қазақша аудармаларда «ризықтандырушы, ризық-несібе беруші, ризық беруші» деп аударылған. Біз бұл есім баламасын «Ризықтандырушы» деп аудардық.

Бұл есім Құранда бір рет келген. Құдіретті Раббымыз: «Шын мәнінде Аллаһ Ол Ризықтандырушы, күш қуат иесі, өте Мықты» (Зәрият, 58), – деп, Өзін «әр-Раззақ» деген атпен бір жерде атап өткен.

Осы есімнің мән-мағынасын дұрыс ұғынып, толық түсінген адам мынандай пайдаларға қол жеткізе алады:

  • Шынайы ризықты жарату және Оны үлестіру ісі серігі жоқ, жалғыз Аллаһқа тән. Аллаһ тағала Құранда: «Олардан: «Сендерге көктерден және жерден кім ризық береді?»,-деп сұра да: «Аллаһ»,-де»,-дейді. (Сәбә, 24).

Бұл аятта Ұлы Раббымыз ризық беру ісінің тек өзіне тән екенін білдірген. Ондай болса ризық тілеуде жалғыз Аллаһтан медет сұраған дұрыс болады. Әулие-әнбие, пұттар мен жалған құдайсымақтың ешқайсысы да ризық беріп, несібе арттыра алмайды. Жүрмей тұрған жұмысты жүргізіп, күрмелген жолды ашып, басымызға бақ, астымызға тақ беретін жалғыз Аллаһ қана. Аллаһ тағала Құранда пұтқа құлдық жасап, жалған құдайсымақтарға табынушылардың істерінің түкке тұрғысыздығын айтып: «Олар Аллаһтан өзге өздері үшін жер мен көктен бір ризыққа ие бол алмайтын әрі шамалары да келмейтін нәрсеге табынады»,-деген. (Нахыл, 73).
Қабір аралап, өлілерден медет сұрап, әулиеге құрбан шалып: «Жолымды аш» – деп байбалам қағушылар да осы үкімге кіретінін көп жандар біле бермейді. Әруаққа ас бермесе ризығы азайып, жағдайы нашарлап, жолы күрмеліп, өзі бәленің астына көміліп қалам деп қорқатыны да бар. Сонда мұның бәрі де ризықтың Аллаһ тарапынан ғана келетінін мойындамаушылық екенін түсінсе игі еді!

  • *** «Бұл өмірдегі құбылыстар мен жағдайлар ғасырлар бойы айналып, қайталанып келе береді, ал өзгеретіні тек адамдар мен есімдер» деген сөз бар. Бұлай дейтін себебіміз, ертеде арабтар қыз туса «арым», деп, ұл туса «сорым»,-деп, бай болса «ризығым азаяды» деп, кедей болса «өзіме жетпейді» деп, шақалақтарын тірідей көметіні бар-ды.

Осы бір жаман әдет қазіргі таңда да кең етек жайып, отбасылардың көбісі баласын тірі түсік жасап, алдыртып, ризығы үшін қам жеп, бала сүюден бас сауғалап қашып жатады. Бұлай деушілік Аллаһтың «ризықтандырушы» деген есімін білмегеннен ғана туады. Аллаһ тағала Құранда: «Аллаһ сендерді жаратқан, сосын ризықтандырған, сосын сендердің жандарыңды алады, сосын қайта тірілтеді», (Рум, 40) – деп, жаратудан кейін міндетті түрде әр пенденің, әр жандының ризығын беретінін айтқан.

Сонда олар Аллаһтың: «Жер бетінде қандай жануар болса да Оның ризығын Аллаһ қана үлестіреді»,-деген сөзіне құлақ аспағаны ма? Ақылы болса өзіне келіп жатқан ризықтың қайдан, қалай келіп жатқанына көз салса несі кетер еді? Бәлкім, біреуге жеткен ризық екіншіге, екеуге жеткені төртеуге жетеді. Әр адам жаратылып, онымен бірге оның ризығы да жаралған. Жарық көрмек баланы тірідей түсіріп, Аллаһтың қаһарына ұшырап қалудан абай болыңыздар!

  • *** Ризық дегеніміз тек ішіп-жем тағам емес, бәлкім пенденің қол астындағы барлық мүлігі, оның тұрағы мен киімі, бала-шағасы мен туыстары, демалуы, күлуі, және т.б нәрселер. Бұл жалпы құлдардың бәріне де беріледі әрі «өткінші риызық» деп аталады.

Ризықтың екінші түрі мәңгілік пайдасы бар, жүректі азықтандырушы ризық, яғни білім мен дін. Ризықтың бұл түрі тырысушы мұсылман, мүмин құлдарға беріледі. Сөзімізге дәлел келтірер болсақ,

Аллаһ тағала Ибраһимге: «Мен сені адамдарға басшы қыламын»,-дейді. (Бақара, 124). Яғни дін саласында Ибраһимге басшылықты ризық етіп, тура жол мен анық сенімнің имамы қылуға сөз берген. Осы кезде Ибраһим: «Ұрпақтарымнан да ете гөр»,-деп тілеп еді, Аллаһ тағала: «Ұрпақтарыңнан залымдар бұл сертіме қол жеткізе алмайды»,-деп жауап қатады. (Бақара, 124). Демек, дін, тура жол ризығы тек тырысушы, ізденуші, талпынушы мұсылмандарға беріледі, ал зұлымдыққа, серік қосуға жақын жандар ризықтың бұл түрінен мақұрым қалады екен.
Сосын Ибраһим дұға қылып: «Раббым! Бұны бір тыныш қала қыла гөр және оның тұрғындарынан кім Аллаһқа және ахирет күніне иман келтірсе, оларды әртүрлі өнімдермен ризықтандыр»,-деп жалбарынады. (Бақара, 126). Ибраһим Аллаһтан ризық сұрағанда тек Аллаһқа иман келтіріп, ахиретке сенгендерді атап өткен болатын. Сол үшін Аллаһ тағала: «Кәпірлерге де (ризық беремін)»,-дейді. Яғни ризықтың өткінші түрі мұсылман-кәпір талғамайтынын меңзеп айтқан.
Осы аятты оқыған кейбір кәпір, дінге бойсұнбаған, Аллаһқа иланбаған жандар: «Аллаһ бәріне бірдей ризық берсе болғаны, одан артық не керек?!»,-деп, өзіне басу айтуы ғажап емес. Аллаһ тағала осы аяттың жалғасында: «Сосын оны (осы дүниеде) азғантай алдандырамын да оны от азабына зорлаймын әрі бұл неткен жаман орын!»,-деген. (Бақара, 126).
Осы бір аяттардан ғибрат алып, ойланар жандар аз сірә. Қамшының сабындай ғана қысқа өмірімізде құлшылыққа уақыт таппай, таң бозара жұмысқа шапқылап, кеш қызара шалдығып, төсекке бас ұрып, өмірімізді мәнсіз, мағынасыз өткізгенімізге мәзбіз. Өткінші ризықты жинауға бар күшімізді салып, ахиретте азық болар мәңгілік ризыққа немқұрайлы қараймыз. Сонда бұл біздің ақылымыздың айнасы ма, жоқ ақымақтығымыздың соры ма?!

  • *** Аллаһ аса жұмсақ, тым кешірімшіл. Аллаһ елшісі (с.а.с) бір хадисінде: «Айтылған жамандыққа Аллаһтан артық шыдайтын ешкім жоқ. Біреулер Оны «баласы бар» деп балағаттайды, бірақ (Аллаһ) соның өзінде оларды кешіріп, ризықтандырады»,-деген. (Муслим).

Сірә қазағымыздың «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген сөзі осыдан шықса керек. Балағаттап, тіл тигізгенді кешіріп, қонаққа шақырып, жақындасып, достаса білу әрі кек алмауға тырысу мұсылманшылықтың белгісі.

  • *** Аллаһтың біреуді шексіз бай қылып, біреуге азғана мүлік беріп, кедей қылуы шексіз даналығының нәтижесі. Құранда бұл жайында: «Аллаһ ризық беруде біріңді-біріңнен артық қылды»,-делінген. (Нахыл, 71).

Аллаһ тағала байлыққа лайықты адам мен лайықсыз адамды білуші әрі байлық беріле қалса жағдайы қандай болатынынан хабардар. Біреуге байлықтың берілуі оның абзалдығы емес, бәлкім көтере алушылығының арқасы, ал байлық берілмегені оны көтере алмайтынының белгісі. Біреудің басы кедейлікке душар болса жағдайы нашарлап, азғындыққа ұшырауы мүмкін, ал енді біреуі байлыққа қол жеткізсе шектен шығып, бұзықтықтардың кілті болуы да ғажап емес. Байлық пен кедейлік Аллаһтың даналығының нәтижесі. Құранда: «Егер Аллаһ құлдарына ризықты кеңейтіп жіберсе әлбетте жер бетінде бүліншілік шығарады»,-дейді. (Шура, 27). Өзіне қажетті малдан артық ақша, артық байлық кеп қалса шектен шығып, жер жүзінде бүліншілік жасап кетуі мүмкін. Сол үшін аят жалғасында: «Бірақ, қалаған мөлшерде ризық береді»,-деп, адамдардың қай жағдайы болса да Аллаһтың өлшемімен берілетінін білдірген. Себебі Аллаһ: «Өзінің құлдарынан Хабардар, әрі оларды Көруші». (Шура, 27).

  • *** Малдың көптігі Аллаһтың жақсы көретініне дәлел болмайды және адамның кедей болуы Аллаһтың азабына ұшырағандық емес.

Кейбір кәпірлер мен діннен хабары аз жандар осылай ойлап қалуы ғажап емес. Аллаһ тағала Құранда кәпірлер жайында: «»Біз көп мал мен бала-шағаға иеміз, сондықтан да азапқа душар болмаймыз»,-дейді. Оларға: «Сөз жоқ, Раббым әлде кімге қаласа ризығын кең етіп, әлдекімге тар етіп береді. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді»,-де»,-деген. (Сәбә, 35-37). Ондай болса байдың байлығына қарап: «Маған неге бермейді?» деп кейіс білдіру орынсыз болмақ. Аллаһтың даналығын дұрыс түсіне алмайтын адамдардың қатарынан болып қалудан сақтасын Раббымыз.

Ал енді «Мен неге кедеймін?» деп қам жейтін жандар сабыр сақтап, Аллаһтың даналығына шек келтірмегені дұрыс. Мекке кәпірлері пайғамбардан әлдеқайда бай болатын. Бірақ, шынайы байлық мал емес, шынайы байлық – дін! Аллаһ елшісі (с.а.с) бір хадисінде: «Аллаһ сендердің денелерің мен келбеттеріңе қарамайды, бәлкім, сендердің жүректерің мен амалдарыңа қарайды»,-деген. (Муслим). Тіпті, кедей адамның жәннатқа байлардан бұрын кіретіні айтылған. Нағыз қуаныш сол кезде болмақ. Сондай-ақ, Аллаһ тағала: «Сол күні (дүниеде берілген) әр нығметтен сұраласыңдар»,-деген. (Тәкәсур, 8). Осы бір аятқа сезіммен емес, ақылмен назар аударған адам байлықтың мәнін дұрыс түсінер!

  • *** Аллаһтан қорқу, тақуалық, Аллаһқа бойсұнушылық ризықтың артуының бірден бір себебі болып табылады.

Аллаһ тағала Құранда ертедегі кітап иелері жайында: «Егер олар Тәурат, Інжілді және Раббылары тарапынан өздеріне түсірілгенді толық орындаса еді, әрине олар үстінгі жақтарынан әрі аяқтарының астынан жейтін еді»,-деген. (Мәйдә, 66). Тағы бір аятта: «Егер ол өлкелердің елі иман келтіріп, сақсынса еді, әрине оларға көк пен жердің берекеттерін ашып берер едік»,-деген. (Ағраф, 96). Кейбір жандар өзі Аллаһқа серік қосып, оқылған намазы жоқ, тұтылған оразасы жоқ бола тұра: «Мен Аллаһқа не жаздым?»,-деп, кедей болғанына кейіс білдіріп жатуы осы аят арқылы жауап беріледі. Ризықтың кілті тақуалық, бойсұнушылық болса, мұның керісі ризықтың азаюына да себеп болып жатады.

Біреулер бала табуды қиын көріп, ризықтың азаюынан қорқады, біреуі қонақ күтіп, ас пісіруден тартынады. Аллаһ тағала Құранда: «Кімде-кім Аллаһтан қорқатын (тақуа) болса, оған (Аллаһ) шығар жол тауып береді және оны ойламаған жерден ризықтандырады»,-деген. (Талақ, 2-3).

  • *** Аллаһтың ізгі құлдары үшін әзірлеп қойған жәннаты, құлақ естімеген, көз көрмеген, суреттеп айту мүмкін болмаған бақтары – ризықтың ең ұлы түрі!

Сол үшін де Ұлы Раббымыз Құранның көп жерінде жәннатты «ризық» деп атаған. Құранда: «Иман келтіріп, ізгі іс істегендерге сыйлық берілуі үшін. Міне солар үшін жарылқау, көркем ризық бар!»,-делінген. (Сәбә, 4). Аллаһым, біздің өзіңнің жәннатыңа кіргізіп, ұлы ризыққа қол жеткізген құлдарыңның қатарына қоса гөр!

Бұл есімді Аллаһтан өзге ешкімге таңуға болмайды!

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: