Фатиха сүресінің түсіндірмесі (6-шы аят)

Бізді тура жолға сала көр! (6)

Ендігі кезекте ұлы сүренің үшінші бөлімі, яғни тек құлдарға қатысты бөлігі басталды. Өзімізге белгілі хадисте Аллаһ елшісі (с.а.с): «Егер де құл «Иһдинас сыратал мустақийм, сиратал-ләзәинә әнғамтә ғаләйһим ғойрил мағдуби ғаләйһим уәләд-дааллийн»,-десе, Аллаһ: «Бұл құлым үшін әрі құлыма сұрағаны беріледі»,-дейді»,-деген. (Муслим).
«Бізді тура жолға сала көр!» деген сөйлем сүренің арабша нұсқасындағы «Иһдинәс сыраатәл мустәқийм» деген аяттың қазақша баламасы. Ендігі кезекте әрбір сөзіне тоқталып көрсек:

«Иһдинә» дегеніміздің қазақша баламасы «бізге һидаят бер, бізге тура жолға деген сәттілік бер»,-дегенге жақын келеді. Шариғатымызда «Һидаят» сөзі екі мағына беретінін бір дәрістерімізде айтып өткен болатынбыз. Сонда да қайталап өтер болсақ, Һидаяттың бірінші түрі «һидаяту иршад уәл бәйәән», ал екіншісі «һидәятут тауфийқ».
Һидәяту иршәд дегеніміз – тура жол жайында келген хабарды есту сәттілігі. Яғни кез-келген адамның Ислам жайында естуі, пайғамбар туралы білуі, дін жайындағы хабардың келуі осы түрге жатады. Бұл барлық адамға берілген тура жол, яғни бұл дүниеде Аллаһ, дін, Ислам, Мұхаммед жайында естімеген, білмеген ешкім жоқ, бәрі де біледі.
Һидәятут-тауфийқ дегеніміз – осы есітлген хабарды жүзеге асырудағы сәттілік. Яғни Аллаһ, дін жайында естігенге иман келтіріп, шариғатқа сай амал жасап, мұсылман болу. Һидаяттың нағыз керекті бөлігі де осы, себебі һидәяттың бірінші түрі бәріне де берілген, ал екінші түріне қол жеткізгендер тек мұсылман болып өлгендер ғана. Аятта: «Бізге һидаят бере гөр» деп жалбарыну арқылы біз осы екі түрін де сұраймыз, яғни «бізге дін жайында есту һидаятын да, оған сай амал жасау һидаятын да бере гөр» деген мағына шығады.
«Әс-сыраат» дегеніміз «жол» дегенді білдіреді. Араб тілін білетін кейбір үлкен ғұламалар осы бір тұста былай деген: «Араб тілінде «жол» деген сөздің синонимдері көп. Мысалы: «әт-Тарийқ», «әс-Сәбийл», «әс-Сыраат» дегендей. Енді ұлы Раббымыз осы аятта не себепті алдыңғы екі синонимді алмай, тек «әс-Сыраат» сөзін қолданған? Себебі «әт-Тарийқ» сөзі мен «әс-Сәбийл» сөзінің көпше түрі бар, ал «әс-Сырат» сөзі көпше түрге салынбайды»,-деген. Демек, Аллаһ тағала бұл аятта «әс-Сыраат» сөзін қолдану арқылы Ислам дінінде тура жолдың тек жалғыз екенін, оның көпше түрі болмайтынын көрсеткісі келген. Ислам дінінде тек жалғыз жол бар әрі тек сол ғана дұрыс, тура болып есептеледі. Бұл аят арқылы: «Сенікі де дұрыс, менікі де дұрыс, ең бастысы Аллаһты жақсы көрсек болғаны»,-деген сөздің дұрыс еместігі байқалады. Ертедегі сахабалар да, үлкен ғалымдар да: «Аллаһты жақсы көру мақсатқа жеткізбейді, бәлкім, Аллаһ сені жақсы көре ме, міне осы маңызды»,-дейтін. Осы бір нақылды ой елегінен өткізсек, біреулер «Әйтеуір Аллаһты жақсы көріп, құлшылық жасай беру керек екен» деп, дінде жоқ көптеген нәрселерді қосып алып, осының бәрін де «дұрыс» көруі мүмкін. Кәпірлер де Аллаһты өзінше жақсы көреді, християндар да Аллаһты жақсы көреді, өздерінше құлшылық жасайды. Сонда басты мақсат Аллаһты жақсы көру болса, онда барлығы да жәннатқа кіреді емес пе?! Бірақ, Аллаһты жақсы көргенге қатар Аллаһтың да бізге деген махаббаты болу керек.
Енді осы кезде мынадай үлкен сұрақ туады: «Аллаһ бізді жақсы көру үшін не жасау керек?». Бұл сұраққа Ұлы Раббымыз былай деп жауап берген: «Айт, әй, Мұхаммед! «Егер де Аллаһты жақсы көрген болсаңдар, онда маған еріңдер! Сол кезде Аллаһ та сіздерді жақсы көреді»». (Әли Имран, 31). Аллаһтың махаббатына қалай жетуге болатыны енді түсінікті болған сияқты. Ол үшін пайғамбарымыз Мұхаммедтің жолымен жүріп, сол кісіге ілесу керек етіледі. Егер де пайғамбар жолымен жүріп, ол кісінің сөзіне иланып, айтқанын орындап, тыйғанынан тыйылсақ, Аллаһ та бізді жақсы көріп, арман-мақсатымызға сол кезде ғана жете аламыз! Ал енді дінде жоқ нәрсені «жақсы іс екен» деп, өздігімізден қосып, «таста, бұл дінде жоқ» дегенге құлақ аспайтын болсақ, онда Аллаһты жақсы көруіміздің еш пайдасы да болмай қалады! Жетінші аят түсіндірмесінде бұған көз жеткіземіз әлі!
Қасиетті Құран кәрімде тура жол, дін, жақсылық айтылған кезде жекеше түрде айтылып, ал адасу, күпірлік, ширк аталған кезде көпше түрмен айтылады. Мәселен, Аллаһ тағала пайғамбарға былай деуді бұйырған: «Бұл менің жолым, осы тура жолмен жүріңдер де, бұдан өзге жолдарға ілеспеңдер!». (Әнғам, 153). Бұның сыры – тура жол жалғыз, ал адасу, бидғат, күпірлік, ширк жолдары өте көп. Сол үшін де Аллаһ елшісі (с.а.с) өзінің хадисінде: «Яһудилер 71 тармаққа бөлінді, Християндар 72 тармаққа бөлінді, ал менің үмметім 73 тармаққа бөлінеді. Біреуі жәннаттық, қалғаны отта»,-деген. Сонда ол кісіден осы жалғыз топтың кім екенін сұрағанда ол кісі: «Мен және менің сахабаларымның жолы»,-деген. Тура жол кімнің жолы, оны қалай анықтаймыз деген сұрақты келесі аятты түсіндіре келе айтып өтеміз, иншалла!
Енді бұл тура жолдың өзі «әл-Мустақийм», яғни түзу болып табылады. Бұл жол өз бойында еш ақаулығы, еш қисықтығы жоқ тура жол. Осы жолмен жүрген адамдар еш бұрылмастан, адаспастан тура Аллаһпен қауышып, жәннатқа беттейді. Осы түзу жолға түсу өте жақсы, бірақ, тура жолда өлу бұдан да абзалырақ. Көптеген адамдар Ислам қабылдап, дінге берік болып, уақыт өте келе иманы әлсіреп, діннен шығып қалуы мүмкін немесе бидғат, ширк арқылы діннен адасып кетуі де ғажап емес. Сол үшін осы тура, түзу, жалғыз болған жолға түсіруді сұрағанымыздай, осы жолдан аяғымызды тайдырмауын да сұрап жүргеніміз оңды болмақ!
Ендігі кезекте аяттың мағынасын толық айтатын болсақ: «Бізге Аллаһ, дін, Ислам, Мұхаммед жайында білім беріп, соған иман келтіріп, амал етерліктей һидаяттың екі түрін беру арқылы жалғыз ғана туп-тура, түп-түзу жолыңа бастай көр әрі аяғымызды да тайдырма»,-деген мағына шығады.

Advertisements

2 Responses to Фатиха сүресінің түсіндірмесі (6-шы аят)

  1. zhandos айтады:

    Араб тілінде “жол” деген сөздің антонимдері көп.
    qatelik ketipti sinonimderi

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: