Фатиха сүресінің түсіндірмесі (7-ші аят)ِ

Нығметке бөлендіргендеріңнің жолына! (4-С. 69-А). Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес! (5-С, 78-А.) (7). «Амин»

Алдыңғы аятта тура жол жайында сөз етілді. «Бізді тура жолға сала көр!» деп дұға еткен болсақ, тура жолдың маңыздылығы өте үлкен. Бірақ, тура жолдың жалпы анықтамасы мен мағынасы белгілі болғанымен қайткен күнде үлгі, өнеге көрсетерлік біреулер керек. Осы кезде сұрақ туады: «Тура жол деген қай жол? Кімнің жолы?»


Бұл сұрақтардың бәріне де келесі аят жауап береді. «Нығметке бөлендіргендеріңнің жолына». Ондай болса тура жол дегеніміз – Аллаһ нығметке бөлендіргендердің жолы.
Аллаһтың нығметке бөлендіргендері – тақуалар. Исламның талап-мақсаттарын орындап, адамгершілікке жақын жүргендер. Бұл жалғанда өзін жәннатқа лайықтымын деп білетіндер өте көп, алайда жәннатқа кіруге шынайы лайықта болатындар тек Аллаһтың нығметіне бөленгендер.
Ертеде кітап иелері: «Християн немесе яхудиден өзгелер жәннатқа кіре алмайды»,-деп айтатын. (Бақара, 111). Өздерін туралықта деп біліп, жәннаттың кілтін християндық не яһудилікте деп білетін. Бірақ, бұл олардың шындыққа жанаспайтын ойлары ғана. Аллаһ тағала әлгілердің осы сөзінен кейін: «Олай емес, кімде-кім жүзін Аллаһқа толықтай тапсырып, өзі жақсылық істейтін болса, сонда оған Раббысының қасынан сыйлық бар»,-деген. (Бақара, 112). Демек, Ислам талаптарын орындап, толықтай Аллаһқа берілу және жақсылыққа тырысу – жәннат кілті. Бұл жалпы алғанда нығметке бөленгендер.
Сондай-ақ, Аллаһ тағала нығметке бөленгендердің кім екенін нақтылай түсу үшін тағы бір аятта: «Кімде-кім Аллаһ пен Оның елшісіне бойсұнса, онда ол пайғамбарлар, шыншылдар, шәһидтер және ізгілермен бірге нығметке бөленгендердің қатарында болады. Бұлар неткен керемет дос еді?!»,-деген. (Ниса, 69). (Халифа Алтай жақша ішіне 4-С, 69-А деп жазуы арқылы осы аятты меңзеген).
Ондай болса пайғамбарлардың бәрі де нығметке бөленгендер. Аллаһтың сөзі, діні жоғары болсын деп соғысқан шәһидтер де нығметке бөленгендер. Тек шындық сөйлеп, Құран мен елшіге сеніп, растап, ақиқаттан өзгеге көз жұматындар да нығметке бөленгендер. Өзге пасықтықтан аулақ болып, ізгілікке жақын жүргендер де нығметке бөленгендер. Пайғамбарлар да, шәһидтер де, шыншылдар да, ізгілер де Аллаһқа бойсұнып, жақсылыққа жән-тәнімен берілген жандар. Енді осылардың қатарына қосылып, нығметке бөлену үшін Аллаһ пен Оның елшісіне бойсұну керек етіледі. Басқаша айтсақ, Исламға толығымен бет бұрып, иманды тәрбиелеп, жақсылық жасау.
Осы аталғандар нығметке өздері қол жеткізген бе? Әлбетте, оларды нығметке бөлеп, жақсылыққа беттерін бұрған – Аллаһ. Сол үшін де «Нығметке бөлендіргендеріңнің» деп келген аятта. Барлық ризық, барлық нығметтің иесі тек Аллаһ. Аллаһтан өзге нығмет пен ризық иесі жоқ.
Осы арқылы адамның бойында менмендік, өзімшілдік, тәкәппарлық сезімдері жойылып, кішіпейілділік, Аллаһтан қорқу сынды жақсы сипаттар қалыптасады. Құл өзінің әлсіздігін, Аллаһқа деген мұқтаждығын түсініп, Раббысына қарай бет бұрады. Әрбір істің басы да, аяғы да Аллаһтың қолында. Қалағанына береді, қалағанына бермейді! Ал енді Аллаһ тарапынан берілетін игілік пен нығметтің ең абзал түрі – тура жол. Жалғыз болған тура жол. Себебі одан өзге жолдың бәрі адасушылық, ал барлық адасушылық – отта!
Аяттың келесі жартысында: «Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес»,-деп, адамдардың осы екі тобынан сақтауды сұраймыз.
«Ашуға ұшырағандар» деген жерде яһудилер меңзеледі. Олар не себепті ашуға ұшыраған?
Байқап қарасақ, пайғамбарлар ең көп жіберілген халық – Исрайл ұрпақтары. Ал енді пайғамбарлардың қайта-қайта келуі бұл халықтың қателікке жиі бой алдыруының салдарынан. Бірақ, бұлар қателіктен гөрі қасарысушылыққа, біліп тұрса да білгеніне амал жасамауға бейім келгені себепті осылай болды. Оларға әр пайғамбар Аллаһ тарапынан тура жол мен шариғат әкелді. Бірақ Исрайл ұрпақтары келген ілімді қабылдамай, халалды харам деп, харамды халал деп, өздеріне жаққанын дін көріп, жақпағанын алып тастап, шариғатқа, ілімге сай амал етпеді.
«Енді пайғамбар келсе ілесеміз»,-деп жүргендерінде Мұхаммед пайғамбарымыз елші болып жіберілді. Мүминдер анасы Сафияның бір оқиғасын еске алайық. Ертеде бір үлкен яһуди адам болыпты. Ол кезде Сафия анамыз кішкентай қыз болатын. Әлгі адам әркез осылардың үйіне қонақтап келіп, кішкентай Сафияны еркелетіп, әлпештейтін.
Бір күні арабтардың арасынан пайғамбар шықты деген хабар тарайды. Сонда әлгі адам Сафияның үйіне келеді. Әркез келген сайын ең алдымен кішкентай қыз Сафияны сүйіп, еркелететін әлгі адам бұл жолы Сафияға мән бермей, суық ірең танытады. Өздері күтіп жүрген пайғамбардың яһудилер арасынан емес, арабтардан шыққанына наразы болып, қабақ шытқан әлгі адам Сафияның әкесіне келіп, сұхбат құрады. Сөйтіп Сафияның әкесінен: «Не істейміз? Артынан ереміз бе?»,-деп сұрайды. Қыздың әкесі тәкаппарлықтың түтініне булығып: «Жоқ, ермейміз»,-деп, қабақ шытқан екен. Осылайша хақты біле тұра бет бұрғандары салдарынан олар ашуға душар болды.
Бұл тек Исрайл ұрпақтарына, яһудилерге ғана қатысты аят емес, бәлкім, біліп, білгеніне сай амал жасамайтын барлық адамға қатысты. Аллаһтың шариғатын естіген адам амал етуі міндетті, ал бұлай жасамаған адам ашуға ұшырап қалуы ғажап емес!
«Адасқандар» деген жерде християндар меңзеледі. Себебі бұлар ілімдері аз болып, білімсіздігіне қарамастан құлшылықтың түрлерін көбейтіп, ақыры күпірлікке бірақ жетті. Білімі мен ілімінің аздығына қарамастан құлшылығын көбейтпекші болып, ақыры адасып кетті.
Бұл тек християн қаумы үшін емес, білімсіз амал жасап, адасуға жақын жүретін барлық адамға қатысты аят. Білімсіз сөз сөйлеп, шариғатты бұрмалап, дінде жоқ болса да құлшылықтың үстіне құлшылық ойлап тауып, дінге жаңалықтар енгізу арты адасушылыққа апарады. Тіпті қоймаса күпірлікке де апармақ.
Яһудилер және амалға сай амал жасамаушы кез-келген адам – шәһуат аурымен ауыратындар қатарына жатады. Олар біліп тұрса да осы жалғанды алға қойып, амал етуден, иман келтіруден қашқақтайды.
Ал християндар мен оларға ұқсап, білімсіз амал жасаушылар – күмән ауруымен ауырады. Сол үшін де олар надандыққа белшесінен батып, надандықтың қараңғылығынан шығуға тырыспайды!
Демек, адамдар үш топқа бөлінеді. Бірінші тобы – Аллаһтың нығметіне бөленгендер, пайғамбарларға, шыншылдарға, шәһидтерге және ізгілерге еріп, тура жолда жүрушілер. Құран мен сүннетті бастау етіп, исламды берік ұстанып, пайғамбарға ілесушілер. Екінші тобы – білген іліміне амал жасамайтындар, қасарысып иман келтірмейтіндер, яһудилерге ұқсаушылар. Үшінші тобы – білімі жоқ болса да құлшылықтарды ойдан жасап, көбейтіп, дінге жаңалық енгізіп, адасып, християндарға ұқсаушылар.
Осы аяттан шығар пайдалардың тағы бірін айтатын болсақ, дін жайында түсіндіруші адам тыңдаушылардың жақсы түсінуі үшін мәселелердің арасын ашып, айықындап отырып түсіндіргені дұрыс. Аллаһ тағала «Бізді тура жолға сала гөр» деп, тура жол жайында баяндап өтті. Содан кейін сұраушының көкейінде сұрағы қалмасын деп тура жолдың қандай екенін түсіндіріп: «Нығметке бөлендіргендеріңнің жолына, ашуға ұшырағандар мен адасушылардың жолына емес»,-деген.
Бұл аяттың қазақша баламасы: «Өзің нығметке бөлендіргендеріңнің жолына сала гөр. Ашуға ұшырағандар мен адасушылардың жолына емес». Біреулер осы жерде: «Неге сөйлемді «Ашуға ұшырағандар мен адасушылардың жолына емес, нығметке бөлендіргендеріңнің жолына»,-деп аудармады»,-деп сұрауы мүмкін. Бұған жауабымыз: Аллаһ тағала алдымен «нығметке бөленгендерді атап, олардың дәрежесін жоғары еткен. Осы әдептен озбас үшін біз де Құран аятына сай аудардық. Иншалла, Халифа Алтай атамыз да осылай ниеттенген деп ойлаймыз.

Ал аяттың толық мағынасы: «Аллаһым, біздің Өзің нығметке бөлендірген пайғамбарлар, шәһидтер, шыншылдар және ізгілердің және жалпы тақуалардың жолына салып, иман келтіріп, жақсылық жасаушылардың қатарына қос. Бірақ білгеніне амал жасамай ашуға ұшырағандар мен білімсіз амал жасап адасқандардың жолына салма!»

Амин!

Фатиха сүресін оқып болған адам «әмин» деп айтқаны дұрыс. (Амин дегеннен гөрі әмин деп айту дұрысырақ). Әбу Һурайра арқылы жеткен хадисте Аллаһ елшісі (с.а.с): «Егер имам «Ғойрил мағдууби ғаләйһим уәләд-дооллийн» десе, сендер артынша «Әмин» деңдер. Кімнің әмин деуі періштелердің айтқанына сәйкес келсе, алдағы өткен күнәлары кешіріледі»,-деген. (Бұхари).
«Әмин» сөзі «Аллаһым, қабыл ал!» деген мағына береді. «Әмин» сөзін жай ғана «әмин» деп немесе «әәмин» деп, «ә» әрпін созыңқы етіп айтуға болады. Екеуі де дұрыс.
Бұл Фатиха сүресінің бөлігі емес, бірақ соңынан «дұғамызды қабыл ал» деген мағынадағы қосымша сөз ғана. Имамның оқығанына қосылып: «Әмин» деген адам имаммен бірге оқығандай сауап алады. Дәлел ретінде Мұсаның: «Раббымыз! Расында перғауын және оның шонжарларына дүние тіршілігінде зейнет пен мал бердің. Жолыңнан адастырулары үшін бе? Малдарын жоқ ет, жүректерін қатайт,! Жан түршігерлік азапты көргенге дейін олар иман келтірмейді», деген дұғасын келтірсе болады. Мұсаның осы бір дұғасынан кейін Аллаһ тағала: «Екеулеріңнің дұғаларың қабылданды»,-дейді. (Юныс, 88-89).
Байқап қарасақ, бұл дұғаны Мұса айтқан, ал Аллаһ: «Екеуіңнің дұғаларың қабылданды»,-деген. Мұның сыры – Һарун Мұсаның әрбір сөзінен кейін «әмин» деп тұрған болатын. Сол үшін де екеуі дұға еткендей болып, Аллаһ тағала: «Екеуіңнің дұғаларың қабыл болды»,-деген. Сол үшін осы бір баға жетпес дұға сүресін оқығаннан кейін оқыған адам да, естіген жан да «әмин» деп айтқаны дұрыс!

*** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *** *

Халифа Алтай атамыз Фатиха сүресінің қазақша баламасын берген соң жақша ішіне кішігірім қорытынды, түсініктеме жасаған. Әр сөзін жеке-жеке қарап, талдап көрсек:

(Құран кәрим, негізінен алты түрлі күрделі маңызды қамтиды), яғни 6 күрделі тақырып, (1-Алланың барлығы, бірлігі), яғни таухид. Құранның ең негізгі тақырыбы – осы таухид. (2-Пайғамбарлық), мұны шариғатымызда нубууа деп атайды. Жалпы пайғамбарлар жайлы хабарлар. (3-Құлшылық, 4-Қиямет), яғни ахирет күні мен Қияметтің барлық кезеңдері, (5-Бұларға сенушілердің жайы), яғни мүмин-мұсылмандардың жағдайлары, сыйлары дегендей және (6-Сенбеушілердің жағдайы), яғни кәпір, мүшрик және мунафиқтердің (екіжүзділердің) жағдайлары, (соңғы екеуі көбінесе қисса түрінде келеді.), яғни ертеде өткен қауымдағы иман келтірушілер мен кәпірлер жайында айтса қисса, оқиға түрінде келеді. Ал енді егер болашақта қол жеткізетін нәтиже айтылса, онда қисса емес, нақты сүйінші немесе анық ескерту ретінде келеді.

(Мысалы: «2-3-А»), яғни Фатиха сүресінің екінші, үшінші аяттары (Алланың барлығын, бірлігін), яғни әуелгі пунктты қамтиды. «Әлемдердің Раббысы», «Аллаһ», «аса Рақымды», «ерекше мейірімді» деген есімдер Аллаһтың барлығын, құлшылыққа лайықтылығын, көркем есімдер иесі екенін білдіреді. Осылайша жалпы Құран мазмұнының бірінші пунктын толық қамтыған болып саналады. («4-А»: Қиямет күнін), яғни «Қиямет күнінің Иесі» деу арқылы Қиямет, ахирет, есеп-хисап жайы толық қамтылған болып саналады. («5-А»: Құлшылықты), яғни «Саған ғана құлшылық қыламыз» деген аят құлшылықтың тек Аллаһқа арналатынын, ал «Сенен жәрдем сұраймыз» дегені құлшылық түрінен хабар береді. («6-А»: Пайғамбарлықты), яғни «бізді тура жолға сала гөр!» аяты. Тура жол кімнің жолы? Әлбетте пайғамбарлардың жолы. Сол үшін бұл тек пайғамбар жолымен, сүннетпен жүру керектігін білдіретін аят! («7-А»: Сенушілерді, сенбеушілерді қамтиды), яғни «Нығметке бөленгендер» – иман келтіріп, сенгендер және «ашуға ұшырағандар мен адасқандар» – қарсы келіп мойындамағандар мен надандыққа салынып, ілім жимағандар.

Сөзінің жалғасында: (Қорыта айтқанда, Құран кәримнің әр аяты немесе сүресі, осы алты түрлі негізгі маңызбен тікелей не жанай түрде ұштасып отырады. Сондықтан Фатиха сүресіне «Үммүл Құран» делінген). Осылайша Халифа Алтай атамыз өзге тәпсірлерге сүйене отырып Фатиха сүресінің Құранның барлық тақырыптарының жалпы мазмұнын қамтығанын атап өткісі келген. Осы үшін де Фатиха сүресін «Уммул-Құран» деп атайды, яғни «Құранның анасы». Түсіндірмесін: (Уаллаһү ағлам…Ж-Қ) деп аяқтаған. Уаллаһу ағлам дегені – Аллаһ артығырақ біледі деген сөз. Ертеде сахабалар бір нәрсені білмей қалған кезде «Аллаһ пен Оның елшісі артығырақ біледі»,-деп айтатын. Енді пайғамбарымыз (с.а.с) қайтыс болғаннан бері ислам ғұламалары тек қана «Аллаһу ағләм» деп келеді, яғни «Аллаһ артығырақ біледі» деген сөз.

Үш нүктеден кейін келген «Ж-Қ» әріптері тәпсір кітабының қысқартпа атауы десе де болады, яғни «Жауаһирул Құран» деген кітап. Халифа Алтай атамыз жақша ішіндегі сөзін осы кітаптан алғанын білдіргісі келген. Ол кісіге Аллаһтың мейірімі жаусын! Мұның өзі атамыздың алған сөзін қайдан алғанына дейін жазып кетуге тырысушылығын көрсетеді. Себебі дініміз «анау айтты, мынау айтты» дегенге құрылмайды. Нақты алынған жері мен айтылған жері белгіленіп, көрсетіліп отыру керек. Сонда ғана дініміз таза, әртүрлі қоқыстан аман болады.

Адам баласы бұл жалғанда жасаған әрбір амалы үшін есеп береді. Ал есеп алу ісі Аллаһтың міндеті. Оның назарынан жасырын және жария сөздің ешбірі де ысылып өтіп кете алмайды. Аллаһ тағала «Қиямет күнінің нағыз Патшасы». Ең әділ әрі дана патша. Барлық жаратылыс өзінің ақысы мен жазасын алуда Одан өзге әділ сотты, дана патшаны таба алмайды!
Бұдан өзге де қасиеттерге толы бұл ұлы сүренің маңызы мен мәнін бір-екі жазбамен түсіндіріп шығу мүмкін емес. Өздеріңіз де байқағандай, Фатиха сүресінің хикметі өте терең, даналыққа толы. Кішігірім жеті аят ішінде дүние мен ахиреттің барлық мәні сақталған. Жеті аяттың тәпсірі түйе артар еңбекті талап етеді. Мұның өзі Құранның кереметтілігін, Ұлы жаратушы тарапынан келген мұғжиза екенін көрсетеді. Құранға негізделіп, болашаққа жол салған адаспас!
Сөз соңында осы ізденісімде болған кемшіліктер үшін Аллаһтан кешірім сұраймын! Өзіме де, оқырманға да осы айтылғанға сай иман келтіріп, амал жасауға Аллаһым жәрдем беруін сұраймын. Раббымыз бізді нығметке бөленгендердің қатарына қосып, ашуға ұшырағандар мен адасушылардан сақтасын! Әмин!

Advertisements

One Response to Фатиха сүресінің түсіндірмесі (7-ші аят)ِ

  1. zhandos айтады:

    amin
    jazakallahu xair

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: