33. Әл-Фәттах

33. Әл-Фәттах

33. Әл-Фәттах

Араб тіліндегі «фәтх» сөзінің негізгі мағынасы «ашу» сөзіне жақын. Бір елді мекенді жеңіп алуда да осы сөз қолданылып, «жеңіс» мағынасымен де келетін тұстары бар.
Кейбір ғұламалар: «Дауласып кеп, үкім сұраушы екі топтың арасында үкім айтуда да осы сөз қолданылады»,-дейді. Демек, бұл сөз жалпы «ашу, жеңіс және сот немесе үкім» мағыналарын береді. Бұл тілдік мағынасы. Енді Аллаһқа қатысты «әл-Фәттах» деп айтуымыздың мағынасы қандай? Бұл есім недей мағына береді?

Бұл есімнің Аллаһқа қатысты мағынасын түсіндірген ғұламалардың барлық пікірін алып қарайтын болсақ, жалпы алты көзқарас шеңберінен шықпайды. Біріншісі: Өзінің құлдарының арасында әділдікпен, шындықпен үкім жасаушы. Әлауддин Мансұр ағамыз осы көзқарасқа сүйеніп «Әділдікпен үкім жасаушы» деп аударған. Бұл «әл-Хаким» мағынасын береді.

Екіншісі: Өзінің құлдарына мейірім мен ризықтың қақпаларын айқара ашушы. Бұл көзқарасқа салсақ, қазақша баламасы «ашушы» дегенге саяды.
Үшіншісі: Өзінің мүмин құлдарына жәрдем беруші, залымның алдында зұлымдыққа ұшыраушыға демеу беруші. Бұл да әуелгі көзқарас мағынасына жақын.
Төртіншісі: Жалған мен хақтың арасын бөліп, ажыратушы. Осыған орай Халифа Алтай атамыз «Қара қылды қақ жарушы» деп аударған.
Бесіншісі: Өзінің құлдарының жүректерін ашып, ақиқат пен жалғанның арасын ажыратып беруші. Бұл көзқарас бойынша қазақша баламасы «ашушы» дегенге жақын.
Алтыншысы: Бұл есімнің мағынасы «жеңімпаз» деп келуі де мүмкін. Бұл имам Хаттабидың пікірі.
Қорытынды: Осы көзқарастарды талдап қарастыратын болсақ, әділдікпен үкім жасау дегеніміз – екі топтың арасындағы түсініксіздік түнегін жарып, бейнебір ақиқат нұрымен екі араны «ашқанмен» тең болады. Ал енді «жеңімпаз» дегеніміз өзіне қарсы келгендердің ашпай, бермей отырған қамалдары мен қақпаларын ашып, ішіне енушімен бірдей. Осыған орай бұл есімнің қазақша баламасын «ашушы» деп қалдырдық, алайда жоғарыда аталған алты пікірдің алтауы да осы есіммен тікелей байланыста болуы керектігін ескерген жөн.

Құдіретті Раббымыздың «әл-Фәттах» есімі Сәбә сүресінің 26-шы аятында аталып, Құранның бір жерінде ғана келген.

Осы есімге иман келтіруді мақсат тұтқан адамға айтарымыз:

1- «Әл-Фәттах» есімін «Әділдікпен үкім жасаушы» деген мағынасымен алар болсақ, Аллаһтың бұл дүниеде де, ахиретте де құлдарының арасында тек әділдікпен үкім жүргізуші екенін біле аламыз. Елшілер жіберіп, олармен бірге кітаптар түсіріп бұл дүниеде ақиқатпен үкім жасап, ақ пен қараның ара жігін ажыратып, ашушы!
Аллаһтың құлдары арасындағы үкімі Құран және сүннетте толық баян етілген. Ондай болса бұл дүниеде үкім жасап, үкім шығарушы қайбір пенде болса да осы екі бастауға негізделген түрде немесе өзге біреудің заңына негізделген түрде үкім шығаруы мүмкін. Кімде-кім Аллаһтың үкіміне сай үкім шығарса, ол тиісті сауабын алады, ал енді кім Аллаһ шариғатынан өзге түрде үкім етсе, ол нағыз залым болмақ. Аллаһ тағала Құранда: «Кімде-кім Аллаһ түсірген (шариғат) бойынша үкім жасамаса, міне солар нағыз залымдар»,-деген. (Мәйдә, 45).
2- Жоғарыда «әл-Фәттах» есімінің «Өз құлдары арасында әділдікпен үкім жасап, хақ пен жалғанның арасын ашушы» деген мағына беретінін атап өткен болатынбыз. Осыған орай ертедегі елшілер мен пайғамбарлар Аллаһқа дұға қылып, өздері мен қарсы келуші қауымдарының арасын ашып, ақиқат пен жалғанды айырып беруін сұрайтын. Нұх пайғамбар: «Раббым! Шын мәнінде менің қаумым мені өтірікке шығарды. Енді мені мен қаумымның арасына нақ үкім беріп (арамызды аш)! Мені және менімен бірге болған мүиндерді құтқара гөр!»,-деді». (Шұғара, 117-118).
Шұғайып пайғамбар болса: «Раббымыз! Біз бенен халқымыздың арасын туралықпен үкім етіп (арамызды аш)! Сен үкім етушілердің ең қайырлысысың!»,-дейтін. (Ағраф, 89).
Аллаһ Өзінің елшілері мен пайғамбарларының дұғаларын қабыл етіп, қауымдары мен олардың арасына әділдікпен үкім жасап, ақ пен қараны ажыратып, екі араны ашып қойды. Бұл Аллаһтың осы дүниедегі әділ үкім етуіне дәлел.
3- Қиямет күні де Аллаһ үкім етуде тек әділдік пен хақты алға қояды. Ұлы Раббымыз бұл дүниеде таласып-тартысқанның бәрін ашып, ортада әділ әрі дұрыс үкім жасайды. Аллаһ тағала Құранда: «»Раббымыз бәрімізді жинайды, сосын ақиқатпен арамызда үкім жасап, (арамызды ашады) және ол Ашушы, бәрін Білуші»,-деп айт»,-деп бұйырған. (Сәбә, 26). Сол күні Аллаһ Өзінің құлдарының арасына сот жүргізіп, араларын бөледі. Осы кезде адасқан мен тура жолдағылар анықталады. Кімнің-кім екенін ажыратуда Аллаһ ешкімге де мұқтаж болмайды, себебі оған жасырын әрі жария нәрсенің бәрі де белгілі. Сол үшін де Аллаһ тағала Қиямет күнін «Йәумул фәтх / ақиқат пен жалғанды ажырату күні/» деп атаған.
4- Аллаһ тағала «әл-Фәттах» /ашушы/. Кейбір пенделер қиындыққа түсіп, шығар жол таба алмай қиналғанында жолын ашып, ойламаған жерден шығар жол тауып береді. Біреулер кедейлікке ұшырап, бала-шағасына жеткізе алмай, байлыққа жол іздегенінде алды қараңғы, ешбір амалын таба алмай отырғанында себебін беріп, байлыққа қарай жолын ашып береді, себебі Аллаһ әр нәрсеге құдіретті.
Кейбір жандар ұлы Раббымыздың осы бір есімін есте ұстамауы себепті қинала қалса тәуіпке барып, құмалақ салып, жолын аштырып жататыны бар. Ал енді біреулері үш аяқты бақалар мен қарны қампиған пұттарға сеніп, «фэн-шуйға» сеніп, Аллаһтың сөзінен «буддизм» дінінің бір тармағы болған осы бір сиқырды артық қояды. Осылайша өзінің «ап-айқын пұтқа табынып тұрғанын сезбейді де»!!! Шын мәнінде күрмелген жолды ашушы, көкіректі ашып, иман ұялатушы, кеудені ашып, дұрыс ілім қондырушы, байлықтың есігін ашып, ақша беруші тек Аллаһ қана! Аллаһтан сұрасаң, одан өзгенің керегі де болмайды!
5- Көктер мен жердің құпиялары, нығметтері, ризықтары тек Аллаһтың қолында. Қайбір құлына жақсылық қақпасын ашып қойса, оған кедергі болар ешкім жоқ, ал енді жауып қойса, одан өзге ашып алар ешкім де болмайды. Қайбір құлына ілім беріп, құпия есігін ашатын болса, бұл тек Аллаһтың рұқсатымен. Ал енді қайбір затты құпия етсе, оны ақылмен де, техникамен де, басқа да құралдар күшімен білу мүмкін емес. Көктен жаңбыр жаудырып қойса, оны тоқтата алар ешкім жоқ, ал енді бір тамшы су бермей қойса, оны да ешкім тамыза алмайды!
6- Ұлы раббымыздың ашып қоятын ұлы нығметтерінің бірі – пенденің көкірек көзін ашуы. Адам баласы аузы бітеліп қалған бұлақтайын. Егер Аллаһ Өзінің пазылымен, Өзінің шексіз мейірімімен біреудің көкірек көзін ашатын болса, ол адам дінді дұрыс түсініп, даналық пен білімнің қайнар бұлағына айналады. Алайда бұл үшін де ықылас, тақуалық және шыншылдық керек етіледі. Сол үшін де ертедегі сахабалар мен ғалымдардың ілімі көп, санасы кең, түсінігі бол болып келеді, себебі олар әрбір ісі мен сөзін тек шындыққа негіздеп, өтірік сөйлеуден, білімсіз сөйлеуден аулақ болатын. Ықыластарын түзеп, Аллаһ ризалығы үшін үйренуге тырысатын. Аллаһ тағала: «Тақуа болыңдар, сонда Аллаһ ілім береді»,-деген. (Бақара, 282). Аллаһым, көкірегімізді ашып, терең ілім нәсіп ет. Санамызды ашып, тұрақты амал нәсіп ет. Жүрегімізді ашып, шынайы тақуалық бере гөр!

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: