Асыр сүресінің түсіндірмесі

Бүгінгі дәрісіміз Құрандағы ұлы сүрелердің бірі – Асыр сүресінің түсіндірмесі болмақ. «Өмір – күрес» деген нақыл бар. Ал енді адам баласының бар күш-жігерін салып күресетін жауы – оның нәпсісі. Осыған орай отызыншы пара тәпсірін бастамас бұрын алдымен жанымызды тәрбиелеп алу әсте оңды болмақ. Ал жанды тәрбиелеп, нәпсіні тежеуге септігін тигізер сүре – Асыр сүресі. Асыр сүресінің әр аятына мән беріп, ішіндегі талаптарын оңды орындай білген жан ұлы қасіреттен ада болып, білім алуға жарарлық, Аллаһтың дініне шақыруда дұрыс тәрбие көрген мұсылман қатарына қосылары хақ.
Фатиха сүресінің тәпсірін жүргізу барысындағы әдісімізге сай, қазақша баламасын Халифа Алтай атамыздың аударма нұсқасынан алып, түсініктеме мен толықтырулар жасап отырамыз. Ондай болса, Аллаһқа тәуекел етіп, іске сәт дейміз!

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Заманға серт. (1)

Бұл сөйлемнің арабшасы – «Уәл-‘аср». Бұл «Уә» және «әл-’аср» сөздерінен құрылған ант сөйлемі. Сүренің басында келген «уә» әрпі «уау қасам» деп аталады, яғни ант етуді білдіретін уау. Демек, Аллаһ тағала асырмен ант еткен. Ал «’аср» деген не?
«Әл-‘Аср» сөзінің мағынасын түсіндіре келе кейбір ғұламалар «Күннің соңғы бөлігі, түскі уақыт пен күнбатыс аралығы»,-деген. Қазағымыз бұл мезетті «екінті уақыты» деп атайды.
Бірақ, ғұламалардың енді бір тобы: «Бұл адам баласының жақсы-жаман іс-әрекеттері орын алатын жалпы уақыт»,-деп түсіндірген. Осы көзқарас дұрыстыққа жақын.
Демек, Аллаһ тағала жағдайлар ауысып, барлық әрекет амалдар өзгеріп, адамдар арасында көшіп-қонып жүретін күндермен, адам баласының жақсы-жаман іс-әрекеттері орын алатын жалпы уақытпен ант еткен. Асыр дегеніміз – жаратылыстың күн көріп, жыбырлап, тіршілік ететін уақыты, жалпы заман, уақыт, мезет. Бұл уақыттар әр жаратылыстың өзіне сай әрқилы келеді.
Аллаһ тағала бұл сүрені жалпы уақытпен ант етіп бастаған. Араб шешендік өнері бойынша антпен басталған сөйлем артынан өте маңызды, өте күрделі бір тақырып жалғасады. Сүрені антпен бастау арқылы Ұлы Раббымыз адамзаттың Ұлы Құран аяттарына құлақ асуын мақсат тұтып, үлкен де үрейлі бір хабарды баян етеді. Сөйтіп, келесі аятта былай дейді:

Негізінен адам баласы зиянда (2)

Бұл «Иннәл инсәәнә ләфи хуср» аятының қазақша баламасы. Әрбір сөзін жеке-жеке талдап бақсақ, сөйлемді «Иннә» деп келетін күшейтуші көмекші сөзбен бастаған. Бұл көмекші сөздің қазақ тіліндегі мағынасы «Шын мәнінде, сөзсіз, күмәнсіз, расында, негізінен» дегендей мағына беріп, айтылғалы тұрған хабарды күшейтіп, күмән, сенбеушілік атаулының бәрін де шетке ысырып қояды.
Байқап қарасақ, Ұлы Раббымыз алдыңғы аятта уақытпен ант ету арқылы адамзаттың құлақ асып, ден қоя тыңдауын талап етсе, енді күшейтуші көмекші сөз арқылы айтылғалы жатқан хабардың маңыздылығын тағы бір атап өткісі келгендей.
«Әл-Инсәән». Бұл сөз «әл» және «инсәән» деген екі сөзден құралады. Бұл жердегі «әл» жұрнағы жалпылықты білдіреді. Бұл жұрнақ «инсәән» сөзіне қосылып «жалпы адамдар, адамзат, адам баласы» деген мағына береді.
Байқап қарайықшы, Аллаһ тағала «уәл-‘аср» деп уақытпен ант етіп, артынан «иннә /күмәнсіз, сөзсіз, шынымен/» деп, мағынаны күшейте түсіп, артынан адамзат жайында айтқан. Осы кезде бұл аятты естуші адам баласы жан-тәнімен Раббысының сөзіне құлақ асып: «Иә, Раббым! Бұл өте маңызды болған хабар не хабар?» деп, үрей мен үміт араласып, тыпыршып, аяттың жалғасын күтіп тұрады. Аллаһ тағала Өзінің шексіз сабырлығына сай бұл ұлы хабарды жеткізуде байсалдылықпен «ләфи хуср» дейді. Бұл жерде «лә» және «фи» жұрнақтары бірігіп келген. «Лә» жұрнағы алдыңғы «иннә» сияқты күшейтуші мағынаны білдіретін «ләмул музахлафа» жұрнағы.
Өзі де тыпыршып, тітіркеніп, үміт пен үрейдің аясында тұрған адам баласы екі күшейтуші шылаудан кейін не хабар келер екен деп тұрғанында Аллаһ тағала «фи хуср» дейді. «Хуср» сөзінің қазақ тіліндегі баламасы «қасырет, шығын, зиян, обал, кемістік, қиындық» деген мағыналарды береді.
Аллаһ тағала «Ләхоосир» деп атамаған, бәлкім «ләфи хуср» дейді. Егер де «ләхоосир» дейтін болса, адамның өзі ғана қасіретте деп түсінілер еді, ал енді «ләфи хуср» деген кезде, «фи» жұрнағы бір нәрсенің ішінде деген мағына береді. Ондай болса «ләфи хуср» сөзінің мағынасы «қасіреттің ішінде, ал қасірет оның жан жағын толық басып, жаулап алған. Айналасы толығымен үлкен қасірет, қатты қиындық, обал мен шығын, кемшілік»!
Алдыңғы екі аятты байланыстырып қарайтын болсақ, Аллаһ тағала жалпы уақытпен ант еткен. Ал Аллаһтың бірнәрсемен ант етуі – сол нәрсенің ұлылығын, маңыздылығын білдіреді. Демек, уақыт, ғұмыр дегеніміз адамдар үшін өте маңызды нәрсе. Бұл құлшылық жасап, үлкен қайғы мен қасіреттен аман қалу үшін берілген мұрсат! Бірақ, осы уақытын құр жіберіп алған адам баласы барлық жағдайында үлкен кемшілікте. Дүниеде де, ақыретте де үлкен обалда, адам айтқысыз қасіретте. Бұл қасірет пен қиындықтан, шығын мен кемшіліктен, ауырлық пен обалдан ешкім де құтылып кете алмайды, себебі Аллаһ тағала сүренің алдында ант етіп, Өзінің осы сөзін бір қуаттап, артынша «иннә» күшейтуші сөзбен бір қуаттап, осының өзі аздық еткен санасы тарлар сенбей қалмасын деп «лә» әрпін қосып атаған.
Әй, адам баласы! Күйбеңдеп кірпік қақпай тырбыңдаған өміріңнің ешбірі де пайда бермейді. Арты үлкен қасірет, адам айтқысыз нәубетке жетелейді. Бұл жалғанда шаршап шалдығып еңбек етесің, артынша ақ матаға оранып, көрге енесің. Ондай болса өзіңе пайда беретін нәрсемен шұғылдан. Бұл дүние азығын теруде алдыңа жан салмағаныңдай о дүние азығына да тырысып бақ! Жұмыс жасама, еңбек етпе демейді, бірақ, қайта тіріліп, есеп бермейтіндей бәрін ұмытып, тайраңдап талтаңдама дейді. Үлкен қасіреттен аман қалудың жолын тап, соған ұмтыл дейді. Жақсылап ойланып қарашы, бұл ғұмыр, бұл уақыт қалай өтіп жатыр? Ертеңгі азығың дайын ба? «Қыстың қамын жаз ойла» деген мақалды келте түсінбе, пенде! Қыстың қамын жаз ойла десе, ақыреттің қамын дүниеде ойла деу артық болмас! Болмаса, қар жайып, ызғырық алса барар баспанаң, табар панаң болмай қалады.
Осы бір үрейлі аятты естіген кезде бұған сенбей, күмәнмен қарайтын ешкім қалмас сірә! Аятты естіген бойда: «Иә, Раббым! Барлығымыз да осы қасіреттің ащы дәмін татып, үлкен шығынға түсеміз бе? Раббым, бұл қиындық пен обалдан шығудың жолы бар ма?» – деп жан даусымыз шығып, Раббымызға жалбарынарымыз хақ.
Аса мейірімді, шексіз дана ұлы Раббымыз келесі аятта бұл шығыннан құтылудың жолын баян етіп былай дейді:

Бірақ, сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды. (3)

Осы аят арқылы Аллаһ тағала  қасіреттен аман қалуға жетелейтін төрт сипатты баян еткен.  Осы сипаттарға ие жандардың үлкен нәубеттен алшақ, қиындық пен қасіреттен ада, шығын мен обалдан алыс екенін атап өткен.
Аятта айтылған алғашқы сипат: «Иман келтіру». Ал енді иман келтіру ішінде Аллаһқа, Оның періштелеріне, Оның пайғамбарларына, Оның кітаптарына, ақырет күніне және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіру меңзеледі. Иманның осы алты ұстынын біліп, түсініп, шүбәсіз иман келтіру керек етіледі. Ал енді толық иман келтіру үшін – білім болу керек.
Адам баласы үш түрлі болады: Күмәнсіз иман келтірушілер, аяттарға сенбей кәпір болғандар және күмәнданушылар. Жоғарғы аяттағы үлкен қасіреттен аман қалушылар – күмәнсіз иман еткендер ғана!
Аллаһқа иман келтіру дегеніміз – Аллаһтың жалғыз жаратушы, жалғыз патша әрі тәрбиеші екенін мойындау. Оның құлшылыққа лайық екенін ұғынып, Оған ешкімді де серік қоспау. Аллаһтың барлық есімдері мен сипаттарын мойындап, ешкімді ұқсатпай, ешкімге ұқсатпай толық иланып, нанып, иман келтіріп, тиісінше амал ету.
Періштелерге иман келтіру дегеніміз – олардың нұрдан жаралған Аллаһтың құлдарының бірі екенін білу, олардың арасында Жәбрайл, Микәйл, Исрафил, өлім періштесі, өлген адамнан сұрақ-жауап алушы періштелер, аршыны көтеріп жүретін періштелер, тозақ сақшысы, әр адамның жақсы-жаман амалдарын жазып жүретін періштелер және біз білмейтін қаншама періштелер бар екенін білу. Бұлар ғайып ілімі әрі біз көре алмайтынымызды ұғыну.
Кітаптарға иман келтіру дегеніміз – Аллаһ тарапынан адамзатты тура жолға салу үшін елшілерге түсірілген уахи, кітаптар түскеніне иман келтіру. Олардың ең үлкендері Тәурат, Зәбур, Інжіл және Құран. Құран түсу арқылы бұрынғы кітаптар күшін жойған. Құраннан алдыңғы кітаптар адамдар тарапынан өзгеріске ұшыраса, Құран кітабы Қияметке дейін бір әрпі не бір әрекеті өзгермей, толық сақталатын ұлы мұғжиза екеніне иман келтіру.
Елшілерге иман келтіру дегеніміз – Құранда хабары келген елшілер мен пайғамбарларға және бізге хабары жетпеген елшілер мен пайғамбарларға иман келтіріп, олардың ара жігін бөлмеу. Сондай-ақ, Мұхаммед пайғамбарымыз соңғы елші екенін біліп, сол кісінің шариғатын негіз етіп, Ислам дініне бет бұру керек етіледі.
Ақырет күні дегеніміз – адам баласының қабірлерінен тұрғызылып, жалаң-аяқ, жалаңбас, сүндеттелмеген, қолында түгі жоқ күйі махшар алаңына жиылып, Аллаһ алдында есеп беруге жиылатынына иман келтіру. Ақыретке иман келтіру ішіне өлімнен кейін болады деген аяттар мен хадистердің бәріне де толық иман келтіру кіріп кетеді.
Тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіру дегеніміз – Аллаһ тағаланың бұрын өтіп кеткен, қазыр болып жатқан, алда болатын барлық нәрсені, тіпті қазыр жоқ нәрсені, ал егер ол бола қалсай қандай болатынын білетініне иман келтіру. Аллаһ тағала барлық нәрсені өлшеммен жаратқан әрі адам баласына ерік берген. Тағдырдың жақсы түрі – Аллаһтың мейірімі, ал жамандығы – Аллаһтың даналығымен ғана. Қайсыбірі болмасын, Ұлы Раббымыздың өлшемі, тағдыры.
Міне, бұл мұсылман адамның жалпы иман келтіруі керек болған нәрселер. Ендігі кезекте әрбір адам білім алып, біліміне сай иманның басқа да бөліктерін біліп, ұғынып, иман келтіруі керек етіледі.
Екінші сипат ізгі амал жасау. Ізгі амал дегеніміз – намаз, ораза, зекет, қажылық, білім алу, ата-анаға жақсылық жасау, туыстық қарым-қатынасты сақтау, жақсы сөз сөйлеу, алдамау, төбелеспеу, ұрламау, ұрмау, қиянат жасамау, амандасу және тағы басқа да әрекеттер ізгі амалдардың қатарына жатады. Бірақ, осыларды жасаған адам ізгі амал жасаған болып санала ма? Жоқ. Бұл амалдардың «ізгі» деп аталуы үшін екі шарт керек етіледі. Ол – ықыласты түрде жалғыз Аллаһқа арнау және пайғамбар сүннетіне сай жасау. Осы екі негізге негізделген амалдар «ізгі амал» деп аталады әрі Аллаһ алдында қабыл етіледі.
Мысалы, намаз оқушы адам «Мені адамдар көрсін» десе, ол амал қабыл болмайды, себебі оның намазы ықылассыз, Аллаһтан өзге біреудің ризалығы үшін арналған. Ал енді ықыласты түрде атқарып, бірақ сүннетте жоқ іс-қимылдарды қосатын болса, бұл да қабыл етілмейді, себебі пайғамбар сүннетінен алшақ амал шариғатымызда негізі жоқ амал болып саналады. Ал енді намазын ықыласты түрде Аллаһ ризалығы үшін, пайғамбар сүннетіне сай оқыса, онда ол «ізгі амал» жасаған болып табылады. Ораза, зекет, қажылық және басқа да құлшылық түрлері осындай! Денсаулығым жақсарсын десе – ықылассыз құлшылық, ал үш күн басы, үш күн ортасы, үш күн аяғы деп ұстаса, бұл да сүннетке қайшы әрекет. «Қажы атанайын» десе – ықылассыз, ал енді қажылыққа қажылық жасау айынан өзге уақытта барса, немесе қажылықта жоқ амалдарды жасаса, ол қабыл етілмейді. Тағы сол сияқты кете береді.
Үшінші сипатөзара ақиқатқа шақырысу. «Ақиқат» дегеніміз – шариғат, дін. Демек, әрбір мұсылман Аллаһқа, Оның періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, ақырет күніне, тағдырға иман келтіргеннен кейін, ізгі амалдар жасағаннан кейін өзге адамдарға осыны үгіттеп, тиісінше ақиқатқа шақыруы керек етіледі. Кез-келген мұсылман адам «өзі біліп, дұрыс түсінген» нәрсесін басқаға жеткізуі керек етіледі. Басқаша айтсақ – дағуат жасау. Бірақ, 40 күн, бір аптаға шығып, қаңғырып кету деген сөз емес. Дағуат жасап дінге шақыру – құлшылықтың бір түрі. Ал енді бұл қай уақытта қабыл болып, ізгі амал қатарына енеді? Егер де адам дағуатын Аллаһ ризалығы үшін және сүннетке сай атқаратын болса ғана. Ал Аллаһ елшісі 40 күнге, жеті күнге дағуат жасауға шықпаған. Амалдардың «ізгі» деген атқа ие болуына баса мән беріңіздер.
Төртінші сипатөзара сабырлыққа шақыру. Сабыр үшке бөлінеді. Құлшылыққа сабыр сақтау, күнәдан сабыр ету және тағдырдың жақсы-жаман құбылыстарына сабыр сақтау.
Құлшылықта сабыр сақтау дегеніміз қиын болса да сабыр етіп, тиісті міндеттерді толық, үзбей орындау.
Күнәдан сабыр ету дегеніміз – нәпсі шақырып, жын азғырып тұрса да қызығушылықты тежеп, күнәдан басты аулақ ұстау.
Тағдырдың жақсы-жаман құбылыстарында сабыр ету дегеніміз – қатты қуансаң да, қатты қайғыға ұшырасаң да Аллаһты естен шығармай, сабыр сақтау. Осы үшеуін біріктірген жан неткен жақсы еді!!!
Міне, осы төрт сипатты бойына жия білген мұсылман – білім алуға да, құлшылық қылуға да, дағуат жасауға да шыдамды, дұрыс тәрбие көрген мұсылман болмақ. Имам Шафиғи осы сүренің абзалдығын тілге тиек етіп: «Егер де Аллаһ тағала осы сүреден өзге сүрені түсірмегенде, бұл сүре адамзатқа жеткілікті болар еді» деген. Шынымен де, осы төрт сипаттың иелері ұлы қасіреттен, қатты қиындықтан аман қалатын жандар. Дініміздің негізгі талаптары – иман келтіру, пайғамбар сүннетіне сай амал ету. Ал енді төрт сипаттың біріншісі – иман келтіру болса, екінші сипаты – ықыласты түрде сүннетке сай амал жасау. Осы екі сипатты бойына жиған адам осы нәрсені өзгеге үйретеді. Бірақ, хақты тарату ісінде алдынан неше түрлі тосқауылдар қойылып, қиындық пен жапа шекпек тағы бар. Осы кезде сабыр етіп, иманын да, амалдарын да, дінге шақыруын да тоқтатпай, бастаған ісін аяғаны дейін жеткізеді. Бұл шынайы мұсылманның келбеті. Нағыз мұсылман деп үлкен әріппен жазылатын адам да сол. Нәпсімен күресудің төрт ұстыны да осы. Өзін түзеймін деген адам осы сүренің мән мағынасы мен мақсат мұратын дұрыс ұғынғаны жөн болады.

Иә, Аллаһпен ант етемін, шын мәнінде барлық адамзат обалда. Аллаһ тағала уақытпен ант етуі де осының айғағы. Бұл жалған – бізге берілген мұрсат. Бұл жалған – бос уақыт. Бос уақытты пайдалы нәрсе үшін жұмсамаса, ол сол «бос уақыт» деген атын сақтап қалады. Ал уақытын бос жіберген адам – үлкен қасіретте, шығында. Шығын дейтін себебі – ол уақытын бос жіберді. Қасірет дейтін себебі – ақыретте жәннатты сатып алар ешнәрсесі болмай, ақыры азапқа душар болмақ.
Енді иман келтіріп, ізгі амал жасап, осыны басқаға үйретіп, сабыр сақтау – құтылудың бірден бір негізі. Асығушылар осыған асықсын!

Төрт негіз, бірі білім, бекем тірек,
Білімсіз мұсылмандық болмас керек,
Одан соң амал жасау, білген затқа
Бұл екеуін біріктірген адам сирек!

Үшіншісі-уағыздау, дінге тарту,
Тура жолды өзгеге де еткін тарту,
Бірі қолдап, ал бірі жамандайды,
Осы кезде керек сабыр, болар қару!

Пайғамбар еткен сабыр, сен де шыда,
«Оқымады намаз» деп, жанжал қылма,
Біздің жұмыс шақыру, дін тарату,
Алла ісі салып қою тура жолға.

Сабыр керек үш кезде, мұны ұғып ал,
Қатты қиын қыстауда, сабырлық сал,
Қатты шаттық қысқанда және шыда,
Шектен шығып кетпегін, Құдайды еске ал!

Бұл бірінші түрі ғой, келсе тағдыр,
Жақсы болсын, жаман болсын, еткін сабыр,
Екіншісі жақсылық, құлшылықта,
Сабыр сақта, құлдық ұрып, болсаң алғыр!

Үшіншісі күнә заттан сабыр керек,
Жасағың кеп тұрса да бармас керек!
Бір сабыр ет, жасама сол жаманды,
Өзге жан жаман болса, болғын ерек!

Білім, амал, дағуат, сабыр қару,
Зор апаттан – бұл себеп аман қалу!
Бұл сөзіме көз жеткізгің келсе егер,
Күмәніңа жүректегі болсын дәру

Алла айтты Құранда: /Заманға серт!
Барлық адам обалда!/-бұл зор індет!
Бәрі құрып кете ме, бұл не болды?!
Деген сөзге жауап болып, мына аят келед:

/Тек иманға бет ұрған аман қалар,
Жақсы амал жасаған да аман болар,
Бұған қоса шындыққа шақырысқан,
Және сабыр айтсқан, аман тұрар/!

Ағайын,
Бұл төрт негіз айтылған, сүре жүз үш
Қысқа сүре, бар жоғы аяты үш
Алты жүз бір, бетін ашып қарап көрші,
Айтқан сөзім қолдасын, Құдіретті Күш!

Қосымша мағлұматтар:

Біріншіден: Қазақ тіліне аударылған кейбір нұсқалардан мысалдар келтірсек, Әлауддин Мансұр ағамыз: «Ғасырға (уақытқа) серт, (барлық) адамзат – зиян бақытсыздықта. Тек иман келтірген және игі амалдар істеген, бір-бірлеріне Шындық (жол)ын үгіттесіп және бір-бірлеріне (міне, осы Хақ-Шындық жолында) сабыр етуді үгіттегендер ғана (тозақ азабынан құтылушылар)»,-деп аударған. Ал Рәтбек қажы мен Уаһаб қажы: «Ғасыр (замана) атымен ант етемін! Иман айтқан, жақсы ғамалдар жасаған, бірін-бірі шындыққа шақырған, бір-біріне сабырлы болуды насихаттаған адамдардан басқаның бәрі, сөз жоқ, зиян тартады»,-деп аударған. Салыстырмалы түрде қарап жүргендеріңіз артық болмайды. Себебі бір аударма кемшілігі екіншісімен қуатталып, мағынасы ашыла түседі.
Екіншіден: Мұсылман адам Аллаһпен, Оның есім-сипаттарымен ғана ант етеді әрі өзге нәрсемен ант етуге болмайды. Мәселен: «Аллаһпен ант етемін, әр-Рахманмен ант етемін, Қағбаның Раббысымен ант етемін, Әлемдердің Раббысымен ант етемін»,-деп айтса болады. Ал Аллаһтан өзгемен ант ету –Аллаһқа серік қосушылықтың кіші түрі. Аллаһ елшісі (с.а.с): «Кімде-кім ант ететін болса, Аллаһпен ант етсін немесе үндемесін»,-деген. (Бұхари). Ондай болса: «Құран атсын, нан атсын, нан ұстайын, түн жамылып тұрмын ғой, тозаққа кірейін» дегендей ант түрлері шариғатымызға жат нәрсе болып табылады.
Ал Аллаһ тағала Өзі қалаған нәрсемен ант етеді әрі Ол бұл нәрсе үшін сұралмайды, бәлкім біз өзіміздің әрбір амалымыз үшін сұралып, Аллаһ алдында жауап береміз. Аллаһтың бір нәрсемен ант етуі – сол нәрсенің абзалдығын, ұлылығын, маңыздылығын білдірсе керек. Бірақ соның өзінде ол нәрсе жалпы адам баласы үшін ант етілуге рұқсат нәрсе бола алмайды. Осыны есте жақсы сақтаңыздар.
Аллаһ тауфиқ берсін!!!

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: