37. Әл-‘Али, 38. Әл-‘Алә және 39. Әл-Мута’әл

37. Әл-'Али

37.Әл-'Али

39. Әл-Мута'әл

39. Әл-Мута'әл

Ассәләму ғаләйкум уа рахматуллаһ, құрметті, бауырлар! Бүгін Аллаһтың көркем есімдерінің үшеуін түсіндіріп өтуге тырысамыз, иншалла.
«Әл-‘Али», «Әл-А’лә» және «Әл-Мута’әл». (Ескерту: Сөздегі «’» белгісі қазақ тіліндегі «ғ» әрпіне жақын әріп, «ع» ‘айн әрпі). Бұл үш есім де араб тіліндегі ‘аләә – я’луу (көтерілу, жоғарылау, биіктеу) деген етістіктен туындайды. Енді осы етістіктен туындаған көркем есімдерге келер болсақ:
Біріншісі: «Әл-‘Али». Бұл есім «Жоғары» деген мағынаға жақын келеді. Құранда 8 жерде келген. Соның бірі Аятул курсиде.
Екіншісі: «Әл-Ә’лә», яғни «Өте жоғары, өте биік» дегенге жақын. Құранда екі жерде келген. Соның бірі Әғлә сүресінде.
Үшіншісі: «Әл- Мута’әл». Бұл «Биіктеген, көтерілген» деген мағынаға жақын. Құранда бір рет келген. Аллаһ тағала деп айтқан кездегі «тағала» сөзінің мағынасы да осы, яғни «Жоғары Аллаһ» деген мағына.
Мағынасын түсіндірер болсақ, Аллаһ тағала өзінің жаратқан жаратылыстарынан биік, олармен біте қайнаспайды, бәлкім олардан бөлек, жоғары. Мұны «Ғулууз-зәәт» дейді. Сондай-ақ, Аллаһқа тек қана жоғары, биік болған сипаттар лайық. Төмен, түкке тұрғысыз немесе бойында кемістігі бар есімдер мен сипаттар оған лайық емес. Мұны «Ғулуу исми уас сыфаат» дейді. Үшіншіден, Ол Аллаһ аса үстем. Құдіреті мен күші бәріне жетеді, ал оған қарсы тұрар ешкім жоқ. Мұны «Ғулуул қаһр» дейді. Демек, бұл есімдер Аллаһқа қатысты осы үш нәрсені қамтиды. Аллаһ «бәрінен жоғары», «бәрінен үстем» және «Оған тек жоғары, көркем есімдер мен сипаттар тән».

Аллаһтың жоғарыда екеніне Құран мен хадистерде көптеген дәлелдер бар. Бірақ, нақты бір мекен беріп қоюға болмайды. Ол өзін сипаттағанда Құранда қалай сипаттаса, солай қабылдаймыз, бірақ әрі қарай қазбалап, кірмейміз. Бұл ереже естеріңізде бар шығар.
Аллаһ ең жоғары, әрі одан жоғары ешнәрсе жоқ. Аллаһ ең үлкен әрі одан үлкен нәрсе жоқ. Аллаһ ең ұлы, әрі одан ұлы ешнәрсе жоқ. Субханәһу уа тағәлә.
Күмәнсіз, Аллаһ тағаланың көкте екені Құран және хадистерде айтылған әрі бұған мыңнан астам дәлелдер келтіруге болады. Бұл ертедегі және кейінгі мұсылмандардың бәрінің дерлік сенімі. Аллаһ тағаланы барып көріп келмеуіміз себепті бар болғаны Құран және хадис дәлелдерімен шектелу керек. Бір-екі дәлел келтіріп, шағын түсіндірме жасап өтсек, ҚҰРАН ДӘЛЕЛДЕРІ: «Жер теңселген сәтте КӨКТЕГІНІҢ сендерді жерге жұттыруынан бейбітсіңдер ме? Немесе КӨКТЕГІНІҢ сендерге тас жаудыруынан қауіпсізсіңдер ме?» (Мүлік, 16-17).
«Жақсы сөздер Оған қарай КӨТЕРІЛЕДІ және ізгі амал оны көтереді». (Фатыр, 10).
Аллаһ тағала Исаға: «Әй, Иса! Шын мәнінде мен сені өзіме қарай КӨТЕРІП алушымын», – деген. (Әлі Ғымран, 55).
«Көктерде және жерде болған әр жанды зат және періштелер тәкәппарланбай Аллаһқа сәжде жасайды. Өздерінің ҮСТІНДЕ болған Раббыларынан қорқып, бұйырылған нәрселерді орындайды». (Нахыл, 49-50). Осыған қоса Мұса перғауынға келіп, Аллаһ жайын баяндаған кезде перғауын не дейді? Өзінің қызметшісі Һәмәнға: «Әй, Һәмән. Мен үшін бір ұзын мұнара салып берші. Мен сол арқылы аспанға көтеріліп, Мұсаның құдайын көрейін»,-демей ме? Себебі Мұса өзінің раббысы Аллаһтың бәрінен жоғары екенін баяндаған-ды. Және тағы басқа аяттар.
ХАДИС ДӘЛЕЛДЕРІ: Аллаһ елшісі (с.а.с) періштелердің таң және екінті намаздарында ауысып, КӨККЕ қарай көтерілетінін айтқан. (Ибн Хузайма, 187. Сахих /сенімді/ хадис). Аллаһ елшісі (с.а.с) «Мен КӨКТЕГІНІҢ сенімдісімін» – деген. (Бұхари, 4351). Аллаһ елшісінің (с.а.с) Миғраж және Исра (көкке көтерілу және түнде серуен ету) оқиғасын білмейтін мұсылман жоқ. Ал «КӨККЕ КӨТЕРІЛДІ» деген сөзі ненің айғағы? Ол жеті қат көктің аржағына көтеріліп, Раббысымен тілдескені хадистерде айтылған.
АҚЫЛ ДӘЛЕЛДЕРІ: Біріншіден: Қай адам болмасын, дұға жасаған кезде қолын көкке көтеруі Ұлы Раббымыздың жоғарыда екенін білдіреді. Бұл «фитра /тума сезім/» деп аталады. Адамдардың бәрі де Раббысының жоғарыда екенін, бақылап тұрушы екенін мойындайды.
Екіншіден: Өзіміз де, аталарымыз да «КӨКТЕ ҚҰДАЙ», «ҚҰДАЙДЫҢ НҰРЫ ЖЕТІ АСПАННАН ӨТЕДІ», «КӨКТЕ ҚҰДАЙ БАҚЫЛАП ТҰР» деп айтуы да осы тума сезімнің белгісі.
Үшіншіден: Ата-бабамыз да осы сенімді ұстанған. Өзіміз білетін Сырым батыр оқиғасында ол кісі шапанының жеңінің ішіне қолын тығып алып, дұға жасап отырғанын көрген молда: «Әй, қолыңды шапаныңнан шығарып, алақаныңды ашсаң болмай ма?», – дегенінде Сырым батыр: «Аллаһтың нұры ЖЕТІ ҚАТ КӨКТЕН, мына тұрған мешіттің күмбезінен өткенде менің шапанымнан өте алмай қалды ма?», – деп жауап берген дейді. Бұл оқиғаның шын-өтірігін қайдам, бірақ, ауыз әдебиетімізден-ақ, біз аталарымыздың осы сенімде болғанын біле аламыз.

Аллаһ тағала көкте. Кейбіреулер бұл сөзді жатырқап, «көкте болуы мүмкін емес» дейді. Бірақ, көкте дегеннің мағынасы, Аллаһ тағала өзінің жаратылыстарынан бөлек, жеті қат көктің, аршының үстінде. «ҮСТІНДЕ» деген сөзді дұрыс түсініңіз. Ол «ОТЫР» деген мағынаны бермейді. Бәлкім, Аллаһ тағала ешнәрсеге ұқсамайды, ол Естуші және Көруші.
Жеті қат аспан, аржағында сол жеті қат аспаннан да үлкен аршы бар. Ал оның арғы жағында не бар екені бір Аллаһқа мәлім. Сізге сұрақ: «Жеті қат аспан аржағында мекен бар ма?». Бәлкім білмейсіз. Мұны тек Аллаһ біледі. Ал Аллаһ өзі жайында «Аршыға КӨТЕРІЛДІ» деп хабар берген Құранда. Бірақ қалай көтерілді деген сұрақ төңірегіне түспейміз. Бір білетініміз – Аллаһ тағала Аршының аржағында, мекенсіз! Себебі Аллаһ тағала мекенге мұқтаж емес, субхәнәһу уә тәғәәлә!

Жай ғана ой жүгіртіп көрейікші, неге біз «Аллаһ тағала /жоғары Аллаһ/» деп, әрдайым Аллаһтың жоғарылық сипатын қосып айтамыз? Неге өзге есімдер мен сипаттарды қоспадық? Себебі бұл есімге иман келтіру арқылы өзге есімдер мен сипаттарды жоғары тұтамыз. Осылай айту арқылы біз Аллаһтың бақылап, бәрін біліп тұрғанын сезінеміз. Осы есімге күмәнсіз иман келтіру керек те бұрмаламай сену керектігін ұғынамыз.

Біз Аллаһтың бәрінен жоғары, билігі бәрінен үстем әрі ең көркем есімдер мен сипаттар тек Оған тән екенін білдік, басқаша айтсақ, Аллаһтың әл-Али, әл-Алә және әл-Мутағәәл екенін ұқтық. Енді бұл есімдерді білудегі мақсатымыз не? Дауласу ма? Әлбетте олай емес, бәлкім біздің мақсат-осы есімдерді ұғынып, иман келтіріп, сеіне білу, осыған сай амал жасау. Аллаһтың бәрінен де жоғары екенін білген адам әрбір ісінде Аллаһтың бақылап тұрғанын, көріп тұрғанын есте ұстауы керек. Тәкаппар жандар қанша кеуде керсе де Аллаһтан биік, одан үлкен бола алмайтынын ұғыну керек. Күнә жасамас бұрын ойланып, Аллаһтың қаһарын, Оның билігінің үстемдігін есте ұстау керек. Бір шешім қабылдамас бұрын ойланып, бұл шешім Аллаһтың шариғатына сай ма, әлде қайшы ма? Осыны ескеру керек, себебі Аллаһтың билігі барлық биліктен жоғары, Аллаһтың үкімі бәрінен үстем әрі Оның қаһары өте ұлы! Аллаһтың нығметімен әдемі болып, жұрттың мақтанышына оранатын болсақ, Аллаһқа шүкір етіп, құлшылықты көбейте білу керек, себебі қанша сұлу болсақ та Аллаһтың сұлулығынан асып түсе алмаймыз. Көзіміз алыс-жақынды көріп, құлағымыз сыбыр-дабырды естіп, жүз пайыз сау болсақ та кеуде керіп, шіренбеуіміз керек, себебі бәрібір Аллаһтың сипаттары мен есімдері ең көркем, кемшіліксіз әрі барлық сипат пен есімнен жоғары! Осыны ұққан жан дауласудан да алыс жүрмек, себебі білімсіз сөз сөйлеу-Аллаһтың білімімен теңесуге апарады. Ал Аллаһтың ілімі қайткен күнде де жоғары!!!

Есте ұстаңыздар! Біріншіден: Ғайып ілімі (біз білмейтін, біздің ілімімізден таса ілім) тек Құран және хадис бойынша білінеді. Бұл салада ой жүгіртіп, өзіндік пікірлер айтып, алыстауға болмайды. Ондай болса Құранда қалай келген болса, біз солай қабылдап, әрі қарай тереңдемеуіміз керек. «Неге? Қалай?» деген сұрақтар қойылмайды бұл салада. Себебі ғайып ілімді тек Аллаһ біледі.
Екіншіден: Аллаһ тағала, Оның келбеті, сипаттары, есімдері де «ғайып» іліміне жатады. Ал оны түсіндіргісі келген адам бар болғаны Құран және хадистен қарап, солай түсінуі және түсіндіруі керек. Ал егер ол өз ақылын қосып, өзінше түсіндіруге беттейтін болса, онда ол білімсіз сөз сөйлеуге душар болады.
Үшіншіден: Өте маңызды ережені есте ұстаңыздар: «Бір затты суреттеу үшін, елестету үшін міндетті түрде сол затты бұрын көрген болу керек немесе ол нәрсенің басқа бір затқа ұқсайтынын білу керек. Ал енді бұрын көрмеген, басқаға ұқсамаған нәрсені елестетуге, суреттеуге келмейді». Мысалы, біз «Қалам» десек, көз алдыңызға бірден жазу құралы елестейді. Енді біз «Набық ағашы» десек, сіз ешнәрсе елестете алмай тұрасыз, тек басыңызға ағаштың әйтеуір бір түрі келеді. Енді мен: «Ол африкада өсетін, жемісі қызыл, өзі аласа, жасыл, итмұрын сияқты өсімдік» десем, сіз бірден көз алдыңызға итмұрын ағашын елестетесіз. Ал енді мен «Қаруп» десем, сіз ешнәрсе елестете алмайсыз. Себебі қаруп деген нәрсені көрмегенсіз, ол не нәрсеге ұқсайтынын да білмейсіз. Басыңызда ешбір ой жоқ, көз алдыңызда ешбір елес жоқ. Адам өзі көрген, естіген, білген заттан артық нәрсе ойлап тауып, елестете алмайды. Сол үшін Аллаһ сипаттарын «ол былай, солай» деп, өзінше түсіндіруі дұрыс болмайды, себебі біз Аллаһты көрмедік әрі Оған ешнәрсе ұқсамайды. Ондай болса «Көтерілді, жоғары» деген сипаттарды естіген кезде біздің көтерілу деп елестетпеңіздер, себебі Аллаһтың жоғарылағаны белгілі, бірақ қалай екені бізге беймәлім. Бізге көтерілгеніне иман келтіру уәжіп ал қалай екенін білу уәжіп емес. Имам Мәликке бір адам келіп: «Аллаһ аршыға көтерілді дейді, қалай көтерілді?» деп сұрағанда ол кісі: «Көтерілгені белгілі, ал қалай болғаны белгісіз, бұл жайында сұрау-бидғат, дінге жаңалық енгізу, ал бұған иман келтіру – парыз»,-деген. Осы сөзді есте ұстасақ, Аллаһтың барлық сипаттары мен есімдерін оңай түсініп, жеңіл қабылдай аламыз.
Төртіншіден: Аллаһ өзі жайында Құранда «Естуші, Көруші, көкте, жүзі бар» дегендей сипаттар айтқан болса, ол Аллаһты адамға ұқсату болып табылмайды, себебі Аллаһ бұл жайында өзі айтып тұр. Ал Аллаһ айтқан сөзді сіз айтсаңыз, онда қалай ғана адамға ұқсату болмақ? Мысалы сіз: «Шыбынның көзі бар» десеңіз бұл сөзіңіз шыбынның көзін адамға ұқсату ма? Әлбетте, сіз шыбынның көзі бар деу арқылы тек шыбынның көзі жайында хабар бересіз. Тура сол сияқты сіз бар болғаны Аллаһ сөзін, Құранда келген баянды өзгеге жеткізушісіз.
Ал енді адамға ұқсату қай кезде болады? Егер де сіз «Ол біз сияқты естиді, біз сияқты көреді, аспанда кәдімгідей отыр, жүзі біздікі сияқты» деп айтсаңыз немесе елестететін болсаңыз ұқсату болып табылады. Ал бұл дұрыс емес, бәлкім, Аллаһқа ешкім ұқсамайды. Аллаһ Өзінің сипаттарын қалай жеткізген болса, біз солай қабылдап, ешнәрсеге ұқсатпай иман келтіруіміз ләзім.
Бесіншіден: «Дау жүргізіп, әртүрлі көзқарастар айту үшін сол мәселеде көптеген ықтималдар болуы керек». Ал енді Аллаһтың «Естуші, Көруші, көкте, жүзі бар» дегендей сипаттары төңірегінде дау жүргізу дұрыс емес. Дау жүргізу үшін адам сол мәселеде көптеген пікірлері мен көзқарастары болуы керек. Ал адам Аллаһ жайын, оның сипаттарының нақты қандай екенін білмесе, көзімен көрмеген болса, ешнәрсеге ұқсата алмаса дау жүргізуі орынды болмайды. Бәлкім, Аллаһ тарапынан хабар қалай келсе, сонымен шектеліп, ары қарай тереңдемей, иман келтіруі керек.
Алтыншыдан: Бұл сипаттарды дауласу үшін емес, иман келтіру үшін оқып, үйрену керек. «Аллаһ көкте» деп, айналадағылармен айқасып, айтысып жүру ақиданың мақсаты емес. Ақиданың мақсаты – Аллаһ сипаттарын біліп, соған иман келтіру. Ал дауласып, тартысу – ол «ғалымсымақтардың» әрекеті.
Жетіншіден: Жердегі заңдылықтар, ережелер Аллаһқа қатысты қолданылмайды. «Аллаһ естуші» дегенді жердегі заңдылыққа салыстырып «демек, құлағы бар» деп айтуға болмайды.
Сегізіншіден: Ислам ғұламаларының бәрі де «Аллаһ барлық жерде» деген пікірдің сопылық ағымдарының бірі, философиялық «хулулия» ағымының көзқарасы екенін айтқан. «Аллаһ барлық жерде» деген пікір – қате көзқарас. Егер бұлай болса, Аллаһ тағала адам айтқысыз жерлерде де болуы керек болып қалмай ма?! Бірақ, Аллаһ кемшілік атаулыдан пәк!
Тоғызыншыдан: Аллаһтың есімдерінің қарама-қайшысын Аллаһқа тағуға болмайды. Мысалы: Аллаһ кәбир /ұлы/. Енді сіз сағир /кішкентай/ деп айтуға болмайды. Сол сияқты Аллаһ тағала /жоғары/ дегенде «Жоқ, Аллаһ тәсәәфәлә /төмендеді/» дей алмайсыз. Себебі Аллаһқа тек қана ұлы есімдер мен көркем сипаттар тән.

Аллаһ тауфиқ берсін!!!

Advertisements

2 Responses to 37. Әл-‘Али, 38. Әл-‘Алә және 39. Әл-Мута’әл

  1. Сабит айтады:

    assalamu aleikum ua raxmatullahi ua barakatux!Mina Allahtin 99 esimin tolik jazgandariniz jaksi bolar edi..jazip laip jattap aluga ulken mumkindik bar!Allah razi bolsin!Assalamu aleikum…

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: