Фәләқ пен Нас сүрелерінің түсіндірмесі (кіріспе)

Әссәләму алейкум уа рахмәтуллаһи уа баракәәтуһ, құрметті, оқырмандар!
Бүгінгі дәрісімізде қасиетті Құрандағы соңғы екі сүре – Фәләқ (Таң) және Нас (Адамдар) сүрелерін түсіндіріп, талдап, осы екі сүре төңірегінде сөз өрбітеміз. Ғұламалардың барлығы дерлік бұл екі сүренің жалпы мазмұны мен стилі өзара жақын болуы себепті екеуін қатар алып, бірге тәпсірлейді.  Тіпті екі сүрені «Мағуазатәйни» деп немесе «Муғаууизатайни» деп атайды. Қасиетті екі сүрені тәпсірлеп, мағынасын ұғынған кезде бұған өздеріңіз де куә боларсыздар, Аллаһтың қалауымен.
Бұдан бұрынғы әдетімізге сай, ең алдымен Халифа Алтай атамыз аударған Құран нұсқасы бойынша сүренің қазақша мағыналық аудармасын келтіріп, артынша сүренің негізгі түсіндірмесін баяндап, аударманың дұрыс-бұрыстығын бірге талқылаймыз. Әлбетте, біздің мақсат қате іздеп, дау тудыру емес, бәлкім негізгі мақсатымыз – сүренің астарында жасырылған мағыналарды түсініп, ішіндегі айтылғанға сай амал жасау үшін мәнін ұғыну. Басқаша айтсақ, сүрені шамамыз келгенше толық талдап, бойымызға сіңдіру. Шын мәнінде бұл үмметтің түзелуі, жарқын болашағы, алдағы үмітінің орындалуы – Құран мен сүннетті берік біліп, ұғынып, иман келтіріп, тиісінше амал жасауында ғана! Ондай болса Аллаһтан күш-қуат, жігер тілеп, сүренің түсіндірмесін бастайық!

113-ФАЛАҚ СҮРЕСІ. Меккеде түскен. Бес аят. (Рауаят бойынша, Яһудилер Мұхаммед Ғ.С ға түйіншекке дем салып, қас қылмақшы болған. Б.Ж.К.Х.Т. Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын)
Бұл Халифа Алтай атамыздың осы сүренің басында келтірген кішігірім кіріспесі болып табылады. Сүренің негізгі мазмұны, негізгі сұлбасы осыдан кейінгі аяттар. Енді жоғарыдағы үзіндіні сөзбе-сөз түсіндірер болсақ:
«113» дегені сүренің реттік санын білдіреді. Демек, Фәлақ сүресі Құрандағы реттігі бойынша ең соңғы сүрелердің қатарына жатады, себебі Құран сүрелерінің саны 114 екені бәріне де белгілі. Осы кезде мынадай сұрақ туады: Құранды осы реттікпен орнату пайғамбар (с.а.с) әмірімен болған ба әлде ғұламалар өз ижтиһадымен орнатқан ба? Бұл мәселеде ғұламалар бірнеше пікір айтқан, әйтсе де дұрыстыққа жақыны – Құрандағы сүрелер реттігі Аллаһтың әмірімен орнатылған.
«Фалақ сүресі» дегені сүренің атауы. Жалпы Құран сүрелері төртке бөлінеді: а) Ұзын сүрелер, ә) Жүздік сүрелер, б) Қайталанатын сүрелер, в) Аралары бөлінген сүрелер, яғни аралары «бисмиллә» арқылы жиі бөлініп отыратын сүрелер.
Бірінші түріне: Бақара, Әлі Имран, Ниса, Маидә, Әнғам, Ағраф, Әнфәл және Тәубе сүрелері кіреді.
Екінші түрі – жүздік сүрелер, яғни аяттар саны жүзден асып жығылатын сүрелер. Үшінші түрі – қайталанатын сүрелер, яғни аяттар саны жүздіктен аз сүрелер әрі ішіндегі кейбір аяттары қайталанып отыратын сүрелер.
Төртіншісі өз ішінде үшке бөлінеді: Ұзын, орташа және қысқа. Ұзын сүрелер «Қафтан» бастап Нәбә сүресіне дейін, орташасы Нәбәдан Дұхаға дейін, ал қысқалары Дұхадан Нәсқа дейін. Демек, Фәләқ пен Нас сүресі осы төртінші түрінің үшінші тармағына жатады, яғни аралары бөлінген сүрелердің қысқа сүрелер тобына.
Халифа Алтай атамыздың «Меккеде түскен» деген сөзі осы сүренің түсу кезеңін білдіреді. Көп адамдар Меккеде түскен деген сөздің Меккенің өзінде жүргенде түскен екен деп ойлайды. Бірақ, Меккеде және Мәдинада түскен деген сөз нені білдіреді? Біздің білуімізше, пайғамбар (с.а.с) ғұмыры үлкен екі кезеңнен тұрады: Меккелік және Мәдиналық кезең. Меккелік кезең пайғамбарлық қонғаннан бастап Мәдинаға көшкенге дейінгі аралық, яғни 13 жыл, ал Мәдинаға көшкеннен бастап көз жұмғанға дейінгі аралық – Мәдина кезеңі деп аталады. Сүрелердің «Меккелік» немесе «Мәдиналық» деп бөлінуі осыған қатысты айтылады, бірақ жерге еш қатысы жоқ. Мәселен, ол кісі Меккенің сыртында Тайфта жүрген кезде немесе жолға шыққан кезде түскен сүрелер «Тайфтық сүре» немесе «Сапардағы сүре» деп емес, жалпы кезеңге қатысты «Меккелік» деген ат алады.
Демек, Фәлақ пен Нас сүрелерінің «Меккелік» деп аталуы пайғамбарымыздың (с.а.с) Мәдинаға көшуінен бұрын, Меккелік кезеңде түскенін білдіреді.
Ал енді жақша ішіндегі (Рауаят бойынша, Яһудилер Мұхаммед Ғ.С ға түйіншекке дем салып, қас қылмақшы болған) деген үзінді осы сүрелердің «Түсу себебін» білдіретін оқиғаның жалпы баяндамасы болып табылады. Жақсы.
Осы кезде мынадай сұрақ туады: Бұл оқиға шынымен болған ба? Осы сүренің түсуіне осы оқиға себеп болды ма? Осы екі сұраққа бірігіп жауап беріп көрейік. Сахих Бұхари мен Сахих Муслимде келтірілген хадистерде Аллаһ елшісін (с.а.с) яһудилік біреудің сиқырлап, дұғалап тастағандығы айтылады. Бір риуаяттарда «Түйіншектерді түю арқылы» деп келсе, енді бірінде «Түйіншектерге дем салып, ине шаншып дуалағаны» айтылады. Ал енді бір риуаяттарда пайғамбар тарағы дуаланып, бір құдыққа тасталғаны айтылады. Қайткен күнде пайғамбарымыздың (с.а.с) сиқырланғаны болған оқиға. Сондай-ақ, тәпсір ғұламаларының басым бөлігі бұл екі сүренің осы оқиғаға қатысты түскенін айтқан. Бірақ, бұл екі сүрені оқу – тек осындай жағдайға, яғни көз тиіп, сиқырланып, дұғаланған кезде ғана оқылады деген түйін шықпайды бұдан. Бәлкім, қорған ретінде әркез оқып, жиі қайталап жүрген жақсы болмақ.
Халифа Алтай атамыз жақша ішінде үлкен әріптермен Б.Ж.К.Х.Т деп келтірген, яғни жоғарыдағы осы оқиғаны Байдауйдың тәпсірі, Жәләләйнидің тәпсірі, Ибн Кәсир тәпсірі, Хусайнидың тәпсірі және Тыбиян атты тәпсір кітаптарынан табуға болатынын білдірген.

Бұл екі сүренің маңызы

Фәләқ пен Нас сүресінің маңызы, артықшылығы жөнінде көптеген хадистер келген. Солардың арасынан кейбірін атап өтсек:
Бұл екі сүре ең абзал сүрелердің бірі болып табылады. Аллаһ елшісі (с.а.с) Уқба ибн Амирге: «Аллаһтан пана тілеушілердің пана тілеуде қолданатын сөздерінің ең абзалынан хабар берейін бе?»-дейді. Уқба: «Әлбетте»,-деп еді, пайғамбарымыз (с.а.с): «Қул әғузу бираббил фәләқ» пен «Қул әғузу бираббиннәс»,-деп жауап берген екен (Ахмад, сахих /сенімді/ хадис).
Бұл екі сүрені әр намаздың артында оқыған жақсы. Оқу дегеніміз біреу оқып, қалғаны тыңдап отыру емес, бәлкім әрбір адам жеке, үш қайтара оқығаны жақсы. Уқба арқылы жеткен тағы бір хадисте: «Аллаһ елшісі (с.а.с) барлық намаздың соңында екі мағуазатайнды оқуды бұйырды»,-делінген. (Тирмизи, сахих /сенімді/ хадис).
Бұл екі сүрені таңертең жене кеш батарда оқыған жақсы. Уқба арқылы жеткен тағы бір хадисте: «Жаңбырлы қараңғы түндердің бірінде бізбен бірге намаз оқуын өтініп, Аллаһ елшісін (с.а.с) іздедік. Ақыры ол кісіні кездестірдік. Сонда ол кісі: «Қул (айт)»,-деді. Мен ешнәрсе демедім. Ол кісі тағы да: «Қул (айт)»,-деді, мен ешнәрсе демедім. Ол кісі тағы да «Қул (айт)»,- дегенінде, мен: «Иә, Аллаһ елшісі, нені айтайын?»,-дедім. Сонда ол кісі: «Таң атқанда және кеш батарда «Қул һуаллаһу ахад» пен екі муғаууизәтәнды оқысаң, бұл барлық нәрседен жеткілікті болады»,-деді»,-делінген. (Тирмизи, Насаи, сахих /сенімді/ хадис).
Бұл екі сүре жындардың арбауы мен адамның көзі өтіп кетуінен қорған болып табылады. Әбу Сағид арқылы жеткен хадисте: «Аллаһ елшісі (с.а.с) муғаууизәтән түскенге дейін жындар мен адамның көзі тиюіне қарсы дұғалар оқып жүретін. Ал енді осы екі сүре түскеннен кейін осы екеуін алып, бұлардан өзгесінің бәрін де тоқтатты»,-делінген. (Тирмизи, сахих /сенімді/ хадис).
Жатар алдында қолдарды жайып, осы екі сүре мен Ықылас сүресін оқып, оқып болған соң қолға сүпілеп, яғни алақанға «суф-суф» деп, қолдың жеткен жеріне дейін толық денені сүрткен жақсы. Себебі пайғамбарымыз (с.а.с) жатар алдында екі алақанына «Қул һуа Аллаһу ахад» пен екі муғаууизатанды бірге оқып, кейін беті мен денесін екі қолы жеткен жеріне дейін толық сүртетін. (Бұхари, Муслим). Айша анамыз осы хадистің соңында: «Ал енді ауруы күшейген кезде ол кісі маған бұйырып, мен оқып беретінмін»,-деген. Тағы бір риуаяттарда Айша анамыз пайғамбарымыздың алақанына өзі оқып, пайғамбарымыздың қолдарын жәрдемдесіп отырып, денесін толық сүрткізетіні айтылған.
Жалпы, бұл екі сүре көз, сиқыр және осыған ұқсас бәле-жаланың бетін аулақ етуде жәрдем берерлік, әртүрлі жаманшылықтан қорған боларлық сүрелер. Оған қоса ішінде өте үлкен мағына қамтыған ұлы сүрелер болып табылады. «Қорған» дегенге тек қорған үшін түскен деген келте ойдан аулақ болған жөн, себебі Құранның әрбір аяты, әрбір әрпі үлкен хикмет пен даналықтың бастамасы болып саналады. Адамдардың бұл екі сүреге деген мұқтаждығы тағам мен сусынға деген мұқтаждығынан да артық. Бұл жайында келесі сабақтарда сөз өрбітеміз, иншалла…

Advertisements

3 Responses to Фәләқ пен Нас сүрелерінің түсіндірмесі (кіріспе)

  1. Кәрім айтады:

    Өте пайдалы мәлімет. Нас сүресінің түсіндірмесін де тағатсыздана күтеміз.

  2. abuhajar айтады:

    Иншалла, жалғасы болады әрі басынан аяқ мұқият қарап жүріңіздер. Бұл сабақтар тізбекті әрі бірі екіншісін толықтырып отырады. Бір сабақтың сыры екінші сабақта ашылатын тұстары да өте көп.

  3. www.nvrislam.com айтады:

    Assalamu galaykum, engbeginzge Allah razi bolsin, buni oz bilim jane oyingzben tapsir etip otersiz ba?

    Allah razi bolsin.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: