40. Әл-Хафийз

40.Әл-Хафийз

40.Әл-Хафийз

Бүгінгі дәрісімізде Ұлы Раббымыздың Әл-Хафииз есімі төңірегінде сөз өрбітеміз.
Бұл есім араб тіліндегі «хифз» сөзінен туындайды. Тілдік мағынасы: «сақтау, жаттау».
Ал енді осы есімнің Аллаһ тәбәрәкә уа тәғәләға қатысты айтылғандағы мағынасына келер болсақ, Әл-Хафииз есімі «Сақтаушы» деген мағына береді. Бұл есім Құранда үш жерде келген.
Аллаһтың сақтауы қалай болатынын түсіндіре келе ғұламалар былай дейді:
а) Аллаһтың жалпы жаратылысты сақтауы, яғни Аллаһ аспан мен жерді және екеуінің арасындағыны тиісті уақыты келмейінше жоғалып, жойылып, құрып кетуінен сақтап тұрады. Ұлы Раббымыз Құранда: «Оған ол екеуін (аспан мен жерді) сақтап тұру еш қиындық тудырмайды»,-деп, аятта «хифз» сөзін қолданған. (Бақара сүресі, 255 аят).
ә) Аллаһтың құлдарына байланысты сақтауы. Бұл өз ішінде екі түрлі болады: Жалпы сақтауы және ерекше сақтауы. Жалпы сақтауы адам баласының бәріне тиесілі. Ұлы Раббымыз Өзінің мейірімімен барлық адамдарды әртүрлі апаттардан, зияндықтан сақтап тұрады әрі лайықсыз түрде пәлекет жолдамайды. Ал енді ерекше сақтауы шынайы, ықыласты құлдарына арналған. Раббымыз шынайы берілген, ықыласты, тақуа құлдарын әртүрлі күнә жасап қоюдан сақтайды. Ал енді жасап қойса дереу тәубе етуге мұрсат беріп, Өзі қолдап отырады.

б) Аллаһ барлық әлемді, оның ішіндегі барлы-жоқты, іс-әрекетті, кідіріс-мүдірісті, жасырын мен жарияны бәрін түгел біліп, ұмытпай, есте сақтаушы. Оның ілімінен ешнәрсе тысқары қалмайды. «Сенің Раббың еш ұмытпайды»-деген аят осының айғағы. (Мәриям, 64). Енді осы есімге сай амал ету жайын сөз етер болсақ:

Біріншіден: Аллаһ Өзі жаратқан жаратылыстарын өзінің даналығы мен шексіз іліміне сай сақтап тұрады. Құранда: «Аспанды берік бір төбе қылдық»-делінген. (Әнбия, 32). Осының өзі ақылы барларға үлкен ғибрат, ұлы мұғжиза бола алады. Бірақ, адамдар осыны елемейді де Раббысы сақтап, қорғап тұрғанын түсінбейді. «Олар болса мұндағы белгілерден бет бұрады». (Әнбия, 32).
Екіншіден: Тура жолға бет алған жанды, егер шынымен-ақ ықыласты болса, Аллаһым адасудан сақтайды. Мәселен, пайғамбарлардың күнә жасамауы осының бірден бір дәлелі, себебі олар – ең ықыласты, тақуа жандар. Ал енді қарапайым адамдарға келер болсақ, Ұлы Раббымыз Құранда: «Әркімнің алды-артынан Аллаһтың әмірі бойынша өкшелеп, қорғаушы періштелер бар»,-деген. (Рағыд, 11). Бұл періштелер шынайы мүмин жанды әртүрлі бәле-жаладан сақтап тұрады. Аллаһ ұлық! Тура жолға бет бұрып, Аллаһтың мейіріміне талпынсаң болғаны, Аллаһ та құр қол қалдырмай, қорғаштап жүретін періште жаратып қойған. Ондай болса әртүрлі әруақтарды атап «Қорғап-қоршап, жебеп-желеп жүре гөр» деп айтуға болмайды, ағайын. Себебі адамды қорғаушы – Аллаһ, қолдаушы – Аллаһ, жебеуші – Аллаһ, демеуші – Аллаһ. Аллаһ көмекшіге мұқтаж емес. Өзі-ақ сақтай алады. Ал бір періштелерді «қорғаушы» етіп тағайындауы, ол сол періштелерге жүктелген міндет. Олар сол ісін атқарса, Аллаһқа құлшылықтары да сол болады. Ал біздің міндет – Аллаһқа серік қоспай құлшылық жасау. Егер осыны атқарсақ, өз міндетімізді өткерген боламыз. Мынаған назар аударыңыздар: Аллаһ арнайы бір періштелердің адамды қорғап жүретінін хабарлаған, алайда «Періштелерден көмек сұраңдар» деп айтпаған. Бірақ, Құранның ешбір жерінде «әруақтар қорғайды» деп айтпаған, осыған қарамастан көбіміз әруақтардан көмек сұраймыз?! Сәйкеспейтін сияқты! Көмек сұрау керек болса Құранда баян етілген періштеден неге сұрамасқа?! Әлбетте, бұған рұқсат келмеген. Құранда «қорғаушы» қызметін атқаратын періштелерден көмек сұрауға болмайтын болса, әруақтан жәрдем сұрау әсте дұрыс емес. Ондай болса сақтаушы бір Аллаһтан медет күтейік.
Үшіншіден: Біреулер мынадай сұрақ қояды: «Адамдардың апаттарға ұшырауы ненің себебі? Сонда Аллаһ бізді сақтамағаны ма?». Естеріңізде болсын, адамдар екі түрлі болады, бірі Аллаһқа иман келтіріп, сүннетке берік болған жандар және екіншісі шайтанның ылаңына беріліп, құрдымға қадам басқан сорлылар.
Иман келтіргендерге де, иман келтірмегендерге де жақсылық пен жамандық, беймазалық пен апат келіп жолығуы ғажап емес. Бірақ, оның арғы даналығы, нәтижесі әртүрлі. Иман келтірген жандар беймаза, тыныш ғұмыр кешіп жүрсе, бұл Аллаһтың нығметі, шүкірлік етіп, құлшылыққа берік болған ләзім. Ал енді иман келтірген құлдардың апатқа душар болуы, қиындық көруі – Аллаһ тарапынан сынақ. Раббымыз Құранда: «Адамдар иман келтірдік деп айтқаннан кейін сыналмай құр жүре береміз деп ойлай ма?»,-деген. (Рұм, 1). Ондай болса бұл сынақта сабыр еткендер шынайы иман келтіргендер қатарына кіріп, Раббымыздың ризалығына қол жеткізеді.
Шайтанның жетегіне ергендер беймаза өмір кешіп, қамсыз өмір сүрсе, бұл Аллаһтың мазағы десе де болады. Таудың етегінен құлаған адам жерге жай түседі, ал жоғарыдан құлағаны мылжасы шығып, адам танымастай өзгеріп кетеді әрі тірі қалуы да мүмкін емес. Осы сияқты Аллаһ адасқанның үстіне адастырып, ол бейшараның «қасарысқанының» үстіне байлық беріп, тыныш ғұмыр беріп, күнәсін көбейтіп, үлкен азапқа салмақ, Аллаһ сақтасын.
Ал енді шайтан жетегіне еріп, онымен қоймай азапқа түссе, бұл оның осы дүниеде көретін азабы десе де болады.
Осының бәрін ой елегінен өткізген жан өз өміріне қарап, өлшеу жасағаны дұрыс болар. Амалына бір қарап, жағдайына енді бір қарағаны артық болмайды. Көбіміз «мұсылманбыз» деп, намаз оразаны артқа ысырып, «ниетім таза» деп, бейқам, тыныш ғұмыр кешеміз. Осылайша намазсыз, оразасыз күндер өтіп, құрдымға кетіп бара жатқан жоқпыз ба? Дін ісінде өзімізден озғандарға қарап, діни жағдайымызды жөндейтін уақыт келген шығар деп ойландық па? Әлбетте, адам баласы ұмытшақ!
Ондай болса бір қиындық пен біз үшін жаман оқиғаға тап болсақ, ол не өзіміздің бұрынғы қателіктеріміздің жемісі, не ол бір сынақ. Аллаһ тек жақсы көрген құлдарын сынайды. Ертеде сахабалар бір күн сынақ көрмесе жылап: «Мені Аллаһ жақсы көрмейді-ау» деп қиялға түсетін. Тәрбиені бұрынғылардан алу керек, ағайын.
Төртіншіден: Пайғамбарымыз (с.а.с) Ибн Аббасқа: «Әй, балақай. Аллаһты сақта, Ол да сені сақтайды»-деген. Яғни Аллаһтың бұйрықтарын орындап, қойған шегінен аспасаң, ол да сені сақтайды. Ал Аллаһ хақысынан сақтау керек нәрсенің ең бірінші – Оған ешкімді серік етпеу. Бір қызығы, біреулер: «Мен қиындық көрем, анау ішіп жүргендер неге қиындық көрмейді. Мен жапа шегем, ана алдап жүргендер неге жапа шекпейді»,-деп, делдал болып, бұртиып жүретіндер кездеседі. Сол жандар өздерінің ісіне неге бір мезет болса да көз салып қарамайды? Олар Аллаһтың ең бірінші хақысын сақтап жүр ма? Аллаһқа серік қоспай жүр ме? Жоқ, олай дей алмаймыз. Себебі олар әркез құмалақ салдырып, бал аштырады, емшілердің соңына еріп, әруақ аралайды, «бабам қолда» деп бата жасайды, баланы мазардан іздеп, молданы базардан іздеп шапқылайды. Осылайша Аллаһқа серік қосып, артынша Раббысына кінә тағып, басына келген нәубеттің шипасын іздейді. Бұл ақылға қона ма?
Сондай-ақ, намазды сақтау, уақытымен орындау, тиісті түрде оқу. Намазға сақ адам – Аллаһ тарапынан да сақтау алады. Себебі намаз-ризықтың келуіне, денсаулықтың дұрыс болуына, жамандықтан аулақ жүруге, жүректі аман сақтауға, ниетті дұрыстап жүруге, жүзімізді нұрландырып жүруге, еріншектікті кетіруге, ыждаһаттылық пен ынтаны күшейтуге, рухымызды азықтандыруға, берекеттің орнығуына, нығметтің толастамай келуіне, аурудың жоламауына, шайтаннан алыстауға, Аллаһқа жақындауға бірден бір себеп. Ондай болса намазға берік болайық. Осы жағдайда Аллаһ та бізді сақтайды.
Бесіншіден: Құрсақтағы бала, илеудегі құмырсқадан бастап, теңіздегі алып киттерді, осы әлемде біз білетіннен бастап білмейтін нәрсенің бәрін де сақтап тұрған Раббымызға шексіз мадақтар болсын. Мұның бәрін де сақтап тұрған Аллаһ-Әл-Хафииз.
Ал енді біз бір күнә жасап, Аллаһтың белгілеген шегінен шығып кетер болсақ, оның бәрі де ұмыт қалмайды. Себебі Аллаһ Әл-Хаафиз, ешнәрсені ұмытпайды. Бір мұсылман бауырыңның қанына, жанына, арына, малына, мүлкіне қол сұқсаң, алдап кеттім деп ойласаң, әсте қателесесің, бәлки алданған өзің. Ол бауырың ұмытса да Аллаһ ешқашан ұмытпайды. Адам атадан бергі ұрпақтың істеген ісін бәрін де біліп, қадағалап, Қияметте есебін алады. Біреудің бір нәрсесін алып, қайтармай алдасаң, Қияметте Аллаһ соны қайтаруды талап етеді. Ал Қияметте адамның амалдарынан өзге ешнәрсесі болмайды. Қайтарайын десе алған нәрсесі қолында жоқ, ақшасын берейін десе ол да жоқ. Не болмақ? Сауаптарын әлгі адамға береді. Сауабы болмаса сол алдаған адамының күнәларын мойнына жүктеп, тозаққа бет алмақ. Бұдан үлкен бейнет пен қорлық бар ма?!
Ондай болса Аллаһтың шынайы құлдары болуға асығайық. Әлбетте, Аллаһ өзінің шынайы құлдарын кез-келген кесапаттан сақтайды. Ісімізге есеп бере жүрейік, не істесек те Аллаһ оны біледі әрі ұмытпайды.
Алтыншыдан: Аллаһ сақтап қалған нәрсе ғана «шынайы сақталды» деген атқа лайық. Ертедегі перғауындарды еске алыңыздар. Олар өмірі өлмес империя боламыз демеп пе еді?! Ал қазір?! Бар болғаны көрінгеннің қолында қалып, шашырап, мұражайлардан орын алған. Аллаһул мустаған!

Жетіншіден: Адамның сақтап қалған немесе жаттап алған нәрсесі тек қана Аллаһтың қалауымен. Тіпті Құранның өзі өзгермей сақталуы Аллаһтың қалауымен. Бұған Құранда: «Шын мәнінде Құранды біз түсірдік, әрі оны Біз сақтаймыз»,-деген. Құранды ешкім де өзгерте алмайды.
Адамның жаттағаны, білген білімі, сақтап қалған малы, дүниесі-бәрі де Аллаһтың қалауымен ғана. Ондай болса біреуден артық білсең, «мен білдім» деп кеуде керме. Баймын деп тайраңдап, ұрпағым көп деп шалқайма. Біреулер көп ілімі болса да жәннатқа кіре алмауы мүмкін.
Сегізіншіден: Көзге көрінетін нәрседен сақтану оңай. Мысалы: Харам нәрседен сақтан, арақ ішпе, зина жасама да жақындама, харамға қарама десе оны істеуден аулақ болуға болады. Ал енді көзге көрінбейтін шайтаннан сақтанып жүре аламыз ба? Біз оны көре алмаймыз әрі ести алмаймыз. Қалай сақтанбақпыз? Осы орайда оны көретін әрі еститін біреуден көмек сұрау керек қой. Ал ол-Аллаһ. Ондай болса Аллаһтан әркез пана тілеп, Әғуузу билләһи минаш шайтанир ражиим, деп, дұғаларды көп жасап жүріңіздер. (Алдағы уақытта осы истиғәзә дұғасы жайында арнайы бір дәріс жариялаймыз, Аллаһ қаласа!)

Тоғызыншыдан: Аллаһ тарапынан бізге берілген үлкен нығметтердің бірі – ұмыту. Көп жандар «ұмыту» дегеннің бір нығмет екенін ұғынбайды. Біле-білсек, қатты қиындық, апатқа душар болған жандар сол оқиғадан кейін өзін қоярға жер таппай, қатты қиналып, көзіне жас келіп, көкейін мұң басып жатады. Бірақ, уақыт өте келе ол қайғы азайып, кішірейіп, біраз уақытта мүлдем ұмытылады. «Құса боп өліпті» деген сөз бар қазақта, яғни қатты қайғыдан шыдас бермей жүріп кеткенде осылай айтылады. Міне, раббымыздың осы бір нығметі болмағанда «құсалық» қысып, қиналып, жынданып кетпеуге кім кепіл?! Ондай болса «Ешнәрсені ұмытпайтын Раббымызға мадақ айтып, «Ұмыту» нығметін сый еткен Аллаһқа шүкірлік етейік»!!!

Аллаһ жәрдем беріп, Өзінің есендігіне алсын. Жүректі бұзатын адасу мен күпірліктен, амалды бұзатын бидғат пен жаман істен, сөзді бұзатын жаман сөз бен ұятсыздықтан, өтіріктен сақтасын.  Шын мәнінде адамның кәмілдігіне осы үш нәрсенің дұрыстығы керек. Сау жүрек, дұрыс амал және дұрыс сөз. Бұл нәрсеге тек Аллаһтың құдіреті жетеді әрі Ол неткен жақсы Қорғаушы!!!

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: