Фәләқ пен Нас сүрелерінің түсіндірмесі (1-сабақ)

Құрметті бауырлар! Бүгінгі дәрісімізде Фәләқ пен Нас сүрелерінің тәпсірін жалғастырамыз. Алдыңғы сабақтарда айтып өткеніміздей, бұл екі сүренің толық мағынасы екеуінің тәпсірін қатар жүргізген кезде ғана ашылады. Сол үшін алдын ала ескерту жасап айтарым, екі сүренің Халифа Алтай атамыз аударған нұсқасын келтіріп, одан әрі қарай аяттардың тәпсірін жүргіземіз. Сіздерден талап етілетіні – айтылғанды мұқият оқып, түсінбеген болсаңыздар қайта оқып қарау, анықтамалар мен ережелерді жаттау және тиісінше амал ету. Бұл екі сүренің құр аудармасын оқыған жан сүренің арғы сырына жете алмауы ғажап емес. Бірақ, шын мәнінде бұл екі сүре ұлы сүрелердің бірі әрі көлемдері аз болғанына қарамастан сабағымыз бірнеше бөлімге бөлініп, біразға созылуы мүмкін. Ондай болса Аллаһқа тәуекел етіп, сүре тәпсірін бастайық!

Х. Алтай атамыз аударған Құран нұсқасындағы Фалақ сүресінің мағыналық аудармасы

(Мұхаммед Ғ.С): «Таңның Раббына сиынамын,» (1) «Жаратқан нәрселерінің кесірінен,» (2) «Қараңғылық басқан сәтте, түннің кесірінен,» (3) «Түйіншектерге дем салушылардың кесірінен,» (4) «Күншілдердің кесірінен, ол күндеген сәтте, (сиынамын.)» де. (5)


Нас сүресі

(Мұхаммед Ғ.С): «Адамдардың Раббына,» (1) «Адамдардың иесіне» (2) «Адамдардың Тәңіріне» (3) «Сыбырлап азғырушының кесірінен» (4) «Сондай адамдардың көкейлеріне салатын» (5) «Мейлі жыннан, мейлі адамдардан болсын, (бүкіл азғырушылардың кесірінен Аллаға) сиынамын» де (6).

Фалақ сүресінің бірінші аяты «Қул әғуузу бироббил фәләқ» деп басталады. Әрбір сөзіне жеке-жеке тоқталатын болсақ, «Қул» дегеніміз «айт» деген сөз, яғни Ұлы Раббымыз Өзінің елшісі Мұхаммедке айтуды бұйырған. Не айтуды бұйырған? «Әғуузу бироббил фәләқ /Таңның Раббысынан пана сұраймын/» деп айтуды. Осы кезде: «Егер «Айт» деп бұйырып тұрған болса, онда айтылуы бұйырылған сөзді ғана айту керек емес па? «Қул» деген сөзді қосудың не қажеті бар?»,-деген сұрақ туындайды. Дәл осы сұрақты Убәй ибн Кәғб пайғамбарға (с.а.с) қойғанында ол кісі: «Маған айт делінді, мен айттым»,-деп жауап берген екен. (Бұхари). Демек, «Таңның Раббысынан пана сұраймын»,-деп айт»,-деген аяттағы «деп айт» сөзі Аллаһ тарапынан қалай түскен болса, солай айтылу міндет. Мұны алып тастап, «Әғуузу бироббил фәләқ», яғни «Таңның Раббысынан пана сұраймын»,-деп айту дұрыс болмайды.
Осы жерде қандай хикмет жасырылған? Әлбетте, бұл жерде Аллаһ елшісінің (с.а.с) адалдығы, қызметіне деген ықыласы байқалады. Құранды қалай қабылдаса, үмметіне дәл солай етіп жеткізді. Ол кісіге Аллаһтың салауаттары мен сәлемдері болсын. Бұл бізге де сабақ болар өнеге. Дінімізді таза сақтау, Құран мен хадисті бұрмаламай, дұрыс түсіну – ең басты мақсат. Діннің тазалығы – екі бұлақтың тазалығында.
«Әғуузу» дегеніміз екі мағына береді. Бірінші мағынасы: «Пана сұраймын, жасырынар орын сұраймын», ал екіншісі: «Жабысамын, қол үзбеймін, айрылмаймын» дегенді білдіреді. Халифа Алтай атамыз бұл сөзді «сиынамын» деп аударған, Рәтбек қажы мен Уаһап қажы: «Тәңіріме сиынамын, пана тілеймін» деп, ал Әлауддин Мансұр ағамыз болса «Пана беруін сұрап, жалбарынамын»,-деп аударған. Осы үш аударманың қайсысы дұрыстыққа жақын десе, өз басым Әлауддин Мансұр ағамыздың, содан кейін Рәтбек пен Уаһап қажылардың аудармасын дұрыс көремін.
Халифа Алтай атамыздың «сиынамын» деп аударуы «құлшылық қыламын, жалбарынамын» дегенге саяды. Бірақ, «әғуузу» етістігі «пана сұраймын» деген мағына беретінін айтып өттік. Әлбетте, Аллаһтан пана сұрау дегеніміз сиынудың, құлшылықтың бір түрі, бірақ, Құран аятында нақты «пана сұрау» етістігі кеп тұрса, сол мағынаны беріп аударған дұрысырақ. Осы орайда айтарым: «Аллаһтан пана сұрау – құлшылық, бірақ, кез-келген құлшылық пана сұрау емес». Ондай болса нақты етістіктің нақты аудармасын берген абзалырақ. Анығын Аллаһ біледі.
«Би» деген жалғау шығыс септігінің жалғауы мағынасын беріп, «Рабби» сөзіне қосылып, «Раббысынан» деген мағына беріп тұр. Ал «Рабб» сөзінің өзі «фәләқ /таң/» сөзіне матаса байланысып «таңның Раббысынан» деген мағына береді. Демек, бұл аяттың мағыналық аудармасы: «(Әй, Мұхаммед!): «Таңның Раббысынан пана сұраймын»,-деп айт».

Осы жерде кішігірім кідіріс жасасақ:

• Халифа Алтай атамыздың жақша ішінде келтірген (Мұхаммед Ғ.С) деген сөзі аятта айтылмаған. Сол себепті де ол кісі бұл сөзді жақшаға алып қойған. Ал енді неге «Мұхаммед Ғ.С» сөзін жақшаға алған деген сұрақ туса, мұның жауабы екі түрлі. Біріншіден, бұл Құран пайғамбарымызға түскендіктен бұл бұйрық тікелей пайғамбарымызға бағытталады. Екіншіден, тәпсір кітаптарының бәрі де бұл жердегі бұйрықтың пайғамбарымызға бағытталғанын алға тартады. Осыны ескере отырып, жақша ішіне (Мұхаммед Ғ.С) деп келтірудің сөкеттігі жоқ екенін аңғарамыз.
• (Ғ.С) дегеніміз «Ғаләйһис сәләм» деген сөздің қысқарған түрі. Пайғамбар есімі айтылған кезде салауат айту – Ислам әдебі. Бұл жайында «Білгенге маржан» атты рубрикада арнайы бір жазба арнап өткен болатынбыз.
• Байқайтын болсақ, «Қул» яғни «деп айт» деген бұйрық етістігі араб нұсқасында бірінші аятта келген. Бірақ қазақ тіліндегі аударма нұсқаларының бәрінде де бұл сөз сүренің соңында келеді. Бұл араб тілі мен қазақ тілінің сөйлем құрау өзгешелігінің жемісі. Араб тіліндегі сөйлемдерде етістік сөйлем басында келсе, қазақ тілінде сөйлем соңында келеді. Иншалла, сүренің түсіндірмесін аяқтауға жақын қалған кездері қазақ тіліне аударылған нұсқаларды келтіріп, түсінуге ыңғайлы болған аударманы атап өтеміз. Сол кезде мұның сыры да ашылмақ, иншалла!

Фәләқ сүресінің екінші аятында: «Мин шәрри мәә холәқ»,-делінген, яғни «Жаратқан нәрселерінің кесірінен». «Мин» дегеніміз шығыс септігі мағынасын беріп, «шәрр» сөзіне қосылып «жамандығынан, кесірінен» деген мағына береді. Иә, қазақ тіліне осылай аударып қойғанмен аяттың араб тіліндегі негізгі мақсатын жеткізу мүмкін емес. Аяттағы «шәрр» сөзі нені білдіреді? «Шәрр» дегенімізді біз жамандық деп аударамыз әлбетте, бірақ, бұл сөздің негізгі анықтамасы: «Кез-келген ауыртпалық немесе ауыртпалыққа себеп болатын нәрселер». Осыны жақсылап есте ұстаңыздар. «Жамандықтан сиынамын» деген сөз астарында құр жамандық меңзелмейді, бәлкім, «Кез-келген ауыртпалық пен ауыртпалыққа себеп болатын нәрселер» меңзеледі. Осы анықтаманы есте ұстап жүріңіздер, себебі сүрені түсіндіру барысында екі сүреде келген ауыртпалық түрлерін толық баяндап өтеміз, иншалла.
«Мәә» дегенімізді кейбір ағайын «қатыстық сын есім» деп біледі, бірақ, бұл жердегі «мәә» сөзінің мағынасы «көсемшенің жұрнағы», яғни «-ған, -ген, -қан, -кен» жұрнақтары. Бұл жұрнақ өзінен кейінгі «холақ /жарату/» етістігімен бірігіп «жаратқан нәрселер» деген мағына береді. Енді әрбір сөзді қосып қарайтын болсақ: «Мин шәрри мәә холәқ» дегеніміз «Жаратқан нәрселерінің кесірінен, жамандығынан» деген мағына шығады. Бұл сөйлем аяқталмай қалған сыңайлы. Сыры неде?
Кейбір жандар Құран оқу барысында аяттардың өзара байланыспай, әрбірі жеке-жеке тиянақты ойды қамтиды деп ойлайды. Сөйтіп бір аят аяқталысымен, екінші аятқа зейін қойып, алдыңғы аятты ұмыт етеді. Бәлкім, Құран аяттарын дұрыс түсіну үшін алдыңғы аяттармен байланыстырып, бірге қарап отырған дұрыс болмақ. Енді алдыңғы аят пен осы аятты қосып оқысақ,  мағынасы: «(Әй, Мұхаммед!) «Жаратқан нәрселерінің кесірінен (қашып), Таңның Раббысынан пана сұраймын»,-деп айт»! болып шығады. Байқап қарасақ, қазақша аудармасында екінші аят бірінші аяттың алдына шығып қалған. Мұның сыры не? Әлбетте, араб тілінің грамматикасы мен қазақ тілі грамматикаларының өзгешелігінде. Халифа Алтай атамыз Құран аяттарын орындарын ауыстырмай, әр аятты өз орнында аударған. Бұл бір жағынан ыңғайлы болғанымен, түсіну жағынан сәл ыңғайссыз. Бірақ, бұл сөзіммен Халифа Алтай атамыздың еңбегіне күйе жағып, төменсіткім келмейді. Ол кісінің еңбегі үлкен, қазақ халқына деген қызметі көл-көсір. Кеңес үкіметі ыдыраған кезде халқымызға дін үйретіп шырылдаған атамыздың еңбектері сан-алуан. Бұған халық куә! Аллаһ ол кісіге разы болып, жәннаттық етсін!

Аятқа қайта назар аударсақ, біз «Жаратқан нәрселерінің кесірінен (қашып)» деп, жақша ішіне «қашып» деген сөзді қостық. Бұл сөз қайдан келді? Неге бұлай қостық? Естеріңізде болса, ең алғашқы аяттағы «Әғуузу» сөзі «пана сұрау, жасырынар орын талап ету» деген мағына беретінін айтып өттік. Ал енді пана сұраушы жан бір нәрседен қашып, бас сауғалайтыны белгілі. Осы орайда «пана сұрау» етістігіне сай етіп «қашу» сөзін жақша ішіне алдық. «Қашу» сөзі Құранның арабша нұсқасында келмеген, бірақ, түсініктірек болу үшін жақша ішіне алып, көрсетіп қойдық.

Өздеріңіз де байқап отырғандай, біз аяттардың тек тілдік мағыналарын келтіріп отырмыз. Екі сүренің әрбір сөзін толық түсіндіріп өткеннен кейін соңғы сабағымызда сүрелердің мағынасын, көркем тұстарын баян етіп, әр сөздің астарында жасырылған ұлы сырға үңілеміз. Аллаһым соған жеткізсін! Бұл жолға осымен шектелейік. Аллаһ қаласа бұл сабақ жалғасын табады әрі сүрелердің ішіне үңілген сайын білімге деген құштарлығымыз арта түсетініне кәміл сенемін. Аллаһ тауфиқ берсін.

Advertisements

17 Responses to Фәләқ пен Нас сүрелерінің түсіндірмесі (1-сабақ)

  1. zhandos айтады:

    jazakallahu xair
    Allah bos uaqitin’di kobeitsin 🙂
    amin

  2. usen айтады:

    mashAllah! magan katti unadi! endigi sabakti kutemiz. Magan hat jazsaniz, Allah razi bolsin, hat arkili sabak aluga kolim jeter edi inshAllah!

  3. akiykat айтады:

    alla raze bolsen sizderden .

  4. rahimnuri айтады:

    Shukran. Allah Razi Bolsin.

  5. Муслим айтады:

    ««әғуузу» етістігі «пана сұраймын» деген мағына беретінін айтып өттік.»

    әғуузу – пана сұраймын болса, «астағиизу» қалай болады екен?
    Айырмашылықтары қандай екен?

    Жоғарыда: «ал екіншісі: «Жабысамын, қол үзбеймін, айрылмаймын» дегенді білдіреді.» – деген.
    Осыны ескере отырып «әғуузу» сөзін «пана тұтамын», ал «астағиизу» – «пана сұраймын» деп аударса дұрыс болар ма екен?

    • abuhajar айтады:

      Машалла, дұрыс айтасыз. Жалпы, араб тілінде «ист» деп басталатын етістіктер сұрау, талап ету мағыналарымен келеді. Осыған орай өзіңіз де айтқандай «әстәғийзу» дегеніміз «пана сұрау» дегенге саяды. Ал «әғуузу» болса пана тұтамын деп алса болады. Аллаһ разы болсын!

    • abuhajar айтады:

      Тәпсірлердің бірінде былай делінген: «»Әстәғийзу» деген пана беруін сұрау, ал «әғуузу» деген пана тұту. «Әғуузу» деп айту «әстәғийзу» деп айтудан ауқымдырақ, абзалырақ келеді, себебі «пана тұтамын» деген сөз пана сұрауды да, паналауды да қамтиды, ал «пана сұраймын» деген әлі пана тұтылмағандықты білдіргендей. Сол үшін пайғамбар (с.а.с) дұғаларының көбісі «әғуузу» пана тұтамын деп келген» делінген. (Тәфсиир қайимнен қысқартылып алынды).
      Алдағы уақытта Фәлақ пен Нас сүресіне үлкен қорытынды сабақ жасаймыз, иншалла!

  6. Муслим айтады:

    Қазақ тілі жағынан да бір сұрақ болып тұр. Қазақ тіліндегі сөздердің мағынасын да жетік білмеймін. Сондықтан кейде сұрақтар туындайды.
    «Паналайды» дегеннің мағынасы қалай болады? Панасына кірушінің іс-қимылы ма, әлде панасына алушының ба? Бір қарасам біріншісіне келетін сияқты, бір қарасам екіншісі сияқты. Бірақ екіншісі басымырақ сияқты ма… Өйткені біреуі паналаса, екіншісі паналанады. Әлде қалай?

  7. Муслим айтады:

    Қазақ тілі мамандарының форумдары бар ма екен, осындай сұрақтарымды сұрайтын?

    Негізінде өзіміз сондай бір тақырып ашуымыз керек деп ойлаймын, діни сөздердің қазақшадағы дәлірек мағынасын анықтауда жұмылатын… Каримнің сайтынан ба, әлде басқа сайттан ба…

  8. Муслим айтады:

    Джазака Аллаһу хайран. Өйстіп-өйстіп қазақшамызды да дұрыстап аламыз.

    Тағы бір сұрақ.
    Сіз жазғансыз: «Халифа Алтай атамыздың «сиынамын» деп аударуы «құлшылық қыламын, жалбарынамын» дегенге саяды.»

    Сұрақ: «Сиынамын» мен «құлшылық қыламын» сөздерінің айыпмашылығы арапшадағы «иләһ» пен «мағбуд» сөздерінің айырмашылығына сейкес келеді ме?

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: