41. Әл-Кәрийм және 42. әл-Әкрам

kareem«Кәрийм» және «әкрам» сөздері араб тіліндегі «әл-Кәрам» сөзінен туындайды. Бұл өз бойында жалпы алғанда «жомарттылық» немесе «қадірлілік, елеулілік, құрмет» деген мағыналарды қамтиды.

«Әл-Кәрийм» есімі Аллаһтың көркем есімі ретінде 3 жерде келген. Олар: Мүминун сүресінің 116 шя аяты, Нәміл сұресінің 40 шы аяты және Инфитар сүресінің 6 аяты.

Ал «әл-Әкрам» есімі Ғаләқ сүресінің 3 ші аятында бір рет келген.

Аса Ұлы Аллаһқа қатысты айтылғанда «әл-Кәрийм» көркем есімін кейбір ғалымдар: ««Әл-Кәрийм» есімі төңірегінде 16 дан астам пікір айтылған. Сол пікірлерді ықшамдап айтар болсақ:

–         Ақы сұрамастан беруші

–         Себебіне қарамастан беруші

–         Құлдарының берген-бермегеніне, кәпір-мұсылманына, күнәһар-салихалылығына қарамастан беруші

–         Беріп, артынан мадақ айтушы. Мысалы: Әйуб пайғамбарға сабырлық беріп, артынан оны «Сабырлы құл» деп мақтаған.

–         Сыйлары мұқтаж бен өзгені толық қамтушы

–         Оған тіл тигізгеннің өзіне сый-сияпат беруші

–         Сұрамай тұрып беруші»,-деген.

Ал «әл-Әкрам» есімі болса «әл-Кәрийм» есімінің асырмалы шырайы болып табылады. «Жомарттық етушілердің ең абзалы, ең қайырлысы. Аса жомарт болғандардан басым түсуші» деген мағына береді.

Есімдердің Аллаһқа қатысты мағынасына келер болсақ, Аллаһ – аса Жомарт, шексіз жақсылық Иесі. Аллаһ – аса Жомарт, жақсылығы үзілмей беріледі. Аллаһ – аса жомарт, оның жақсылығына қол жеткізу қиындық тудырмайды. Аллаһ пен пенде арасында перде жоқ, өзара тым жақын. Сұраған құлының сұрауын береді, тіпті сұрамай тұрып нығметін төгеді. «Егер де сенен құлдарым Мен туралы сұраса, шын мәнінде Мен тым жақынмын. Маған дұға қылып сұрағанның сұрағанын беремін, ондай болса Менен сұраңдар да Маған иман келтіріңдер!» (Бақара, 186).

Аллаһ – аса Қадірлі. Қадірлеп, сөзін қастерлеп, сыйлауға толығымен лайықты. Аса қадірменді жандардың алдында қисық сөйлеп, қисынсыз іс жасаудан қалай тартынсақ, Аллаһтың құзырында одан да көп қорқып, қисынсыз іс пен сөзден, жағымсыз ойдан аулақ болған жөн. Қадірлі болған ата-ана, туған-туыс, басшылардың сөзін іске асыруды қалай тырыссақ, Аллаһтың сөзін екі етпей орындау ләзім!

Осы кезде аса Қадірлі Аллаһ өзінің құлын да қадірлі етпек. Нағыз қадірлі жан – Аллаһ қадірлі еткен жан.

Бірақ, қадірлі, елеулі болған күннің өзінде Аллаһпен тайталасудан сақ болған жөн. Себебі адам баласы «Төмендердің төменіне түсірілген». (Тин, 6). Төменнен қанша байбалам салсақ та, аса Ұлы, аса Жомарт, аса Қадірлі, кемшілік пен кемістіктен ада Аллаһтың құлы болып қалуымыз хақ!

Аллаһ – аса Жомарт, өзінің нығметін себепсіз береді. Ғұмыр берді, оған біздің жасаған себебіміз бар ма? Он екі мүшені сау қылып, ақыл берді. Тура жолға бастар Құран беріп, оны түйсінер жүрек берді. Бұл себепсіз берілген мол нығмет, аса ұлы сый!

Адамдар жомарттық етсе артынан бір жауап іздеп тұрады әманда. Бірі өз жомарттылығынан берсе, бірі айырбасқа береді. Бірі ертеңгі күнін ойласа, бірі еріксіз береді. Аллаһ тағала өз нығметін ешбір мақсат-мұратсыз, себеп-салдарсыз беріп, артынан ақы сұрамайды. Жақсы не жаман болуымыз өзіміз үшін. Жауабын да өзіміз береміз.

Адам баласы өзіне жаққанға беріп, жақпағанға мойын бұрмайды. Мансаптымен ауызжаласып, мансапсызды итше үркітеді. Аллаһ тағала мұндай кемшіліктен пәк!

Ондай болса Аллаһтан екі дүниенің жақсылығын сұрағанымыз жөн болар. Аллаһтан сұрап, үлкенді кішіні нәрсені өтінуіміз Аллаһқа ұнайды. Аллаһтан сұрап дұға ету – құлшылық. Құлшылығымызды көбейтейік. «Үлкен нәрсе», «кіші нәрсе» деп сұраудан ұялмаған абзал, себебі Аллаһқа бәрі жеңіл, бәрі оңай.

Бұл жалғанда көптеген жанның арманы, өзінің өмірін «суы мөлдір теңіз жағасында, пальмалардың арасында, алтындай сап-сары құмда, екі қабат виллада, соңғы үлгідегі мәшінеде өткізсем» деп армандайды. Табиғатта өте сұлу, керемет сәнді жерді көрсе ең бірінші ауызға алатыны: «Шіркін, осы жерде тұрса ғой» дейді. Бірақ мұның бәрі адам баласының көзі көрген сұлулық. Ал Аллаһ тағала Өзінің ізгі құлдарына не әзірлегенін білесіздер ме? Құдси хадистердің бірінде Раббымыз: «Мен Өзімнің салихалы құлдарыма көз көрмеген, құлақ естімеген, адам баласының ойына кіріп шықпаған сый әзірледім» деген. Бұл сыйды елестете алмаймыз, себебі оны көрмегенбіз де, ондай нәрсені естімегенбіз. Бұл сыйды суреттей алудың өзі қиын, себебі ол адам баласының ойына кіріп шықпаған ұлы сый! Жалғанда «баға жетпес» сұлу көріністің бәрі ахыретте әзірленген ұлы сыйдың қасында түкке тұрғысыз! Асығушылар осыған асықсын!

Аллаһ – аса Жомарт, сұраған құлының қолын бос қайтарудан ұялады. Бұған имам Ахмад, Әбу Дәуд, Тирмизиде келген сенімді хадис дәлел. «Шын мәнінде Раббыларың аса ұялшақ, тым жомарт. Қолын көтерген құлының қолдарын құр қайтарудан ұялады».

Аллаһ тағала – аса Жомарт! Күнәларды кешіріп, орнын сауаппен алмастыруының өзі үлкен нығмет, шексіз жомарттық. Жұмыр басты пенде жақсылықты тек жақсылық жасағанға не болмаса болашақта көмегі тиетін біреуге жасайды. Бірақ, жамандыққа жақсылықпен жауап қайырушы кемде кем. Аллаһ болса: «Тәубе етіп, ізгі амал жасағандардың жамандықтарын жақсылықпен айырбастайды. Аллаһ аса кешіруші, тым жомарт».

Тағы бір хадисте: «Аллаһ тағала жақсылық пен жамандықты жазып, оларды баян етті. Кімде кім бір жақсылықты мақсат тұтып, бірақ оны жасамаса Аллаһ тағала әлгі адамға ойлаған жақсылығын толық бір жақсылық етіп жазады. Ал енді біреу бір жақсылықты мақсат етіп, оны атқаратын болса, Аллаһ тағала оған он жақсылық жазып, оны жеті жүзге тіпті одан да көп еселеп жазады. Ал енді біреу жамандықты мақсат тұтса, оған тек бір жамандықтан өзгесі жазылмайды» деген. Хадистің тағы бір нұсқасында: «Әлгі жамандығы өшіріледі. Қасіретке душар болған ғана қасіретке ұшырайды» делінген, яғни осындай кеңшілік пен жомарттылық беріліп тұрғанға қарамастан жаман істер атқарып, жақсы іске мән бермесе ол қасіретке душар болады! Әрине, бір толық жақсылық жазыларлықтай жақсы ойы болмаса, тіпті кейін өшірілер жамандықты ойлап шектелсе оқасы жоқ ау, бірақ, ол бәрінен асып, ойлаған жамандығын жүзеге асырса, өкініште өзі қалары сөзсіз!

Аллаһ – аса Жомарт. Аллаһтың жомарттығы – балиғатқа жетпеген баланың жақсы амалдарын жазып, жаман амалдарын жазбайды! Бір әйел адам кішкентай баласын көрсетіп: «Мынаның қажылығы қабыл бола ма?» дейді. Сонда пайғамбар: «Ия және саған сауап болмақ» деген. Неткен ұлы Жомарттық!

«Үш түрлі адамның амалдары жазылмайды: Оянғанға дейін ұйқыдағы адам, балиғатқа жеткенге дейін жас бала және есін жиғанша есінен танған адам» деген хадиске келер болсақ, Ибн Хиббан түсініктеме жасап: «Бұл хадисте әлгі үш түрлі адамның жамандықтары жазылмайтыны меңзеледі. Бірақ, жақсылық жазылып тұрады»,-деген. (Сахих Ибн Хиббан).

Аллаһ алдында аса қадірлі болу үшін Аллаһтан қорқып, тақуалыққа тырысу. Тақуалық деген не? Көп жандар тақуалық деген шапан киіп, сәлде орап, дүниеден қол үзу деп біледі. Жоқ, бұл келте түсінік. Тақуалық деген – Аллаһтың азабынан қорған болатын амалдар атқару. Аллаһ азабынан қорған болар іс – Аллаһтан қорқуға, Одан үміт етуге жетелейді. Мұндай жандар аса құрметті де қадірлі болмақ! Раббымыз құранда: «Шын мәнінде Аллаһ алдында аса қадірлілер – тақуалар» деген.

Демек, шынай бедел – тақуалықта. Ал енді күнәға белшесінен батып, күпірліктің туын көтерген жандар болса, ол беделі өткінші, тіпті қияметте азаптың үстінен азап болып кері қайтпақ. Аллаһ тағала мұндай жандардың халін суреттеп: «Оны ұстаңдар да сүйретіп, тозақтың ортасына апарыңдар. Сосын азап ретінде басына ыстық су құйыңдар. Азапты тат, сен аса үстем, тым құрметті емес пе едің?» деген. (Духан, 47-49).

Ағайын, ой жүгіртіңіздерші! Дүниеде бай болсам, ішсем-жесем деп бәрі арман тұтады. Осы байлық жолында қысқа ғұмырын сарп етіп, намаз бен оразаға уақыт таппайды. Сөйте тұра бай болуды арман тұтады. Ал сол жандар ойланып па? Бүгінде намаз бен оразаға уақыт таппайтын, егер ол ертең бай болса, дінді толығымен ұмытпасына кім кепіл. Адамның «менмендігі» бар, ол ақиқат. Бай болса «өзім жеттім» демесіне кім кепіл? Бай болып дүниесімен дінін тең ұстаса, нұр үстіне нұр болмақ. Ал енді дүниені алға қойып, мәңгі өлместей тырбаңдап, «адамдар арасында құрметті» боп өтсе, Аллаһ алдындағы құрмет «тақуалыққа» қол жеткізбей дүниеден озса не болмақ? Жоғарыдағы аят үрей салмай ма? Өзі азапқа салынып, қиналып жатқанда: «Азапты та, сен аса үстем, тым құрметті емес пе едің?» деген мазақ сөзді естісе халі қандай болмақ?! Аллаһым, бергеніңе шүкір, тақуалықтан жұрдай етпе!!!

Бәлкім, екі дүниеде де құрметті болу маңызды. Пайғамбарлардың есімі сан ғасырлар бойы адамдар аузынан түспейді. Себебі олар тақуалар, аса қадірлі жандар. Ал ертеден бай болып, жұрттың аузында тең жүрген кім бар? Иманды алға қойсақ, бәрі де өз жөнімен болар. Келте ойдан сақ болып, келтеліктен аман болайық, ағайын!

Advertisements

5 Responses to 41. Әл-Кәрийм және 42. әл-Әкрам

  1. Abu Muxsin айтады:

    jazakallahu xairan

  2. Abu Muhammad айтады:

    Аллаһ разы болсын, осы күнге дейінгі түсіргендеріңізді толық оқып өзіме көшіріп алдым иншалла келесі есім сипаттарын асыға күтудемін.

    • abuhajar айтады:

      Иншалла, асықпаған арбамен қоянға жетер ))) Білім бірден алынбайды, білім тамшылап жиналады. Инемен құдық қазғандай деген жақсы теңеу ))) Иншалла, толық тәмәмдауды нәсіп етсін раббымыз!

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: