Фәлақ және Нәс сүрелерінің түсіндірмесі (2 сабақ)

Құрметті, оқырман ағайын! Біраз уақыт оқу орнында жұмыстар шығып, блогтан қол үзіп қалдым. Алдағы уақытта, дәлірек айтсақ, жазғы демалыста сіздермен жиі қауышпақ ниетім бар.

Тәфсир сабағын жалғастырайық. Өткен дәрістерде Фәлақ пен Нәс сүрелерінің түсіндірмесін бастаған болатынбыз. Алғашында жалпы танысу, кішігірім шолу жасап, бірінші сабақта Фәлақ сүресінің алғашқы екі аятын түсіндіріп өттік. Бүгінгі сабақта Фәлақ сүресінің келесі аяттарын түсіндіріп өтпек ниетіміз бар, иншалла!

Фәлақ сүресінің үшінші аяты: «Уә мин шәрри ғоосиқин изәә уақоб». Халифа Алтай атамыз қазақша баламасын: «Қараңғылық басқан сәтте, түннің кесірінен»,-деп берген. Алдағы әдетімізге сай, аяттың әрбір сөзіне тоқталып өтейік.

«Уә» дегеніз осы аятты алдыңғы аяттармен байланыстырып тұрушы шылау сөз. Бұл «және» деген мағына береді, яғни: ««(Әй, Мұхаммед!) Жаратқан нәрселердің кесірінен және қараңғылық басқан сәтте түннің кесірінен қашып таңның Раббысынан пана сұраймын»,-деп айт».

«Мин» сөзі алдыңғы аятта келгендей, шығыс септігін білдіретін сөз. Бұл аятта да «мин» сөзі «шәрр» сөзіне қосылып «жамандығынан, кесірінен» деген мағына беріп тұр. Байқап қарасақ, бұл аятта біз үшін түсініксіз қалған үш-ақ сөз. Ол «ғоосиқ», «изәә» және «уақоб».

Имам Табари тәпсірінде «Ғоосиқ» сөзінің «Түн» деген мағына беретіні айтылған. Аллаһ елшісі (с.а.с) бір түні айға қарап тұрып: «Әй, Айша. Мынаның кесірінен қашып, Аллаһтан пана сұра. Бұл «ғоосиқ изәә уақоб»»,-деген екен. (Тирмизи, сахих хадис).

Өздеріңіз білетіндей, тәпсір жасаудың, яғни аяттарды түсіндірудің төрт жолы бар. Бірінші түрі – бір аяттың түсіндірмесін Құранның екінші бір аятымен түсіндіру. Мысалы, Фатиха сүресіндегі «нығметке бөленгендер» деген сөзді Ниса сүресіндегі «пайғамбарлар, шыншылдар, шәһидтер және салихалылар» деген аятпен түсіндіру.

Екінші түрі – аятты хадиспен түсіндіру. Бұған осы аят дәлел, яғни «ғоосиқ изәә уәқоб» дегенді пайғамбарымыз (с.а.с) айға қарап тұрып айтқан, яғни түнгі уақыт деген сөз.

Үшінші түрі – пайғамбар қасынан екі елі қалмай жүрген сахабалар мен олардың шәкірттері табиғиндер жасаған түсіндірме.

Төртінші түрі – алдағы үш тәсілдің ешбірінде айтылмаса тіл ғұламаларының жасайтын түсіндірмесі.

Демек, Аллаһ елшісі (с.а.с) «ғоосиқ» сөзін «ай» деп түсіндірген. Ай астарында «түн» меңзеледі.

«Изәә» сөзі «егер» немесе «кезде» деген мағына береді. Өзінен кейін келген етістікпен қосылып, сол етістік болса, немесе болған кезде деген мағына беріп кетеді екен.

«Уәқоб» дегеніміз «орнау, келу, орындалу» деген мағына береді. Алдындағы «изәә» сөзімен қосып «орнаған кезде, келген кезде» деп балама жасаса болады.

Демек, аяттың толық баламасы: «Қараңғылық басқан кезде түннің жамандығынан». Айтып өткеніміздей, аяттарды толық түсіну үшін алдыңғы аяттармен қосып оқу ләзім. Ондай болса бұл үш аяттың қазақша баламасы: ««(Әй, Мұхаммед!) Жаратқан нәрселердің кесірінен және қараңғылық басқан сәтте түннің кесірінен қашып, таңның Раббысынан пана сұраймын»,-деп айт».

Назар аударыңыздар, бұл жерде дұға ету әдебіне кішігірім сілтеме жасалған. Анығында, Аллаһтан бір нәрсе сұрап дұға еткен кезде сұрағалы тұрған нәрсеңе сай есімімен дұға еткен дұрыс. Мәселен, «Аса Мейірімді Аллаһ, маған мейіріміңді төк, аса Жомарт Раббым, мені нығметіңнен ада етпе» дегендей.

Енді осы үш аятқа назар аударсақ, Аллаһ тағала жаратылған нәрселердің кесірінен қашып, барлық нәрсені «Раббысынан» пана сұрау керектігін атап өткен. «Раббы» дегеніміз жаратушы, ризық беруші, тәрбиелеуші. Келесі аятта түннің қараңғылығынан, оның жамандығынан қашып, пана сұрау жайын қозғап, осы қараңғылықтан аман сақтайтын «Таңның Раббысынан» пана сұрау керектігін айтқан!

Түннің кесірлігі мен жамандығы көп екені айтпаса да белгілі. Бұл жын-шайтан, құр-шаянның жыбырлап, күндіз атқара алмаған озбырлық-бұзықтығын жүзеге асыратын уақыт. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Күн батса балаларыңды үйден шығармаңдар, малдарыңды қораға қамаңдар» деген. Тағы бір хадисте: «Күн батса шайтандар жайылады»,-дейді.

Иә, оған өзіміз де куәміз. Өлтіру, зорлау, ішу және тағы басқа зұлымдық атаулының бәрі де түн жамылған кезде орын алады. Ақиқат – нұр, ал жалған ол қараңғылық. Сол үшін Аллаһ тағала Құранның көптеген жерінде: «Құлдарын қараңғылық түнектерінен жарық нұрына шығарады» деген. Бұны тура мағынасымен де, ауыспалы мағынасымен де түсінсе болады, яғни жамандықтың кесірінен сақтап, жарық күн көрсетеді және надандық, күпірліктен құтқарып, иман мен білім нұрына шығарады дегендей.

Осы жерге дейін жамандық, кесірдің екі түрі баян етілген. Бірі – жаратылған нәрселердің кесірі, екіншісі – қараңғылық басқан сәтте түннің кесірі.

Келесі аятта: «Уә мин шәррин-нәффәсәәти фил-ғуқад» делінген, яғни «Түйнектерге дем салушы келіншектердің кесірінен».

«Уә мин шәрри» деген тіркесті жоғарыда талдап өттік, яғни «және … кесірінен». Ненің кесірінен?

«Нәффәсәәти». Бұл «нәфәсә-иәнфусу» /үрлеу/ сөзінен түрленіп, күшейтпелі түрде осы істі атқарушы адамға айтылады, яғни «нәффәс». «Нәффәс» сөзі ер тегі, ал «нәффәсәһ» әйел тегі. Аятта «Нәффәәсәәт» деп келген, яғни әйел тегінің көпше түрінде. Демек, «дем салушы келіншектер» деген мағына береді.

«Нәфәсә» деген құр үрлеу емес, қақырып түкіру емес, бірақ осы екеуінің арасындағы нәрсе, яғни азғана сүпілеп, сәл ылғалды түрде дем салу. Бұл сиқыршы, дұғалаушылардың ісі.

Қалаған адамға жамандық қалап, оған қарсы дұға оқып, түйнектерге үрлесе, бұл адам «нәффәс» боп аталады. Ол өзінің осы жаман сиқырымен шайтандардан медет сұрап, белгілі біреуге зиян тигізеді.

Сұрақ: Аллаһ қаламаса да ма?

Біліп қойыңыздар, Аллаһтың қалауы екіге бөлінеді: Шариғи қалауы және кәуни қалауы. Шариғи қалауы дегені адамның мұсылман не кәпір болуы, білім ала алуы не ала алмауы және тағы басқа. Бұл тек қана Аллаһтың қалауымен жүзеге асады әрі бұл ешбір ереже-қағидаға бағынбайды.

Кәуни қалауы Аллаһтың жерге орнатқан ережелеріне сай орындалатын нәрселер. Мысалы, отқа қолыңды салсаң қолың күюі. Аллаһ қаламаса күймейді деп отқа қол салсаң қолың бәрібір күйеді, себебі ол Аллаһ орнатқан заңдылыққа сай. Аллаһтың кәуни, яғни болмыстағы қалауы арнайы жағдайларда өзгермесе, жалпы өзгермейді. Мысалы, Иса өлілерді тірілтті. Болмыс заңдылығы бойынша өлілер тірілмейді, бірақ, Аллаһ сол заңдылықтың өзгеруіне рұқсат беріп, Иса өлілерді Аллаһ қалауымен тірілткен. Мұндай өзгеріс арнайы хикмет пен даналық үшін жасалады.

Міне, сиқыр да осы «болмыс» заңдылығына жатады, яғни сиқыршының сиқыры көздеген адамға барып тиетіні ол рас. Болмыстық нәрсе. Отқа қолыңды салып, қолың күйсе «Аллаһ, неге бұлай болды?» демейтінің сияқты сиқырға ұшыраған жан да Аллаһқа кінә таға алмайды.

Аллаһ тағала «нәффәсәәт» деп, әйел тегімен неге айтқан? Себебі дұғалау, сиқырлау көбіне әйел адамдардың ісі. Бірақ кейбір ғұламалар: «Бұл жерде сиқыршының жаны, ол медет сұрайтын шайтандар меңзелген» дейді. Қайткен күнде сиқыршы атаулының бәрі де осы ұғымға кіреді.

«Фил-ғуқад» дегені «түйіншектерге» деген мағына береді. Ертедегі араб әйелдері түйіншектер орап, әрбір ораған түйіншекке сиқыр оқып, сүпілеп үрлейтін болған. Осыған орай жалпы түрде арабтарға белгілі сиқырлау әдісі айтылған. Бірақ, бұл жерге сиқырлау әдісінің кез-келген түрі кіреді, мейлі ол адамның денсаулығына зияны тисін, мейлі ол адамдар көзін алдайтын құрғақ сиқыр болсын!

Жалғасы бар…

Advertisements

One Response to Фәлақ және Нәс сүрелерінің түсіндірмесі (2 сабақ)

  1. Аман айтады:

    Allah razy bolsyn!

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: