Көркем есімдерге қатысты маңызды қағидалар

Әс-сәләму ғаләйкум уа рахмәтуллаһ, құрметті ағайын!
Осыдан азғантай уақыт бұрын бір бауырлар маған: «Сіз Аллаһ есімдерінің кейбірін ұмытып кетіпсіз. Неге бұл тізімде «Әл-Хоофид» /Түсіруші/,  «әр-Роофиғ» /Көтеруші/, «әл-Муғизз» /қадірлі етуші/, «әл-Музилл» /қор қылушы/, «әл-Жәлил» /ұлылық Иесі/, «әл-Адль»  /Әділ/ және тағы басқа, қалың жұртқа танымал, мұсылман әлемінде кеңінен тарап кеткен есімдер келмеген?» деп сұрақ қойған болатын. Сұраушының сұрағына жеке жауап жазғаныммен бұл сауал көптің көкейінде де жүрген шығар деп ойладым. Сол орайда бүгінгі сабағымда Аллаһтың көркем есімдеріне қатысты қағидаларды жазып өтуді жөн көріп отырмын.

Алдымен көркем есімдер анықтамасын келтірер болсақ: «Көркем есімдер» дегеніміз – онымен Аллаһқа дұға етуге болатын, Құран мен хадисте анық аталған, мадақ пен мақтауды талап ететін есімдер. Бұған Құрандағы: «Көркем есімдер Аллаһқа тән, Оған солар арқылы дұға етіңдер»,-деген аят дәлел. (Ағраф, 180).

Аллаһтың есім-сипаттарын танып-білу – дініміздің ең ұлы тіректерінің бірі. Раббысын таныған жан Оған шынайы, ықыласты түрде құлшылық етуге тырыса бастайды. Раббысын танымаған жанға қанша намаз оқы, ораза тұт десең де ол бұлай жасауға бет бұрмайды! Осыған орай Ислам ғұламалары ғасырлар бойы Құран мен хадис қойнауынан көркем есімдерді шығарып, санап, топтастыруға үлкен көңіл бөлген. Алайда, мұның өзі жапа-тармағай, ереже қағидасыз жасала бермейді, бәлкім, есім мен сипаттарды анықтаудың өзіндік қағидалары бар. Осыған орай есімдерге қатысты жалпы қағидаларды баян еткеніміз жөн.
1 – Аллаһ тағала есімдерінің бәрі де кемелдіктің шегіне жеткен аса көркем. Ұлы Раббымыз бұл жайлы Құранның төрт жерінде баян еткен. Олар: «Көркем есімдер тек Аллаһқа тән, ондай болса Оған сол (есімдер) арқылы дұға, құлшылық жасаңдар. Аллаһтың есімдерін жоққа шығарушыларды тастаңдар. Олар істегендерінің сазайын тартады»,-дейді. (Ағраф, 180). Себебі Аллаһтың барлық есімдері өз бойында ешбір кемшілігі жоқ, толық, кемел сипаттарды қамтиды. Ал кім осы есімдерді жоққа шығарса, мағынасын бұрмаласа онда ол азапқа душар болады.
Тағы бір аятта: ««Аллаһ» деп атаңдар, «әр-Рахман /аса Рақымды/» деп атаңдар. Қалай атасаңдар да көркем есімдер тек Оған тән»,-деп айт»,-делінген. (Исра, 110).
Үшінші аятта: «Аллаһ, Одан өзге құлшылыққа лайық тәңір жоқ, көркем есімдер тек Оған тән» (Таһа, 8),-делініп, төртіншісінде: «Ол Аллаһ, Жаратушы, Жоқтан бар етуші және бейне беруші. Көркем есімдер тек Оған тән»,-деп келген. (Хашыр, 24). Бұл аяттардың бәрі де екі нәрсеге дәлел: Көркем есімдердің тек қана Аллаһқа тән екендігіне және барлық есімнің көркем екеніне.
2 – Бұл есімдердің бәрі де кемшілік, кемістік, келтеліктен сау, өз бойында кемел сипаттарды қамтиды. Сол үшін бұл есімдер «көркем» болған.
Атаулар төртке бөлінеді: Біріншісімүлдем кемшілік пен кемістікті білдіретін атаулар. Мысалы: Әлсіз, соқыр, кедей дегендей. Мұндай атауларды Аллаһқа таңуға үзілді-кесілді тыйым салынған.
Екіншісі бірде кемшілік, бірде кемелдікті білдіретін атаулар. Мысалы: Қу, мазақ етуші дегендей. Қулық бір кезде жақсы әрекет болса, енді бірде жағымсыз қылық болып табылады. Мазақ ету де сондай. Хақысыз түрде мазақ ету нашар, ал мазақ қылғанның өзін мазақ қылып, айла жасау жағымды қылық, сірә! Бірақ, мұндай атаулар Аллаһқа жараспайды. Осыған орай ғұламалар «әл-Мәәкир» /айлакер/, «әл-Хоодиғ» /қу/, «әл-Фәәтин» /сынаушы/, «әл-Мудыл» /адастырушы/, «әл-Мустәһзи» /мазақ етуші/, «әл-Кәәйд» /қастықпен айла етуші/ сынды атауларды көркем есімдер қатарына енгізбеген. Бірақ: «Мазақ еткенді Аллаһ мазақ етеді», «Қулық қыламын дегенді Аллаһ алдайды» дегендей жалпылама хабар беру түрінде, себебін баян ете отырып айтуға рұқсат. Бұған Құрандағы: «Олар қулық қылады, Аллаһ та қулық қылады әрі Аллаһ қулық қылушылардың ең қайырлысы»,-деген аят дәлел. (Әнфәл, 30). Яғни Аллаһ: «Аллаһ айла етеді» деп айтпаған, бірақ: «Олар қулық қылады, Аллаһ та қулық қылады» деп, бұл сипаттың жеке-дара емес, біреудің қулығынан кейін ғана жасалатынын айтқан. Демек, бірде кемшілік, бірде кемелдікті білдіретін атауларды кесімді түрде есімдер қатарына енгізуге болмайды, бірақ, себебін анықтап, жалпылама хабар бере отырып айтса болады!
Үшіншісікемелдікті білдіреді, алайда бойында кемістігі болуы мүмкін атаулар. Мәселен: Сөйлеуші, қалаушы дегендей. Сөйлеушінің аузынан жақсы сөз не жаман сөз шығуы ықтимал, қалаушы біреу жағымсыз нәрсе қалауы ықтимал. Мұндай атаулар да Аллаһқа жараспайды.
Төртіншісітек қана кемелдікті білдіретін атаулар. Бұл Аллаһтың көркем есімдері әрі Аллаһқа жарасатын атаулар осылар ғана. Мысалы: «Әл-Мәлик» /Патша/ есімі Аллаһтың кемел билік Иесі, Қиямет күнінің қожайыны әрі барлық патшалардың патшасы екенін білдіреді. Аллаһ тағала «әл-Ғалийм» /бәрін Білуші/. Оның ілімі – алдында надандық, соңынан жаңылыс болмаған кемел ілім. «Раббым жаңылмайды да ұмытпайды». (Таһа, 52).
Демек, Аллаһтың көркем есімдері кемшілік атаулыдан сау, кемел. Ашық не астарлы түрде де кемшілік мағынасын қамтымайды.
3 – Аллаһтың әрбір есімі жеке алғанда көркем, ал егер көркем есімдердің бірі екінші бір көркем есіммен қосылып келсе, бұл алдыңғыдан өзге, жаңа көркемдікті білдіреді. Мысалы, Құранның көп жерінде: «Әл-Ғазиз /аса Үстем/ әл-Хаким /аса Дана/» есімдері қатар келеді.
«Әл-Ғазиз» /аса Үстем/ есімі жеке тұрғанда Аллаһтың әр нәрседен үстем, әрдайым жеңімпаз екенін білдіреді, ал «әл-Хаким» /аса Дана/ есімі Раббымыздың шексіз даналығын, кемел хикметін паш етеді. Бұл екі есім қатар келгенде әуелгіден бөлек кемелдік туып, алғашқысынан кең мағына береді. Яғни, «Аллаһ тағала Өзінің үстемдігінде аса дана, ұлылығы зұлымдық, жауыздық, қатігездік сынды жағымсыз әрекеттен сау әрі Өзінің даналығында аса үстем, даналығын еркін түрде көрсете алады». Бұл дүниеде үстемдікке жеткеннің бәрі дана бола бермейді әрі дана болғанның бәрі өзінің даналығын әркез көрсете алмайды, себебі жаратылыс – әлсіз келеді. Оның үстемдігі мен даналығы да, өзі де әлсіз, ал Аллаһ мұндай кемшіліктен пәк.
Бұл – «қосарланып келген есімдердің» бәріне тән ереже. Екі немесе одан да көп көркем есімнің бір жерде топтасуын – «қосарланған есімдер» деп атайды. (Аллаһ нәсіп етсе, бұған да тоқталып өтерміз алдағы уақытта).
4 – Аллаһтың есімдері «атаулар» және «сипаттар», яғни Аллаһтың затын білдіру жағынан «атау» болып, есімнің мағынасы жағынан «сипат» болып табылады. Бұған Құрандағы: «Ол әл-Ғафуур /аса Кешірімді/ әр-Рахим /ерекше мейірімді/», (Ахқаф, 8),-аяты және: «Сенің Раббың әл-Ғафуур /аса Кешірімді/, мейірім Иесі», (Кәһф, 58),-деген аяттар дәлел. Әуелгі аятта Аллаһтың «әр-Рахим» есімі аталса, келесі аятта есімнің өзі аталмай, тек «мейірім Иесі» деп, Аллаһтың сипаты берілген. Демек, «әр-Рахим» есімі Аллаһтың есімі, ал «мейірім Иесі» Оның сипаты болып табылады. Екі аятта екі түрлі айту арқылы Ұлы Раббымыз көркем есімдердің «атаулар» және «сипаттар» болып, екіге бөлінетінін білдірген. Өзге есімдер де осындай, яғни әрбір есім Аллаһтың аты және сипатын білдіреді.
Ал жаратылыс есімдері тек атауды ғана білдіреді. Мәселен, адамдардың бірі «Жомарт» деп аталып, өзі шық бермес Шығайбайдай сараң болуы ғажап емес. Бұл атау адамның есімі ғана, оның сипатын білдірмейді әрі есіміне қарап үкім де шығарылмайды.
5 – Аллаһтың есімдері «өтімді сипатты қамтитын» және «өтімді сипатты қамтымайтын» есімдер болып екіге бөлінеді. Мысалы, Аллаһтың «әр-Раззақ» /Ризықтандырушы/ есімі өтімді сипатты қамтиды, себебі Аллаһтың ризығы барлық жаратылысқа берілуде, ал «әл-Хай» /Тірі/ есімі өтімді сипатты қамтымайтын есім болып табылады.
***Егер Аллаһтың есімі өтімді сипатты қамтитын болса, онда үш нәрсеге иман келтіру керек етіледі. Біріншісі – әлгі есімнің Аллаһқа тән екеніне, екіншісі – әлгі есім бойындағы сипаттың Аллаһқа тән екеніне және үшіншісі – әлгі сипаттан белгілі бір үкім шығатынына иман келтіру. «Әс-Сәмиғ» /толық Естуші/ есімін мысалға келтірсек, алдымен бұл есімнің Аллаһқа тән, Оның көркем есімдерінің бірі екеніне иман келтіреміз. Екіншіден, Аллаһтың есту сипатымен сипатталғанына иман келтіреміз. Үшіншіден, Аллаһтың жасырын және жария айтылған барлық сөзді естіп тұрғанына иман келтіреміз.  Тағы бір мысал: Аллаһ «әр-Роззәқ» ризық беруші. Алдымен бұл есімнің Аллаһқа тән екеніне иман келтіреміз. Екіншіден, Аллаһтың ризық беру сипатымен сипатталғанына иман келтіреміз. Үшіншіден, бізге кеп жатқан ризық осы ризық беру сипатының нәтижесі екеніне иман келтіреміз. Өтімді сипатты қамтитын өзге есімдер де осындай.
***Ал егер өтімді сипатты қамтымайтын есім болса, онда тек екі нәрсеге иман келтіру талап етіледі. Біріншісі – әлгі есімнің Аллаһқа тәуелділігіне және екіншісі – Аллаһтың әлгі есімнен туындаған сипатпен сипатталатынына. Мәселен, «әл-Хай» /Тірі/ есімі өтімді сипатты қамтымайтын есім. Ондай болса бұл есімнің Аллаһқа тән екеніне және Аллаһтың тірі екеніне иман келтіру керек етіледі.
6 – Аллаһтың есімдері мен сипаттары бірі екіншісінен ауқымды үш баптан тұрады: Есімдер бабы, сипаттар бабы және хабар беру бабы. (Осыны жақсылап түсініп алыңыздар, өте маңызды нәрсе).

Осы үш баптың көлемі жағынан ең кішісі – есімдер бабы, себебі есімдер – осы аталған қағидалардан әрі аспайды. Басқаша айтсақ, Аллаһтың есімдері Оның сипаттарынан аз.
Ауқымдылығы жағынан сипаттар бабы екінші орында. Себебі кез-келген есімнен сипат шығаруға болады, алайда әрбір сипаттан есім жасала бермейді. (Маңызды қағида, жаттап алыңыздар). Мәселен: «Раббыңның сөзі шындық әрі әділдікпен тәмамдалды», (Әнғам, 115), деген аятта Аллаһтың «шыншылдық» әрі «әділдік» сипаты баян етілген. Бұл аятқа қарап біз Аллаһты «әл-Адль» /әділ/ деп, аяттағы сипаттан есім шығара алмаймыз. Неге? Себебі Аллаһ Өзін Құранда нақты «әл-Адль» деп атамаған. Бірақ Аллаһтың әділдік сипатымен сипатталғанын мойындаймыз. Сол үшін жұртшылық қолында жүрген есімдер тізімі арасындағы «әл-Адль» есімі біздің блогта келген көркем есімдер қатарына жатқызылмаған. (Ескерту: Бірақ ««Әл-Адль» ол көркем есім емес» деп айтуға болмайды, алайда: «Бұл есімге Құран мен хадисте нақты «әл-Адль» деп аталған дәлел келмеген» деп айтамыз. Осыған жақсылап мән беріңіздер. Біз қалың мұсылман әлемінде келген есімдер тізімінде келген кейбір есімдерді жазбай өтетініміз рас, бірақ ол сол есімдерді «мойындамады» деген сөз емес, бірақ, нақты ашық дәлелі келмеген себепті тізімге енгізбегендігіміз ғана. Қате түсініктен сақ болайық, ағайын).
Демек, Құран мен хадисте келген сипаттардан есім шығара алмаймыз, бірақ, егер есім келсе, одан сипат шығаруға болады, себебі кез-келген көркем есімнен сипат шығаруға болады, ал кез-келген сипаттан есім шыға бермейді! «Әс-Сәмийғ» деген есімі аталса, онда бұл есімнен сипат шығаруға болады. Бұл жайында бесінші қағидада айтып өттік.
Үшіншісі – хабар беру бабы. Бұл әуелгі екі баптан да кең, ауқымды бап. Есім-сипаттар қатарында келмеген атаулармен атау, есімдерді араб тілінен өзге тілге аудару осы бапқа жатады. Мысалы: «ерекше Мейірімді, аса Рақымды, Патша» деген аудармалар немесе Оны «Зат, Нәрсе, өздігінен Бар» деу Аллаһ жайында хабар беру болып табылады. Бірақ, «Мейірімді» бұл Аллаһ есімі деп айтылмайды, бәлкім: «әр-Рахим» – Аллаһ есімі, оның мағынасы – «ерекше Мейірімді» деу дұрыс. Осы үш бапты білудің пайдасы өте зор.
7 – Аллаһтың көркем есімдерінің бәрі де «тауқифи» болып табылады. «Тауқифи» дегеніміз – Құран мен сенімді хадисте келген есім-сипаттармен ғана шектелу. Яғни Құран аяттары мен пайғамбарымыздың (с.а.с) сенімді хадистерінде келген есімдерді ғана қабылдап, бұған өз ойымыздан ешнәрсе қоспай, бұрмаламай, «қалай?», «неге?», «мүмкін емес» дегендей тіркестерді қоспай, келген күйінде иман келтіру. Пенделердің барлық қасиеті шектеулі болғаны сияқты оның ақылы да шектеулі. Ұлы Раббымыз: «Өзің білмеген бір нәрсенің соңынан түспе. Расында құлақ, көз және жүрек олардың барлығы да сұралады»,-деп ескертеді. (Исра, 36).
Осыған орай ғұламалар «ән-Назыф» /таза/, «әл-Уәәжид» /қалаған нәрсесін табушы/, «әл-Мәәжид» /даңқты/, «Әл-Хоофид» /Түсіруші/,  «әр-Роофиғ» /Көтеруші/, «әл-Муғизз» /қадірлі етуші/, «әл-Музилл» /қор қылушы/, «әл-Жәлил» /ұлылық Иесі/, «әл-Адль»  /Әділ/ сынды атауларды көркем есімдерге енгізбеген. Мағыналары жақсы болғанымен бұл есімдер Құран мен хадисте нақты айтылмаған. Сол үшін көркем есімдер қатарына ене алмайды, алайда сипаттар бабына немесе хабар беру бабына жатқызса болады. Тағы да ескертеміз: «Бұл есім емес» деп айтылмайды, бірақ «бұларға анық дәлел келмеген» деп айтылады.
8 – Құран мен хадистерде келген Аллаһқа қатысты етістіктерден есім шығаруға болмайды. Мәселен: «Аллаһ оларды мазаққа ұшыратады» (Бақара, 15),-деген аяттан «Мазаққа ұшыратушы» деген есімін шығаруға болмайды. Алайда «Мазақтағысы келгеннің өзін мазаққа қалдырады» деп, шектеп, хабар беру ретінде айтса оқасы жоқ. (2-ші қағидаға тағы бір назар аударыңыздар). Сол себепті де «әл-Мудыл» /адастырушы/, «әл-Фәтин» /сынаушы/, «әл-Мәкир» /айлакер/, «әд-Даар» /зиян келтіруші/, «ән-Нәәфиғ» /пайда беруші/ дегендей есімдер Аллаһтың есімдері деп айтуға келмейді.
9 – Көркем есім дұға етуге жарайтын немесе алдына «ғабду /құл/» сөзі қосылуға жарайтын болуы керек. Бұған Құрандағы: «Оған сол есімдермен дұға, құлшылық етіңдер» деген аят дәлел. Осыған орай «әд-Дәһр» /заман/, «әл-Әбәд» /мәңгілік/, «әл-Бурһәән» /дәлел/, «әз-Зәриғ» /егуші/, «әс-Сәбит» /берік/, «әл-Жәғил» /жасаушы/, «әс-Сәрийғ» /жылдам/, «әл-Қоотил» /өлтіруші/, «әл-Кәәтиб» /жазушы/ сынды есімдер көркем есімдер қатарына енбейді. Бұл атаулар бірнеше қағидаға қайшы келеді.
10 – Көркем есімдер өз бойында мадақ пен мақтауды талап ететін, ешбір сөзбен шектелмей, матаса байланысусыз, жеке келуі шарт. Осыған орай «әл-Бәәлиғ» /жетуші, толық етуші/, «әл-Мухзий» /қорлаушы/, «әл-Хоодиғ» /айлакер/, «әл-Мутимм» /аяқтаушы, толықтырушы/, «әл-Фәәлиқ» /жарып шығарушы/, «әл-Мухриж» /шығарушы/, «әл-Ғоофир» /кешіруші/, «әл-Қообил» /қабыл етуші/, «әш-Шәдийд» /қатты, қуатты/ сынды есімдер көркем есімдер қатарына енгізілмейді. Алайда аятта келген үлгіде айтса болады. Мәселен: «Ғоофируз-зәнб» /күнәны кешіруші/, «Шәдийдул ғиқааб» /азабы қатты/ дегендей. Бірақ бұл сипаттар бабына кіреді.
11 – Көркем есімдердің бірінен алынған синонимдес сөз Аллаһтың есімі бола алмайды. Мәселен: «әл-Ғалийм» /бәрін Білуші/ деген есімге синонимдес сөзді алып, Аллаһты «әл-Ғаариф» /білуші/ немесе «әл-Ғаақил» /ақылды/ деп айта алмаймыз.

Аллаһ тауфиқ берсін!

Advertisements

One Response to Көркем есімдерге қатысты маңызды қағидалар

  1. Zhandos айтады:

    Mawallah. Jazakallahu xair

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: