Аллаһтың есім-сипаттарында «туралықтан ауытқу» және оның түрлері

Үмметіміздің әуелгі буыны мен оларға көркем түрде еруші мұсылмандар Аллаһты тек Құран мен хадисте келген есімдермен атап, есім-сипаттардың ешбірін жоққа шығармай, ешкімге ұқсатпай, мағынасы мен сөзін бұрмаламай, «қалай?», «неге?» деген сұрақ қоймай, келген күйінде иман келтіреді. Осы ең дұрыс сенім. Бұған ертеде өткен ұлы имамдардың сөзі дәлел. Уәкиғ Аллаһтың сипаттары мен есімдері келген хадистерді нұсқап: «Бұл хадистер қалай келген болса, солай қабылдаймыз әрі «Бұл қалай?», «Неге мұндай?» деп сұрамаймыз»,-деген. (Сенімді хабар).

Имам Шафиғиден Аллаһтың есім-сипаттары жайында сұрағанда ол: «Аллаһтың қасиетті Құран мен пайғамбар хадистерінде баян етілген есім-сипаттары бар. Аллаһ пенделерінің ешбірі дәлел келген болса мұны кері қайтаруға құқығы жоқ, себебі бұл есім-сипаттар Құран мен Аллаһ елшісінің (с.а.с) сенімді хадистерінде келген. Дәлел жеткеннен кейін мойындамаса – ол кәпір болмақ, ал дәлел жетпей тұрып қабыл етпесе, ол надандықтың кесірі, себебі бұған ақылмен, терең ойлаумен жету мүмкін емес»,-деген. (Сенімді хабар).
Нуғайм ибн Хаммәдтың: «Кім Аллаһты жаратылыспен ұқсатса – кәпір болады және кім Аллаһ Өзін сипаттаған сипаттарды кері қайтарса – кәпір болады. Аллаһ пен Оның елшісі (с.а.с) сипаттаған сипаттар Аллаһты жаратылысқа ұқсату болып табылмайды»,-дегені риуаят етіледі. (Сенімді хабар).
Бұл – пайғамбарымыз (с.а.с) бен сахабалардың сенімі. Бұл – жәннатқа жетелейтін тура жол, дұрыс сенім. Аллаһ тағала Құранда: «Егер де олар сендер иман келтіргендей иман келтірсе, сөзсіз олар тура жолда болады, ал енді бет бұрса, олар бөлінушілікке душар болады»,-деген. (Бақара, 137). Бұл аят пайғамбар мен сахабаларға түсірілген. «Сендер» деген жерде сол әуелгі буын меңзеледі. Тура жолды болудың кілті солар иман келтіргендей иман келтіру. Ал енді олар иман келтіргеннен өзге түрде иман келтіру арты не болмақ? Аяттың жалғасында: «бөлінушілікке душар болады» делінген. Қазіргі таңдағы бөлінушіліктің бәрі де осының салдары. Әуелгі буын иманынан алыстау, солар салып өткен дара жолды елемей, тарау жолмен ыдырау!!!
Пайғамбарымыз (с.а.с) бен оның серік достары болған сахабалардың сенімінен өзге сенім – туралықтан ауытқу болып табылады. Туралықтан ауытқыған жандар Аллаһтың есім-сипаттары төңірегінде біраз қателікке бой алдыруы ғажап емес. Мұны шариғатта «илхәд» деп атайды.
Ұлы Раббымыз қасиетті Құранда: «Аллаһтың есімдерінде туралықтан ауытқушыларды тастаңдар. Олар істегендерінің сазайын тартады» – деген. (Ағраф, 180). Аяттағы «туралықтан ауытқу» ұғымы бірнеше түрлі болады:
а) Пұт және өзге де құлшылық қылынатын нәрселерді Аллаһ есімдерімен атау. Ертедегі арабтар өздерінің тастан, ағаштан жасалған пұттарын «құдайлар» деп атап, кейбіріне «Лат, Ғұзза, Манат» деп Аллаһтың есімдерін тағатын. Бұл Аллаһ есімдері төңірегінде туралықтан ауытқудың бір түрі. Мәселен, «Лат» атауы Аллаһтың «Иләәһ» /Тәңір/ есімінен, «Ғұзза» деген атау Раббымыздың «Ғазиз» /аса үстем/ есімінен, «Манат» деген атау Раббымыздың «Мәннән» /сыйлаушы/ есімінен туындаған.
Туралықтан ауытқудың бұл түрі тек қана пұттарға қатысты болмайды, бәлкім, кез-келген қабір, мола, әулие, әнбиеге ат беруде де болуы мүмкін. Мәселен «Арыстанбапқа түне, Қожа Ахмедтен тіле» деген сөйлем арқылы Арыстанбаптың ризалығы көзделіп, Қожа Ахмедтен тілеу арқылы оны «ризық беруші, нығмет бөлуші, дұғаларды қабыл етуші» деп астарлы түрде атағанмен бірдей болады. Себебі өзге құдайлар мен пұттарға ат қою міндетті түрде оны нақты есіммен атау емес, бәлкім, жанамалай атап өтсе де «туралықтан ауытқудың» алғашқы түріне кіреді. Бұлай жасаушылар тәубе етпейінше өздерінің сазайын тартып, азапқа душар болады.
ә) Аллаһты Оған тән болмаған кемшілік сипаттар арқылы сипаттау. Бұл да Аллаһтың есімдерін жоққа шығарудың, туралықтан ауытқудың бір түрі. Яһудилердің «Аллаһ кедей, бізге мұқтаж» немесе «Ол жаратқан соң бір күн демалды» деуі жоққа шығарудың осы түріне кіреді.
«Аллаһ кешірер, әруақ кешірмес» деген сөздің астарында жанамалай болса да осы мағына меңзеледі. Бұл сөйлемді естіген жан әруақтың Аллаһтан абзал, қаһарлы екенін көрсетіп, Аллаһтың әлсіздігін білдіретін сияқты. Аллаһым бұл теңеулерден пәк әрі өте жоғары! Шын мәнінде Аллаһқа тек кемел, келбетті, көркем әрі еш кемістігі жоқ есімдер мен сипаттар тән!
б) Аллаһ есімдерін немесе оның мағыналарын бұрмалау, мойындамау немесе бұл есімдерді тек «мағынасы жоқ атаулар ғана» деп білу. Мұны «тағтыл» деп атайды. Мәселен, «Әс-Сәмиғ» /толық Естуші/ деген есімін естіп: «Ол естімейді, бұл тек Оның есімі» деп айту немесе мағынасын бұрмалап: «Бұл Оның құдіреті» деп айту – Аллаһ есімдерін жоққа шығару, туралықтан ауытқу болып табылады.
Мұндай жандар тіпті мүшриктердің дәрежесінен төмен болып саналады. Пұтқа құлдық ұрып, серік қосушылыққа белшесінен батқан бейбақтар өздерінің естімейтін, көрмейтін пұттарына көркем де кемел аттар беріп жатса, Исламдағы кейбір ағымдар керісінше Аллаһтың Өзі атаған көркем есімдерді алып тастап, мағынасын бұрмалаумен әлек! Бұл мәселедегі ең дұрыс сенім – Аллаһтың есімдері мен сипаттары Құран мен сүннетте қалай келген болса, дәл солай иланып, мағынасын бұрмаламай, ешкімге ұқсатпай, жоққа шығармай, «қалай?» деген сұрақты қоймай кәміл сеніп, иман келтіру.

в) Аллаһтың есімдері мен сипаттарын жаратылыстағылардың сипаттарына ұқсату. Мұны шариғатымызда «тәшбиһ» деп атайды. Бұл да туралықтан ауытқудың ең сорақы түрлерінің бірі. Шын мәнінде Аллаһ өзі жаратқан құлдарының ешбіріне ешнәрседе ұқсамайды. Християндардың шіркеуде салған суреттері осы үкімде. Сондай-ақ, Аллаһтың есту, көру, білу, көтерілу, разы болу, мейірім төгу және өзге де сипаттарын атаған кезде ешбір жаратылысқа ұқсатпай, Өзіне тән түрде осы сипаттармен сипатталатынына иман келтіру ләзім. Имам Мәликтен «Аллаһтың көтерілуі» жайында сұрағанда: «Көтерілу – мәлім, қалай екені – беймәлім, оған иман келтіру – уәжіп, ал ол жайында сұрау – дінге енген жаңалық»,-деген.

г) Аллаһты Оған тән болмаған есімдермен атау. Християндардың құдайды «көктегі әке» деп, пәлсапашылардың «тылсым күш» деп, кәррәмиттердің «жисм» немесе «жәуһәр» деп атауы осыған кіреді.

Аллаһ тауфиқ берсін!

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: