Фәлақ пен Нас сүрелерінің түсіндірмесі (3-ші сабақ)

Алдыңғы сабақта сиқыр жайында азғантай сөз қозғап өткен болатынбыз. Сиқыр жасау – шариғат бойынша тыйым салынған. Бұған көптеген аяттар мен хадистер дәлел. Себебі бұл адам көзін алдау және жалпы жамандықтың бірі болып табылады.
Сиқырланып қалу, жоғарыда айтып өткеніміздей, Аллаһтың болмыстағы ережесіне тән, Аллаһтың қалауымен болатын дерттердің бірі. Сиқыршы, дуалаушы адамдар жын-шайтандардың медетімен белгілі бір адамға зиян тигізуді мақсат тұтып, арнайы тәсілдер арқылы әлгі адамға жамандық тигізіп жатуы осының айғағы.
Осы кезде мынандай сұрақ туады: «Сиқырланып қалу Аллаһтың болмыстағы қалауы болса бұдан қалай сақтанамыз?».

Иә, ең әуелі біліп алыңыздар, ешнәрсе Аллаһтың қалауынсыз болмайды. Егер Аллаһ қаласа адам сиқырға ұшырап, қаламаса сиқырланудан аман болады.
Екіншіден, жанып тұрған отқа қол салған адамның қолының күюі – Аллаһтың қалауымен. Ал от Аллаһтың жерде орнатқан заңдылығы бойынша оның қолын күйдірді. Егер де адам әлгі отқа жақындамағанда не болмаса отқа қолын салмаса ол күймес еді. Тура осы сияқты сиқырланып қалудың да өзіндік ебептері болады. Сиқыр – жаны жаман, ойы арам адам мен жындардың ісі. Оны кері қайтаруға тек Аллаһтың күш-құдіреті жетеді. Егер да адам баласы оттан алшақ жүргеніндей сиқырланып қалудан аулақ болса, ол сиқыршылардың кесірінен аман жүрмек. Ал енді отқа қолын салған адамдай өзі де сиқырлыққа, жеңілтектікке жақын жүрсе, ол соған ұрынады.
Ал сиқырлыққа жақын жүру деген не? Мұның жауабы: жүректің бостығы. Егер де адам жүрегі Аллаһты аз еске алатын, Аллаһтан өзгеге тәуекелшіл, бос сөз бен ойынға ұрынғыш, Құран мен хадисте келген дұғаларға селқос қарайтын болса, бұл сиқырланып қалуға жақын жүрген жан болады.
Сол үшін әрбір адам әркез Аллаһты еске алып, тек Аллаһқа тәуекел ете білгені жөн. Сондай-ақ, бос сөз бен ойыннан гөрі ақиқат пен байсалдылық, салмақтылыққа бейім болғаны жөн әрі әркез таңертең, кешке оқылатын дұға-сүрелерді, «көзге көрінбейтін жау мен дерттен» тек осылардың бәрн біліп-көріп тұрушы Ұлы Жәббар Иеге құлшылық еткені абзал. Мұны аздық қылған жан болса, сабағымыздың соңында қортынды жасап, дәлелі бар дұға сүрелерді де атап өтеміз алда.
Демек, Раббымыздан «Түйнектерге дем салушы келіншектердің кесірінен» сақта деп дұға етейік. Бұл – осы сүреде аталған үшінші кесірлік, жамандық түрі.
Жамандықтың төртінші түрі келесі аятта баян етілген: «Уа мин шәрри хаасидин изәә хасәд». Қазақша баламасы «Күншілдердің кесірінен, ол күндеген сәтте (сиынамын)» де. (5)
Аяттың әрбір сөзін талдап шығайық. «Уә мин шәрри» деген тіркес «және…кесірінен». Мұны алдыңғы аят түсіндірмелерін жасаған кезде талқыладық.
«Хаасид». Қазақша баламасы «күншіл, көре алмаушы, қызғаншақ» дегенге саяды, яғни «күншіл, қызғаншақ, көре алмаушының кесірінен» деп тұр. Халифа Алтай атамыз «күншілдер» деп, көпше түрде аударған, алайда бұл аяттың арабша нұсқасында жекеше түрде келген. Бірақ бұл қателікке жатпайды да, себебі Аллаһ тағала «күншіл» деген сөзді жекеше атағанымен, ол жерде күншіл атаулының бәрі меңзеледі.
Күншіл деген кім? Ғұламалар күншілдіктің яки қызғаныштың екі түрі болатынын баян еткен. Бірі – харам қызғаныш, екіншісі – адал қызғаныш. (Төмендегі анықтамаларды жаттап алуларыңыз шарт!).
Харам қызғанышты «хасад» деп атайды. Анықтамасы: Өзгеге берілген нығметтің жоқ болуын қалап, қызғану, көре алмау. Бұл харам қызғану түрі. Шынтуайтында біреуге берілген нығметті жоқ болуын қалап, қатты қызғану соңы «көз тию» деген тағы бір көрінбес дертке әкеп соғады, Аллаһ сақтасын.
«Көз тию – хақ». (Муслим). Көз тиюдің соңы, өздеріңіз де білетіндей, қатты ауру тіпті өлімге әкеп соғады. Көлікке көз тисе ол жүрмей қалып, өзге де мүлікке көз тисе ол қирап жатуы осының айғағы. Бұдан қалай емделуге болады? Бұған сабағымыздың қортындысын жасағанда толығымен тоқталып өтеміз.
Қызғанудың енді бір түрі – адал қызғану. Мұны шариғатымызда «ғибтаһ» деп атайды. Бұл – біреуге берілген нығметтің жоғалуын қаламай, бар болғаны «маған да солай берілсе ғой» деп армандау. Бұл рұқсат етілген. Сабағымыздың қортындысын жасағанда бұған да тоқталып, сөз өрбітеміз.
Демек, Аллаһ тағала «Уә мин шәрри хаасидин» деген сөзі арқылы арам түрде қызғанушы күншіл, көре алмаушы, тарларды меңзеп тұр. Сонда көре алмаушы күншілдің кез-келгенінен қашып, Аллаһтан пана сұрай беруіміз керек пе? Мәселен, сіздің екі көршіңіз бірін-бірі көре алмай, бірін-бірі қызғанып жатса бұл екеуінен де қашып, Аллаһтан пана сұрау керек етіле ме?
Жоқ, бәлкім тек олар күндеген сәтте ғана. Сол үшін аяттың жалғасында Ұлы Раббымыз «изәә хасәд» деп, күншілдің өзінен емес, тек егер күндесе ғана одан қашып, Аллаһтан пана сұрау керектігін меңзеген.
Халифа Алтай атамыз аяттың соңында жақша ішінде (сиынамын) деген сөзді келтіріп, тырнақшадан кейін «де» деп келтірген. Мұны қалай түсінеміз?
Алдағы сабақтарда айтып өткеніміздей, араб тілі грамматикасы мен қазақ тілі грамматикасы өзара өзгешелігі бар ережелерді қамтиды. Араб тіліндегі етістік сөйлемнің басында келсе, қазақ тілінде бұл сөйлемнің аяғында келеді.
Атамыздың (сиынамын) деп адарғаны «әғуузу» деген сөздің баламасы, ал «де» деп жазғаны сүренің басындағы «қул» деген сөз.
Жақсы, енді осы сүренің Халифа Алтай, Әлауддин Мансұр және Рәтбек қажы жасаған аудармаларын келтіріп, дұрыстық пен түсінуге жақынын таңдап көрейік.
Халифа Алтай аудармасы: «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. (Мұхаммед Ғ.С): «Таңның Раббына сиынамын,» (1) «Жаратқан нәрселерінің кесірінен,» (2) «Қараңғылық басқан сәтте, түсннің кесірінен,» (3) «Түйіншектерге дем салушылардың кесірінен,» (4) «Күншілдердің кесірінен, ол күндеген сәтте, (сиынамын.)» де. (5)».
Әлауддин Мансұр аудармасы: «Мейірімді және рақымды Алланың атымен (бастаймын). 1-2-3-4-5. (Ей, Мұхаммед), айтыңыз: «Мен таңның Раббысынан (маған) Өзі жаратқан нәрселердің жамандығынан; Қараңғылыққа сүңгіген түннің жамандығынан; Түйіндерге дем салушы (жәдігер-сиқыршы)лардың жамандығынан және күншілдердің істеп жатқан көре алмау жамандығынан пана беруін сұрап, жалбарынамын»».
Рәтбек қажы аудармасы: «Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын! «Жаратқан, әртүрлі нәрселердің кесірінен, қараңғы түскенде түннің кесірінен, түйіншекке дем салушының кесірінен, күншілдердің қызғанышты кесірінен сақта деп, таң алдында Тәңіріме сиынамын, пана тілеймін»-де (1-2-3-4-5)».

Біраз уақыттан бері сүренің жақын баламасының аудармасын жасап келе жатырмыз. Арабша нұсқасы мен қазақша нұсқаларын да салыстырып көрдік. Ендігі кезекте бәріміз бірігіп, бір түйінін шығарып көрейік.

«Бисмилләһир рахманир рахим» деген сөйлемді аударуда Халифа Алтай атамыз «Аса қамқор, ерекше мейірімді» деп, Раббымыздың «әр-Рахман» деген есімін «аса қамқор» деп аударған. Ал өзгелері «Мейірімді» деп берген.

Сондай-ақ, «әр-Рахим» деген есімді Халифа Алтай атамыз «ерекше мейірімді» десе, өзге екеуі «рақымды» деп берген. Жалпы қамқорлық, мейірім, рақым сөздері өзара жақын мағыналас сөздер болуы себепті мынау дұрыс, мынау қате дей алмаймыз, алайда, Аллаһтың мейірімі мен рақымы айтылған кезде алдына «аса, ерекше» деп қосу, асыра сілтеп айту оңды. Халифа Алтай атамыз осыны ескерген.

Үш аудармашы да «бисмилләһ» дегенді «Алланың атымен бастаймын» деп аударған, алайда Халифа Алтай мен Рәтбек қажы «бастаймын» деген сөзді жақшаға алмаған да, Әлауддин ағамыз жақшаға алып жазған. Бұл түсіндірме сөз болуы себепті жақшаға алып жазған оңдырақ.

Қорытынды: Демек, қазақша баламасын былай айтса болар ма еді: «Аса Рақымды, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен (бастаймын)».

«Қул» деген сөзді бірі аударманың соңына жіберіп «де» деп аударса, енді бірі «айтыңыз» деп, аударманың алдынан жіберген.

Өздеріңіз де байқағандай, әрі қарайғы аудармада Халифа Алтай әрбір аятты тиісінше орнымен аударса, Әлауддин Мансұр мен Рәтбек қажы жалпы алып, біріктіріп аударған.

Халифа Алтай атамыз «Таңның Раббына сиынамын» деген. Бұл жерде «Раббысына» деп, тәуелдік жалғауын қосып жазғаны және «сиынамын» дегеннен гөрі «пана сұраймын» десе оңды болар еді.

Әлауддин ағамыз «Мен таңның Раббысынан (маған)…пана беруін сұрап, жалбарынамын» деген. Байқағандарыңыздай, әуелгі аяттың бір бөлігі аударманың басында, енді бір бөлігі аударманың соңында көрініс тапқан. Бұл екі тіл грамматикасына сай ерекшелік нәтижесі ғана. Жалпы алғанда мағынасы оңды.

Рәтбек ағамыз болса «…сақта деп, таң алдында Тәңіріме сиынамын, пана тілеймін»,-деп аударған. Аяттың мағынасы өзгеріңкіреп қалғанын байқаған шығарсыздар. «Таң алдында» және «Тәңіріме» деген жері арабша нұсқасына сай келмейді.

Қорытынды: «Таңның Раббысынан пана сұраймын».

«Мин шәрри мәә холәқ» деген аятты Халифа Алтай атамыз «Жаратқан нәрселерінің кесірінен» деп, Әлауддин ағамыз «Өзі жаратқан нәрселердің жамандығынан» деп аударып, жаратқан нәрселердің Аллаһтың жаратқаны екеніне сілтеме жасай отырып аударған. Ал Рәтбек қажы «Жаратқан, әртүрлі нәрселердің кесірінен» деп аударған.

Қорытынды: «Жаратқан нәрселерінің кесірінен».

Үшінші аятты аударуда үш аудармашының үшеуі де оңды аударған. Қазақша баламасы: «Қараңғылық бақан сәтте түннің кесірінен».

Төртінші аятты аударуда Халифа Алтай мен Әлауддин «Түйіншектерге дем салушылардың» деп, екі сөздің екеуін де көпше түрімен аударса, Рәтбек ағамыз «Түйіншекке дем салушы» деп, екі сөзді де жекеше түрде қалдырған. Дұрысы жоғарғысы. Сондай-ақ, Әлауддин ағамыз жақша ішіне: «(жәдігер-сиқыршы)лардың» деп жазып, өте жақсы жасаған.

Қорытынды: «Түйіншектерге дем салушы (сиқыршы)лардың кесірінен».

Соңғы аятты аударуда Халифа Алтай атамыз «Күншілдердің кесірінен, ол күндеген сәтте» деп аударған. Осы дұрысырағы.

Қорытынды: «Күндеген сәтте күндеушінің кесірінен».

Енді осы сүренің толық аудармасын жасайтын болсақ: «Аса Рақымды, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен (бастаймын). «Жаратқан нәрселерінің кесірінен, қараңғылық басқан сәтте түннің кесірінен, түйіншектерге дем салушы (сиқыршы)лардың кесірінен және күндеген сәтте күндеушінің кесірінен (қашып), Таңның Раббысынан пана сұраймын»,-деп айт». Осылай аудару түсініктірек. Ал егер әр аятты тиісті орнына қойып аудару керек болса, жоғарыдағы қортындыларды қарап шығыңыз.

Ескерту: Бұл сөзімізбен біз ешкімді де кемсітіп, жоққа шығарып, өзімізді ғалым көрсетуді қаламаймыз!!! Бәлкім, теңізге тасталған тамшыдай айтылған ой мен жалпы талқылау ғана. Кемшілік табылып жатса ескерту мен түзетуді қуана қабыл аламыз. Аллаһ тағала Құранда: «Жақсылық пен тақуалықта өзара жәрдемдесіңдер» деген. Арабша түсіне алмайтын қауымға жеңілдік тудырып, Құранды, оның ішіндегі аяттарды жақындатып беру ғана мақсатымыз.

(Жалғасы бар… Алдағы уақытта осы сүренің толық қорытындысын жасап, алынар көл көсір пайдалар мен ережелерді, сиқыр мен көзден сақтану жолдарын, дұғаларды атап өтеміз). Аллаһ сәттілік берсін!!!

Advertisements

One Response to Фәлақ пен Нас сүрелерінің түсіндірмесі (3-ші сабақ)

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: