Аллаһтың есімдері мен сипаттарын танып-білудің артықшылығы

Шын мәнінде Аллаһтың есімдері мен сипаттарын зерттейтін ілім – пайдасы көл-көсір, берер жемісі мол, қалдырар ізі анық, мүбәрак ілім. Бұл ілімнің артықшылығы мен ұлы пайдасы төмендегі жайттар арқылы байқалады:
1) Ислам діні өзге діннің бәрін жоққа шығарушы, соңғы, ұлы дін, ал Ислам дініндегі ең ұлы амал – Аллаһты жалғыз деп тану, яғни таухид. Барлық пайғамбарлар мен елшілер Аллаһты жалғыз деп тануға, жалғыз Аллаһқа құлшылық етуге шақыратын.
Аллаһты жалғыз деп білудің немесе таухидтің үш тірегі бар. Біріншісі – Аллаһты жаратушы ретінде жалғыз деп білу, екіншісі – құлшылық атаулының бәрін жалғыз Аллаһқа арнау және үшіншісі – көркем есімдер мен кемшіліксіз сипаттардың бәрі жалғыз Аллаһқа тән деп білу. Байқап қарасақ, көркем есімдер мен кемшіліксіз, пәк сипаттарды білу – Исламдағы ұлы амалдың бір тірегі. Сондықтан көркем есімдер мен кемел сипаттарды білу – ұлы, мәртебелі ілім болып саналады.

2) Иманның алты рүкінінің, алты тірегінің ең ұлысы, ең алғашқысы – Аллаһқа иман келтіру. Иманның бұл тірегі Аллаһты танымай жатып құр «Аллаһқа иман келтірдім» деген құрғақ сөз арқылы орындалмайды. Шынайы иман – күмәнсіз, нақты сенімге жеткенге дейін пенденің өзі иман келтірген Раббысын тануы, Оның есімдері мен сипаттарын танып-білуге бар күшін салуы. Раббысын қаншалықты таныған болса, иманы да сонша болмақ. Раббысын неғұрлым жақсырақ білсе, иманы да соғұрлым артады, ал енді Раббысын білмесе, иманы да төмен болмақ.
Аллаһты таныған адам өзін де, өзгені де біліп жүреді. Шынайы жаратушы мен жалған құдайдың арасын оңай ажыратады. Аллаһ тағала Құранда: «Сондай Аллаһты ұмытқан, сөйтіп Аллаһ олардың өз-өздерін де ұмыттырған кісілер тәрізді болмаңдар. Міне солар бұзақылар»,-деген. (Хашыр, 19). Кімде-кім Аллаһты ұмытып, есім-сипаттарын білмесе, Раббысын танымаса ол өзін де жоғалтып, бұл жалғанда бақытқа жеткізіп, апаттан құтқарар себептерді де біле алмайды әрі өзіне пайда берер нәрселерді ажырата алмайды. Нағыз бұзақылар осылар!
3) Бұл ең көркем әрі ең абзал, алар орны жоғары, мәртебесі биік ілім. Шын мәнінде кез-келген ілімнің беделі сол сала зерттейтін нәрсенің беделімен анықталады. Ал енді Аллаһты және қасиетті Құран мен пайғамбар сүннетінде келген Оның есімдері мен сипаттарын зерттеуден абзал ілім жоқ бұл жалғанда.
4) Аллаһ пен Оның есімдерін танып-білу – Оған деген махаббат, Оны ұлықтау, Оны жоғары тұту, Одан қорқу, Одан үміт ету сияқты құлшылық түрлерін жасауға, кез-келген амалды ықыласты түрде орындауға итермелейді. Кез-келген пенде Аллаһтың есімдері мен сипаттарын білген сайын Аллаһқа деген талпынысы, ынтасы, асығыстығы, сағынышы артып, шариғатына толық беріліп, бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан бас тартады.
5) Аллаһ тағала Өзінің есімдері мен сипаттарын жақсы көреді. Осы сипаттары мен есімдерінің жаратылыс бойында із көрсеткенін де қалайды. Бұл Аллаһтың кемелдігінің нышаны. Ол Аллаһ «әл-Жәмил /аса сұлу/» әрі әдемілікті жақсы көреді, Ол «әл-Ғалийм /толық білуші/» әрі ілім иелерін жақсы көреді, Ол «әл-Жәуәәд /аса жомарт/» әрі қолы ашық, жомарт пенделерін сүйеді, Ол «әл-Хайи /аса ұялшақ/» әрі ұятты, арлы құлдарын ұнатады, Ол «әт-Тәууәб /тәубені қабыл алушы/» әрі тәубе етуші құлдарын жақсы көреді, Ол «әл-Мухсин /жақсылық жасаушы/» әрі жақсылыққа асық құлдарын сүйеді, Ол «әр-Рахийм /ерекше мейірімді/» әрі мейірімді құлдарын жақсы көреді. Оның кешірімі мен мейірімділігі осы сипаттардың пенде бойында қалыптасуына қарай беріледі. Бұл да Аллаһтың көркем есімдері мен сипаттарын білудің артықшылығын айғақтайды.
6) Аллаһты танымаған, есімдері мен сипаттарын білмеген жан толық әрі кәміл түрде құлшылық жасауы мүмкін емес. Құлшылықтың көркем түрлерінің бірі – Аллаһқа дұға ету, Одан сұрау. Тіпті намаздың өзі дұға мен тілектен құралады. Аллаһ тағала Құранда: «Көркем есімдер Аллаһқа тән, Оған солар арқылы дұға жасаңдар»,-деген. (Ағраф, 180). Кейбір ғұламалар бұл аяттағы «дұға» сөзі «сұрау дұғасын» да «құлшылық дұғасын» да қамтитынын айтқан .
Сұрау дұғасы дегеніміз – жалпы көркем есімдерінің мағынасына сай Аллаһтан сұрау, тілеу. Мысалы: «Әй, әл-Ғафуур /аса Кешірімді/ мені кешіре гөр! Әй, әр-Рахим /ерекше Мейірімді/ маған мейіріміңді төк» дегендей.
Құлшылық дұғасы дегеніміз – көркем есімдердің мазмұнына сай құлшылық ету. Мысалы, әрбір жасаған күнә үшін тәубе етіп, Аллаһтан кешірім сұрау, себебі ол әт-Тәууәб /тәубені қабыл етуші/, зікір-дұғаларды тілмен айту, себебі ол әс-Сәмиғ /толық Естуші/, денемен құлшылық жасау, себебі ол әл-Басыр /бәрін Көруші/, жақсы ниетте болу, себебі ол әл-Ғалийм /бәрін Білуші/ т.с.с; Көркем есімдер мен кемел сипаттарды білмеген жан қалай ғана дұға етіп, құлшылық жасасын?!
7) Шын мәнінде Аллаһ тағала жаратылысты жаратып, жоқтан бар етіп, көктер мен жердегі жанды-жансыздың бәрін де адамзаттың қызметіне арнады. Мұның бәрі де Аллаһты танып-білу және Оған құлшылық ету үшін ғана. Раббымыз Құранда: «Ол Аллаһ, жеті көкті жаратқан және жерді де солар сияқты жаратқан. Күмәнсіз Аллаһтың әр нәрсеге күші толық жететіндігін білулерің үшін әмірлері жер мен көктің арасында түсіп тұрады»,-деген. (Талақ, 12). Осы аят арқылы бұл әлемнің жаратылуындағы мақсат – Аллаһты тану, Оның әр нәрсеге күші толық жететіндігін білу екені байқалады. Енді тағы бір аятта: «Шын мәнінде жындар мен адамдарды тек қана Маған құлшылық қылулары үшін жараттым»,-делінген. (Зәрият, 56). Ондай болса адам баласының Өз жаратушысын тануға деген талпынысы – өзінің жаратылуындағы мақсатын білуге деген талпынысы болып табылады. Өзінің бұл жалғандағы негізгі мақсатын біліп, Раббысын тануға, тек Оған құлшылық етуге талпынып, мұратына қол жеткізген адам бақытты болмақ.
8 ) Аллаһты тану, Оның есімдері мен сипаттарын білу – пайдасы көл-көсір саудаға тең. Бұл саудадан кіретін кіріс: Жанның тыныштық табуы, жүректің орнықты болуы, көкейдің ашық, ояу болуы, Оның разы болған нәрселеріне қол жеткізіп, ашуы мен азабынан алыс болуы, Қиямет күні фирдаус бағында болуы, Ұлы Раббымызбен жүздесуі. Аллаһ елшісі (): «Аллаһтың тоқсан тоғыз есімі бар, біреусіз жүз. Бұларды жаттап алып, (мағынасына сай амал еткен) жан сөзсіз жәннатқа кіреді. Ол әл-Уитр (тақ) және тақ санды жақсы көреді»,-деген. (Бұхари, Муслим).
Аллаһты таныған жан Одан өзге құдайсымақтың да, жаратылыстағы жын мен адамзаттың да Аллаһтың қалауынсыз ешбір зиян немесе пайда бере алмайтынын ұғынады, Аллаһтың аса мейірімді және барлық бұйрықтары шектен тыс даналыққа негізделгенін ұғынып, барлық амалдарын тек Оған арнайды. Осы арқылы жаны тыныштық тауып, жүрегі орнығады. Жүрегі орныққан, жаны тыныш адамның көкейі ояу, көкірегі ашық болып, ақиқат пен жалғанның арасын, пайда мен зиянның арасын дұрыс ажыратады. Аллаһ жақсы көргенді алып, жек көрген нәрсесінен бас тартады. Бұлай жасаған адамның барар жері фирдаус жәннаты, ал алар сыйы – Аллаһпен жүздесу!
9) Аллаһты тану және Оның есімдері мен сипаттарын білу арқылы жұмыр басты пенде әрбір жамандықтан алшақ болады. Осы арқылы ол үшін үміттің есігі ашылып, үмітке қол жеткізуде шыдамдылық пен сабырлылыққа бейімделіп, жалқаулықтан алыстап, құлшылық пен бойсұнушылыққа бар күшін салып, күнәлар мен өзге жамандықтың бәрінен алыстауға бел буады. Бұл сипатпен сипатталған жан шайтаннан алыс жүреді әрі Аллаһқа деген махаббаты оянады. Ал Аллаһты жақсы көрген жан жақсылық пен ізгілікке асық болып, жамандық пен зұлымдықтан қашық болмақ.
Бұл Аллаһ пен Оның есім-сипаттарын білудің кейбір артықшылықтары. Осы арқылы адам баласының Аллаһты, Оның есімдері мен сипаттарын, бұйрықтары мен тыйымдарын, елшілері мен кітаптарын білуге деген ынтасы артып, мұқтаждығы зорая түседі. Шын мәнінде Аллаһ пен Оның есімдерін танып-білуден артық мұқтаждық жоқ бұл жалғанда.

Advertisements

2 Responses to Аллаһтың есімдері мен сипаттарын танып-білудің артықшылығы

  1. Бөкен айтады:

    http://www.youtube.com/watch?v=ZRMyodpAYDY мына сілтемедегі илаһиді тамашалаңыздар Аллаһтың көркем есімдері туралы. Діни білімімізге нәр берген сізге рахмет Әбухажжар иншаллаһ жазбаларыңызды үзбей оқып тұруға тырысым

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: