Фәлақ пен Нәс сүрелерінің түсіндірмесі (4-ші сабақ)

Әссәләму аләйкум, құрметті, бауырлар! Бүгінгі сабағымызда «Фәлақ» пен «Нас» сүрелерінің тәпсірін жалғастырып, шама келсе келесі сабақта екі сүре тәпсірін толық тәмамдаймыз, иншалла. Алдыңғы әдетімізге сай, алдымен «Нас» сүресінің аяттарын талдап алайық. Әр аятын жақсылап талдаған соң, сабағымыздың соңында толық қорытынды сабағын жасаймыз, иншалла. Бәлкім, үш төрт сабаққа созылып, бірнеше тізбекті дәріске айналуы себепті біраз нәрсе естен шығып, алды мен артын тең ұстау қиын болса керек, кейібіріңізге. Осыны ескеріп, соңынан үлкен, көлемді, пайдалы қорытынды сабағын жасаймыз, иншалла! Сүренің түсіндірмесіне кіріссек…

Халифа Алтай атамыз былай деп келтірген:

114-НАС СҮРЕСІ Меккеде түскен. Алты аят. Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. (Мұхаммед Ғ.С): Адамдардың Раббына, (1) «Адамдардың иесіне», (2) «Адамдардың тәңіріне», (3) «Сыбырлап азғырушының кесірінен», (4) «Сондай адамдардың көкейіне салатын», (5) «Мейлі жынның, мейлі адамдардың болсын, (бүкіл азғырушылардың кесірінен) сиынамын» де. (6)

«Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын» деген баламаның түсіндірмесін алдыңғы сабақтарда толықтай беріп өттік әрі естеріңізде болса, бұл сөйлемді «Аса Рақымды, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен (бастаймын деп жазуды ұйғарған болатынбыз.

Атамыз алдыңғы сүреде жасағанындай бұл сүредегі «Қул» сөзінің Мұхаммед (с.а.с) пайғамбарымызға бағытталғанын ескеріп, жақша ішіне «(Мұхаммед Ғ.С)» деп келтірген, яғни «(Әй, Мұхаммед, былай де)» дегендей. Бұл тәсіл, атамыздың осы Құран аудармасының көп жерінде қолданылған. Аллаһ жазып, сабақтарымыз жалғасып тұратын болса, бұған өзіміз де куә боламыз. Аяттағы «Қул» сөзі қазақша баламасының соңында «де» деп келген. Мұның сыры анық.

«Әғуузу» етістігінің мағынасын Фәлақ сүресінің түсіндірмесінде айтып өттік. Әйтсе де айта өтейік. Бұл етістік екі мағына береді. Бірінші мағынасы: «Пана сұраймын, жасырынар орын сұраймын», ал екіншісі: «Жабысамын, қол үзбеймін, айрылмаймын» дегенді білдіреді.

«Бирабби» дегені «би» және «рабби» деген екі сөзден құралып «Раббысынан» деген мағына береді, яғни «Раббысынан пана сұраймын, Оған жабысамын» деген мағынада. Мұның бәрі Фәлақ сүресі тәпсірін жасау барысында айтылуы себепті «көп сөйлеп созбай, әдептен озбай» сілтеме ғана жасап отырмыз.

Кімнің Раббысы? «Бираббин-нәәс», яғни «адамдардың Раббысынан». Осы аяттан әрі қарай Ұлы Раббымыз Өзінің есім сипаттарынан баян беріп: «Адамдардың Раббына, (1) «Адамдардың иесіне», (2) «Адамдардың тәңіріне» деген. «Би Роббин-нәәс» яғни «адамдардың раббысынан», «мәликин-нәәс», яғни «адамдардың Иесінен немесе Патшасынан». Осы екі мағынаны қатар ұстаңыздар. «Иләәһин-нәәс», яғни «адамдардың Тәңірінен». Ұлы Раббымыз бұл сүреде Өзінің «адамдардың Раббысы, Иесі (Патшасы) және Тәңірі» екенін баян еткен. Өзі үш аят болғанымен бұл аяттарға қайта-қайта назар салып, жақсылап, терең ойланған абзал. Бірігіп қарап көрейік!…

* Осы үш аятқа жақсылап назар аударсақ, Жаратушы Жәббар Иеміз адамзаттың бәрін Өзі жаратып, Өзі тәрбиелеп тұратынын хабардар еткен. «Адамдардың Раббысы» деу арқылы Ол Өзінің кемел құдіреті мен кең мейірімінен де хабардар етеді. Адамдарды жаратып, ризықтандырып, сұрағанын беріп, пайда келтіріп тұратын тек Өзі екенін білдіргендей. Құдіреті – барлық адамды жаратуы, ризықтандыруы және өзгесі. Мейірімі – құр жаратып қоя салмай, өсіріп, өрбітіп, тәрбиелеуі! «Адамдардың Иесі (Патшасы)» деу арқылы Өзінің шынайы патша, нағыз ие екенін білдірген. Қатты қиындық туғанда жалбарынып, көмек сұрауға лайықты тек өзі екенін аңғартқандай. Бұл да бір үлкен қуаныш. Патшаның сараңы да, дарқаны да болады. Ал Аллаһ тағала патшалардың патшасы, өте жомарт Патша әрі Иеміз. Сұраушы жан тек Оның Өзінен сұрасын, себебі ол сұраушының қолын жауапсыз қайтарудан ұялатын, әділ Патша! «Адамдардың Тәңірі» деу арқылы Өзінің нағыз тәңір, құлшылыққа шынайы лайық құдай екенін басып айтқан. Раббылық сипат пен Патшалық сипатта Оған тең келер, Онымен тайталаса алар ешкім болмағанындай Тәңірлік сипат та тек Оған тән. Одан өзге тас, пұт, ағаш, әулие, әнбие, мола, жын, періште тіпті пайғамбарға да табынуға болмайды. Құлшылықтың бәрі де тек қана Оған тән. Бұл бір!

* Қайта оралып, тағы бір назар салсақ, бұл жерден Құранның кемел әдісін байқай аламыз. Байқап қарасақ, алдымен адамдардың бәрі де толықтай иланатын нәрсені айтып: «Адамдардың Раббысы» деген. Аллаһтың барлығы, Оның жаратушы, ризық беруші, нығметке бөлеуші сияқты Раббылық сипаттарын «мойындамайды» деген адам жоқ. Барлық адам мойындайды мұны. «Құдай бар» деп дүрбелең ұрғаннан гөрі «Құдай бір» деп дүрбелең ұру орынды екенін айтып өткенбіз алдағы сабақтардың бірінде. Сорақы перғауынның өзі «Құдай жоқ» деп сырттай айтса да, көкейі Құдайдың бар екеніне сеніп тұратын. (Нәміл сүресінің 14-ші аятын қараңыз). Демек, адамзат атаулы «Аллаһты бар» дейді, «жаратушы» деп біледі, яғни «адамзат Раббысы» екенін мойындайды. Бұл аятты оқыған жан: «Иә, Ол Раббымыз, одан өзге жаратушы, тәрбиелеуші, ризық беруші жоқ» дейді. Бұған келіскен болсаң мынаған қара дегендей, келесі аятта: «Адамдардың Патшасы» дейді, яғни: «Егер Раббыларың мен ғана болсам, онда Иелерің де тек қана мен емес пе?» дегендей. Ақыл Иесі үшін бұл бір мысал. Жаратқан ғана иелік етеді емес пе? Бір затты ойлап тапқан адам – сол заттың Иесі болады. Балалы болған ата-ана да өз баласын ешкімге бермейді әрі баланың иелері болып табылады. Бұл соқырға таяқ ұстатқандай ап-анық!!! Бұл аятты оқыған адамдар: «Иә, ақылым бар ғой, жаратқан болса Иеміз болуға тек Ол ғана лайықты ғой» деп айтары сөзсіз. «Раббыларың, Жаратушыларың Мен болсам, Иелерің Мен болсам, онда құл тек өз иесіне құлдық ұру керек қой», дегендей «Адамдардың тәңірі» делінген. Субханаллаһ! Ұлы Раббымызға сансыз мадақ пен мақтаулар болсын! Иә, күмән жоқ, құлшылық атаулының бәрі де тек Оған арналуы керек, себебі Ол – Иеміз әрі шынайы құлшылыққа лайықты Тәңіріміз. Құлшылық дегенде тек намаз, ораза меңзелмейді, бәлкім, құрбан шалу, дұға ету, бала сұрау, пана сұрау, шипа сұрау, байлық-мансап сұрау, қорқу, үміт ету, жақсы көру және өзге де түрлері кіреді. Мұның бәрі де тек қана Аллаһқа арналуы шарт.

* Бір тамсанып, үш аятқа тағы бір қарап көрейік. Байқасақ, Аллаһ тағала әрбір аятта «Адамдардың Раббысы, адамдардың Иесі, адамдардың Тәңірі» деп «адамдар» деген сөзді қайталап айтқан. Араб тілі қағидалары бойынша, бір сөздің қайта-қайталануы жағымсыз болып табылады. Бұл біздің тілімізде де бар. «Және, және» деп, құлақты жалықтырмау үшін «сондай-ақ, сонымен қатар, әрі» дегенсөздерді қолданамыз немесе үтір қойып, «және» сөзін қайталамауға тырысамыз.

Сұрақ: Неге Аллаһ тағала «Адамдардың Раббысы, Иесі, Тәңірі» дей салмады? Мұның жауабы: Аллаһ тағала адам баласының шынайы Раббысы, тәңірі әрі Иесі тек Өзі екенін анық аңғартқысы келген. Сол үшін қайталап айту жағымсыз естілсе де, «адамдар» сөзін Өзінің кемел де келбетті сипаттарымен қатар айтқан.

Екінші сұрақ: «Сонда Құран аяттары жағымсыз сөйлем құрғаны ма?»  Жауап: Сырт көзге жағымсыз көрінген нәрсені арнайы мақсатпен қолданса, ол жағымсыз болып саналмайды.

Үшінші сұрақ: Ал неге әрбір аяттың арасын «уа», яғни «және» деген сөзбен байланыстырмаған? Мұның жауабы: Себебі, «Раббылық, Иелік және Тәңірлік» сынды үш сипат үш түрлі тәңірге емес, тек қана жалғыз Аллаһқа тән екенін көрсету үшін. Араб қағидасы бойынша «және» дегенді білдіретін «уа» шылауы әрқилы нәрселердің арасына қойылады. Сол үшін, «Адамдардың Раббысы» және «адамдардың Иесі» және «адамдардың Тәңірі» дегенінде, естуші араб жұрты үш тәңір бар екен деп қалмас үшін, аяттардың ортасын бұлай байланыстырмаған!!! Субханаллаһ, бұл да таухид, Аллаһты жалғыз деп танудың анық бір мысалы!

* Үш аятқа тағы бір назар аударып көрейік: Сүреде келген Аллаһтың бұл үш есімі өз бойында көркем есімдер мен сипаттардың бәрін де қамтып тұрғанын аңғару қиын емес. «Раббы» есімі жаратылыс пен болмысқа қатысты есім-сипаттарды қамтып тұрады. «Раббы» ол әл-Қодир (Шамасы әр нәрсеге жетуші), әл-Холиқ (Жаратушы), әл-Бәри (жоқтан бар етуші), әл-Мусаууир (бейне беруші), әл-Хайй (мәңгі тірі) әл Қаййуум (толық меңгеріп тұрушы) әл-Ғалийм (бәрін білуші) әс-Сәмиғ (толық естуші) әл-Басыр (Бәрін көруші) әл-Кәрийм (аса Жомарт) және т.б

«Мәлик» ол билік пен ұлылық сипаттарын қамтиды, яғни әл-Мәәлик (Ие) әл-Ғазиз (аса Үстем) әл-Жәббар (аса Өктем) әл-Мүтәкәббир (тәкаппар) әл-Хафийз (сақтаушы) әл-Фәттах (ашушы) әл-Ғазыйм (ұлы) әл-Мутағәәл (аса жоғары) және т.б патшалық пен билікті білдіретін есімдерді қамтиды.

Ал «Иләәһ /Тәңір/» болса ол өз бойында көркем есімдер мен кемшіліксіз сипат атаулының бәрін түгел қамтиды! Субханаллаһ! Неткен керемет сүре! Неткен керемет кіріспе!!! Расында, адамзат пен жын біріксе де, Құранға ұқсас нәрсе жазып, жинақтай алмайды!!!

Келесі аяттарға көшейік: «Мин шәррил уәсуәәсил хоннәс». Атамыз мұны: «Сыбырлап азғырушының кесірінен» деп беріпті. Келіңіз, жақсылап талдап көрейікші, бұл аударма оңды ма? «Мин шәрри» деген тіркесті бәріміз де жаттап алдық деген ойдамын, яғни бір нәрсенің «кесірінен». Ненің кесірінен? «Уәсуәәсил-хоннәс».

«Уәсәәс» және «хоннәс» деген екі сөз шайтанның сипаттары. «Уәсуәәс» дегеніміз араб тіліндегі «Уәсуәсә» етістігінен туындайды. «Уәсуәсә» дегеніміз – тым жай дауыспен немесе құр көкейге үрлеу арқылы жасырын түрде азғыру деген сөз. (Мән беріңіз, сыбырлап азғыру немесе көкейге үрлеу арқылы). Демек, «Уәсуәәс» деген шайтанның сипаты, яғни ол «сыбырлап көп азғырушы» немесе «көкейге салып, көп азғырушы». Аллаһ тағала атамызға разы болсын!!! Анығында, Қазақстан мұсылмандарының бәрі де Халифа Алтай атамызға алғыс айтып, ол кісі үшін Аллаһтан дұға етіп жүруі ләзім. Атамыздың елі үшін, Ислам діні үшін атқарған еңбегі зор. Мұны мойындаймыз. Бірақ, «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген. Атамыз бұл аяттың аудармасында шайтанның осы «уәсуәәс» деген сипатын аударып, «хоннәс» деген сипатын айтпай кетіпті. Бұл «әдейі осылай болыпты» деуге келмейді. Бәлкім, ол кісі ұмытып кеткен шығар, болмаса жасы есейген соң кейбір нәрсені байқамай кеткен шығар, немесе бұл сипаттың баламасын бірнеше тәпсір кітаптарынан қарап отырып, жазуды ұмытып кеткен шығар, болмаса баспадан қате кеткен шығар. Қайткен күнде бұл сипаттың қазақша баламасы айтылмай қалған. «Хоннәс» деген не? «Хоннәс» дегеніміз – «бір келіп, бір кетуші» немесе «қатты кішіреюші» деген сөз. «Хоннәс» деген де шайтанның сипаты, себебі ол жиі-жиі келіп кетуші және Аллаһ есімі аталса қатты кішірейіп, шыбындай болып қалушы. Егер де адам баласы Аллаһты еске алуды ұмытса шайтан үлкейіп, келіп, азғырып, алдап-сулап қалады да, адам баласы Аллаһты еске алса, шайтан кішірейіп, кетіп қалады. Сенімді хадистердің бірінде: «Намазға азан айтылса, шайтан азанды естімеу үшін артынан дауыстап жел шығарып тұрып қашады да, азан айтылып болған соң қайта келеді. Қамат түсірілгенде де қашып, қамат аяқталған соң қайта келеді. Сосын адам мен оның жүрегі арасына тұрып, азғырып: «Мынаны есіңе ал, мынаны есіңе түсір» деп, ойына келмеген нәрселерді айтады. Сөйтіп ол кісі қанша рәкат намаз оқығанын білмей қалады» делінген. (Бұхари). Осылайша Аллаһ еске алынып, аты аталған жерден шайтан қашып, біткен соң қайта келіп отырады. Осылайша ол «Хоннәс» деген сипатқа ие болған.

Адам мен шайтан әрдайым күресіп өтеді. Кімде-кім шайтанды азаптап, қинап, әркез Аллаһты еске алатын болса, шайтан кішірейіп, ақыры кішкентай шыбындай болып, жеңіледі. Ал енді кімде-кім бұлай жасамаса, онда оны шайтан азаптайды. Яғни екеуінің бірі не азаптаушы, не азапталушы болады.

Келесі аятта Раббымыз шайтанның әрекетінен хабар беріп: «Әлләзи июәсуйсу фи судуурин-нәәс» деген. Атамыз бұл сөйлемнің баламасын «Сондай адамдардың көкейіне салатын» деп берген. Бұл шайтанның әрекеті.

Қазақ тіліне аударылған еңбектердің көбінде «әлләзи» деген сөзді «сондай» деп аударады. Неліктен бұлай болды екен деп ойлаймын кейде. Бәлкім, «әлләзи» сөзі орыс тіліндегі «который» дегенге келеді. Сонда біздің ел ғалымдары орыс тіліндегі сөзге ұқсас аударғаны ма? Бұл аяттың орысшасы: «от зла искусителя отступающего (или сжимающего), который наущает в груди людей» деп келеді. Иә, араб тілінен орыс тіліне аудару оңайырақ. Бірақ, қазақ тіліне аударуда осы «әлләзи» сөзін «сондай» деп аудару бір қисынсыз көрінеді. Ертеректе қазақ және араб тілін де жетік меңгерген ғалым ағаларымыздың бірі былай дегені бар-тын: « «Әлләзи» деген сөз қазақ тіліне «сондай» деп аударылмайды. Дұрысырақ аудару үшін бұл сөздің соңындағы етістікке назар аудару керек. Егер де ол өткен шақтағы етістік болса, онда «-ған, -ген, -қан, – кен» деп, көсемшенің жұрнағы болып аударылады, ал егер ол осы шақ не келер шақ етістігімен келсе, онда «-атын, -етін, -итін» болып, есімшенің жұрнағына айналады»,-деген бір-тын. Бұл аяттағы «әлләзи» сөзінен кейін «июәсуйсу» осы және келер шақ етістігі келген. Сондағы аударма қалай болады? «Әлләзи июәсуйсу» дегеніміз «сыбырлап азғыратын» болады. «Сондай» деген сөздің керегі жоқ. Әйтпесе «сондай» деп бір аударып, етістіктің артына «-атын» деп екінші рет аударған болып қаламыз. (Мұны жазу себебім, бұл сабақтарды оқып, қарап жүрген араб тілін меңгерген бауырларға да бір ой, пікір ұсынысымыз ғана). Анығын Аллаһ біледі.

Демек, «әлләзи июәсуйсу» дегеніміз «сыбырлап азғыратын» деген сөз. «Фи судурин нәәс». «Фий» дегені жатыс септігін білдіретін жалғау, яғни «-да, -де, -та, -те». Бірақ, кейде барыс септігін де беретін тұстары да бар. Бұл жерде «көкейде азғыратын» дегеннен гөрі «көкейге» деп, барыс септігімен аударған абзал. «Судуур» дегені «көкейлер» дегенді білдіреді. Ал «нәәс» дегені адамдар. Демек, аяттың толық аудармасы: «Адамдардың көкейлеріне сыбырлап азғыратын». Алдыңғы аятпен қосып оқысақ: «Адамдардың көкейлеріне сыбырлап азғыратын сыбырлап көп азғырушы, жиі келіп-кетушінің (кішіреюшінің) кесірінен».

Барлық күнәнің басы – көкейге түскен азғырушылықты жүзеге асыруда. Сол үшін де шайтанның ең басты сипаты – азғырушы! Әйтпесе шайтанның жамандықтары әртүрлі, мысалы, «Бисмилләсыз» тамақты жеуі, яғни тамақ ішерде бисмилләһ делінбесе, ол тамақ адамға емес шайтанға тәуелді болып қалады. Немесе Аллаһ есімі оқылмайтын, Құран аяты естілмейтін үйде тұруы. Осылайша ол біреудің тағамына қол сұғып, үйін паналап жүре береді. Бұл да шайтанның жамандықтарының бір түрі. Біреудің бейнесінде екінші біреудің түсіне кіріп, әуратын ашып, жаман түстер көрсетуі. Біреудің әйелінің бейнесінде өзге ер адам түсіне кіріп, немесе керісінше жасап, өңінде жасай алмайтын сұмдық пен озбырлықты түсінде көрсетеді. Жаман түс көріп оянған адамның көкейінде бәрібір бір ой қалатыны хақ. Сондай-ақ, біреудің жасаған жамандығын, байқаусыз жасаған күнәсын ашып, сәуегейлер мен балшылардың құлағына сыбырлап, адамдардың күналарын ашып беріп, адамды ұятқа қалдырады. Ұйықтап жатқан адамның құлағына дәретке отырып кетеді де, әлгі адам азан даусын ести алмай, таң намазын қаза қылады. Ашық далада әжетке отырған адамың денесі былғансын деп, жел үрлеп, мазақ қылады. «Бисмилләһ» деп беті жабылмаған ыдыстың ішіндегі тағамды жеп, ластауы, жабылмаған есіктен үйге зиянды жәндіктер кіргізіп, үйге зиян келтіруі, сөнбей қалғам шамды тышқан және өзге де жәндіктердің септігімен немесе өзі келіп құлатып, үйде өрт туғызуы. Осы және өзге де жамандықтарын айта берсе болады. Ал азғыру – оның ең сорақы жамандығы! Жалпы алғанда шайтанның адамды азғырып, тура жолдан тайдырудағы мақсаты алты сатыдан тұрады:

1 – Адамды Аллаһқа серік қосушылыққа итермелеу немесе адамды кәпір қылуға тырысу. Егер де шайтан осы ойын жүзеге асыратын болса, онда ол демалып, өзге адамға көшеді. Серік қосқан адамның жасаған жақсылығы да, оқыған намаз, тұтқан оразасы да ешбір пайда бермейтіні Құран аяттарынан ақ мәлім. Шайтан да мұны өте жақсы біліп, адамды тозаққа тартуда ең бастысы, ең маңыздысынан бастайды. «Балам намаз оқы» деп түске ата-бабаның бейнесінде кірген «жын» адамды арты өте ауыр, жазылмас дертке әкеп соғады. Мұны түсінетіндер аз. Осылайша адам «Лә иләәһә иллаллаһ» , «Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық тәңір жоқ» деген сөзді орындамаған болып, тиісінше Аллаһ мейірімінен, жәннаттан құр қалады.

2 – Ал егер адам баласы бәрібір берілмей, Аллаһқа серік қоспай өтуге тырысса, онда ол жын адамды дінге жаңалық енгізуге тартады. Сүннет дегенге қарамай, сүннетке жаңалық енгізіп, өзі енгізбесе де өзгелер енгізген жамандықты жақтап, қолдап бағуға итермелейді. Осылайша ол адам «Мухаммадур расуулуллаһ», яғни Мұхаммед Аллаһтың елшісі деген сөзді орындамаған болады. Дінге жаңалық енгізу немесе сүннетті мойындамау – өзге күнәлардан ауыр болып саналады. Неге? Себебі өзге күнәнің күнә екендігі оңай байқалады, ал дінге енген жаңалықты ажыратып алу қиын. Осылайша дін өз ішінен құрып, өз ішінен шіріп, ортасы қаңырап, сыртқы жылтыры ғана қалады. «Сырты бүтін, іші түтін» болған нәрсені ешкім де жақсы көрмейді әрі ол нәрсе ұзаққа шыдамайды!

3 – Ал енді Аллаһқа серік қоспай, сүннетке берік болуға тырысып бағып, шайтанға берілмей қойса, амалы жоқ шайтан ол адамды үлкен күнәлар жасауға азғырады. Үлкен күнә дегеніміз – істеушісі үшін азап әзірленген күнәлар. Адам өлтіру, намаз оқымау, зәріден сақтанбау, өсек айту, өсімқорлық, зинақорлық, арақ-шарап ішу, шошқа етін жеу, балағаттау, себепсіз төбелесу, ата-анаға бойсұнбау және т.б.

4 – Осының өзінде де берілмей, дес бермей, қайсып-қасарысқан мұсылман болса, онда шайтан ол адамды кішігірім күнәларға тартқыладйы. Кішігрім күнәлар дегеніміз үлкен күнәдан өзге күнәлар. Үлкен өзендер тамшылардың жиынтығы, алып от шырпыдан басталады дегендей, кішігірім күнәлардың бәрі де үлкен күнәға жетелейді. (Ескерту: Ғұламалардың енді бір тобы: Үлкен және кіші күнә деп бөлмеген абзал, себебі күнә атаулының бәрі де Аллаһтың алдында бойсұнбаушылық, ал ол үлкен не кіші болмайды деген. Және біреулері: «Үлкен күнәні мойындап, қатты өкінетін болса, ол сол адам үшін кіші күнә болады, ал кіші күнә ғой деп, мән бермей жүре берсе, ол кіші күнәсі әлгі адам үшін үлкен күнә болып саналады» деген. Күнәлар үлкен, кіші болып бөлінетіні рас, алайда күнә жасауға келгенде күнәні үлкен кіші деп қарастырмай, бәрінен де сақсынған абзал).

5 – Егер адам баласы үлкенді-кішілі күнәнің ешбірін жасамайтын болса, шайтан оны сауабы жоқ, пайдасыз істермен шұғылдандырып қояды. Осылайша әлгі адам сауапты істен мақұрым қалып, уақытын зая кетірмек. Құр бос отырып теледидар көріп, ұйықтап, одан қалса ойындар ойнап дегендей.

6 – Мұның өзін жасамайтын болса, шайтан өзінің соңғы айласына көшіп, сауапты екі істің сауабы төменін жасауға итермелейді. (Тәфсийрул Қайиим деген кітаптан алынды).

Бәрекелді! Осымен сүренің соңы да тақап қалды. Сүренің соңы «минәл жиннәти уән нәәс» деп аталып, азғырушылардың адам және жыннан болатынын білдірген. Яғни «жындар мен адамдардан». Қалай түсінеміз? Алдыңғы аяттармен қосып оқысақ қана. Яғни: «Адамдардың көкейлеріне сыбырлап азғыратын адамдар мен жындардан болған сыбырлап көп азғырушы, жиі келіп-кетушінің (кішіреюшінің) кесірінен». Аударма кезінде осындай қиындыққа душар болып қалған атамыз адамдар түсінбей қалмасын деп, жақша ішіне «(бүкіл азғырушының кесірінен Аллаға) сиынамын» деп берген екен. Аллаһ мейіріміне бөлесін.

Өздеріңіз де байқағандай, «сиынамын» деген сөзді сүренің соңынан жіберген. Бұл қазақ тілі мен араб тілі ерекшелігінде ғана. Енді кішігірім қорытынды ретінде сүренің қазақша баламасын келтірсек: «Аса Рақымды, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен (бастаймын). (Әй, Мұхаммед!): «Адамдардың көкейлеріне сыбырлап азғыратын, адамдар мен жындардан болған сыбырлап көп азғырушы, жиі келіп-кетушінің (кішіреюшінің) кесірінен (қашып), адамдардың Раббысынан, адамдардың Иесінен (Патшасынан), адамдардың Тәңірінен пана сұраймын»,-деп айт». Анығын Аллаһ біледі. (Сөйлем құрылымы тұрғысынан жәрдем беремін деушілердің құлағына алтын сырға!).

***

Құрметті, бауырлар! Осымен «Фәлақ» және «Нәс» сүрелерінің түсіндірмесі тәмам болды. Келесі сабқта қорытынды жасап, толықтай бір шолу жасап өтеміз. Бүгінгі сабақта айтылған нәрсе аз емес. Блогтың мақсаты – ілім жеткізу болғаны сияқты, сіздер де ілімді құр оқып өтпей, керек жерін сызып, жаттап алғандарыңыз жақсы болады. Осы тәпсірді өздеріңіз, ешнәрсеге қарамастан, анықтамаларын еске ала отырып тағы бір жасап, оқыған-түйгендеріңізді бір қорытындылап көріңіздер. Мұны неге жаздым? Себебі, әрбір сабақ соңы сұрақпен аяқталғаны жақсы. Сұрақ – түсінбеген нәрсені түсініп алуға, өзгеге пайда беруге үлкен көмек береді. Біраз болды, бірақ, сұрақ қоюшылар аудиториясы тым тар.  Шама келсе сұрақ қойып, анық еместі анықтап, толық еместі толықтап отырайық. Қанша дегенмен, Қасиетті Құранымыз ғой. Қасиетті Құранымызды шала түсінсек, шала ағымдарға ілесіп кетуіміз ғажап емес. Сақсынайық. Соңында айтарым, ілім іздеушілерге Аллаһтың нұры жаусын!!!

Advertisements

2 Responses to Фәлақ пен Нәс сүрелерінің түсіндірмесі (4-ші сабақ)

  1. Усен айтады:

    Assalyamaleikum! sizben juzbe juz korisip taniskym keledi! sabaktarinizdi kaldirmai okip juremin! Allah razi bolsyn! pochtama hat zhazynyzshi!

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: