Фәлақ пен Нәс сүрелерінің түсіндірмесі (соңғы сабақ)

Әссәләму аләйкум, құрметті, бауырлар! Ұлы Раббымыздың мейірімімен, Фәлақ және Нәс сүрелерінің толық түсіндірмесін тәмамдадық. Бұдан бұрын ескерткенімдей, бұл жолы жалпы шолу жасап, қорытынды келтіреміз. Сондай-ақ, құлақтарыңызға алтын сырға!!! Алдағы уақытта осы екі сүренің реттелген, өңделген түрін кішігірім кітапша етіп, Фатиха сүресі сияқты мұны да блогқа жария етеміз. Ол кітапшада, иншалла, бәрі болмаса да, өте көп мағлұматтар келтіріп өтеміз. Бұл жолы жұртты жалықтырып алмау үшін, азғантай ғана шолу жасап, қалғанын сол кітапша еншісіне қалдырдық. Ондай болса…

1-Фәлақ пен Нәс сүрелерінің бізге мәлім үш аты бар. Біріншісі: «Муғаууизәтәәни», екіншісі: «Қул әғуузу бираббил фәлақ» пен «Қул әғуузу бираббин-Нәс» және үшіншісі «Фәлақ» пен «Нәс».

Сенімді хадистерде келуі бойынша, бұл екі сүре «муғаууизәтәәни» деп аталады, яғни «пана сұраушы екеу» деген мағынада. Уқба арқылы жеткен хадисте: «Аллаһ елшісі (Оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын) барлық намаздың соңында екі муғаууизәтәнды оқуды бұйырды»,-делінген. (Тирмизи, сахих /сенімді/ хадис).

Сондай-ақ, хадистердің көбісінде бұл екі сүре әуелгі аяттарымен аталған, яғни Фәлақ сүресі «Қул әғуузу бираббил-фәлақ» деп, екіншісі «Қул әғуузу бираббин-нәәс» деп. Алайда қасиетті Құран нұсқаларында бұл екі сүре «Фәлақ» және «Нәс» деген атаумен бекіген. Бұл Ислам үмметі ғұламаларының келісімі бойынша.

2- Фәлақ пен Нәс сүрелерінің түсуі: Тәпсір ғұламалары Құрандағы 12 сүренің Меккелік не Мәдиналық екенін ажыратуда әрқилы көзқарастар айтқан. Ол 12 сүре: Фатиха, Рағыд, Рахман, Саф, Тағабұн, Мұтаффифийн, Қадыр, Бәинә, Зәлзәлә, Ықылас, Фәлақ және Нәс. Фәтиха сүресінің түсуіне қатысты үш пікір айтылғаны сияқты, бұл екі сүренің де түскен жері даулы. Бір тобы бұл екі сүрені «Мәдиналық» десе, енді бір тобы «Меккелік» деп біледі. Қолымызда жүрген Құран нұсқаларында да бұл екі сүрені «Меккелік сүре» деп жазған. Дұрыс-бұрысын Аллаһ жақсырақ біледі.

Фәлақ пен Нәс сүресінің түсу себебін сөз етер болсақ, бұл мәселеде екі-үш пікір айтылған. Дұрыстыққа жақыны, яһудилік Ләбид ибн Ағсам пайғамбарымызды (Оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын) дұғалап, сиқырлап, он бір түйін түйіп, Зәруәән деп аталатын құдыққа тастаған дейді. Енді бір риуаяттарда ол пайғамбар тарағын сиқырлаған делінген. Осыдан кейін пайғамбарымыз (Оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын) қатты ауырып, артынша осы екі сүре түскен. Осы оқиғаға қарағанда, бұл сүре Мәдинада түскенге ұқсайды. Ибн Кәсир де осы пікірді қуаттаған.

3- Жалпы алғанда Құран сүрелері көлем ерекшелігі жағынан төртке бөлінеді: а) Ұзын сүрелер, ә) Жүздік сүрелер, б) Қайталанатын сүрелер, в) Аралары бөлінген сүрелер, яғни аралары «бисмиллә» арқылы жиі бөлініп отыратын сүрелер.

Бірінші түріне: Бақара, Әли Ғимран, Ниса, Мәидә, Әнғам, Ағраф, Әнфәл және Тәубе сүрелері кіреді.

Екінші түрі – жүздік сүрелер, яғни аяттар саны жүзден асып жығылатын сүрелер.

Үшінші түрі – қайталанатын сүрелер, яғни аяттар саны жүздіктен аз сүрелер әрі ішіндегі кейбір аяттары қайталанып отыратын сүрелер.

Төртінші түрі өз ішінде үшке бөлінеді: Ұзын, орташа және қысқа сүрелер. Ұзын сүрелер «Қаф сүресінен» бастап «Нәбә сүресіне» дейін, орташасы «Нәбә сүресінен» бастап, «Дұха сүресіне» дейін, ал қысқалары «Дұха сүресінен» бастап, «Нәс сүресіне» дейін.

Демек, Фәләқ пен Нәс сүресі «Аралары бөлінген сүрелер» тобының «қысқа сүрелер тармағына» жатады.

4- Бұл екі сүре таухидке, Аллаһты жалғыз жаратушы, жалғыз ие, жалғыз тәрбиеші деп білуге, адамдардың нағыз Иесі, нағыз Тәңірі деп білуге шақырады. Себебі әрбір аятта «адамдардың» деген сөзді қайталап айтқан. Және де «Қул» деп айтуды бұйырып, кімнен пана сұрау керектігін де атап өткен. Бұл – шынайы таухид!

5- Бұл екі сүреден пайғамбарымыздың (Оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын) шыншылдығы, әділдігі, аманатқа қиянат жасамайтындығы анық байқалады. Убәй ибн Кәғб пайғамбарға (Оған Аллаһтын салауаттары мен сәлемдері болсын): «« – деп айт» деген сөзден кейінгі аяттарды ғана айтпадыңыз ба?» деп сұрағанда, ол кісі: «Маған айт делінді, мен айттым», – деп жауап берген екен. (Бұхари). Ол кісі өзіне не бұйырылса, дәл солай жеткізіп, өз ойынан сөйлемейтін, аманатына тым ықтиятты болатын.

6- «Шәрр» дегеніміз – кез-келген ауыртпалық немесе ауыртпалыққа себеп болатын нәрселер. Адам баласына зияны, жамандығы тиген немесе жамандыққа себепші болатын нәрсенің бәрі де «шәрр» ұғымына кіріп кетеді. Демек, «Жамандықтан» деген сөз астарында құр жамандық меңзелмейді, бәлкім, «Кез-келген ауыртпалық пен ауыртпалыққа себеп болатын нәрселер» меңзеледі.

Мәселен, біреуді ұру, өлтіру, зорлау, ұрлау – ол ауыртпалық, себебі бұл адамның тәні немесе жанының ауруы. Дәл осы нәрсе жасалған уақытта адамның тәні немесе жаны қиналады. Ондай болса бұл «жамандық».

Ал енді арақ ішу, зина жасау, күпірлік жасау, екіжүзділікке салыну, өтірік айту, біреуді мазақтау – бұл ауыртпалықтың өзі емес, алайда ертеңгі күні азапқа душар етеді, ақыреттегі ауыр азапқа әкеп соғады. Арақ ішіп жатқан адам: «Мен қиналып жатырмын» демейді, бірақ: «Ой, рахатын ай!» деп, тамсанып ішеді. Дәл жасап жатқан уақытта бұл «рахат» болып көрінсе де, бұл «ауыртпалыққа» себепші болатын нәрсе. Сол үшін бұл да «жамандық» болып саналады. Аяттағы «жаратқан нәрселерінің жамандығынан» деген жерде осындай нәрсенің бәрі де меңзелген!

Біреулер уақытша ғұмырдың қызығына салынып, уақытша нығметті арман тұтады. Сөйте тұрып Аллаһтың нығметіне бөленуден бас тартып, ақша тапсам, мал жисам, ел жұртқа сыйлы болсам деп, арамдыққа жол беріп, адал астан бас тартып, уақытша тәтті болған, ақыретте ащы болған, уақытша қызығын көріп, қияметте шыжығын көретін нәрселерге әуес болады. Осылайша жамандықтың өзін де, оған апаратын себептерді де қатар жасап, «жамандық атаулының» бәрін жасап шығады. Сөйте тұра басына бәле келсе «Мен не жаздым» деп, сүттен ақ, судан таза боп тақта отырғысы келеді. Анығында жақсылыққа асығып, жамандықтн қашық болу – нағыз бақыт.

7-Жамандық атаулы екі түрлі болады. Біріншісі: адам баласының өзінің себебімен жасалған жамандық, күнәлары. Бұл адамның өзі жасауы, өзі мақсат етуі арқылы жүзеге асады. Демек, оның жасаған күнәсі мен сол күнәнің арты «жамандық» болып саналады.

Жамандықтың екінші түрі өзгенің себебімен келетін түрі. Ол өзге не ақылы бар, не ақылы жоқ біреу болуы мүмкін. Ақылы бар дегеніміз адамдар мен жындар, ал ақылы жоқ дегеніміз аңдар, құстар және табиғат.

Енді екі сүреге назар аударсақ, бірінші жамандық «жаратылған нәрселерінің кесірі» бұл барлық жамандықты қамтиды. Екінші жамандық «түннің кесірі», бұл өзгенің тарапынан жасалған жамандық түрлерін қамтиды. Бірақ бұл жерде ақылы жоқ табиғат пен аңдар немесе ақылы бар жындар мен адамдар да меңзелуі мүмкін. Жалпы кез-келгенінің жамандығынан қашып, Аллаһтан пана сұралады.

Үшінші жамандық «сиқыршы мен күншілдің жамандығы». Бұл өзгенің тарапынан келетін жамандық әрі ақылы бар тарапынан болатын түрі.

Төртінші жамандық «сыбырлап азғырушы, жиі келіп-кетуші шайтанның кесірі». Бұл жерде өзгенің тарапынан келетін жамандық әрі ақылы бар тарапынан болатын жамандық айтылған. Соған қоса, мұның астарында егер сол азғыруға еріп кетіп, күнә жасаса, онда өзіне жамандық жасап, сөйтіп өз тарапынан болған жамандыққа түсіп қалу қаупі де бар екені меңзелген. Жалпы, бұл екі сүреде жамандық атаулының барлық түрі қамтылған. Құлдарына аса мейірімді, біздің қамымызды ойлайтын Аллаһқа барлық мақтау мен мадақ болсын!!!

8- Пана сұрау үш түрлі нәрсені қамтиды: Пана сұраушы, пана сұралатын объект, одан қашып пана сұралатын тарап.

Пана сұраудың бірінші тарабы «Пана сұралатын объект». Ол Аллаһ. Фәлақ сүресінде «Таңның Раббысынан» деп келсе, Нас сүресінде «Адамдардың Раббысынан, адамдардың патшасынан, адамдардың Тәңірінен» деп келген.

Пана сұрау тек Оған тән. Одан өзге ешкімнен пана сұрау дұрыс болмайды. Аллаһтан өзгеден пана сұрау сол пана сұралушының тек менменсуін арттырады. Құранда Раббымыз: «Шынында адамдардың кейбірі жындардың кейбірінен пана сұрайтын еді де, сонда олар жындардың менменсуін арттырды»,-деген. (Жын, 6).

Пана сұраудың екінші тарабы «Одан қашу керек болған нәрсе». Олар: «Жаратылған нәрселердің кесірі», «Қараңғылық басқан сәтте түннің жаманығы», «Түйіншектрге дем салушы (сиқыршы)лар жамандығы», «қызғанған сәтте қызғанушының кесірі», «адамдар мен жындардан болған азғырушылар кесірі».

Пана сұрау – құлшылық түрлерінің бірі. Жас бала өзіне қарсы төнген қауіптен қорқатын болса, анасының, болмаса әкесінің артына тығылып, толықтай әкесіне сеніп, пана тұтатыны баршаға аян. Қолынан тартсаң әкесінің етегіне жабысып, бажылдап, байбалам салатыны ол да бар. Адам баласы да өзіне төнген қауіптен, шайтанның жамандығы мен өзге де жамандық атаулының бәрінен қашып, Аллаһтан ғана пана сұрап, толықтай Аллаһқа сенгені дұрыс. Қандай да жамандық туса «оған ермеймін» деп бажылдап, Аллаһқа жабысқаны оңды болады.

«Аллаһтан қорқамын» деп, ертелі-кеш күнә жасаудан көз ашпаған жанды көрсек, бұл сөзінің көкейінен шықпағанын білеміз. «Аллаһты сүйемін» деп, Құранға бір сәт болса да назар аудармайтын, пайғамбар сүннетіне ермейтін біреуді көрсек, айтқан сөзінің бос сөз екенін білеміз. Тура сол сияқты, «Аллаһтан ғана пана сұраймын» деп, өзі емші-домшыны аралап, омырауын тұмар мен көзмоншаққа толтырып, «бабам қолда, әруақ оңда» деп жүретін болса, «Әғуузу билләһи /Аллаһтан пана сұраймын/» деген құрғақ сөзі оған ешбір пайда бермейді.

Аллаһтан өзге біреуден пана сұрау серік қосу ма? Біле білсек, пананың екі түрі бар. Бірі – пана беруде Аллаһтан өзге ешкімнің де шамасы жетпейтін түрі, екіншісі – Аллаһ та, одан өзгесі де пана беруге шамасы жететін нәрселер. Мәселен, қатты боран тұрғанда бораннан қорған боларлық таудың ығы, қатты суықта жылы баспана, қарсы жүгірген жыртқыштан қорғап қалар тал, жаудың оғынан қорғап қалар дулыға, қалған және т.б нәрселер. Бұл дүниелік, табиғат құбылыстарында ғана. Мұндай жағдайда Аллаһтан өзгеден пана сұраудың сөкеттігі жоқ.

Ал енді ауру, шайтанның кесірі, көз, сиқыр және өзге де көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін, шариғатта қорғану жолдары айтылмаған апат пен жамандықтардан қарсы пана сұрауда Аллаһтан өзге біреуге жүгіну – кешірілмес күнә, жазылмас дерт! Осыны ескеріп, «Бабам сақта, әруақ оңда» деп айтудан, тұмар мен көзмоншақтан аулақ болған дұрыс. Себебі мұндай нәрседен тек қана Аллаһ сақтай алады! Аллаһым, Өзіңнен ғана пана сұраймыз!

Пана сұраудың үшінші тарабы – пана сұраушының өзі. Ол «айт» деген сөз астарында жасырынған. Яғни мұсылман жандар.

9-Хадисте келген руқиялардың бірінде Жәбрайл (а.с) пайғамбарымызға: «Бисмилләһи әрқиик, мин кулли шәйин июузиик мин шәрри кулли нәфсин әу ғайнин, Аллаһу яшфийк» деген дұғаны оқыған. (Муслим).

10-Қызғаныштың жақсы түрі рұқсат етіледі. Аллаһ елшісі (с.а.с) былай деген: «Екі нәрседен өзгеде қызғануға болмайды: Біреуге Аллаһ тағала мал беріп, ол оны ақиқат жолында жұмсаса және біреуге Аллаһ даналық беріп, ол сонымен үкім етіп, өзгелерге үйретсе». (Бұхари).

11-Фәлақ сүресі күншілдік, сиқыр, түн қараңғысы сияқты сыртқы жамандықтардан қашып, Жәббар Иеден пана сұрау керектігін айтса, бұл сүреде күнә мен жаманшылықтың себебі болатын нәрседен қашып, Аллаһтан пана сұрау керектігі айтылған. Бұл – ішкі жамандық. осылайша екі сүреде «ішкі және сыртқы жамандық» атаулының бәрі баян етіліп, одан қашудың жолы да ашық айтылған. Өзінің Құлдарына тым жанашыр Аллаһқа мақтау мен мадақ болсын!!!

12-Зұлымдықтың үш түрі бар: Біріншісі: Адамның Аллаһқа зұлымдық жасауы. Бұл – Аллаһқа серік қосу, ортақ тағуда көрініс табатын, зұлымдықтың ең үлкен түрі. Адам баласы мұндай зұлымдыққа барып қоймауы үшін ұлы Раббымыз екі сүрені де: «Таңның Раббысы, Адамдардың Раббысы, адамдардың патшасы, адамдардың Тәңірі» деп, Раббылық сипат, Иелік сипат және тәңірлік сипаттардың бәрі де тек Өзіне тән екенін баса айтқан. Осыны ескерген жан Аллаһқа зұлымдық жасаудан аулақ жүреді.

Екіншісі: Адамның айналадағыларға зұлымдық жасауы. Бұл өзгеге тіл тигізу немесе жалпы жамандық жасауда көрініс табады. Аллаһ тағала: «Түйіншектерге дем салушы (сиқыршы)лардың кесірі мен күншілдердің күндеген сәттегі кесірінен» қашуды бұйырған. Осы арқылы біз өзгелерге жамандық жасап, зиян тигізуге болмайтынын аңғарамыз.

Үшіншісі: Адамның өзіне өзі зұлымдық жасауы. Бұл күнә жасап қоюда көрініс табады. Адам баласы қандай да бір күнә жасайтын болса, ол өзіне өзі зұлымдық жасаған болып табылады. Ал күнәнің басы – көкейге енген азғыру мен өзгелердің жаман ойы мен сөзіне, жаман жаққа итермелеуіне еріп кетуде көрініс табады. Ұлы Аллаһ «Адамдар мен жындардан болған барлық азғырушылардың кесірінен сақта» деген аят арқылы азғырушылық сөзге ермеу керектігін айтып, адамды өзіне зұлымдық жасауынан тосқан.

Осылайша бұл екі сүре адам баласының жасап қоюы мүмкін болған зұлымдықтың барлық түрінен сақтап тұрады екен. Аллаһтың сөзі – ең кемел сөздер!!!

13-Екі сүре де көзге көрінбейтін жамандық түрлерінен сақтануды бұйырған. Ал көзге көрінбейтін жаудан сақтауға тек қана Аллаһтың күші жетеді. Сол үшін «Таңның Раббысынан, адамдар Раббысынан, адамдар Патшасынан, адамдар Тәңірінен» деп, тек Аллаһтан пана сұраймыз да, одан өзгеге жүгінбейміз. Шайтаннан қашып, Аллаһтан пана сұраған кезде де: «Әғуузу билләһис сәмийғил ғалийми минаш шайтоонир ражийм» дейміз, яғни «Қуылған шайтаннан қашып, бәрін естуші, толық көруші Аллаһтан пана сұраймыз» дейміз. Бұл бір даналық!

14- Адам баласын шайтанның айласынан сақтап тұру үшін керекті қорғандарды атап өтейік:

а – Қуылған шайтаннан қашып, Аллаһтан пана сұрау.

ә – Осы екі сүрені жиі оқып тұру. Аллаһ елшісі де осы екі cүрені жатарда, намаз соңында жиі оқитын.

б – Әятул курси дұғасын оқу.

в – Бақара сүресін оқу. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Бақара сүресі оқылған үйге шайтан кірмейді» деген. (Муслим).

г – Бақара сүресінің соңғы екі аятын оқу. Аллаһ елшісі : «Кімде-кім түнде Бақараның соңғы екі аятын оқитын болса, ол екеуі оған жеткілікті болады» деген. (Бұхари, Муслим).

ғ – «Ләә иләәһә иллаллаһу уахдаһу ләә шәрийкә ләһ, ләһул мулку уә ләһул хамду уа һуа ғалә кулли шәй ин қадийр» дұғасын 100 рет оқу. Сахих Бұхари мен сахих Муслимде келген хабар бойынша бұл дұғаны оқыған жан он құлды азат еткенмен тең. Сондай-ақ, оған жүз жақсылық жазылып, жүз жамандығы өшіріліп, сол күні толықтай шайтаннан аман жүрмек. Бұл – тілге жеңіл, шайтанға ауыр, нағыз қорған, толық пана боларлық дұға.

д – Аллаһты әрдайым еске алу. Сопы қаумының «зікір» деп айтатыны бар. Бірақ, Аллаһты зікір ету деген – Аллаһты еске алу. Аллаһты ұлықтау, мадақтау және Аллаһтың құдіретін, мейірімін және де өзгедей сипаттарын еске алу, ойлану, тұрмыстық жағдайда кездесетін барлық мәселені Аллаһпен байланыстыру. Бір жамандық не қатты қуаныш келсе, сабыр етіп «Аллаһтың қалауы ғой» деп, «Аллаһтың күші әр нәрсеге жетеді ғой» деп, Аллаһты әрқилы кінә мен былапыттан пәктеп жүру. Аллаһтың нығметтерін еске алу. Міне бұл – нағыз зікір. Ал отырып алып тәспімен құр ыңылдап, «аһілеп, уһілеп» зікір етіп отыру – жүрекке имандылық кіргізбейді. Шайтаннан да қорғамайды.

е – Дәрет алып жүру және намазды жиі оқу. Әсіресе қатты ашу қысып, булыққан кезде дәрет алып, ашудың «отын» сумен бақан өте пайдалы. Сондай-ақ, намаз да ашудың кетіп, шайтанның билік етуінен қорғап тұрады.

ж– Көз, құлақ және ауызға ие болу. Анығында адамның көзі, құлағы, аузы – жүрекке енетін жаман ойдың есіктері. Көз – жақсы нәрсеге қараса, иман көтеріліп, жамандыққа назар аударса, жүрекке кірбің кіреді. Құлақ ізгі сөз естісе иман есейіп, жаман сөзге жолықса күмән күшейеді. Ауыздан шыққан жақсы сөз – жарым ырыс, жаман сөз айтпауға тырыс! Осы үш мүшесіне ие адам – шайтанның салын суға батырары сөзсіз.

з – Қоғаммен арласуда арласып жатқан адамдарды дұрыс таңдау.

Біріншісі – оларға барлық мұсылман адам мұқтаж болған, тағам мен ауадай қажет жандар. Бұл ғұламалар, ізгілер. Мұсылман адам осы топтың қасынан бір елі қалмай әрдайым қатар жүруі ләзім.

Екіншісі – онымен арласу арты өлімге апаратындар. Бұл тән ауруы мен жан ауруына себепшілік ететін адамдар.

Таңнан-кешке дейін ұрыс, төбелес, тонау және өзге де бұзақылықпен айналысатын жандармен жиі арласу ақыр соңында адамның өзін де осындай әрекеттер атқаруына итермелеп, ол тән ауруына шалдығуы мүмкін.

Түнгі клуб, ойын-сауық, бос жүріс, байлық, тәни қызық қуған жандармен жиі арласу арты адамның өзін де осы нәрсеге жетелеуі мүмкін. Бұл шәһуат ауруына жетелейді.

Ал ең сорақысы – адамның сенімін бұрмалап, Ислам атын жамылып, «сырты бүтін, іші түтін» ойларын жайып, дінге жаңалық енгізіп, дінді ішінен құртатын адасқан топ, бидғатшылармен араласу. Бұл күмән ауруына әкеп соғады! Тән ауруы мен шәһуат ауруына түскен жан ес жиып, тоқтап, емделуі мүмкін, алайда күмән ауруы – емделуі қиын, жазылмаса тозаққа апаратын ұлы дерт!

15-Аллаһ елшісі (с.а.с) мынандай кездері осы екі сүрні оқитын:

а – Намаз соңдары

ә – Жатар алдында

б – Таңертең (таң намазынан кейін) және кешке (асыр мен ақшам арасында)

в – Кішкентай сәбилерге көз тимеуі үшін осы дұғаларды оқитын

16- Байқап қарасақ, Фәлақ сүресінде пана сұралатын объект біреу ғана, ал жамандық түрі үшеу. Пана сұралатын объект ол «Таңның раббысы», ал жамандық түрлері «жаратқан нәрселердің кесірі, түннің кесірі, түйіндерге дем салушылардың кесірі,  күндеген сәтте қызғаншақтың кесірі», ал енді Нәс сүресіне қарасақ, ол жерде пана сұралатын объекттің үш сипаты айтылған, ал пана сұралатын нәрсе біреу-ақ. «Таңның Раббысы, Патшасы, Тәңірі» деп Аллаһтың үш сипаты айтылып, «азғырушы шайтандардың кесірі» деп бір нәрсе айтылған. Неге бұлай?

Анығында, түннің кесірі, күншілдің, сиқыршының кесірі тиер болса ол бар болғаны адамның бұл дүниедегі өміріне, тәніне зиян тигізуі мүмкін. Бұл дүниедегі апаттың соңы о дүниеге әсер етпейді. Түннің кесірі тиіп өлген екі адам қайда барады? Жәннатқа лайықты болғаны жәннатқа, ал тозаққа лайықты болғаны тозаққа түседі. Яғни түннің кесірі, күншілдің, сиқыршының кесірі қатты қауіпті нәрсе болмауы себепті бұл жерде Аллаһ тағала өзі жайында бір рет айтып өткен. Сөйтіп «Таңның Раббысынан паа сұраймын деп айт» деген.

Енді келесі сүредегі «шайтанның азғыруына» назар аударсақ, адам баласын бұл дүниеде азғындырып, о дүниеде мәңгі азапқа жетелейтін жамандық, кесір міне осы. Жүрек аурулары екеу болатынын айтып өттік. Күмән және жәһуат ауруы. Шайтан – осы екі аурудың екеуіне де себепші болатын нақұрыс жаратылыс. Осыны баса ескерту үшін Аллаһ тағала Өзі жайында үш рет атап, адам баласына ұлы ескерту жасаған! Аллаһтан неткен Мейірімді!!! Иә, Раббымыз, Өзіңе құлшылық етуде кемшілік жасап, бізге берген нығметіңді толық ақтай алмай жатырмыз!!!

17 – Кейбір ғұламалар айтқан: «Құранды бастауда «әғуузу билләһи минаш шайтанир ражим» деп айту – Аллаһтың бұйрығы.  Аллаһ тағала Құранды бастауда  жамандық атаулының атасы болған шайтаннан қашуды қалай бұйырса, тура сол шайтаннан қашып Құранды аяқтап, соңғы аяттарда: «Азғырушы шайтандардан пана сұрауды» бұйырған. Осылайша адам баласы шайтанның өзінен де, кесірінен де аман болмақ.

Аллаһ сәттілік берсін…

Advertisements

One Response to Фәлақ пен Нәс сүрелерінің түсіндірмесі (соңғы сабақ)

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: