44. Әр-Рабб

Аллаһқа жалбарынып, дұға еткенде әрі Оны ұлықтап, пәктегенде қолданылатын есімдердің бірі – «әр-Рабб» /Раббы/. Бұл есім Қасиетті Құранның үш аятынан өзге жердің бәрінде «Әлемдердің Раббысы», «Көктердің Раббысы», «Жердің Раббысы», «Сендердің Раббыларың», «Аршының Раббысы» деген үлгіде өзге сөзбен матаса байланысып келген.
Бұл есім имам Тирмизи хадистер жинағындағы Әбу Һурайра риуаяты бойынша аса танымал болған «көркем есімдер» тізімінде келтірілмеген, алайда Ибн Мәжә мен Хаким келтірген риуаятта және ғұламалардың басым бөлігі келтірген тізімдерде «көркем есімдер» қатарына жатқызылған.

Имам әл-Қуртуби: «Солардың бірі – «әр-Рабб». Бұл есімді «Барлық мадақ – әлемдердің Раббысы Аллаһқа тән» деген үлгіде Құран да атаған әрі Әбу Һурайра арқылы жеткен хадисте аталмағаны болмаса, жалпы үммет ғұламалары бұған толық келіскен. Ибн әл-Араби: «Әбу Һурайра хадисінде есімдер тізімін жасай келе бұл аса қадірлі есімді ұмыт қалдырған жандарға таң қаламын!», – деген… Бұл есімді «Аллаһтың ең ұлы есімі» дегендер де бар», – дейді .

Енді бұл есімнің Аллаһқа қатысты мағынасына келсек, Имам әт-Табари: «Аса мақтаулы Раббымыз – билігінде ұқсасы болмаған Қожайын, нығметін төгу арқылы барлық жаратылысын Оңғарушы және жарату мен бұйрық беруде жалғыз болған Ие», – деген .
Ибн Әсир: ««Әр-Рабб» сөзінің тілдік мағынасы: ие, қожайын, басқарушы, тәрбиеші, реттеуші, нығмет беруші», – деген .
Абдуррәззақ әл-Бәдр: ««Әр-Рабб» мағынасы – жарату, иелік ету, қалауынша басқару және ретке келтіру арқылы Өзінің барлық жаратылысына раббылық сипатын жүргізуші. Бұл бір емес, бірнеше мағынаны білдіретін есімдердің бірі», – деген .

Жоғарыда берілген анықтамаларды қорытындылай келе байқайтынымыз, бұл есім өз бойында жалпы үш мағынаны қамтиды. Олар: жаратып, баппен тәрбиелеу, жаратқаннан кейін Өз жаратқанына иелік ету және Өз иелігіндегіні толық басқару. Яғни Аллаһты Рабб деп түсінгенде құр «Жаратушы» деп емес, ос үш мағынасымен түсіну керек!
Қазақ тілінде жазылған әдебиеттер мен аудармаларда бұл есімді «Қожа, Қожайын, Раббы, Жаратушы, Тәңір, Ие» деп берген. Мұның бәрі де есімнің мағыналық аудармалары. Менің ойымша «әр-Рабб» есімінің қазақша баламасын «Раббы» деп қалдырған жөн, алайда «раббы» сөзі астарында «жаратушы, баптаушы, тәрбиеші, қожайын, барлық істі реттеуші, оңғарушы, басқарушы» мағыналары меңзелетінін ескерген жөн.

Есім ерекшелігі: Бұл есім өзге сөзбен матасусыз жеке тұрса тек Аллаһқа қатысты қолданылады.  Яғни «Әр-Рабб» үлгісін ешкімге қолдануға болмайды. Ал «Раббуд-дәр», яғни «үйдің иесі» деп, матастыра айтудың оқасы жоқ.
Ибн Әсир: «Матасусыз түрде Аллаһтан өзге ешкімге қолданылмайды, ал егер өзгеге айтылса, «бәленнің иесі» делінген түрде матаса айтылады»,– деген . Ибн Кәсир: ««Әр-Рабб» деп Аллаһтан өзгеге айтылмайды, бәлкім матасу арқылы айтылу керек. Мысалы: «Үйдің иесі, бәленнің иесі» дейсің, ал «әр-Рабб» болса Аллаһтан өзгеге айтылмайды»,– дейді .

Құранда келуі: Бұл есім жалпы алғанда Құранның 968 жерінде келген. Соның үшеуінде жеке келіп, қалған 965 жерде матаса байланысып келген.

Осы есімге иман келтіру :

1 – Аллаһ тағала – бұл жалғанның шынайы Раббысы. Ол – өзін «раббы» деп атағандардың да Раббысы, патшалар мен барлық мүліктің шынайы Қожайыны. Әл-Қуртуби: «Кемшіліктен пәк Аллаһ өзін «раббы» дегендердің Раббысы, құлдардың құлшылық етілетін Құдайы, барлық мүлік пен патшаларға әрі барлық құлдарға толық иелік етеді. Ол осының бәрінің де Жаратушысы әрі Ризықтандырушысы. Одан өзге «раббылардың» бәрі жаратушы да емес, ризықтандырушы да емес. Барлық жаратылыс жоқтан бар болғаннан кейін қолына мүлік беріледі де, қайта алынады. Шын мәнінде ол бір нәрсеге иелік етсе, енді біріне иелігі жүрмейді, ал Аллаһтың сипаты бұл мағынадан өзгеше. Міне бұл – Жаратушы мен жаратылыс арасындағы сипаттардың айырмашылығы.
Ал енді перғауынның (оған Аллаһтың лағынеті болсын): «Мен сендердің аса жоғарғы раббыларыңмын» , – деуі, ол бар болғаны аса жоғарғы раббылық сипатымен қаумынан басым болып, барлық «раббылардың» раббысы болып, Аллаһтың раббылық сипаты мен мүлкіне таласқысы келді. «Сонда Аллаһ оны дүние мен ахиреттің азабымен қолға алды» . (Назиғат сүресі, 24-25).
«Раббы сөзі «тәрбие» сөзінен туындаған» деген пікір бар. Демек, кемшіліктен пәк Аллаһ Өзінің жаратқанын басқарушы, тәрбиелеуші, түзеуші, оңғарушы, істерін басқарушы, дүние мен ахиретті ұстап тұрушы. Барлық нәрсе Оның жаратылысы, ал Одан өзге аталғанның бәрі де Оның құлы, ал Ол Раббысы. Оның басқаруынсыз ешнәрсе түзелмейді, Оның бұйрығынсыз ешнәрсе орындалмайды және Одан өзге ешкім де толық Раббылыққа ие емес», – дейді . (Әсна фи шархи әсмә илләһи хуснә).
Әл-Хуләйми кемшіліктен пәк Аллаһтың Өз жаратылысын әртүрлі жағдайлар мен кезеңдер бойы баптап, тәрбиелейтінін айта келе: ««Әр-Рабб /Раббы/» – ол Өзі жоқтан бар еткен нәрсенің бәрін арнайы мөлшеріне дейін толық жеткізуші. Ол адамның белінен ұрықты шығарып, оны ұйыған қан етеді, ұйыған қанды бір кесек ет қылады, сосын кесек етті сүйек қылады, сосын ол сүйекті етпен қаптайды, сосын денеге жан бітіріп, оны басқа жаратылыс күйінде кішкентай, әлсіз қылып шығарады. Осылайша оны ересек болғанша өсіріп, баптауын доғармайды. Әуел баста ол жас өспірім болады, сосын оны қаусаған шал қылып, қартайтады. Ол жаратқан барлық нәрсе де осылай, ал Ол болса бәрін де қадағалаушы. Сөйтіп оны Өзі сипаттап, соңы ретінде мөлшерлеп қойған шегіне жеткізуші»,– деген .

2 – Осыны ұққан жан Аллаһтан өзгені «раббы» не «құдай» демесі хақ бәлкім Оны ғана «Раббым» деп, осыған риза болады. Ал енді кімде-кімнің сипаты осындай болса, ол иманның тәтті дәмін татып, шырынын сезеді. Аллаһ пайғамбары (Ол кісіге Аллаһтың салауаттары болсын): «Раббысы – Аллаһ, діні – Ислам, елшісі – Мұхаммед деп, осыған разы болған жан Иманның дәмін сезеді»,– деген . (Муслим). Әл-Қадый Ғияд: «Хадистің мағынасы – оның иманы түзу болып, жаны жай табады деген сөз, себебі оның бұл аталған нәрселерге риза болуы – оның осы заттарды білетінінің, анық көзі жеткендігінің, жүрегінің түбінен орын алғандығының дәлелі. Себебі кім бір затқа разы болса, ол оған жеңілдей түседі. Мүмин жан да осындай, егер де оның жүрегіне иман кірсе, оған Аллаһ тағалаға бойұсыну да жеңілдей түседі әрі ол соны жақсы көріп істейді. Анығын Аллаһ біледі»,– деген .

3 – Аллаһты «жалғыз» деп білудің үш негізі бар: Біріншісі – Аллаһты «раббылық» сипатта жалғыз деп білу; Екіншісі – Аллаһты «құлшылыққа лайықтылығында» жалғыз деп білу; Үшіншісі – Аллаһты «көркем есімдері мен сипаттарында» жалғыз деп тану.
Аллаһты «раббылық» сипатта жалғыз деп білу дегеніміз Оның жарату, тәрбиелеу, иелік ету, барлық істі ретке келтіру, сыйлау, ризықтандыру, нығмет беру, тура жолға салу және өзге де істерінде жалғыз деп біліп, осыған иман келтіріп, кәміл сену. Бұл дегеніміз «әр-Рабб /Раббы/» есіміне иман келтіру нәтижесі.
Аллаһтың құлшылыққа лайықтылығында жалғыздығы дегеніміз – құлшылық атаулының бәріне де тек Аллаһтың иелік ететініне иман келтіріп, Оған ешкімді де, ешнәрсені де серік қоспау. Бұл «Аллаһ /құлшылыққа лайық жалғыз құдай/» есіміне иман келтіру нәтижесі.
Аллаһтың көркем есімдер мен сипаттарында жалғыз деп білу – барлық көркем атаулар мен сипаттардың тек Аллаһқа лайықтылығын мойындап, оны сипаттауда ешкімге ұқсатпау, Құран мен хадистке келген атауларын бұрмаламау, өздігімізден ешнәрсені алып-қоспау.
Осы үш нәрсені толыққанды меңгерген адам Аллаһтың сүйікті құлы болмақ. Жәннатқа кірудің кілті де осында. Бұл үш негіз Құрандағы ең алғаш аяттарда айтылған. Ұлы Раббымыз: «Барлық мадақ әлемдердің Раббысы, аса Рақымды ерекше Мейірімді Аллаһқа ғана тән», – дейді . (Фатиха, 2-3).
Ибнул Қайим былай деген: ««Әр-Рабб /Раббы/» есімі барлық жаратылысты біріктіреді, себебі Ол барлық заттың Раббысы әрі Жаратушысы, бәріне шамасы келуші әрі оның иелігінен ешнәрсе тысқары қалмайды. Аспан мен жердегінің бәрі де Оның иелігіндегі құлы, бәрі де Оның үстемдігінің астында. Осылайша бәрі де Оның «раббылық» сипаты аясында бірігеді де «құлшылыққа лайықтылық» сипаты аясында ажырайды. Оны бақытты болғандар құдай тұтып, Оны «Одан Өзге құлшылыққа лайық тәңір жоқ. Құлшылық, тәуекел, үміт ету, қорқу, жақсы көру, үрейлену, кішірею, төмен түсу Одан өзгеге атқарылмайды» деп, Оған толық бойұсынған.
Осы жерде адамдар екі топқа бөлінген: бірі тозақтағы серік қосушылар, екіншісі жәннаттағы бірқұдайшылар. Демек, Аллаһтың «раббылық» сипаты оларды қалай біріктірген болса, «құлшылыққа лайықтылық» сипаты бұлардың арасын ажыратқан.
Демек, дін, шариғат, бұйрық, тыйым осының бәрі Оның «құлшылыққа лайық Тәңірлік» сипатынан, жарату, жоқтан бар қылу, басқару, атқару – Оның «раббылық» сипатынан…» .

4 – Әл-Қуртуби: «Ондай болса, барлық жауапкерлер Аллаһтан басқа шынайы раббылары жоқ екенін білуі әрі Аллаһ оны тәрбиелегендей өз қарамағына тапсырылғанды дұрыс тәрбиелеп, керектісі мен пайдалысын беріп, біртіндеп-біртіндеп, кезең-кезең бойы өсіруі, оны Аллаһ қорғағаны сияқты шама-шарқынша қарамағындағысын қорғаштап, аялауы міндет»,– дейді .
Шынайы «Раббы» деп білу дегеніміз – Оны жалғыз Жаратушы, барлық істі реттеп Тәрбиелеуші, нағыз Қожайын және бәрін де басқарушы екеніне сеніп, илану. Одан өзгенің бәрі де Аллаһтың құлы ғана. Кімде-кім өзін немесе Аллаһтан өзге біреуді раббы тұтып, Оған құлшылық жасаса, ол үлкен азапқа душар болмақ. Аллаһтың лағынетіне ұшырағыр перғауын өзін: «Мен сендердің ең жоғарғы Раббыларыңмын», – деп еді, Аллаһ тағала бұл қылығы үшін: «Оны ахирет және дүние азабымен қолға алды».

5 – Пайғамбарлар мен ізгі жандар дұға етуде Аллаһтың көркем есімдері мен сипаттары арқылы жалбарынатын әрі «әр-Рабб /Раббы/» есімін жиі қолданатын.
Адам пайғамбар мен Хауа: «Раббымыз, біз өзімізге зұлымдық жасадық. Егер де сен бізді кешіріп, мейіріміңе бөлемесең, әлбетте зиянға ұшыраушылардан боламыз», – деп дұға еткен . (Ағраф, 23).
Нұх пайғамбар: «Раббым! Мені, менің ата-анамды және менің үйіме мүмин боп кірген әрбір мүмин ер мен мүмин әйелді де кешіре гөр! Сондай-ақ, залымдардың жоқ болуын ғана арттыр», – деген . (Нұх, 28).
Исмағил мен Ибраһим Қағбаның дуалдарын көтеріп жатып: «Раббымыз, бізден қабыл ал! Шын мәнінде сен толық Естуші, бәрін Көрушісің!», – деген . (Бақара, 127).
Мұса болса: «Раббым мені мен менің бауырымды кешіре гөр әрі бізді Өзіңнің мейіріміңе енгізе гөр! Сен мейірім етушілердің ең мейірімдісісің»,-дейтін. (Ағраф, 151).
Иса пайғамбар: «Раббымыз, бізге аспаннан бір дастархан түсіре гөр!»,-деген. (Мәйдә, 114). Осыдан өзге аят мәтіндері арқылы пайғамбарлардың «әр-Рабб» есімін қолдану арқылы дұға жасайтындарын байқауға болады. Пайғамбарлар жолы – бізге үлгі.

6 – Пайғамбарлардың Аллаһқа жалбарынып дұға еткенде «әр-Рабб» есімін қолдануының сыры неде?
Раббымыздың «әр-Рабб» есімі мағыналарының бірі – «тәрбиеші». Аллаһтың Өз құлдарын тәрбиелеуі екі түрлі болады, бірі «жалпы тәрбие», екіншісі «арнайы тәрбие».
Шын мәнінде Аллаһ барлық жаратылысты жаратып, оларды құр қоя салмай бәлкім рухани жағынан да, материалдық жағынан да тәрбиелеп, баптайды. Ана құрсағына енген бір тамшыны тәрбиелеп, оны ұйыған қан етіп, сосын ол ұйыған қанды кесек ет қылып, барлық мүшесін тең жаратып, оны үш қараңғылық ішінде кіндік арқылы азықтандырып, туған кезде ана сүтімен асырайды. Ержете келе отыз екі тіс беріп, асты шайнап, сусын ішерлік қауқар береді. Осылайша барлық жандының әрбір даму сатысын ретке келтіріп, тәрбиелеп, өсіреді, риызығы мен ғұмырын өлшеп береді, ұрпақ пен мүлік береді. Бұл – Раббымыздың материалдық жағынан беретін тәрбиесі әрі барлық жаратылысқа ортақ берілуі себепті мұны «Аллаһтың жалпы тәрбиесі» деп атайды. Бұл Құранда көп жағдайда: «Әлемдердің Раббысы», «Сендердің және бұрынғы әкелеріңнің Раббысы», «Біздің Раббымыз», «Сендердің Раббыларың» деген үлгіде жалпы айтылып келеді.
Ал енді рухани жағынан тәрбие беруде пайғамбарларды жіберіп, олармен бірге кітаптар түсіріп, адамзаттың адасып, алжасып кетуінен сақтап, туралық пен ақиқатқа жақын етіп, жүректі, жанды, мінез-құлықты тәрбиелейді. Бірақ, жіберілген пайғамбарлар мен түскен кітаптарға барлық жан құлақ аспайтыны белгілі. Бірі иман келтіріп, енді бірі теріс қарайды. Осылайша, пайғамбар мен кітаптарға иман келтіріп, Аллаһтың ақиқат сөзіне ілескендерге тән тәрбиені «Аллаһтың арнайы тәрбиесі» дейді. Бұл Құранда көп жағдайда: «Оның Раббысы», «Сенің Раббың», «Мұса мен Һарунның Раббысы» деген үлгіде келеді.
Абдурахман әс-Сағди: ««Әр-Рабб» – Өзінің барлық құлдарын баптап, сансыз нығметтері арқылы Тәрбиелеуші. Бұдан да арнайы түрі – жүректері, рухтары және мінез-құлықтарын жөндеу арқылы Өзінің таңдаулы құлдарын тәрбиелеуі. Сол себепті де олар осы бір ұлы есіммен дұға ететін, себебі олар Одан тәрбиенің осы бір арнайы түрін сұрайтын», – дейді .

7 – Өзгеге ілім үйретуші адам «роббани ғалым» сипатына ие болғаны дұрыс. «Роббани ғалым» дегеніміз – кіші мәселелерден бастап, жай-жайдан үлкен мәселелерге көшіп, біртіндеп үйретуші. Бұл шариғатымыздың үлкен ерекшеліктерінің бірі. Шариғат мәселелерін, сенім мәселелерін үйреткен жан бірден түсінілуі қиын, жатталуы мүмкін болмаған нәрседен емес, кішігірім мағлұматтардан бастап үйретуі оңды болады. Мектепке алғаш қадам басқан балақайға таяқша мен дөңгелек салуды үйреткеніміз сияқты дінімізді де осы әдіс бойынша үйрету дұрыс болады.

8 – Қожайын болған жан өзіне қызмет етуші құлға «ғабди /құлым/» немесе «әмәти /күңім/» деп немесе құлдың өз қожайынына «рабби /қожайыным, ием/» деп шектен тыс көп айтпаған жақсы.
Бұлай «айтпаған жақсы» дегенге пайғамбарымыздың (Ол кісіге Аллаһтың салауаттары болсын): «Араларыңда біреуің: «Раббыңды /қожайыныңды, иеңді/ тамақтандыр, раббыңның дәрет суын әзірле», – деп айтпасын, бәлкім: «сәийдий /мырзам/, мәуләәяә /қамқоршым/» деп айтсын. Сондай-ақ, ешқайссың: «Ғабди /құлым/, әмәти /күңім/», – демесін, бәлкім: «Фәтәйә /қызметші ұлым/, фәтәәти /қызметші қызым/ ғуләәми /қолбалам/», – деп айтсын», – деген . (Бұхари).

Хадистің түсіндірмесінде Ибн Хажар әл-Асқалани: «Бұл жердегі тыйымның себебі – шынайы қожайындық, иелік тек Аллаһ тағалаға тән себебі «Раббы» ол Ие, бір нәрсені Басқарушы, ал бұл заттың ақиқаты тек Аллаһқа тән. Әл-Хаттаби: «Тыйымның себебі – адам баласы бағынышты, Аллаһты ықыласпен жалғыз деп тануға және Оған серік қоспауға бұйырылған. Осыған орай серік қосу мағынасына кіріп кетпеуі үшін оның Аллаһ есімімен теңдесуі жеккөрілген. Бұл нәрседе басы бос адам мен құлдың айырмашылығы жоқ. Ал енді жануарлар мен жансыз заттар сияқты құлшылық етілмейтін нәрселерге келер болсақ, бұл заттарды матастыра байланыстырып «Үйдің иесі, киімнің иесі» деп атаудың оқасы жоқ», – деді. Ибн Баттал: «Аллаһтан өзгеге «Иләәһ /тәңір/» деуге болмайтыны сияқты, оған «Рабб /Раббы/» деп айту дұрыс емес», – деді.
Тек Аллаһтың өзіне тән болғаны «әр-Рабб» деп матастыра байланыстырусыз айту, ал енді матаса байланысқан күйде болса, Ұлы Аллаһтың Юсуф оқиғасын айта келе: «Қожайыныңның алдында мен жайында айт» және «Қожайыныңа кері қайт» , – дегені сияқты, және Аллаһ елшісінің (саллаллаһу алейһи уа саллам): «Күң өзінің ханшайымын туады», – дегені сияқты жалпы қолданса болады. Демек, хадистегі тыйым жеке айтуға қатысты келген болуы мүмкін. Бұл тыйым мәкруһ тәнзиһ ретінде, ал өзге аят-хадистерде келуі рұқсат етілгендігін білдіру үшін келген болуы да мүмкін… Тыйымның мақсаты – мұны тым көп айтып, әдетке айналдырып алудан сақ болу керектігін білдіреді, бірақ жалпы қолданыста тыйым салынбайды деген де пікір бар»,– деген . (Фатхул Бәри).
Аллаһ тағала Құранда: «Құл, күңдеріңнің дұрыстарын» , – деп, бұл ұғымның қолданудың рұқсат екенін білдірген.
Қайткен күнде, бұл сөзді , яғни құлым, күңім, раббым деп, айналадағы өзіміз сияқты адамдарды меңземеген  абзал әрі жақсырақ. Ал егер қолданам десе, оған рұқсат әрине, бірақ бұлай көп жасамаған абзал. Бұған: Нұр сүресінің 32 аяты дәлел.  Ал көп айтуға келсек, оған жоғарыда келтірілген хадис тыйым салған. Анығын Аллаһ біледі.

9 – Жоғарыда бұл есімнің жеке тұрған жағдайда тек Аллаһтың Өзіне тән қолданылатынын, Одан өзгелер бұл атты өзіне таңуда екінші бір сөзді матастыра отырып айту керектігін ескерттік.
Осы орайда біреулер: «Сонда Аллаһ – «Әлемдердің Раббысы», яғни Иесі дейміз және бәлен біреуді «Үйдің раббысы, бәлен малдың раббысы», яғни Иесі дейміз. Бұл екеуінің арасында қандай айырмашылық бар?» – деп сұрауы ғажап емес.
Анығында, «раббылық, иелік» сипаты Жаратушы мен жаратылыстың арасында кейбір қолданыс тұрғысынан ұқсас болғанымен, мағыналық тұрғыдан тым өзгеше келеді.
а) Жаратылыстың «бәлен заттың раббысы» деп аталуы әлсіз, шектеулі ғана. Оның тек сол «шеуктеулі» затқа «шектеулі» түрде, «шектеулі» мерзімде иелік етуін білдіреді. Мәселен: «Үйдің раббысы» деп аталса, ол сол үйдің ғана иесі, тек сол үйді салушы немесе сол үйде тұрушы. Онымен қоймай ол тек арнайы мерзімде ғана иелік етуші. Ол туылмай жатып немесе ол көз жұмғаннан кейін үйге иелік ету сипаты басқада болады. Ал Аллаһ тағала нағыз Ие!
ә) «Бәлен үйдің раббысы, бәлен малдың раббысы» деп аталған адам сол үйге не малға иелік еткенімен, ол толықтай жоқтан бар етуші емес, толық басқарушы емес. Үйді дайын құралдардан құрушы, малды төлдетіп, дайын аспен асыраушы, баптаушы ғана. Ал Аллаһ тағала затты да, оның құралдары мен асын да жоқтан бар етуші, бәрін тәрбиелеп, өсіруші, толық Иелік етуші, басқарушы!
б) Жаратылыстың «раббылық», яғни иелік сипаты бар болғаны шектеулі сипат әрі бұлай атау – оны басқа жандардан айырып, ерекшелеп алу үшін ғана. Ал Аллаһтың «раббылық» сипаты оны дәріптеп, ұлықтау үшін.
Демек, біреуді «бәлен заттың Иесі» деп атау оны Аллаһқа теңеу не ұқсату емес, себебі Ұлы Аллаһ тағала кез-келген заттың Раббысы, яғни барлық затты жоқтан бар етіп, Жаратушы. Жаратқанынан кейін оны баптап, тәрбиелеп, өсіріп, ретке келтіруші. Өзі жаратып, тәрбиелеген нәрселеріне толықтай иелік етуші. Қаласа құртады, қаласа аман қалдырады. Одан кейін оның бәрін құр қоя бермей толық басқарып, әркез назарында ұстаушы. Бұл – жалғыз Аллаһқа тән сипат, Оған ешкім тең келмейді де ұқсамайды!

*Ескерту: Аллаһтың «әр-Рабб /Раббы/» есімі имам Тирмизи келтірген хадис нұсқасында аталмаған, алайда ғұламалардың басым бөлігі көзқарасы бойынша бұл есім көркем есімдер қатарына жатады.

(Жалғасы бар…)

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: