Пайғамбар шежіресі

Қараша 28, 2008

24-С: Пайғамбарымыздың (с.а.с) әкесі жағынан шежіресін атап бере аласың ба?
24-Ж: Ол кісінің әкесі жағынан шежіресі үшке бөлінеді: а) Барлық ғұламалар мен тарихшылар арасында келісілген, күмәнсіз шежіре. Бұл мына реттікте: Аднан, одан Мағад, одан Низар, одан Мудар, одан Ілияс, одан Мудрика (шын есімі Амир), одан Хузайма, одан Кинәнә, одан Надыр (шын есімі Қайс), одан Мәлик, одан Фиһр (яғни ҚҰРАЙЫШ), одан Ғолиб, одан Луәй, одан Кәғб, одан Муррәһ, одан Киләб, одан Құсай (Зәйд деп те атайды), одан Абдумәнәф (шын есімі Муғира), одан Һәшим (шын есімі Амр), одан Абдулмутталиб (шын есімі Шәйбә), одан Абдулла, одан Мұхаммед (с.а.с). Пайғамбарымыздың осы 20 атасы төңірегінде ешбір талас-тартыс жоқ.

Read the rest of this entry »


Піл оқиғасы

Сәуір 29, 2008

(жалғасы, басы мына бетте)

Қағба

14-С: Қағба деген не?
Ж: Қағба дегеніміз – Ибраһим (а.с) баласы Исмағил (а.с) екеуі көтерген Бәйтуллаһ, қасиетті үй, мұсылмандардың құбыласы, таухидтің белгісі. Бұл құлшылық жасау үшін құрылған ең бірінші үй, ең алғаш құлшылық орны. Құранда бұл жайында: «Негізінен адам баласы үшін Меккеде алғаш құрылған үй (Қағба) бүкіл әлемге мүбәрак және тура жол»,-делінген. (Әлі Ғымран, 2: 96).
Кейін араб өлкесіне пұттар әкелініп, Қағбаның айналасын 360 пұт жайлап алып, таухидтың негізгі мәнін бұзған-ды.

Read the rest of this entry »


Араб халқының діни, қоғамдық ахуалы

Сәуір 15, 2008

(жалғасы, басы мына бетте)

6-С: Исламға дейінгі кезең қалай аталады?
Ж: Бұл кезең Ислам шариғатында «надандық дәуірі» (ғасрул-жәһили) деп аталады.

7-С: Надандық дәуіріндегі арабтардың қоғамдық жағдайы жайында не білесің?
Ж: Ер мен әйел арасындағы қарым-қатынас әртүрлі болды. Кейбір ерлер әйел затын сыйлап, олармен жылы қатынасса, енді кейбірі тек тән рахаты үшін қолданатын. Бұған араб поэзиясындағы өлең жолдары куә.
Бала мен ата-ана арасындағы қатынасқа келер болсақ, көбіне қыз баланы ар көріп, тірідей көму әдеті қалыптасқан-ды. Ал кейбір кедей, тұрмысы нашар отбасылар тіпті ұл баласын да тірідей топырақ жұттыратын. Бірақ, халық ішінде есті, ақылды, парасатты жандар әлгі балалардың қыршынынан қиылуына тосқауыл болып, ата-анасынан сатып алып, өзі өсіріп, тәрбиелейтін. Ал басқа жағдайда арабтар ұл баланың туылуын құт-береке санап, қыз баланың туылуын қаламайтын.
Ағайындық қатынасқа келер болсақ, өзара жәрдем көрсету, бауыр басу, бауыры зұлымдыққа түссе де, өзі зұлымдық жасаса да соған болысып отыратын. Сол үшін де ертедегі арабтар арасында: «Залым болсын, зұлымға ұшырасын бәрібір, бауырыңа жәрдем бер» деген ұран қалыптасып қалған.
Ру аралық байланысқа келер болсақ, өзара жаулық, барымталық, ұрлап қалу, тонап қалу, басып қалу, шалып қалу сынды олқылықтар көп кездесетін. Бір елде батыр шықса қуанып, ақын шықса шаттанып, өзге рулардан басым болуға бар күшін салатын.

Read the rest of this entry »


Пайғамбар сирасы – Ибраһим (а.с.), Исмайл (а.с.)

Наурыз 12, 2008

(жалғасы, басы мына бетте)

4-c: Исмайл (а.с) араб жазирасына келу тарихы жайында не білесің?
Ж: Негізінен Ибраһим Ирактағы Ефрат өзенінің жағалауындағы «Ор» қаласында тұратын-ды. Кейін келе ол Харранға көшіп, одан әрі Палестинаға қоныс аударды да, осы жерді тұрақ етіп, дінге шақыру ісін бастады. Бірақ, дінге шақыруда бір жерді ғана тұрақтамай, көптеген елді мекендерге сапар шегетін. Күндердің күнінде жұбайы Сара екеуі Мысырдағы бір залым патша билігіне келіп қалады. Сара өте сұлу әрі көрікті әйел болуы себепті әлгі залым патша Сарамен ойнастық жасауды мақсат тұтып, жаман ой ойлап еді, Сара Аллаһқа дұға жасап, әлгі залым патшаның бұл ойы іске аспай, тіпті өзіне бәле боп қайтады. Осы кезде әлгі залым Сараның ізгі, тақуа әйел екеніне көзі жетіп, Аллаһ алдында мәртебесі жоғары жан ғой деп, оған өзінің қызы Һәжәрді (Ажарды) сыйға тартады. Ал Сара болса оны Ибраһимге (а.с) сыйға береді.
Read the rest of this entry »


Пайғамбар сирасы – Арабтар

Наурыз 3, 2008

1-С: «Араб» сөзінің мағынасы?
Ж: Араб сөзінің мағынасы «Сахара, шөл, құм. Суы мен шөбі жоқ құрғақ дала» дегенді білдіреді. Ертеректе бұл атау Арабия түбегі мен сол жерді мекен еткен адамдардың бәріне қолданылатын.

2-С: Араб жазирасы жайында не білесің?
Ж: Пайғамбарымыз (с.а.с) Арабия түбегінде орналасқан Мекке қаласында дүниеге келді. Арабия түбегін ертеректе «Араб жазирасы» немесе «араб аралы» деп атайтын. Арал дейтін себебі: оңтүстігінен Үнді мұхиты, солтүстігінен Суэц каналы Батысынан Қызыл теңіз, ал шығысынан Парсы шығанағы қоршап жатыр. Ал географиялық карталарда «Арабия түбегі» деп атайды.
Арабияның басым бөлігі құм, шөл болуы себепті бұл географиялық жағдайлары оларды сыртқы жаулардан құтқарып отыратын. Сол үшін де арабтар көбіне еркін, дарқан келеді.

3-С: Арабтардың шежіресі?
Ж: Жалпы араб жұртшылығы үшке бөлінеді: а) Жоғалған арабтар. Бұл түбімен жоғалып кеткен өте көне арабтар. Бұлардың атақты рулары мен тайпалары: Ад, Сәмуд, Тасым, Жудәйс, Имләқ, Умәйм, Хадур т.б.
б) Нағыз арабтар. Бұл Яшжуб ибн Яғруб ибн Қахтаннан тарайтын жалпы арабтар. Негізгі мекен еткен жерлері-Иемен. Бұларды Қахтани арабтар деп атайды.
Яшжуб ибн Яғруб ибн Қахтан – одан Сәбә – одан Химияр мен Кәһлан;
Химиярдан Қузаға, Әс-Сәкәсик, Зәйдул жумһур тарайды.
Қузағадан-Бәһра, Бәли, Кәлб, Ғузра;
Әс-Сәкәсиктен-Бұл Зәйд ибн Уәйлә ибн Химияр ұрпақтары. Сәкәсик деген осы Зәйдтің лақабы.
Зәйдул жумһурден – кіші Химияр, кіші сәбә.
Ал Кәһланнан тарайтын атақты рулар: Һәмдан, Әшғар, Таи, Ләхм, Жузәм, Амилә, Хаулән, Мағафир, Әнмар, Әзд, Әус, Хазраж, Хузаға.
Кәһланның ұрпақтары Иеменнен көшіп кетіп, араб түбегіне тарап кеткен.

в) Арабтанған арабтар. Бұл Исмайл пайғамбарымыздың ұрпақтары. Бұларды Аднани арабтар деп те атайды.

(Жалғасы бар…)